Қоғам • 02 Қараша, 2022

Әліпби туралы аңдатпа

618 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлем тарихында, аты-жөндері белгісіз болғанымен, оқу, жазу мәдениетінің қалыптасуына өзіндік үлес қосқан адамдар баршылық. Бұл сөзімізге Израиль аумағындағы Лахиш қаласында жүргізілген археологиялық жұмыстар барысында табылған, алғашқы жазу үлгісі түскен қыш құмыра қалдықтары дәлел бола алады. Ғалымдар бұл бір кездері Кипрден әкелініп, сүт құюға арналған құмыра деген болжам жасады. Сараптама нәтижесі табылған зат біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға тиесілі екенін көрсетті. Бұл әліпбидің пайда болуы тарихын зерттеудегі ең маңызды оқиға десек, артық айтпағанымыз.

Әліпби туралы аңдатпа

Қазір ғалымдар жазу қола дәуірінде, яғни біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдықта Жерорта теңізі өркениеттерінен бастау алады деп есептейді. Әліпбидің ең ерте формалары біздің заманымызға дейінгі ХІХ ғасырдың аяғында жасалған, бұл семиттік атауларды жазу үшін бейімделген мысырлық иероглифтер болып табылады. Одан әрі бұл жазу мыңжылдықтар бойы жеңілдетіліп, біздің дәуірімізге дейінгі ХІ ғасырда финикиялық әліпбиге айналды, кейінірек соның негізінде грек әліпбиі пайда болды.

Бұрын финикиялықтар қолданатын протоәліпби қазіргі Израиль аумағына тек Мысыр билігінің ықпалымен біздің заманымызға дейінгі XIV-XIII ғасырларда келді деп есептелді. Ал археологиялық артефакт негізінде ғалымдар әліпби ол жерде ертерек – 1650-1550 жылдары Солтүстік Мысырды жаулап алған билеуші Гиксостар дәуірі кезінде пайда болуы мүмкін деген қорытынды жасады. Сонымен қатар археологтер сол жазу әліпбидің осы өтпелі кезеңінің алғашқы үлгісі болып табылады деп есептейді. Мұны өз кезегінде жазу, таңба жүйесі мен әліпбидің пайда болуын зерттеудегі тағы бір маңызды қадам деуге толық негіз бар.

«Ұлы дала елі» орталығының «Түркі әлемі» залында да ежелгі түркі халықтарының жазба мәдениетіне арналған арнайы экспозиция жасақталған. Бұл залда қыпшақ, ұйғыр, араб, қимақ каллиграфияларында жазылған тақта тастарды көріп, көптеген мәліметке қанығуға болады.

 

Дилорам ТАУАСАРОВА,

«Ұлы дала елі» орталығының қызметкері

 

ТҮРКІСТАН