Ғылым • 01 Қараша, 2022

Nobel Fest-тің миссиясы айқын

226 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дамыған елдерге әлемнің әр қиырынан жылт еткен жаңалықты зерттеп, қолданысқа енгізу қиыннан-қиыстыратын шаруа емес. Өйткені білімнің негізін жетік меңгеріп, ізденістен қол үзбейтін ғалымдар өз саласының соңғы жаңалықтарын қалт жібермей бақылап отырады. Осындайда ғылымдағы үдерістер әлемдегі барлық елдің тәжірибесіне дендеп енсе, білім-ғылымды игеруде жаһандық жаңалықтар баршаға қолжетімді болса дейсің. Астанада бас­талып, әлемнің бірнеше еліне тікелей эфирде тараған V Нобель фестивалінің мақсаты да сол, алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіндегі білім-ғылымды, инновациялық технологияларды әлемнің әр қиырындағы халыққа мейлінше тарату болған.

Nobel Fest-тің миссиясы айқын

Фестивальге 155 ел, 500 университеттің студенттерін қосқанда бас-аяғы 500 мыңнан астам көрермен қатысатынын ескерсек, Nobel Fest-тің миссиясы айқын екенін аңғарамыз. Кейінгі жылдары фестиавальға қатысуға ниетті жастардың шоғыры қалыптасқандай. Өйткені фестивальде жыл сайын Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылыми бағытта Оскар сыйлығына ұсынылған ғалымдар және әлемдегі танымал инноваторлар дәріс оқып, өмірлік тәжірибеде түйгенімен бөліседі. Білгенін айтып шектелмей, талапты жастармен еркін форматта пікірлеседі. Фестивальдің алғашқы күні спикерлер елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайынан Ташкент қаласына телекөпір режімінде қосылды. Сондай-ақ Луганда, Бангладеш, Өзбекстан сынды бірнеше елдің азаматтары фестивальді тікелей эфирде тамашалауға мүмкіндік алды. Сонымен білім-ғылымның көкжиегін кеңейтуге үлес қосқан тұлғалардың басын қосқан фестивальде әуелі Nobel Fest-тің құрылтайшысы Мақсат Құрбенов фестивальдің миссиясы туралы айтып берді.

 – Менің арманым бір қарағанда қарпайым көрінгенімен, оны үйлесімді ұйымдастыру аса маңызды деп білемін. Бір сәт өткенге оралайықшы. Біздің балалық шағымызда қанша алға ұмтылып, талпынса да жолы болмаған достарымыз бар еді ғой. Сол достар, бәлкім, ақылды, талапты болғанмен білімін арттырып, өзін көрсететін мүмкіндікке қолы жетпеген шығар. Ойланайықшы, бізде, көршілес Өзбекстан, Әзербайжан, Пәкістан және басқа да елдерде әлемдік деңгейдегі білімді игеруге мүмкіндігі жоқ балалар қаншама? Міне, Нобель фестивалінің миссиясы – әлемдік білім мен ғылымды барлық елде қолжетімді ету деген түйін осыдан шықты. Бізді қолдап отырған серіктестерге алғыс айтамын. Өйткені біз осы миссияны бірлесіп іске асыра аламыз. Қарап отырсақ, небәрі екі жылда мемлекеттің қаржысынсыз Нобель фестивалін құрдық. Оған 500 мың көрермен онлайн қатысады. Осы уақытқа дейін Нобель сыйлығының 18 лауреаты, 18 ғылым саласында Оскар сыйлығын алғандар шақырылды. Нәтиже жақсы. Кезекті фес­тивальде жастар көкейге көп нәрсе түйеді деген сенімдемін, баршаңызға табыс тілеймін, – деді Мақсат Құрбенов.

Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг Ташкенттегі Nobel Fest алаңында қоғам мен қоршаған орта, климаттың өзгеруі және білім-ғылым турасында ой бөлісті.

– Nobel fest – жастарға үлкен олжа. Сонықтан сапалы білім туралы айтқым келеді. Өйткені білім арқылы өркениет қалыптастыруға болады. Білім жайлы айтқанда біз бұрын-соңды қозғамаған түрлі кедергіге тап боламыз. Мысалы, бізге дәстүрлі білімді қолдай отырып, қазіргі ахуалды оңдаймыз деп айту қиын. Демек біз ескіні ұмытып, жаңаша бағытқа ұмтылуымыз қажет. Мен ұзақ жыл жасыл экономиканы жандандыру бағытында еңбектеніп келемін, – деген ғалымның жасыл экономика туралы пайымы да көпті тәнті етті.

Ізінше Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым-білімді өркендетуге министрлік ерекше ден қойып отырғанын жеткізді.

 – Фестивальдің құрылтайшысы Мақсат Құрбенов барша елдегі талапты жақсартып, жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік бергісі келеді. Бір жиында Мақсат кіл мықты спикерлер сөйлеп жатқанда тәп-тәуір лекцияны тыңдайтын аудитория аз екенін айтқан. Кейін сол ғалымдардың пікірін баршаға насихаттауды ойластырды. Еркін форматта дәріс өткізу – заман ағымына сай өзгеріс дер едім. Бір жағы білім саласындағы жаңашылдықтар мен білім сапасын түсіріп алмау керек. Біз тың жаңалықты оқуға, пікір қалдыруға, айтуға шеберміз. Бірақ жаңалықты ойлап табуға, толықтыруға келгенде ақсаймыз. Бізге министрліктен бастап, профессор, студенттерге шеңберден шығуды үйрену керек. Өйткені технология дәуіріне серпіліс жасау үшін бізге өнім ойлап табуды меңгерген ләзім. Бұл – өте қиын шаруа. Біз жақсы дәріс оқимыз, жазамыз, сауаттымыз. Бірақ біздің ғалымдар жаңашылдыққа ұмтылуы қажет. Білім саласына өзгерістер енгізуді көздеп отырмыз. Сондықтан қоғамның қолдауы қажет, – деді министр. 

Бұл күні Өзбекстан жастар ісі жөніндегі агенттігінің директоры Алишер Садуллаев тұрақтылықты сақтай отырып, болашақтың дамуы туралы түйгенін ортаға салса, тележүргізуші Динара Сәтжан жастармен «Арманда және іске асыр» тақырыбында еркін әңгімелесті. Қазақстан блокчейн технологиялар қауымдастығы төралқасының төрағасы Исламбек Салжанов цифрлы технологиялардың жетістігі жөнінде кеңес беріп, жастардың сұрағына жауап берді. Бұдан соң ғалым Артем Оганов күн жүйесіндегі планеталар туралы әңгіме өрбітсе, астрофизик Кирк Борн жасанды интеллект туралы жаңалықтарға кеңінен тоқталды. Осылайша, фестивальдің бірінші күнінен-ақ жастар ғылым-білім саласында екінің бірі айта бермейтін жаңалықтарды көкейге түйді.

Биыл медицина бағытында Нобель сыйлығын алған әйгілі Сванте Пабо еңбегі «Адам эвалюциясы» турасында болса, V Нобель фестивалінде технологиялардың эволюция­сы, яғни жаңғыруы кеңінен қаузалды. Сонымен Nobel Fest фестивалінде спикерлер үш күн тұрақтылықты сақтау, жасыл экономика, жасанды интеллект, робот, ғылым және жасыл технологиялардың жетістігі жөнінде маңызды мәселелерді қаузайды. Айта кетерлігі, бағыты бөлек, берері мол кездесу осымен шектелмей, 31 қазан мен 4 қарашаға дейін өтетін Нобель фестивалінің апталығына ұласады.

 

Сәндібек ПІРЕНОВ