Оқу-ағарту министрлігінің Арнайы және инклюзивтік білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының «Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқу процесіне енгізу: тарихы, мәселелері және даму болашағы» атты ғылыми-практикалық конференциясында мектеп басшылары мен педагогтер қауымы дәл қазіргі жағдайда білім саласы бетпе-бет келіп отырған мәселеге орай пікір алмасты.
Арнайы және инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерін талқылауды мақсат еткен жиында орталық директоры Әйгерім Күдеринова ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғаммен ықпалдастырудағы мемлекеттік қолдау, мамандар тәжірибесі, әдістемелер, бағдарламалар барысына тоқталды. Бүгінде елімізде 460 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде облыстар мен қалалар бойынша: арнайы мектепке дейінгі ұйымдар саны – 44, арнайы мектеп ұйымдары – 99, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері – 207, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестер 88 болса, 13 оңалту мен 9 аутизм орталығы бар.
Психология ғылымдарының кандидаты, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кешенді диагностика жасау және оңалту зертханасының меңгерушісі Әлия Ерсарина психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін оңалту орталықтарының, түзету кабинеттерінің, арнайы және жалпы білім беретін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының психологтеріне арналған «Аутизмі бар балаларға арналған арнайы дамыту» бағдарламасы жайында айтты. Сарапшы бағдарлама аутизмге шалдыққан балалардың көбейіп бара жатқандығына байланысты қолға алынғанын жеткізді. Балаларды жалпы білім беру процесіне қосуға даярлауды мақсат ететін бағдарлама ең алдымен аутизмі бар балалардың қоғаммен қарым-қатынасына және әлеуметтік өзара әрекетке баулуға бағытталған. Бағдарламаны әзірлеу кезінде мамандар заманауи әдіснамалық тәсілдерге жүгініп, аутист балалармен жұмыс істеу бойынша түрлі технологияларды, авторлық бағдарламаларды басшылыққа алып отыр. Былтырғы деректер бойынша аутизм белгілері 8 796 баладан анықталған.
Конференция барысында «Онтогенез барысында ана тілі жүйесінің қалыптасуы» монографиясының таныстырылымы өтті. Арнайы және инклюзивтік білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қызметкері Алмагүл Сейсенова аталған еңбекте қазақ тілді балалардың сөйлеу тілі онтогенезінің лингвистикалық және психологиялық негіздерінің басшылыққа алынғанын жеткізді. Зерттеу еңбекте ерте және мектепке дейінгі жастағы балалардың ана тілін меңгерудің теориялық мәселелері, бала тілінің даму кезеңдері, ана тілінің фонетикалық жүйесінің онтогенез барысында қалыптасуы, бала тілінің шығуы, фонематикалық естуінің дамуы, сөздің буындық құрамын меңгеруі, ерте жастағы балалардың сөздік қорының қалыптасуымен қатар мектепке дейінгі жастағы баланың сөздік қорының дамуы және сөйлеу тілінің грамматикалық құрылымын меңгерудің кейбір аспектілері осы еңбекте көрініс тапқан. А.Сейсенова, сондай-ақ балалардың ерте жастан дамуында қандай ерекшеліктер бар, соған байланысты қандай жағдайларға назар аудару қажет, баланың тілі қалай дамып жетіледі, міне, осы мәселелер қазіргі таңда мамандар назар аударатын басты мәселеге айналып отырғанын атап өтті.
Инклюзивті білім беру саласындағы мамандардың бұл бағыттағы зерттеулері елімізде дамуында түрлі кедергілер кездесетін балалар санының көбейіп бара жатқанына байланысты қолға алынып отыр. Маманның айтуынша, қалыпты жағдайда балалардың тіл ерекшеліктерін белгілеп алмайынша, қандай кедергілер бар екенін анықтау қиынға соғады. Аталған зерттеу жұмыстарына Алматы, Астана, Талдықорған, Тараз қалаларымен қатар Түркістан, Қызылорда облыстарында 6 айдан бастап 6 жасқа дейінгі тілі қазақша шыққан 500 бала қамтылып, үй жағдайында тәрбиеленіп жатқан әрі енді ғана сөйлей бастаған балалардың даму ерекшеліктері назарға алынды.
Осы орайда А.Сейсенова «e-Ymdau» ымдау тілі сөздігінің ерекшелігіне тоқталды. Халықаралық стандартқа сүйеніп, есту қабілетінде бұзылысы бар балалардың ымдау арқылы бір-бірін түсінуінің ерекшеліктерін анықтауды мақсат ете отырып қолға алынған сөздік білім беру жүйесінде негізгі және қосымша білім беру бағдарламаларын, оқу материалын игеру процесінде ымдау тілін пайдаланатын сурдоаудармашыларға, мектеп, жоғары оқу орындарының оқытушыларына және күнделікті өмірде ымдау тілін пайдаланатын естімейтін азаматтарға арналған.
– Бүгінде ата-аналардың өз қалаулары бойынша балаларын инклюзивті ортаға беруге тырысып жатқаны қуантады. Өйткені ортаға бейімделген балада ілгерілеу бар, толеранттылығы, қабылдауы, түсінігі дамиды. Сонымен қатар әлеуметтік мәселелерді бірлесе шешуге болады. Қазіргі таңда инклюзивті ортаны дамыту мақсатында республика деңгейінде педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетуге байланысты жалпы білім беру ұйымдарының мұғалімдері үшін арнайы курстар ұйымдастырылып жатыр. Әсіресе аутистік спектрі бар балаларға қатысты көптеген жұмыс іске асып, ақпарат беру, жұмыс істеу әдістемелеріне басымдық беріледі. Кедергісіз ортаны қалыптастыруда арнайы педагогтердің, логопедтер, ресурстық орталықтар мамандарының бірлескен іс-қимылы қажет, – деді ол.
АЛМАТЫ