Қоғам • 03 Қараша, 2022

Аты-жөнді рәсімдеудегі сөкеттік

284 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кезекті сайлау алдында аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын баспасөзде жариялау – әуелден келе жатқан үрдіс. Бұрын сайлау комиссиясының құрамын тізбелегенде, аты-жөнді жазудан қазақылықтың нышаны көрінбейтінін байқап, көңіліміз қабаржитын. Бұл жолы қалай болды екен?

Аты-жөнді рәсімдеудегі сөкеттік

Бажайлап қарасақ, тағы да «бақсақ бақа екен» дегендей болып шыққанын қай­терсіз?! Жақында облыстық «Аты­рау» газетінде жарияланған аумақтық және учаскелік сайлау комиссия­лары құрамындағылардың аты-жөнін жазу әуелдегідей қайталанып тұрғанын тағы көрдік. Сонда бұл келеңсіз жайт сүйе­гі­мізге әбден сіңіп, өмір бойы жалғаса бермек пе?

Газеттен Индер аудандық аумақтық сайлау комиссиясының құрамын оқы­ға­нымда, жағамды ұстамасқа лаж қал­мады. Комиссия төрағасының аты-жөні Сакенов Адилгерей Мура­то­вич көрінеді. Өз есімі де, әкесінің ныс­пысы да, тегі де түгел орысша үлгіде жазылған. Сәкен Әділгерей Мұ­рат­ұлы десе, қандай келісті болар еді?! Әрі қарайғы тізім былай жал­ға­сады: Қабиева Гулшара Мака­жа­новна, Сариева Шынар Абатовна, Дюсенбиев Саттибек Женисович, Ербулатов Қуаныш Маратович, Қуанышева Эльмира Избасаровна, Турсынғалиева Айгул Есеновна. Бәрінің де әкелерін, тектерін туу туралы куәлікке жазғанда ...ев, ...ов, ...ева, ...ова, ...ин, ...ич, ...овна, ...евна етіп орысша қалыпта (транскрипциямен) тіркеген. Сөйтіп, АХАТ (азаматтардың хал актілерін тіркеу) бөлімі жаңа туған сәбилердің аты-жөндерін тіркеп, құжат жасақтау барысында қазақы ұғымды, ғұрыпты ескеруді ұмыт қалдырған.

Өзімнің туған ауылымда қалай жазылғанын білу үшін Қызылқоға ауданындағы №147 учаскелік сайлау комиссиясының құрамына көз тіктім. Комиссия төрайымы Косдаулетова Айнур Зинуллиевна, оның орынбасары Инаева Сауле Бисенбаевна, хатшысы Кулбаева Гулжамал Шиланбаевна, мүшелері Жанабаев Курманбек Амангалиевич, Мамбеткалиева Ак­каймак Мамбеткалиевна, Бисенгалиева Нуржамал Дауленовна, Кусайнов Марат Акжолович болып қазақшадан аулақ, орыс тілінде жазылып, сықиып тұр. Ауылда жастайынан бері тұратын, қазақшаға жетік белорус Александр Стоммадан өзге ұлт өкілі болсайшы?! Комиссия құрамының ішіндегі орысша құжат иелерінің бірі інім Аманғалидың баласы екеніне қайран қалып, ұялуыма тура келді. Әділін айтқанда, осы келең­сіз­дікке аты аталғандардың (олар сәби болды ғой) өздері емес, елді жай­лаған солақай саясат, жергілікті әкім­діктегілер, АХАТ бөлімі кінәлі.

Неге өз қазақылығымызды өзіміз ардақтай алмайтын, бәрінен бұрын ұлтымыздың ұстынын танытатын төлқұжаттағы аты-жөнімізді қазақша жазып, рәсімдей алмайтындай бор­кемік болып кеткенбіз. Бір кезде «Республикада тұратын ұлттарды қазақ, орыс, украин, белорус, ноғай, татар, қарачай және тағы басқалар деп бөлмей, бәрінің төлқұжатына «қазақстандық ұлт» деп жазайық» деген ұсыныс болғаны аян. Бірақ қалың көпшілік жоғарыдан түскен солақай ұйғарымға (бәлкім саясат шығар) түбегейлі қарсы болып, ақырында биліктегілер көпке топырақ шаша алмай, райынан қайтқан еді. Әйтсе де, құдай алдында күнәлі болсам да айтарымды ішке бүгіп қалмайын, жергілікті орындарға, АХАТ бөлімдеріне Мәскеу­дің пәрменімен ауызша болсын, жазбаша болсын құпия түрде нұсқау беріліп, жаңа туған сәбилердің аты-жөнін рәсімдегенде орыс халқының куәлік жазуымен сәйкестендіру керек делінген болуға тиіс. Олай етілмесе өткен ғасырдың 50-90 жылдары ара­лы­ғында туғандардың куәлігі мен төлқұжатындағы есімдері, тектері ре­сей­ліктермен сәйкестендіріліп, ...ов, ...ев, ...ин, ...вич, ...овна, ...евна бо­лып, неге қаптап кеткен? Мұның арғы төрінен кеңестік жымысқы саясат, қазақты басыбайлы орыстандыру үрдісі қылаң береді. Дұрысында, құйтұрқылықтың, бақай қулықтың көкесі бұл.

Пәленің бір ұшы өзімізде де жатыр. Біз мысалға алған комиссия құ­рам­дарының ішінде №156, 162, 210... учаскелік сайлау комиссияларының құрамында өз аты-жөндерін Қанатқали Бақытгүл Қуанғалиқызы, Мамыртай Базарбай Әзиұлы, Жетеғали Шаһризат Жетеғалиұлы... деп таза қазақы қа­лыпта жаздырғандар кездесті. Бірақ олардың қатары онша көп емес, әр жерде қадау-қадау ғана. Тоқсаныншы жылдары телерадиокомпанияда қыз­мет істеп жүргенімізде, әріптесім Өтепберген Әлімгереев екеуміз төлқұ­жа­тымызды қазақыландыру үшін әдейі өзгерттік. Біріміз Өтепберген Әлімгерейұлы, екіншіміз Жаңабай Төлеген Жаңабайұлы деп қазақы үлгі­де жаздыруға тәуекел еттік. Ешкім қар­сы бола қойған жоқ.

Шындығын айтқанда, біз, қазақтар 1986 жылғы желтоқсандағыдай анда-санда айбарымызды шығаратынымыз болмаса, кеңестік жүйенің илеуіне көнгіш халыққа айналыппыз. Партия айтты, үкімет айтты деп бас изеумен келіппіз. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін де бас пайдасын ғана ойлаған жемқорлардың, жылпостардың шылауында қалыппыз. Бүгінгі ахуал басқа. Енді жалтақтайтын, қорқатын ештеңе жоқ. Қазақстанда байырғы ұлт өкілдері өз құжаттарын жаппай жөнге келтіруі, қазақыландыруы қажет. Мұны міндетті деп есептеймін. Төлқұжатымыздағы ...ов, ...ев, ...вич, ...овна, ...евна қатарлы аты-жөнімізді жазудағы кеңестік жүйе қалыптастырған селкеулікті, сөлекеттікті жоюдың жолдарын шындап ойластыратын кез жетті. Оған әнебір шығын да кетпейді. Бұл үрдісті әрбір төлқұжат иесі өз қаражаты есебінен жүргізе алады деп ойлаймын.

Мен – жас жағымнан алғанда сек­сенді иектеп қалған қартпын. Неміс басқыншыларына қарсы соғыстың аяқталуына бір жыл қалғанда дүниеге келіппін. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяқ шенінде Ресей жерінде әскер қатарында болып, он­даған ұлттың өкілдерімен бірге борышымды өтедім. Біздің әскери бөлімнің штабында тегі Яниогло деген ма­йор болды. Өзінің түркі тектес гагауз ұлты­ның өкілі екенін мақтан тұтады. Ол мені қазақ болған соң іштарта сөй­леп:

– Түбіміз бір түркіміз. Гагауздар кеңес жерінде 152 мыңдай ғана. Негізінен Молдовада тұрады. Басқа мемлекеттерде де бар. Өз тілі­мізді, құжатымызда ата-тегімізді жазуда ұлттық үрдісті сақтағанбыз, – деген еді.

Риза болғанмын. Сондай-ақ қай кезде де Микоян, Баграмян, Бабакидзе, Гамсахурдиа, Баранаускас... сынды армян, латыш, грузин ұлттарының бірегейлері өз аты-жөндерін ұлтына сай етіп жазудан еш қымсынған емес. Олардың бірқатары өз тектерін өзгертпей-ақ ел басқаруға қатысты, әдебиет, өнер салаларында емін-еркін жүрді. Демек бізге де, қазақтарға да серпілетін, сілкінетін мезгіл келді. Аты-жөнімізді жазудағы сөкеттіктен арылу – парызымыз.

Кезектен тыс президент сайлауы қарсаңындағы аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамындағы қазақтың аты-жөндерін жазудағы көңілге қонбайтын өрескел жайт қолға қалам алдырды. Бұған жүрдім-бардым қарамай, өзекті мәселе деп қарағанымыз дұрыс.

 

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

Атырау облысы

Соңғы жаңалықтар

«Сары тентек» сарыны

Әдебиет • Кеше

Ұлытау ұлары

Тұлға • Кеше

Тағдыр тәпсірлері

Әдебиет • Кеше

«Хат қоржын»

Егемен Қазақстан • Кеше

Абай тапсырған асатаяқ

Жәдігер • Кеше