Саясат • 21 Қазан, 2022

Штаб жұмысы қыза түсті

615 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қандай сайлау болса да ел тағдыры айқындалатын маңызды істің айналасында ұйысып, ұлттың мүддесіне дауыс беру баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Штаб жұмысы қыза түсті

Сайлау дүбірі басталып, сая­сат сеңі қозғала бастағаны Алматыда анық сезіледі. Саяси науқан қарсаңында биылғы 27 қыркүйекте «Қазақстан заңгерлер одағы» рес­публикалық қоғамдық бір­лес­тігі алаңында «Әділ сайлау үшін» штабы құрылған болатын. Штаб кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы туралы заңнаманың негізгі ережелерін түсіндіруге, сайлау үдерісіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсетуге тиіс.

Таяу күндері «Қазақстан заң­гер­лер одағы» Алматы фи­лиа­лы­ның төрағасы әрі «Әділ сайлау үшін» қалалық шта­бын басқа­ратын Бауыржан Мақұл­баевтың қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Отандық және шетел­дік танымал заңгерлер енген штаб мүшелері сайлау науқанының барысын құқықтық мониторингілеу және сайлау үдерісіне қатысушыларға сайлау заңнамасын қолдану тәртібін түсіндіруді көздейді.

Бауыржан Мақұлбаев сайлау науқанын мониторингілеу барысында БАҚ, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен өзара әрекет жандана түсетіні туралы баяндай келе, байқаушылардың да міндетін жіктеп:  «Қазақстан Рес­публикасының азаматы бай­қаушы болу үшін 18 жастан асқан және саяси партия­лар­дан, өзге де қоғамдық бірлес­тік­терден, коммерциялық емес ұйым­дардан байқаушы өкілет­тігі болуы керек», деді.

Соңғы күндері аталған қозға­­лыстың жұмысы жандана түс­­кені байқалады. Сәрсенбі күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінде «Әділ сайлау үшін» штабы мүше­лерінің «Аза­мат­тардың сайлау құқық­тары­ның консти­ту­циялық кепіл­дік­тері» тақыры­бын­да үкіметтік емес ұйым­дар өкіл­дері­мен, оқытушы-профес­сорлар құрамымен және білім алушы жастармен кездесуі өтті.

Шараны ҚазҰУ-дың заң фа­культетінің кафедра мең­герушісі, профессор Алуа Ибраева ашып, заңгерлердің сайлауалды міндетіне тоқталды. 

«Қоғамда демократияны дамытуда сайлау маңызды рөл атқарады. Бұл конференцияның өзектілігі – жұртшылық, ғалым­дар, сарапшылар сайлау туралы заңнаманы жетілдіру үде­рісіне белсене атсалысады. Ға­лым­дардың ұсынысы заң шығарушы билікке аса қажет», деді Алуа Ибраева.

Заң факультетінің деканы, профессор Дәулет Байделдинов азамат­тардың сайлау құқық­тары­ның конституциялық кепіл­діктері туралы айтты. «Кезек­тен тыс президент сайлауы ха­лықтың демократиялық өзгеріс­терді кеңейтуге деген сенім ман­да­тын алу үшін қажет. Бұл қазақ­стандықтар өмірінің бар­лық сала­сына қатысты»,  деді спикер.  

Штаб мүшесі, белгілі заңгер ғалым Ермек Әбдірасұлов конституциялық реформаның, сайлау заңнамасының және сайлау үдерісін ұйымдастырудың негізгі ережелерін түсіндірді. Ол: «Сайлауда өз ұстанымын білдіру – барлық азаматтың алдында тұрған міндет. Ол – ха­лықтың мемлекет істерін бас­қаруға және жаңа, әділ Қаза­қстанды құруға белсенді қаты­суының көрсеткіші.  Жастар – мемлекетіміздің маңызды сайлау ресурстарының бірі, олар – еліміздің болашағы! Сондықтан жастарға саяси өмірге деген белсенділік пен өз ерік-жігерін білдіруді көрсету керек», деді.

Жиында сөз алған профессор Еркін Дүйсенов сайлау заңнамасын жаңғырту қажеттігін алға тартып, сайлау үдерісінің қыр-сыры төңірегінде ой өрбітті. Байқаушылардың сайлау үдерісіне қатысуы, олар­дың құқықтары мен міндет­тері, сондай-ақ Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының прези­дент­тігіне кандидаттарды ұсы­ну ерекшеліктері туралы мағ­лұматтар жиынға қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Университет басшылығы, оқытушы-профессорлар штаб жұмысының маңызын атап өтіп, қолға алынған шараларға қолдау танытты.

 

АЛМАТЫ