Саясат • 27 Қазан, 2022

Ат жалындағы өркениет

308 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Анадолының інжу-маржаны саналатын әйгілі Изникте көшпелілер рухы апта бойы салтанат құрған айтулы аламанға да көп өте қойған жоқ. Баршаңызға мәлім, аз уақыт бұрын ғана Түркияның Бурса аймағы Изник шаһарында өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындары түркі тектес жұртты ғана емес, жаһандану дәуіріне бет алған жарты әлемнің назарын өзіне аудартты.

Ат жалындағы өркениет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарына Қазақ­станнан құрамында 70-ке жуық мүшесі бар арнайы делегация барып, спортшыларымыз жемісті оралған болатын.

Жанкүйерлердің есіне қайыра бір салып өтейік. Ақпарат үшін. Әлемнің 102 мемлекетінен 3 мыңнан астам спортшы қатысқан айтулы аламанда қазақ спортшылары спорттың 5 түрінен (қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, садақ ату) өнер көрсетіп, 9 медаль – 3 алтын, 4 күміс және 2 қола жеңіп алған болатын. Жалпы, Көшпелілер ойынында спорттың 13 түрінен жүлделер сарапқа салынды.

Жалпы, отандық және шетел­дік ақпарат құралдары Дүние­жүзілік көшпелілер ойны­ның статистикасына, сарапқа салынған жүлделерге, спортшы­лардың шеберлігіне, қатысқан елдердің құрамы жөнінде құлақ­тандырып, негізгі идеологиясына аса мән бермегендей көрінді.

Таяудағы Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде де екі елдің саяси-экономикалық, мәдени-рухани қарым-қатынасына ерекше екпін берген әлемнің кейбір жетекші телеарналары мен басылымдары ақпарат тарату барысында Түркияда өткен ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына баса саяси салмақ бергендей, астарына үңілгендей көрінді. Ілгеріде, Қырғыз жерінде өткен ойындарда жалпы бұқаралық сипатқа ие болғанмен, дәл осындай көзқарас сезіле қоймаған.

Түркі мемлекеттері ұйы­мы­ның саммитінде Көшпелі­лер ойындарын екі жылда бір өтетін дәстүрлі спорт ретінде қабылдау туралы арнайы шешім қабылданған болатын. Сол қабылданған шешімнен кейінгі Түркия жерінде өткен доданың орны да, геосаяси салмағы да бөлек болды. Бұл жағдайды біз өз көзімізбен көрдік, көңілімізбен сезіндік.

Парламент Мәжілісінің Төр­ағасы Ерлан Қошанов ел Президентінің тікелей тапсырмасымен қазақстандық спортшыларды қолдау үшін және ойындарды өткізіп жатқан елге құрмет көрсету үшін Түркия жеріне депутаттар тобын бастап арнайы барды.

Бурыл бұйраттарға жам­бас­тап жатқан Бурсаға ілін­ге­ні­мізде Қазақ елінің Көк бай­рағын көтерген білекті бал­уан­дарымыз бен жүректі көкпаршыларымыз, құралайды көзге атқан садақшыларымыз бен ат үстінде ұршықша үйірілген көкпаршыларымыз жарысқа қатысып жатыр екен. Мәжіліс Спикері бабы мен бағы келіскен спортшыларымызбен арнайы кездесті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасымен келіп отырмыз. Жүздеген мемлекет өкілдері бақ сынап жатқан осынау аламанда сіздерге арнайы сәлем жолдап, маңызы бөлек осы са­йыста жемісті өнер көрсетіп, жеңіспен оралуларыңызға тілек­тестігін білдірді. Бірінші кезекте осыны жеткізгім келеді. Біз – көшпелілердің ұрпағымыз! Сіздер серік еткен бұл спорт түрлері ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан, алпыс екі тамы­рымызда ойнақ салып тұрған ұлы өнер ғой! Баршаңызға сәтті­лік тілеймін! Жарақатсыз және Туымызды биік деңгей­де алып шығуларыңызға тілек­теспін», деп Ерлан Жақанұлы спортшыларымыздың жігерін жаныған. Намысын қайраған.

аук

ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойынының ашылу салтанаты да айрықша болды. Және жарты әлемге тікелей эфирде тараған шараға бүтін дүние көз тікті десе артық болмас.

Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның ресми ашылуда сөйлеген рухқа толы сөзі жүректерді толқытып, көңілдерді тебірентті. «Аспан астын ат тұяғының дүбіріне бө­леген көшпелілердің ұрпағы­мын» деген мақтаныш сезімі кернеді.

– Түркияға, Бурсамызға және әр тасынан тарих, мәдениет және табиғаттың иісі аңқып тұрған Изнигімізге қош келдіңіздер! Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де спортқа, өнерге, мәдениетке, ортақ болашағымыз үшін жанын беретін барша ағайынға Изниктен ыстық сәлемімді жолдаймын, – деп сөз бастаған Түркия басшысы көшпелілер мәдениетін адамзат тарихына байланыстыра сөйледі. – Мыңдаған жыл бойы адамзат түрлі себептермен атажұртын тастап, басқа географияда өздеріне жаңа өмір сүру кеңістігін іздеді. Сол сияқты белгілі бір географияда үнемі немесе жыл мезгілдеріне қарай орындарын ауыстырып өмір сүретін қауымдар бар. Осы ұзақ сапарларда кездес­кен қауымдар бір-біріне әсер етті. Ақпарат құралдары мен коммуникация әлемді шағын ауылға айналдырғанымен, көші-қон әлі де мәдениет пен адамдар арасындағы қарым-қатынастың ең тиімді тасымалдаушысы болып тұр. Бүкіл әлемде урбанизацияның артуы, жұмыс орындарының әр­тараптандырылуы, орталық мем­лекеттердің қауіпсіздік пен азық-түлік қажеттіліктерін қам­тамасыз етуі көшпелілікті айтарлықтай шектеді. Алайда адамзаттың мыңдаған жыл бойы ізін қалдырған бұл мәдениеттің жойылып кетуіне ешқайсымыз келісе алмаймыз. Ол үшін біз осы төл ойындарымызбен, салт-дәстүрлерімізбен, осыған ұқсас іс-шаралармен көшпелі мәдениетті өміршең етудің үлкен пайдасын көреміз. Бұл тәуелсіздігіміз бен болашағымыздың кепілі ретінде Торос тауындағы түтін түтеткен Йөрік шатырын білдіреді.

Көшпелілер ойындарын дүние жүзіне тарататын бұл іс-шара адамзаттың көне мұрасын келешек ұрпаққа қалдыру мақ­сатымен маңызды деп есеп­теймін. Спорттан өнерге, гастрономиядан дәстүрлі спортқа бет алған көшпелілер ойындарымен баршаңызды құттықтаймын!

Осы ойындардың сақталуына және оның болашаққа баруына өз үлестерін және қатысуымен қолдау көрсеткен достарымызға алғыс айтқым келеді.

Бейбітшілікке, бірлік пен ынтымаққа негізделген бұл ойындар өңірімізде діни және этностық қақтығыстар, шиеленіс пен дағдарыстар өршіп тұрған кездегі бірегей ынтымақтастық алаңы деп білемін. Ойындарға келген елдермен орнатқан қа­рым-қатынасымыз және арада қалып­тасқан оң энергия бәріміз үшін мәдени дипломатияның жаңа есігін ашады. Біз ойын­дардың дипломатиялық қыры­на мән береміз, бұл біздің халық­тарымызды жақындас­ты­ратын жаңа және тұрақты қарым-қаты­настарды орнатуға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді сөзін.

Салтанатты ашылудан соң қалашықта тігілген қазақ үйде Түркия Президентімен Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов арнайы кездесіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының ыстық сәлемін арнайы жеткізе отырып, бүгінгі таңда өзгеше сипат ала бастаған осы Дүние­жүзілік көшпелілер ойнын Қазақ топырағында өткізуге ықы­ласты екенін жеткізді. Түркия басшылығының қай кезде де Қазақ еліне деген ықыласы ерекше екені бұрыннан да мәлім ғой, бірақ кездесу барысында Ердо­ған мырзаның Ұлы далаға деген аңсары мен тілегі тіпті анық аңғарылды.

«Қазақстан – біздің Атажұрты­мыз ғой, түбі бір туыс елміз. Бүгінгі дәуір ұрысатын емес, ұйысатын, ұғысатын, барлық салада байланыстарды арттыратын заман. Жұдырықтай жұмылған кезде ғана түркі дүниесінің тұғыры берік болады. Менің Қазақ еліне, оның басшысына деген құрметім ерекше! Біздің төрімізде өтіп жатқан осынау додаға арнайы ресми делегация келіп, қолдау білдіргендеріңізге шексіз ризашылығымды білді­ремін. Осы Көшпелілер ойы­нының байрағы Қазақ жерінде де көтерілуі керек! Мен мұндай ұсынысты қолдаймын!», деді Ердоған.

Жалпы, 2014 жылы Қыр­ғыз­станда жалау көтерген көш­пелілер ойыны кейін де екі мәрте айырқалпақты ағайын­дардың елінде өтті. Жыл өткен сайын әлемдік сипат ала бастаған бұл жоба таным мен дәстүрге терең тамыр сала отырып, түбі бір түркі жұртының жауынгерлік өнері мен ұлттық ерекшеліктерін, дәстүр-салттарын ойындар рег­ла­­ментінің негізгі қағидасына айналдыра бастағандай.

Изниктегі ойындарға Қырғыз президенті Садыр Жапаров, Татар­стан басшысы Рустам Мин­ниханов, өзге де елдердің ресми тұлғалары арнайы келіпті.

Жалпы, ойындар барысын­да ат спорты, күрес, садақ ату, көкпар, теңге ілу сынды са­йыстардан бөлек, гастрономия бағытына сәйкес 20 елдің аспаз­дық тағамдарының да бағдар­ламасы болды.

Көшпелілер ойындарына келушілерге барлық жағдай жасалған. Өткеннен бүгінге саяхаттап, көрме-жәрмеңке алаңында, сондай-ақ этнобазарда талантты суретшілер мен қолөнершілердің туындылары қойылыпты. Бұл – жойылып кету алдында тұрған мәдени бай­лықты қорғау және оны сақтап қалуға жасалған қадам деп түсіндік. Дәстүрлі өнер­дің көп­теген түрі, әсіресе каллиграфия, қолөнер, шүберек қуыршақ, киіз басу, орталығы Изникте орна­ласқан шыны жасау  өнері де бағдарламаға енгізіліпті.

ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойыны аяқталар тұста екі жылдан кейінгі көшпелілер олимпиадасын қабылдайтын елді анықтау үшін дүниежүзілік комитеттің арнайы төралқа жиыны өтті. Келіссөздер нәтижесінде 2024 жылы Қазақстан V Дүниежүзі көш­пелілер ойындарын өткізуші мем­лекет ретінде белгіленді. Түр­кияның Жастар және спорт ми­нистрі Мехмет Касапоглу салтанатты түрде ойындар эстафетасын елімізге ресми түрде табыс етті.

Осынау сүйінші хабарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа  Мәжіліс Төр­ағасы Ерлан Қошанов қабылдау кезінде арнайы баяндады.

Көшпелілер тұлпарларының тiлерсегiне дейiн сауыт кигiзiп, мұздай темiр құрсанып, күллі дүниеге әмірін жүргізгені тарихтан мәлім. Темiр қорытып, ағаш ойып, өрім өрген теміршілер, ұсталар – көшпелі өркениеттің бастауы еді. Олардың ошағы толы өркениет болды. «Алтын адамның» киіміндегі алтын түймелер сол дәуiрдiң куәсi. Ұядай ғана жерошақтың көрiгiн қыздырған сол ұсталар сайын даланың жал-құйрығы төгiлген тағыларын құрықтап, тұяғына – таға, езуiне ауыздық салды. Аруақ шақырған жауынгердiң басына – кiреукелi томағап, денесiне – тоғыз қабат торғауыт, қолына – күрзi, бұтына – бүтiлдiрiк, аяғы­на  саптама етiк кигiздi. Сөйтiп, күннiң астын бағындыруды ұста­ханадан бастаған көшпелілер кәрi құрлыққа дала өркениетiнiң алғашқы дәнiн апарып септi. Бiздiң сол бабаларымыздың адамзат өркениетiнiң алғашқы легiне үзеңгі, ауыздық, таға және жарғақ шалбармен қалың қол болып кiрді. Осы ұлы мәдениеттiң иесi һәм киесi тiрiде қазы болған, өлгенде шаһид кеткен ұсталар, теміршілер. Тағаның емшегi жанына батқан тирандар көшпелі өркениеттің көшін бас­таған ұсталарды қойша бауыз­дағанын киiз кiтаптардан оқығанда аза бойың қаза болады...

 

Жанарбек ӘШІМЖАН,

Парламент Мәжілісінің депутаты