Қоғам • 27 Қазан, 2022

Қарағаштан басталған қасқа жол

437 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақтың байтақ даласы қай заманда да текті тұлғаларға кенде болмаған. Әр жерлерде қарағайдай оқшау бітімді, емендей ерен көрінетін, сөйлесе аузы дуалы, істесе ісі ілгері аттайтын, көпке өнегелі, жұртқа үлгілі болып жүрген азаматтар бар. Сондай азаматтардың бірі – белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, публицист, Сенаторлар Кеңесінің мүшесі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің, «Алтын барыс» төсбелгісінің иегері Жабал Ерғалиев.

Қарағаштан басталған қасқа жол

Жабал Ерғалиев – киелі де сұлу Көкшетаудың тумасы. Көк­­ше­тау десе, көз алдымызда Арқа­­ның алтын алқасындай кө­рін­ген қайталанбас әсем сұлу таби­ғат – тербелген айдын көл, ыр­ғалған жасыл қарағай мен ақ қайың, ұшар басын бұлтқа қа­рай ұмсындырған Оқжетпес, ша­ра­сында шайқалып, толқып жат­қан Айна көл, ну орманға қақа­лып тұрған Бурабай, зерлі Зеренді көлбеңдеп, атақты Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай шыр­қата салған ғажайып әндер, на­қышты сұлу әуендер құлақ түбі­нен естілгендей болатыны рас қой. «Ауасы дертке дауа, жұпар иісті, көкірек қанша жұтса тоясың ба?» деп Сәкен Сейфуллин жыр­лағандай Көкшенің ауасын жұт­қан адамның көкірегі сау, көк­жиегі кең болатыны сөзсіз.

Жабал ағамызды мен анау жыл­дары Астанада жүргенде-ақ білетін едім. Жабал Ерғалиев 2011-2017 жылдар аралығында елордамыз Астана қаласында жауап­ты қызмет атқарып тұрды, бір сөз­бен айтқанда, Қазақстан Республика­сы Парламенті Сенатының V-VI шақырылым депутаты болатын. Сенаттағы келелі кеңестерде, мән­ді мәжілістерде, телерадио ха­бар­ларында ел мен жердің тағ­дырына, оның өткені мен бола­ша­ғына қатысты қадау-қадау, құн­ды да өткір пікірлер айтып, ой бөлісіп жүрген ағамызбен бір-екі рет жолығысып, әңгімелесудің сәті де түскен еді. Қайда болса да елдіктің әңгімесін қозғап, мемлекетшілік идеяларды сөз етіп, ұлт тағдыры, ұрпақ тәр­биесіне қатысты түйткілді мәсе­лелерді көтеріп келе жатқан ойы орамды, сөзі салмақты Жабал Ерғалиевтің есімін жалпақ жұрт біледі. Біз Жабал Ерғалиұлы­ның қайраткерлігін дәл осы тұста тіп­тен айқын танығандай болдық. Қай­раткерлік деген меніңше, жай­лы орынға жайғасып, лауазымды қызметті атқару емес, ол – мемлекетшілікті басты бағыт етіп, ел тағдырына қатысты кез келген іске бел шешіп, білек сыбана кірісіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, әрбір маңызды істің басы-қасынан табылып, өзінің рухани, интеллектуалды күш-қайратын соған арнаған, өзін елден бөліп қарамайтын шынайы мемлекетшіл, ұлт қайраткері бола білген тұлға дер едім. Міне, Жабал Ерғалиев осындай адам.

Жұмыс бабымен Көкшетауға ауысып келген соң, Жабал аға­мызбен етене жақын болып, жиі-жиі ұшырасып, ортақ ой-пікірлерді бөлісудің мүмкіндігі артты. Қоғамдағы қордаланған шетін мәселелерден бастап, бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесі, ұлт­тық тәлім дәстүріне дейінгі тақы­рыптар шет қалмайтын. Сол себепті де экс-сенатор, жазу­шы Жабал Ерғалиевті Ш.Уәли­ха­нов атындағы Көкшетау уни­вер­ситетіне кездесуге шақы­руды жөн көрдік. Жәкең жік-жігімен тастап, жіліктеп сөйлейтін дағ­ды­­сымен тыңдармандарын бір­ден баурап алды. Әсіресе қо­ғам­дық сананы қалыптастыру, елді, жерді, тілді сүю, ата-баба дәс­түріне берік болу, интеллектісі жо­ғары жас буынды тәрбиелеу се­кілді тақырыптар бойынша оқы­­ған дәрістері студенттердің кө­ңіл қошынан шықты. Соның ішін­де болашақ филолог мамандар үшін таптырмайтын дәріс бол­ды. Олар жазушының сөз сап­тауы­нан, сөзді талғап пайдала­на­тын дағдысынан, баяғының би-ше­шені секілді қортпалы ойын түй­дек-түйдегімен лекітіп, ақта­ра са­латын қабілетінен, ажарлы да мән­ді сөйлеу үлгісінен тәлім алды.

2020 жылы Жабал Ерғалиев­ке Ш.Уәлиханов атындағы Көк­шетау университетінің «Құр­мет­ті профессоры» атағын бер­дік. Жыл сайын әлденеше рет уни­верситетке келіп дәріс оқу дәс­түрге айналды. «Рухани жаң­ғыру», «Рухани қазына» бағ­дар­­ламасы бойынша универси­тет көлемінде атқарылатын әр­бір іс-шараға қатысып, қоғам қай­раткері ретінде, жазушы есе­бінде ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырады. Ұлт болашағы бола­тын ұрпақ тәрбиесі кімді де бей­­жай қалдырмауы керек. Ол тек отбасы мен оқу орнының міндеті ғана емес. Ол – барша аза­маттарымыздың абзал боры­шы болуға тиіс. Осы үдеден келгенде қалам ұстаған қаламгерлерге артылар жүк ауыр деп білемін. Дәстүрлі құндылықтар ауысып, жаһанданудың тасқыны қар­қын­даған заманда жас ұрпақтың кітап оқуға деген құштарлығын қайтсек оятамыз деген жансебіл жанталастың ортасында ақын-жа­зу­шылар, журналистер жүруге тиіс. Жазушылар қай заманда да қоғамдық сананы қозғаушы күш болған, елдің рухани тұтас­тығының алтын кілті іспетті жан­дар. Біз әрқашанда рухани май­данның алғы шебінде соларды көргенбіз және әлі де болса солай көргіміз келеді. Қазіргі таңда Көкшедегі қаламгерлердің басында аға буын санатында осы Жабал ағамыз тұр.

Біз, көкшеліктер, Жабал Ер­ға­лиевті ең әуелі қарымды қа­лам­гер ретінде танып, білеміз. Халықаралық Жамбыл атын­дағы сыйлықтың, Қазақстан Жур­на­листер одағы сыйлығының лау­реаты Жабал Ерғалиұлының қа­ла­мынан сандаған көсемсөз­дік мақалалар, хикаяттар мен әңгімелер, драмалар жарық көр­ді. Жазушың терең ойынан, тебіреністі сезімінен өріліп түскен «Құшағы суық дүние», «Кешкі мұң», «Ескі арба», «Қош бол, құлыным!», «У дүние», «Ал­дам­­шы өмір» секілді хикаяттар мен әңгімелер кімді болса ойлант­пай қоймайды. Мұндағы өмір философиясы, адамдар тағ­дыры, тағдыр талқысы келісті көрсетілген. Әрбір шығармада­ғы көркем образдар кеше болған, бүгін ортамызда жүрген адамдар. Артық боямасы жоқ, шынайы суреттер. Осы арқылы жа­зу­шы өзінің жүрек түкпірінде жат­қан, сезім дүниесінің бетіне шық­қан дүниелерді көркемдеп, қуат­ты оймен, құштарлы тілмен жеткізеді. Жабал жазушы нені жазса да, өмір атты майданда адал­дық пен әділеттің туы қа­шанда биік болатынын, өмірдегі өкініштердің көбін арамдардың жасайтынын, кіршіксіз арман мен талмас талап қана мақсатқа жеткізетінін айтады. Сонысымен де ол – өміршең! Ал өзінің рухани мәнін, түп-тамырын жоғалтқан пенде аяушылыққа лайықты және сол қауіпті. Осы мәндегі фило­софиялық ой – әлемдік ұлы сурет­керлер Шекспир, Бальзак, Мопас­сан, Вольтер, Чехов шығар­маларының түп қазығы. Жазушы болу – жанның арпалысы.

Жабал Ерғалиев жақсы драматург ретінде танылған суреткер. Драматургтің «Бұлтты түнгі толған ай», «Құлыптастың көз жасы», «Жан шырылы», «Қилы жол», «Қас-қағым» атты драмалары еліміздің театрларында сәтті қойылып, көрермендерге жол тартты. Басқасын айтпа­ған­да, 2015 жылы Қырғызстанда өткен ­­ V халықаралық «ART-ORDO» ­­театр фестивалінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мем­ле­кет­тік ака­демиялық, ұлттық драма театры­ сахналаған «Қас-қағым» мета­физикалық трагедиясы үздік спек­такль аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алғанын айтсақ та жеткілікті.

Көкшетау өңірінде қазақ бас­пасөзінің толық қалыптасуына, оның кең таралып, бұқаралық сипат алуына Жабал Ерғалиевтің сіңірген еңбегі зор. Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика фа­куль­тетінің түлегі болған ол кісі­нің осы саладағы еңбек жолы сайрап жатыр. Сонау жетпісінші жылдары «Көкшетау правдасы» газетінен басталған қызметі қалалық «Көкшетау» газетінің, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы қызметіне дейін жалғасып келді. Республика­лық, облыстық баспасөзде талай мәр­те көлемді мақалалары жарық көріп келеді. Соның барлығында елдіктің мәселесі айтылған.

Осы жұртымыздың қайтсе кө­сегесі көгеріп, ұлт ретінде сақ­талып қалудың қандай жолдары бар дегенге келгенде жан шырылын бүкпесіз, ашық жария етіп келе жатқан санаулы қаламгерлер­дің бірі десек артық айтқан­дық болмас. Ол жазушы жанының риясыздығынан, азаматтық бол­мысынан, адалды­ғынан туып жатқан таңдаулы қасиет. Осы орайда Қазақстан­ның халық жазушысы, Мемле­кет­тік сыйлық лау­реаты, Сәкен сері Жүнісовтің Жабал інісі туралы мына бір айтқан жүрек­жарды сөзі еске түседі: «Адам бойындағы жақсы қасиеттер көп қой. Соның ішінде кішілік пен кішіпейілділікті өзім жақсы көремін. Азаматтардың бойынан осындай аз көрінетін, қазақ үшін зәру мінезді інім Жабалдан көр­дім. Сонымен бірге қарапайым­ды­лық пен қайырымдылық, талап пен талғам да Жабалға жат емес, табиғи қасиет, туалы мінез, ата­лы өсиет екенін жақсы біле­мін. Азамат ретінде сыйлас, қа­ламгер ретінде сырлас Жабал Ерғалиұлының жан дүниесіндегі туған елге деген сүйіспеншілік пен құрмет, арманды мақсат пен адал ниет өзге де жігіттердің жү­регінен табыла берсе, осы Көкше көлемі көк кілемдей болып, мәң­гі көгере беретініне сенімді­мін». Расында, Жәкең адам тани­тын, оны сыйлай білетін кісі. Сол се­бепті де үнемі жақсыларға жа­қын, жуық, солардың мерейін асқақтатып, қолынан келгенше кісілік танытып, қамқорлыққа бөлеп жүреді.

«Тарих – жаратқанның  ең қаталы. Ештеңеден сескенбей­тін және ешкімнің ырқына көн­бейтін суық жанарымен ол уақыт­­тың түпсіз тереңдеріне сәу­­ле түсіріп тұр және ол осы бір мыз­ғымайтын, жалтақтамайтын қал­пымен ол оқиғаларға форма бе­ріп тұр» деген Стефан Цвейгтің терең мағыналы сөзін еске алсақ, сол оқиғаларды бізге көркемдеп жеткізушілер – суреткерлер. Бас­қа өшсе де, өлсе де сөздің өлмей­тіні сондықтан және ол тіптен ға­жап құбылыс. Жазушының рухани ғұмыры жазған шығармалары­мен өлшенеді. Сөзі өшпей, уақыт­тан-уақытқа қарай озған сурет­керден бақытты ешкім жоқ. ­Біздің Жәкең – сондай құрметке лайық жан.

 

Марат СЫРЛЫБАЕВ,

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры