Мәулен Әшімбаев мұражайды аралау барысында Академия мүшелерімен әңгімелесіп, жаңа жәдігерлермен танысты. Экспозицияда 150-ден астам кескіндеме, 30-дан астам графикалық жұмыс және мүсін бар. Олардың көпшілігі соңғы жылдары сомданған және әлі өнерсүйер қауымның назарына ұсынылмаған туындылар. Сенат Төрағасы бұл мәдениет пен өнер ұлттық ерекшелікті сақтаудағы аса маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті.
«Көшпелілердің эстетикасы мен дүниетанымы өте терең және ерекше. Көшпелілерде адам табиғатпен етене жақын болып, әлемнің үйлесімді бөлігіне айналды. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – көшпелілердің дүниетанымындағы маңызды ерекшеліктердің бірі. Осының бәрі көшпелі халықтардың бейнелеу өнерінде де көрініс тапты», деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасының пікірінше, бүгінде көптеген отандық суретшілер көшпелілердің өнерін заманауи тұрғыда зерделеп, оны әлемдік мәдениеттің маңызды бөлігіне айналдыру жолында еселі еңбек етіп келеді.
«Суретшілер арасындағы біздің құрметті ақсақалымыз Амандос Ақанаев көшпелілердің эстетикасы туралы өзі түйген танымды бейнелеуге бүкіл өмірін арнады. Оның бұл бағытта қол жеткізген жетістіктері ауқымды лайықты. Сонымен қатар ол шәкірттер шоғырын тәрбиеледі», деген Мәулен Әшімбаев өнер қайраткеріне алғысын білдірді.
Сенат Төрағасы сонымен қатар «Ұлы дала сазы» көрмесі ұлттық кодты сақтау тұрғысынан аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Көркемөнер академиясы» қоғамдық қоры Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де түрлі көрмелер өткізуде белсенді қызмет атқарып келеді. «Ұлы дала сазы» көрмесі бейнелеу өнерін өрістету және Академия мүшелерінің шығармашылығын дәріптеу мақсатында өткізіліп отыр.
Көрменің ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов, дипломатиялық корпус пен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениеттанушылар қатысты.