Саясат • 07 Қараша, 2022

Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Қарақат Әбденнің сайлауалды бағдарламасы

312 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мен отбасына, қоғамға және Отанымызға не қажет екенін білемін!

Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Қарақат Әбденнің сайлауалды бағдарламасы

Құрметті отандастар!

Мен, Қарақат Әбден, миллиондаған замандастарыммен бірге, ұлы тарихи процесс – еліміздің қалыптасуы мен оның мемлекеттігін одан әрі нығайтудың белсенді қатысушысы болып отырмын.

Сіз бен біз демократиялық процестерден тыс қала алмаймыз, өйткені демократияның философиясы біздің халқымыздың қанында, оның менталдық және тектік деңгейлерінде қалыптасқан.

Адамгершілік пен әдептің жоғары қағидаттарына негізделген қазақ халқының бай тарихи мұрасын, дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғырту және сақтау, сондай-ақ оларды қазіргі заманауи жағдайда дұрыс пайдалану Қазақстан дамуының басым бағыттарының бірі болуға тиіс.

Іс жүзінде әрбір отбасы, әсіресе көпбалалы отбасы орасан зор рухани-адамгершілік әлеуетке ие және халықтың ғасырлар бойғы рухани құндылықтарын сақтаушы ретінде жинақталған тәжірибені ұрпақтан-ұрпаққа  жеткізеді, сол арқылы қоғамдағы әдеп нормаларын бекітеді.

Біз мемлекеттігіміздің рухани даму мәселелері экономикалық немесе саяси түрлену мәселелерінен кем түспейтін даму кезеңіндеміз. Заманауи Қазақстан озық елдер қатарынан үйлесімді орын алу және өркениеттен тыс қалмау үшін өмірдің барлық саласында сапалы серпіліс жасауға тиіс. Біздің қоғамның бүгінгі таңдағы өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларын кешенді негізде шешу қажет екенін көріп отырмын және осы мақсаттарға қол жеткізу үшін жүйелі тәсілдер қажет деп санаймын. Менде бұл процестің нақты көрінісі бар!

Қазақстан халқының саны жиырма миллионға жақындап қалды, елде алты жарым миллионнан астам отбасы тұрады, оның ішінде жарты миллионнан астамы – көпбалалы отбасылар. Біздің Отанымыздың негізі мен тірегі – отбасы. Сондықтан, отбасы өркениетті қоғам құру ісінде басты рөл атқаруы керек. Мен әрбір қазақстандық отбасының молшылықта өмір сүргенін, әрбір шаңырақ астында балалардың бақытты күлкісі естілгенін қалаймын. Бұл үшін елде барлық мүмкіндік бар.

Халықтың өмір сүру деңгейін арттыруда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу – менің азаматтық борышым деп санаймын!

Қазақстанда 6 миллионнан астам бала бар. Бұл дегеніміз, халқымыздың жалпы санының үштен бірі – ертеңгі күні Отанымыздың болашағын қалыптастыратын, оның қарышты дамуын жүзеге асыратын жас азаматтар. Сондықтан біз олардың үйлесімді дамуы үшін платформа дайындауға міндеттіміз, оларға лайықты тәрбие мен білім алуға, өз жобаларын, идеяларын іске асыруға, армандарына қол жеткізуге мүмкіндік беруіміз қажет. Олар үшін қазір не істелуде? Конституциямен кепілдендірілген тегін орта білім – бұл бәріне қолжетімді ме? Бізде үйірмелер, секциялар мен қосымша білім беру мекемелері жеткілікті ме? Мектептерде барлық баланы ыстық тамақпен қамтуға бола ма? Олар есейгенде ұлттық мәдени кодты сақтай ала ма? Осы мәселелердің барлығын шешетін кешенді жұмыстың уақыты келді. Мен мұндай өзекті проблемалардың шешудің жолдарын ұсынамын!

Бүгінде қазақстандық жоғары оқу орындарында 600 мыңға жуық студент білім алуда. Елдің зияткерлік қуатына жауапты болатын азаматтар сапалы білім алуға, озық инновациялық технологияларға қол жеткізуге, жайлы жағдайда өмір сүруге мүмкіндік алуға тиіс. Ол үшін жатақхана салу, оқу бағдарламаларын әзірлеу және енгізуден бас­тап, оларды тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету және қажетті жағдайлар жасауға дейін барлығын мұқият ойластыру қажет. Тағы бір мәселе – оқу ақысы. Дамыған мемлекеттерде білімге ұмтылатын адам үшін әртүрлі бағдарламалар мен гранттар арқылы барлық мүмкіндік қарастырылған. Мен елде жоғары білімнің тегін болуы үшін бар күшімді саламын!

Еліміздің тұрғындарының 11 %-дан астамы – аға буын өкілдері. Рухани құндылықтарды сақтаушылар да осы қарттарымыз, олар қазақ халқының ғасырлар бойы жиып-терген баға жетпес тәжірибесін ұрпақтарға жеткізеді. Өз қарттарын аялап, қамқорлық жасау – қазақстандық қоғамда әбден қалыптасқан дәстүр.

Қазақта «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қанатты нақыл бар. Шынында да, аға буын – ұлылық пен даналықтың символы, сондықтан үлкендерді құрметтеу –жас ұрпақтың парызы мен міндеті. Ұлы дала жерінде әрқашан солай болған.

Баласының әдепсіздігі үшін бірінші кезекте дұрыс тәрбие бере алмаған ата-анасы ұялады, сондықтан осыны ескеріп, ата-аналар әжелер өнегесін жалғастыруға тырысады. Ата-ана мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну – алдыңнан қарт адамды көргенде басып озбауға, бөлмеге жасы үлкен адам кіргенде тұрып сәлемдесіп, әрқашан орын беруге, олардың алдында дауысыңды бәсеңдетіп сөйлеуге, құрдастар арасында тентектік жасалса үлкендердің ақылына жүгінуге, яғни үлкендерге әрқашан құрмет көрсетуге тәрбиелейді. Шынында да, үлкендер жас ұрпақтың іс-әрекетіне олардың ата-аналарына және отбасындағы тәлім-тәрбиеге қарап баға береді. Және олар баланың жетістіктерін ерекше атап өткісі келсе, әрқашан «ата-әжесінің тәрбиесі» деп ескере кетеді.

Біз аға буын үшін не істей аламыз? Қарт­тарымызға лайықты зейнетақы, уақты­лы және сапалы ем алу сияқты барлық жағ­дай­ды жасай алдық па? Олардың ел ішінде қолайлы саяхаттауға мүмкіндігі бар ма? Рухани байлықты үлкендерден жастарға табыстау секілді маңызды мәселеде ұрпақтар с­а­бақтастығы қамтамасыз етілді ме? Менің тағы бір мақсатым – алтын ұрпақты лайықты өмірмен қамтамасыз ету!

Құрметті азаматтар!

Сіздерге ұсынып отырған өз бағдар­ла­мам­ды әзірлеу кезінде мен ең алдымен қазақ халқының рухани қағидаттарын басшы­лыққа алдым. Халқымыздың даналығы мен үлкендерді құрметтеуі, ұлттық рухы мен жігерлілігі, зерек ақыл-ойы мен көңілінің кеңдігі, бостандық пен тәуелсіздікке деген ұмтылысы – осының бәрі үйлесімді тұлғаны тәрбиелеп шығаруға негіз болады, ол үшін мемлекетте жайлы өмір сүру жағдайлары жасалуы керек.

Менің сайлауалды бағдарламам әлеу­меттік бағдарланған.

Әлеуметтік шаралар мемлекеттік қазынаға үлкен шығын әкеледі деген стереотип бар. Бірақ бұл – қате ұғым. Қазақстанның қалып­тасу кезеңінен басталған еңбек қызметімде мен бұл әлеуметтік бағыттарды бірінші кезекте іске асыру қажет екенін түсіндім.

Мемлекетіміздің өз азаматтарына аналық қамқорлық көрсететін сәті келді деп ойлаймын. Өзекті мәселелерді анасының өз балаларын, қызының өз ата-анасын және ең бастысы – азаматтың өз Отанын қабылдау әсерімен қарастыру қажет!

Отбасын қолдау және нығайту – елдің табысты дамуының кепілі. Отбасында ұрпақтар сабақтастығы, үлкендерге құрмет, кішілерге қам­қорлық, өзара қолдау дәстүрлері, еңбек­қорлық және білімге деген ұмтылыс қалып­тасады. Бүгінгі таңда отбасы институтын жан-жақты нығайту, оның нақты мәртебесін көтеру ерекше маңызды.

Әрине, отбасын сақтау және дамытудағы шешуші рөлдердің бірі әйелге берілуі керек. Мемлекет басшысы әйел азаматтарға арнаған сөзінде: «Әйелдер – отбасының тірегі, демек, мемлекеттің тірегі», деп атап өткен.

Қазақстанда әйелдер үшін тіршіліктің кез келген саласында: бизнесте, білім беруде, денсаулық сақтауда, мәдениетте, спортта өзін таныту үшін барлық қажетті жағдай жа­салған. Қазақстан халқының жартысынан астамы әйелдер (52%) екенін ескерсек, елі­міздің қарышты, тұрақты дамуы көбіне әйел­дерге байланысты екені анық. Әйел затымен өмірдің мәні ғана емес, сонымен бірге адамзат­тың одан әргі тағдыры да байланыстыры­лады деуге болады, өйткені әйелдің бұл әлемдегі қасиетті міндеті – адамзат ұрпағын жалғастыру.

Бағдарламамды дайындаған кезде мен өзімнің балаларым үшін – мейірімді және қамқор ана, отбасында – адал жар, туыстарым мен жақындарым үшін – жанашыр қыз бен әпке екенімді бір сәт те ұмытпадым.

Біз бірге көп нәрсені өзгерте аламыз және жақсы жаққа өзгереміз деп сенемін. Мен Қазақстанның болашағын сіздермен бірге құрғым келеді.

Мен сіздерді өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды бере отырып, өз Отаны­мыздың игілігі үшін оқуға, қызмет жасауға және игі істер атқаруға, табысты, бақытты болуға мүмкіндік беретін мемлекеттің даму жолын таңдауға шақырамын.

Мен отбасы, қоғам және Отан үшін не қажет екенін нақты білемін!

Бағдарлама

Менің мақсатым:

- Мемлекет – бұл ұлт. Қазақстан мемлекетін құрушы – қазақ халқының әл-ауқатын арттыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыру, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа табыстау.

- Барлық қазақстандық отбасылардың лайықты өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасау.

- «Мемлекеттің басты байлығы – адам» ұстанымын қалыптастыру. Басты назарды табиғи ресурстардан адамға түбегейлі аударатын уақыт келді.

- Мемлекеттік саясатты әлеуметтік бағдарланған саясатқа өзгерту.

Нәтиже:

- Тату отбасы. Бақытты балалар. Интеллектуалды, рухани және физикалық дамыған жастар. Ұрпақтарына риза аға буын. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық қажеттіліктерді қамтамасыз ету.

Отбасы

Қазақта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген даналық сөз бар.

Менің мақсатым – балалар жайлы отбасында туылып, лайықты өмір сүруі үшін, некеге тұрған сәттен бастап жас отбасыларға көмек көрсетудің және жеңілдетілген бағдарламаларды енгізудің кешенді жоспарын әзірлеу және жүзеге асыру.

Отбасы институтын нығайтуға ықпал ететін шаралар:

- Өскелең ұрпақты ұлттық отбасылық тәлім-тәрбиенің үздік дәстүрлерінде рухани дамыту бойынша арнайы курс әзірлеу және мектеп бағдарламасына енгізу.

- Тұрғын үй алуға немесе белгілі бір кезеңге пәтер жалдау ақысын төлеуге арналған ақшалай сертификаттар жүйесін енгізу.

- Жұмыс берушіні корпоративтік жарғыларға кәсіпорындағы жас отбасыларға сыйлықақы арқылы қолдау көрсетуді енгізуді заңды түрде міндеттеу.

- Көпбалалы аналарды наградтауға ұсыну талаптарының көрсеткіштерін төмендету.

- Бала тәрбиелеп отырған үй шаруасындағы әйелді «қызметкер» деп танып, осы мерзімді еңбек өтіліне қосу.

- Баланы балабақшаға және мектепке орналастыру процесін барынша автоматтандыру. Әр баланың өз ауданында орналасқан мектепке баруына жағдай жасау.

- Жәрдемақы алу үшін қажетті құжаттарды тапсыру жүйесін түбегейлі цифрландыруды, азаматтардың әлеуметтік көмек алуын «бір рет басу» арқылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету.

- Коммуникациялармен және инфра­құ­ры­лыммен қамтылмаған жерлерде тұра­тын көп­балалы аналарға өтемақы жүйесін қарастыру.

Балалар

Балаларды қолдау шаралары:

- Балаларды тегін қосымша біліммен қамту бойынша жеке бағдарлама әзірлеу, мектеп және колледж оқушыларының бос уақытын тегін ұйымдастыру бойынша мекемелер желісін кеңейту.

- Тегін орта білім берумен қамту мәселесін түбегейлі шешу, білім беру объектілерінің құрылысын халықтың өсуімен үйлестіре отырып, оларды заңнамалық тұрғыда бекіту.

- Балаларды олардың қабілеттері мен таланттарына сәйкес қолдау жүйесін құру, олардың толыққанды дамуы үшін үйірмелер мен секциялар құру, мемлекеттік бағдарлама нысанында тәлімгерлерді даярлау.

- Сирек (орфандық) аурулары бар балаларға көмек көрсету жүйесін біріздендіру.

- Балабақшалар мен мектептерде әр балаға қамқорлық жасалуы керек.

Жастар

Жастарға бүгінгі көмек – бұл біздің ертеңгі күнімізге тікелей инвестиция

- Барлық студенттер мен оқушыларды тегін жоғары біліммен қамтамасыз ету.

- Білім алу – бұл да еңбек. Еңбекақы жүйесіне сәйкес стипендия төлеу.

- Оқу орны мен кәсіпорын арасындағы байланысты арттыру, жастардың білім алудан нақты мамандыққа көшуі процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету.

- Аға буын өкілдерін тарта отырып, ұлттық-патриоттық жастар клубтарын құру.

- Үйлесімді дамуы үшін қыздарға арналған нақты қолдау орталықтарын ашу.

Алтын ұрпақ

Материалдық жағынан мұқтажсыз және қамсыз әдемі қартаю – бұл әр адамның арманы. Күнделікті күйбең тірлікті уайымдамай, балаларына дана тәлімгер, сенімді ақылшы болу – бұл біздің ата-әжелеріміз арманы емес пе?! Бұл арманда қанша әлеуметтік проблемалар жатыр!

Қарттарды қолдауға бағытталған шаралар:

- Зейнеткерлік жастағы адамдарға елімізде жеңілдікті тарифтермен саяхаттауға мүмкіндік беретін бағдарлама әзірлеу.

- «Ұрпақтар кездесуі» бірлескен демалу іс-шараларын ұйымдастыру бойынша гранттық бағдарлама әзірлеу.

- Жобалау кезеңінде қарттардың серуендеуі мен демалуы үшін көше инфрақұрылымын (жазда салқын, қыста жылы аула кабиналары, спорт алаңдарында қарттарға арналған құрал-жабдық және т.б.) көздеу.

- Егде жастағы адамдарды емдеу мен оңалтудың кешенді жүйесін әзірлеу.

Құрметті сайлаушылар!

Мәдениет пен тәрбие, білім мен ғылым, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау кез келген қоғамның табысты дамуының негізі және кепілі болып табылады. Алайда олар мемлекет тарапынан үнемі екінші назар деңгейінде қалып қояды. Біз мұның бәрін өзгертуіміз қажет.

Мен – еңбек жолын экономика саласында бастаған адаммын. Менің бағдарламамдағы барлық тармақтарды жүзеге асыруға болады! Мен бұған сенімдімін! Сіздердің қолдауларыңызбен бұл бағдарламаны бірге жүзеге асыра аламыз деп сенемін!

Мен өз халқыма сүйсінемін және сіздерге лайықты өмір үшін жағдай құруға уәде беремін!

Тапсырыс беруші:

А.С.Уразгулов, ҚР Президенттігіне үміткер Қ.Ж.Әбденнің сенімді өкілі.

Мақала ақысы Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Қ.Ж.Әбденнің сайлау қорының қаржысынан төленді.

Осы материалды шығарған ұйым, оны басып шығарған жері жəне таралымы туралы мəлімет шығыс деректерінде көрсетілген.