Қоғам • 01 Қараша, 2022

Болашағы жоқ ауыл бола ма?

292 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Алаш рухты, абырой-беделі жетіп артылатын, ұлт дегенде тізгін-шылбырды бекем ұстаған жұрт кісісі, қарымды қаламгер Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдық мерейтойы жері шұ­райлы, топырағы құнарлы, та­рихынан да алар тағылым мол, арыстары шоқ жұлдыздай шо­ғырлы, қасиетті Қызылжарда аталып өтті.

Болашағы жоқ ауыл бола ма?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Жазушы ауылына бет алғандағы көркем табиғат талайды тамсантты. Осындай жерден талантты ұрпақтың қа­нат қақпауы мүмкін емес-ау дегі­зе­ді. Ұлт ардақтыларын, жұрт кісі­ле­рін санамаладық. «Жаратылдым топырағыңнан, сен – түбім, Жалғаны жоқ бәрі сенен жан-тәнім. Сенен басқа жерде маған қараңғы, Жарық болар Шолпан, Айым, мен – Күнім», деген Мағжан ақын, «...туған жер, туған ауыл алыстаған сайын, мен оларды сағына, аңсай түстім...» дейтін Сәбит Мұқанов, «Ел деген жетім қозы емес, еміздікпен асырай алмайсың!» деген Ғабит Мүсірепов, «Осы мемлекеттің алтын арқауы, түп қазығы – қазақ! Қазаққа алауыздық жат болуға тиіс», деген Сафуан алдымыздан үн қатып тұрғандай болды.

Қаладағы қапысы кем іске, жол бо­йындағы керемет көріністерге шат­танған көңіл шіркін, Сафуан аға­ның құтмекені, атажұрты Аман­кел­діге келгенде нілдей бұзылды. Қираған үйлер үйіндіге айналған. Көшелердің қиюы кеткен. Айтуға ауыз бармайтын бір сұрапыл жайпап өткендей. Осыдан 10 жыл бұрын 110 үй болыпты. Содан қалған жұқана – бір үй. Бұл үй – бабамның жерінде атамнан қалған, әкемнен қалған теңдессіз қазына еді, осы үйде өсіп-өніп едік, – деп, көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан жазушының жоқшы ұлы Сайын Шаймерден екен. Қуыс үйден құры шықпаңыздар деп дәм татқызды.

Қаңыраған ауыл шетінде о дүние­лік­тер жатқан қорым-бейіт қаз-қал­пын­да екен. Көшіп кеткендер көз жұмсақ, бір жерде жатайық деген халықтық қағидамен өмірден озған ағайынды алыс болса да, аянып қалмай әкеліп жерлеу салт-санасынан жаңыла қой­мап­ты. Кіндік қаны тамған то­пырағы киелі деп білген Сафуан аға­мыз да әкесінің жанынан жер алып қойған екен. Адамның айтқаны бола бере ме, ұлы Саянның қасынан топырақ бұйырыпты.

Жақында сол Қызылжар өңірінде он беске жуық ауылдың болашағы жоқ деген дерек айтылды. Ол ауыл­дар ел картасынан да жойылады де­ген. Сафуан аға арамызда болса, «бо­ла­­шағы жоқ деген не сұмдық» дер еді-ау деп іштей күңкілдедік. Он жылдың ішінде ойраны шыққан, жа­зу­шының ізі өше бастаған ауылын көргенде аттан ауып түскендей күй кештік. «Ой, мұндай ауылдар баршылық», дейді қаумалағандардың арасынан ой бөліскендер. Әшейінде есе жібермейтін қаламгерлер сөй­лей­тін сөздерінен жаңылып қал­ғандай. Шашылып жатқан ағаш­тар­ға, үйінділерге, үңірейген есік-терезелерге қарағыштайды. Жүректі шымырлатып, көкейді кернеген бұл зар-мұңды кімге жеткізсек екен деген сансыз сұрақ сананы шабақ­тай­ды, еңсені езеді. Мұның ақ-қа­ра­сын анықтауға шама жеткенше талпыналық, тиісті орындармен тіл айқастыралық, аяқсыз қалдырмалық дейді біріне-бірі. Қиын заманда болашақ үшін деп ауыл тұрғызған жандардың еңбегін еш, тұзын сор етіп, үмітін өшіріп, ауылды жойып, қабірлерді ғана қалқайтып қою қандай ауыр еді деседі, амалдары құрып, айтарлары түгесілген тұста. Осы арада, 1913 жылы жазып кеткен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Әркім жалғыз өзім демей, өзгелер жайын да ойлап, пейілін кеңге салып іс етпесе, жұрт жұмысы түзелмейді. Жұрт пайдасын аяғына басып, бетімен жайылатындарын қайырып, үйірге кіргізіп отырмаса, бір қойдың қотыры мың қойға жұққан сияқты, бір адамның кесірі мың адамға тимекші», деген сөзі ойға оралып отырғанын қарашы.

Сонымен жарқын болашаққа құ­лаш сермеген елде, болашағы жоқ ауыл бола ма? Болса себебі не, ертеңгі сал­дары опындырып жүрмей ме? Қызыл­жар қызыл көздер көз аларта беретін шекаралы жерде емес пе еді? «Жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ!» деп бірлік пен теңдікке ұмтылған Алаш арыстары өз әскерін сол Қызылжар жерінде жасақтау идея­сын қолға алғаны тарихтан мәлім. Төрт құбыладан жиналып, жиын да өткізген. Ол ұлт болашағының қамы бола­тын. Сол мәлім тарихты қызыл­жар­­лық азаматтар жаңғыртып жатыр екен. Бұл елдік іс дейді. Олар дәл Сафуан туған жерде ұлтым деп білек­тей бірігіп, мақсатымыз айқын деп, еңсеңді тіктер еңселі ескерткіш тұр­ғы­зуды бастап кетіпті. Алда алқалы мәжіліс өткізбекші. Үйренсең – үлгі емес пе?

Иә, қайталап айтайық, болашағы жоқ деп ауылдарды жоюдың арғы жағында не жатыр, астарында не бар? Өз күніңді өзің көрден туған өзім­шіл­діктен емес пе екен? Әлде «ал­пауыт­тар» деп «әспеттеп» жүрген­дер­дің жер босатуы ма? Ол жер аумағы тұяқ тоздыратын, қанат талдыратын аз қа­заққа кейін қатер төндіріп жүр­мей ме? Әуре-сарсаңға салмай ма? Жалпы, аталарымыз «бос жер жау ша­қы­рады» деп, ұлтарақтай жерді бос қоймай, атау беріп отырған ғой. Ол бүгінгі таңбалайтын картаның орнына жүрген.

Жойылған ауылдарда тұрған азаматтар кезінде жер үлесін алғаны анық. Олар қазір сол жерінің пайдасын көріп отыр ма? Әсіресе қала жағалап кеткендер. Әлде біреулердің қанжығасында кетті ме? Жойылмаған кейбір ауыл халқының үлесін алдап-арбап үптеп кетіп, кейін жонын көр­сетіп, есе бермегендердің ай­ға­йы аз естіліп жүрген жоқ емес пе? Ұлтымыз жер дауы мен жесір дауынан тіксінген. Расы керек, бүгіп қайтеміз, күмәні көп. Жер дауы өршіп тұр, жесір дауы тұманды. Біз бұл ойларды біреулерді үркіту үшін емес, жат пиғылдан, жаман әдет өршіп кетпесе екен деп, жыраулар айтпақшы, қауіп қылғаннан қозғап отырмыз.

Жүйкені жұқартып отырған бұл мә­селе кешегі жабайы жекеше­лен­дірудің, жер жағдайына, барыс-ке­ліс­ке, халықтың тыныс-тірлігіне қа­ра­май, әлемде осылай екен деген тұс­палмен жасалған орынсыз, ора­шо­лақ реформалардың, қаржыны керекке бермей, орта жолда қақшып кеткендер залалының зардабы деп білеміз. Даламыздың дарқандығына қарамай, дамыған ел тұрғындары қалада тұрады, біз де сөйтеміз деген желбуаздықтың кесірі. Ол кезде қа­ланың шекесі шылқымай ма еді? Қайта ауылдықтардың аузы аққа тиіп отырған.

Қазақтың қалаға келгеніне ешкім де қарсы емес. Қалаға келгендердің бәрі оңалып кетпегені, әлі күнге төрт керегенің зарын тартып жүргендердің аз емесі мәлім. Ондайлардың кей­бірімен тілдессең, ауылға кетер едім, үйім қирап қалыпты, жер жоқ, үлесімді іздестірсем, қолдан-қол­ға өтіп кеткен дейді. Елден қол үз­бе­­гендер біртіндеп барып жатыр. Өйткені ірге көтермей барын місе тұтып отырып қалғандардың, заман ағымын түйсінгендердің қазір өз қолы өз аузына жетіп, қаладағыдай күн кешіп жатқанын көріп жүрміз. Әттең, мақтангерліктің жеңіл буына ере бермей, бір сәт иесіздік етек жа­йып бара жатқанда ауылдан қо­та­ры­ла көшпеңдер, ауыл мен қаланы ертең жалғайтын ойлы жастарды ғана жіберелік қалаға, жерді бос қал­дыр­ма­йық дегенде, болашағы жоқ ауыл сөзін дәл бүгін естімейтін едік.

Қалай десек те, қазақ ел болғанда далақтай бермей, той төріне таласпай қасиетті даласының да, қаласының да иесі болу – парыз ғана емес, бес батпан қарыз болып тұр. Бұл тұрғыдан келгенде, халқы шағын, жері кең шекаралы өңірлерге – тізгін ұстағандар шекеден қарағанды қойып, зеректік танытса, кешегі қателік түзелер еді. Бүгінгідей техникасы жоқ, тұлпарына ғана сенген заманда Қызылжардың Есенейі жерді бос қалдырмаймын, шекараның шебінен табан аудармаймын депті. Ана заманда. Сан сылтауды көлденең тартатын бізге, сондай өршіл рух жетпейтін секілді.

Біз зар заман орнатудан аулақпыз. Бірақ мына дүние мың құбылып тұр­ғанда ескі сарынға салып «көш  жүре түзеледі» деп жағаны жайлау, етекті көктеу етіп көлгірсу опа бер­месе керек. Әсіресе Солтүстік өңірде. Болашағы жоқ ауыл деп, қар­жы үнемдейміз дегенмен, жерді қай­те­міз? Иә, қазір түрлі диқандар бар көрінеді. Аңқылдаған адал қандастар бар екен. Ертең жойылған ауылдарда олардың орнын кім басар екен? Қалаға бауыр басқан қазақ баласы – арба сүйреп жүрсе де, ата-бабамнан қалған жер иесі мен деп бара қояр ма екен? Осыны ойлап көрдік пе? «Дипломмен – ауылға!» дедік. Нәтиже көңіл көншітпеді. Сөз нақты іске ұлас­па­ды, ауылға барғандарға жағдай жасалмады, кіші шенеуніктер шіренді, оларға оқыған пысықтан сөзі өтетін сыралғы можантопай тиімді. Алғышарты айқындалмаған жұмыс, солайша құмға құйған судай құрдымға кете бермек. Кетіп те жатыр.

Солтүстікке көш бетін бұру деген жақсы бастама бар. Мұның да толғағы тоқсан түрлі екен. Айтушылардың бір сөзіне құлақ қойсаң, ниет білдір­гендер баратын ауылда олар атқа­ра­тын қандай жұмыс бар, баласы оқи­тын мектеп, тұрғын жай, отын-су, дәрігер, тағы басқа мәселелер толық қа­растырылған ба, әлде сартап сүр­леумен жәрдем қаржың міне, арғы жағы өзіңе байланысты деп жүрміз бе? Жұмыстың бастысы диқаншылық екен. Оның да қиын түйіндері бірде ше­шіліп, бірде шешілмейтін көрі­не­ді. Жадыраған жаздан өзге жыл мезгілдері, яғни күздің жауын-шашыны, қыстың кереге қары, адуынды ақ бораны, көктемнің лайсаңы – кімге де болса жеңіл тимесі анық. Байырғы тұрғындар ол туралы күлбілтелемей ашық айтады. Осыдан ба екен, бар­ғандар көп тұрақтай бермейді. Жағдай жасалғанымен ішкі есебі барлар, көмек қаржы қолға тиген соң, сылтау­ды кө­бейтіп, бір қаға берісте тайып тұ­ра­тынын да естідік. Ондайлар ар алдында аяусыз жазасын алар. Ал тәуекелге бел байлағандар, қаны мен жаны ел мен жер дегендер орнығып, алтын астықты сапырып шыға келеді екен. Бұл жұмысты жергілікті жерге ғана теліп қоймай, Астанадағы игі­лікті іске қатысы бар шенеуніктер бола­шағы жоқ ауылды тізіп, қаржы үнемдеуді көздемей, өздері жиі дә­йекке келтіретін әлемдік үрдісті іске қосып, «Ауыл жылындағыдай» жал­ған есепке иек артпаса, болашағы жоқ ауыл деген ұлтқа зиянды сөз жойылар еді.

Бір жақсы жұмыс көңілге шуақ құйды. Ол Петропавлдағы жоғары оқу орындарына арнайы бағдармен Оң­түстіктен жастардың көптеп келуі еді. Бітіргендердің 30 пайызы қызметке қала бастаған. Бұған қоса, облыс әкімі арнайы квота тағайындап, жоғары білімнен кейін үш жыл қалып жұмыс істеуді жүктеген. Төрт-бес жыл оқып, үш жыл жұмыс істеген жастың дені қалары хақ. Тек тиісті орындар орныққанша назарда ұстаса болғаны. Ой бөліскен біраз азаматтар ауылға көңіл аударса, жас маманды балапандай баулудағы кеңестік жүйенің жүйелі жағын жаңғыртсақ, ұтылмас едік дегенді алға тартты. Күл шаша бермей, жақсысын алғанның да артығы жоқ шығар.

«Әрбір халықтың ұлттық мек­тебі – сол халықтың күллі ұлт­тық мәдениетінің негізі, тіпті тұғы­ры! Ұлттың тілі, әдебиеті, өнері сол ұлттық мектепте жасалып қалып­та­­сады. Олай болса, ұлттық мектеп – сол ұлттың өмірі, өмір сүру ке­пі­лі!» деген, шығармаларында ата­жұртын Қызылжар деп жасқанбай жа­зған Сәбит Мұқановтың Ақжол ауы­лындағы 9 жылдық мектепте 20 бала білім алса, биыл 2, 7, 9-сыныптарда оқитын бала жоқ екен. 29 отбасы қалған. Сонда көрнекті жазушы ауылының да болашағы жоқ деген сөз. Қаламгердің келісті музейінің «күні» не болмақ? Сән салтанатымен тұрған ғимарат киіз үй емес көшіріп, қондыра салатын. Ондай үй салу оңай бола қоймас. Музейдегі мұра шашылып қалмаса жарады. Ендеше, жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйысып Ақжолды болашағы жоқтан құтқарып, болашақ ұрпаққа аманаттасақ, қане! Сонда жасау қиын, құрту оңай деген қасиетсіз сөзден құтылар едік.

Ал Ғабит Мүсіреповтің ауылында 80 үй, 60 бала бар екен. Бәрі ертеңгі тірлігімізге тәуелді. Біз кейде болады ғой дейміз. Болады. Бірақ боладыны уақыт күтіп тұра ма? Заманға теліп, түймедейді түйедей жасамайық дейміз. Иненің жасуындай қателікті жан салып болдырмауды ойлайтындарды көргенде, қирап жатқан ауыл­дар туралы ұлт болып үн көтеру мәселе емес деп кім дау айта алар екен? Темірді қызғанында соқпай «көш жүре түзеледі» деген бос-белбеулік ұрындырумен келе жатқаны анық. Сол анықтан сабақ алмасақ, жер тағдыры бір кездері тығырыққа тірелуі мүмкін. Біз ғана қателеселік, жұрт қателеспесе екен.

Түйіп айтқанда, Сафуан аға ауы­лына барғанда елім, жерім деген жомарт жандарды көріп марқайдық. Тып-типыл жұртты көргенде көз тұманданды, осы күйге бұл ауыл қалай түсті, адамдары неге тоз-тоз бол­ды екен деп көңіл жабырқады. «Болады» деген жаттанды ақпаратқа илана бермей, өзге ауылдарды да зерттеп, жойылудан құтқаруды зердеден өткізсек қой дедік. Бұл келешектің кемелдігіне, ертең тағы да сан соғып, әттең-ай деп қалмау үшін керек. Артымнан алдым биік болсын деп үмітін үкілеген ұлттың ұрпағы едік қой, дәулетіміз бар, сәулетіміз артар, болашағы жоқ деген сұрқай сөздің орнын жарқын болашақ басар, қаламгердің жапандағы жалғыз үйі 110 үйге жетер, қыл үстінде тұрған Ақжолдың да жолы ашылып, Сәбең өсиет еткен ұлт ұрпағы, үлбіреген ұл мен қыз сыныпқа толар деп өзімізді өзіміз қолпаштадық. Тыңдайтын Үкімет естіп, тілек шешімін тапса, Тәңір жарылқасын дейтін күнге жетіп, бұл күңіреніс жойылар еді, жерге әр де, нәр де кірер еді, бос жер болмай, ауылдар бой көтеріп, ойдым-ойдым көлдердің ақ құсындай ақ шаңқан үйлер сап түзер еді, деп киелі Қызылжардан аттандық.

 

Сүлеймен МӘМЕТ