Бұл мерекелік дата кітапханалардың жұмысын жандандырып, сала мамандарының беделін арттыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен бекітілген еді. Аталған мерекеге орай ел астанасында алқалы жиын өтіп, оған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты. Салтанатты іс-шара аясында кітапханашыларға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі тапсырылып, Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттармен марапатталды.
«Еліміздегі 70 миллион дана кітап қорына қамқорлық танытып жүрген барша кітапханашыларды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Менің ойымша, кітапхана ісінің қажеттілігіне және кітапхана ісінің күрделілігіне ешкім күмән келтірмейді. Дегенмен қоғам арасында «кітапханалардың ғасыры аяқталды, олардың қызметі қағаз тасығыштар дәуіріндегі атавизм ретінде ескіреді, интернет пен цифрлық трансформация арқасында қоғамдық кітапхананың орнын бір ғана смартфон баса алады» деген сынды теріс пікірлер бар. Мұндай пікірмен түбегейлі келіспеймін. Жалпы, технологияға көзсіз табыну мен цифрға деген соқыр сенім біздің ұрпақтың санасын құндылықтарға терең бойлауға мүмкіндік бермей, адастырады деп санаймын», деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, қазіргі заманғы көпшілік кітапхананың функционалдығы кітаптарды сақтау, жүйелеу, цифрландыру және оқырмандарға ұсыну шеңберінен әлдеқайда көп бағытты қамтиды. Бұл ретте аталған ведомство кітапханалар жұмысының жаңа қағидаттары мен стандарттарын кезең-кезеңімен енгізумен айналысуға дайын.
«Кітапхана – бұл білімге үңіліп, саналы түрде, жайлы ортада оқуға келетін ғибадатхана. Біздің күнделікті күйбең тірлік қарбаластан арылып, руханият әлеміне енуге мүмкіндік туғызатын қастерлі орын. Сондықтан кітапхана ісін қолдайтын боламыз. Бұл біздің берік ұстанымымыз», деп түйіндеді министр.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 11 мыңнан аса кітапхана жұмыс істейді. Оның 7 мыңнан астамы білім беру жүйесіне қарасты болса, 3 мыңнан астамы мәдениет және спорт саласына қарайды.