Антон Чеховтің «Чиновниктің ажалындағы» Червяков бейнесі күлкілі һәм қасіретті. Өзінен мансабы жоғары адамдарды ғұмырдың тетігін ұстаған алпамсадай көретін төменшік әдет бар. Чехов қасаң мінезбен қаруланған кейіпкерінің болмысын аямай сын тезіне салып, әжуалай отырып суреттейді. Сонымен әңгіменің әлқиссасы «білдей бір мекеменің шаруашылық жағын күйттейтін» қызметкері Червяковтің түшкірігінен басталады. «Червяков те қысылған жоқ, орамалын алып сүртініп, көргенді кісілеріне түшкірем деп емес, біреу-міреудің мазасын алған жоқ па екем деп жан-жағына көз тастап еді, зәресі зәр түбіне кеткені. Сөйтсе, тап алдындағы бірінші қатарда отырған кәрі кісі әлдене деп міңгірлеп биялайымен мойнын, маңдайының қасқасын сүртіп жатыр екен. Ол кісінің қатынас жолдары мекемесінде істейтін статс генерал Бризжалов екенін Червяков бірден таныды». Өз ісіне қысылып-қымтырылған кейіпкер «Мәртебелі тақсыр, байқаусызда түкірігім шашырап кетті білем, кешірерсіз» деп сыбырлап кешірім сұрайды. Мұнан соң тағы да сөзін қайталап, жалынғандай болады. Генерал Бризжалов мазасын алмауын өтініп, тыңдауға кедергі келтірмеуін сұрайды. Үзіліс кезінде мәймөңкелеп тағы да генералды айналсоқтап біраз жүреді. Тіпті Червяков әлденеше рет кешірім сұрап, қысыла түседі. «Тіпті сөйлескісі де келмейді. Ешқандай арам пиғылым болмағанын әбден түсіндіруім керек еді... табиғаттың заңы осындай болғасын қайтесіз енді... үстіме түкіріп қорлағысы келді деуі де мүмкін-ау. Қазір ойламағанмен, кейін ойлайды ғой...» Үйіне жетіп, түнімен сарсаң ойға түскен Червяков тыныш ұйықтай алмайды. Ертесіне тағы да Бризжаловқа келіп, ескі әніне салып, жалбарына кешірім өтінеді. Ашуға булыққан генерал «Жоғал!» деп бақырып, кеңсесінен қуып шығады. Ішіндегі әлденесі үзіліп кеткендей болған дәрменсіз Червяков үйіне жетіп, диванға құлай кетеді де қаза табады. Әңгімені алғаш оқығанда езуге күлкі тығылады. Шынында, Червяков секілді адамдар біздің қоғамда аз емес. Ақыл-білімі үнемі жаңарып отырмаған соң шен-шекпенді мен мансабы жоғарыға ессіз бас ұрып, жақсы мен жаманды айыра алмайтындар шаш етектен. Сірә, мінез байлығы дегеніңіздің өзі үлкен дәреже. Егер жиған білім мінезді байыта алмаса, онда оқығанды қорыту барысы дұрыс емес.
Жазушы Төлен Әбдіктің «Қайырсыз жұма» атты әңгімесіне арқау болған жайт – қызметті өмірдің тұтқасы көрген Әбен Ілиясовичтің аянышты тағдыры. Әбен мырза қызметтен кеткенде айнала тұнжырап, ортасы опырылған шаңырақтай халге түседі. «Астаң-кестең болған жан дүниесі енді үй ішіне ауысатынын, оның да осылай астаң-кестең болатынын, бұрынғы ұғым, бұрынғы көңіл күй, бұрынғы мінез-құлықтың мүлде басқаша болып өзгеретінін сезген кезде әлде бірдеңе үзіліп кеткендей ішкі сарайы солқ етті. Ол тіпті жайшылықта «ертең министрліктен түскенде» деп жолдастарының алдында емін-еркін қалжыңдап жүрсе де, шынтуайтқа келгенде, дәл мынандай бар үмітін үздіріп, бар жарықты сөндіретінін сезген жоқ еді. Және осы бір үрейлі сезім бірте-бірте басылудың орнына барған сайын, өзінің қандай жағдайға тап болғанын түсінген сайын жан дүниесін талқандап, кесепат дауылдай үдей түсті».
Иә, ойлап отырса Әбен мырзаның досы да, жақын жанашыры да жоқ болып шығады. Алысты көзбен шолып, өткен мен кеткенді таразылап жанына тиянақ болар нәрсе таба алмай дал болады. Әйеліне бажайлап қараса, өзінен гөрі қызметін қаттырақ құрметтейтіндей сезіледі. Қызмет, қызмет деп жүріп жалғыз баласының жай-жапсары мен тәрбиесіне де жеткілікті назар сала алмапты. Мектепте сабағынан, институтта оқуынан ақсаған баласы ішімдікке үйір болып, төбелеске араласып, ісі сотқа барып әуре-сарсаң болып жүргені. Бар жастығы мен бойдағы қуатын салған қызметі болса өзін тастап кете барды. Жазушының кейіпкердің психологиялық күйін, күйкі сезімін көрсетуі терең шеберлікпен берілген. Әбен Ілиясовпен бірге өзіңіз опық жеп, өмірден түңілгендей жағдайға душар боласыз. Ақыры дегбірі қашып, өмірінен мән кеткен Әбен мырза аңдаусызда көз жұмады. Оған қайғырып, еңсесі түскен әйелі болмайды.
Шынында, Толстой айтқандай «тән үшін сүрген өмір азап шектіреді». Төлен Әбдіктің көтерген негізгі идеясы кісіні жан-жақты ойлануға мәжбүрлейді. Гай Цезарь бір адамды құлдыққа алғанда, құл патшадан өлім тілейді. Сонда Цезарь: «Сен қазір өмір сүріп жүрмісің?» деп жауап қатады. Шынында, «қоғамның қолында иленген балшығына айналып», «заманына күйлеген» адам ісі қай кезде де құмға жұтылған тамшыдай ізсіз жоғалмақ. Адам болу, шынайы өмір сүру – жай ғана айтылған пәлсапа емес. Қолдан жасалған заттар мен қызылды-жасылды баянсыз құндылықтардың құлына айналған ойсыз пенделер түбірсіз қаңбақ секілді надандықтың қара құрдымына жұтылмақ. «Бізге дейінгі де, бізден кейінгі де уақыт біздікі емес екенін» ескерсек, тереңнен қарағанға адам баласының алдында екі-ақ жолдың басы қылтияды.
Я адамшылық жолы, я надандық құрдымы.
Жоғарыда келтірілген екі әңгіме де мәңгілік тақырыпты арқау еткен шығармалар. Шығарманың салмағы да қартаймас тақырыбымен, өміршең сұрағымен өлшенсе керек.