Қоғам • 02 Қараша, 2022

Мамандар – саланың негізгі күші

389 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлеуметтік жұмыс мамандық ретінде Қазақстан үшін салыстырмалы түрде жаңашылдық екенін атап өткен жөн. Әлеуметтік жұмыс мамандарын кәсіби даярлау соңғы жиырма жыл көлемінде жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте әлеуметтік қызметкерлердің 33%-ы осы жүйеде 10 жылдан астам жұмыс өтілі бар мамандар екенін айта кетелік.

Мамандар – саланың негізгі күші

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің мәліметінше, елі­мізде 12 мыңнан астам әлеуметтік қыз­меткер жұмыс істейді. Олар халық­тың әртүрлі санаттарына өмір сүру сапасын жақсарту және күрделі өмірлік жағдайдан шығу үшін көмек көрсету мақсатында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.

Қазіргі уақытта әлеуметтік қызмет­кер­лер қарттарға, мүгедектігі бар адам­дарға, оның ішінде балаларға, бел­гілі бір тұрғылықты жері жоқ, бас бостандығынан айыру орындары­нан босатылған адамдарға, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер (АӘҚ) көрсетеді.

Әлеуметтік қызметкердің негізгі міндеттері – қызмет алушыларды өзіне-өзі қызмет көрсету, өзін-өзі ба­қы­лау, қарым-қатынас дағдыларына үйрету. Сондай-ақ әлеуметтік қызмет­кер­лер отбасы мүшелерімен оңалту іс-шараларын іске асыру және қызмет алу­шылардың қоғамда өздерін бейім­деу бойынша жұмыс жүргізеді, әлеу­меттік төлемдер мен басқа да әлеу­­меттік қолдау шараларын алуға жәр­дем­деседі.

Әлеуметтік қызметкерлер стационар, жартылай стационар жағдайында, үйде және уақытша болу ұйымдарында АӘҚ ұсынады.

12 мың әлеуметтік қызметкердің 884-і медициналық-әлеуметтік мекемелерде, оның ішінде 695-і стационарлық мекемелерде, 189-ы оңалту орта­лық­тарында қызмет көрсетеді. Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімше­ле­рінде 11 395 әлеуметтік қызметкер, бел­гілі бір тұрғылықты жері жоқ адам­дарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталықтарында – 65, дағдарыс орта­лық­тарында 65 әлеуметтік қыз­меткер жұ­мыс істейді.

Сонымен қатар әлеуметтік қыз­мет­кер­лердің 45%-ы аудан орта­лық­тары мен қалаларда, 30%-ы облыс орталық­тары мен республикалық маңызы бар қалаларда, 25%-ы ауылдық округтерде қызмет көрсетеді.

2021 жылдың қорытындысы бо­йын­ша мемлекеттік және үкіметтік емес секторларда арнаулы әлеуметтік қыз­­метпен 116 мыңнан астам адам қам­тылды.

Биыл әлеуметтік қызметкерлердің мінез-құлқының кәсіби этикасының нор­малары бекітілді. Бұл олар ұсы­натын қызметтердің сапасын арт­ты­ру­ға ықпал ететін болады. Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс жобасында халыққа әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту көзделген. Қолданыстағы арнайы әлеуметтік қызметтер өзектендіріледі және жаңа стандарттар әзірленеді, ал әлеуметтік қызметке мұқтаж адамдарға әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі беріледі. Бұдан басқа, әлеуметтік қыз­мет­керлер тізілімін құру жоспарланып отыр, онда олардың біліктілігі, көр­се­ті­летін қызметтердің түрлері мен са­пасы, жұмыс нәтижелері туралы ақ­парат қамтылады.

Әлеуметтік қызметкерлер үшін кә­сіптік стандарттар әзірленеді, онда жұмыс берушілердің оқыту персо­на­лының білімі, дағдылары және біліктілік деңгейіне қойылатын талаптары көрсетіледі. Ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескеретін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі әзірленбек.