Ғылым • 07 Қараша, 2022

Ғылым жолындағы жастарға мүмкіндік

388 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру және ғылымға бөлінетін гранттың мерзімін ұзарту мәселесін тиісті министрлікке тапсырған еді. Президент «Еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз», деп ғылымды дамытуға қолдау көрсетілетінін айтқан болатын. Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Зәкидің айтуынша, биыл отандық ғылымды қолдау мақсатында ғылыми жобаларға бөлінетін грант көлемі артады.

Ғылым жолындағы жастарға мүмкіндік

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Негізі, кез келген елде ғылымның дамуына негізгі 4 фактор әсер етеді. Яғни ғылымды өрістету үшін саланың кадрлық әлеуетін, қаржыландыру көлемін, нақты сектормен байланысын және ғылымды әкімшілендіру сапасын жетілдірген ләзім. Ғылым және жоғары білім министрлігі де ғылымды дамыту мақсатында әзірленген жоба-жоспарында осы қағиданы қаперге алып отыр.

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен соңғы жылдары ғылым саласында айтар­лық­тай өзгерістер болды. Ғылымды дамыту бағытында бағдарламалық құжаттар бекітіліп, қажетті ресурстармен қамтылды. Осы бағдарламалардың шеңберінде елдегі  ғалымдардың санын көбейту, ғылыми экожүйені нығайту, ғылымның экономикаға үлесін арттыру және ғылымды басқаруды жетілдіру көзделген. Ең әуелі ғылымды қаржыландыру жүйесі өзгерді. Жалпы, ке­йін­гі үш жылда ғылымды қаржыландыру 70 пайызға артты. Бұрын гранттық және нысаналы қаржыландыруға арналған конкурс үш жылда бір ұйымдастырылса, қазір жыл сайын өтеді. Енді отандық ғалымдар үшін гранттың жаңа түрлері енгізіледі. Бұл жас ғалымдарға, коллаборацияға арналған қысқа мерзімді және жеке гранттар. Ал нысаналы қаржыландыру нақты ғылыми техникалық міндеттерді шешуге ғана бөлінеді», дейді комитет төрағасы.

Қазір Ұлттық ғылыми кеңес шешімінің объективтілігін арттыру мақсатында құрылған апелляциялық комиссия конкурстық рәсім­дер­ді жеңілдету бойынша бірқатар үйлесімді шаруаны іске асырған. Яғни министрлік ғалымдардың кадрлық және ғылыми әлеуетін нығайтуға ерекше ден қойып отыр. Осы тұста ғалымдарға қолдау көрсетіп, ғылымның дамуына жан-жақты ықпал етудің бірден-бір жолы – жыл сайын гранттық қаржыландыру конкурстарын өз деңгейінде өткізу екені белгілі. Ғылымға бөлінетін қаржының көлемін арттыру да маңызды. Себебі елде 22 мыңнан астам ғылыми кадр болса, оның 36 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды.

«2017-2018 жылдары Ұлттық ғылыми кеңестер жұмысында үлкен сын болды. Ше­шім­дер жасырын түрде жабық қабыл­да­натын. Қазір Ұлттық ғылыми кеңестер жұмысының форматы өзгерді. Жетекші ғалымдар таңдалып, кеңес құрамы 85 пайызға жаңартылды. Кеңес отырыстарының міндеті, онлайн трансляциялары нақты критерийлер арқылы жобаларды қаржыландыру бойынша ашық дауыс беру енгізілді. Қазір қаржыландыру және одан бас тарту туралы шешімді ғалымдардың өздері қабылдайды. Кеңес мүшелерінің эти­ка­лық кодексі қабылданды. Оны бұзу кеңес­тен шығуға негіз болады», дейді Ғылым коми­те­ті­нің төрағасы.

2020-2022 жылдары жас ғалымдардың бір ғана конкурсы бойынша ғылыми-зерттеуге бөлінген гранттық қаржыландырудың жалпы көлемі – 9 млрд теңге. Ал былтыр министрлік жобаларды қаржыландыру көлемі мен іске асыру мерзімі әртүрлі гранттарға бес конкурс жариялаған. Әрбір жұмысты қаржыландыру жобаның талаптарына және жоба шеңберінде жүргізілетін зерттеулердің ауқымына байланысты белгіленеді. Баспасөз конференциясында Д.Ахмед-Зәки министрліктің бастамасымен іске асатын гранттық қаржыландыру конкурсының 2023-2025 жылдарға арналған жоспарына тоқталды.

«2025 жылға дейін гранттық қар­жы­ландыру бойынша үш жоба әзірленген. Үш конкурстың жалпы бюджеті 86 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде ғылым жолындағы жастарға қолдау көрсетуге ба­сымдық берілген. Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жылына мың грант докторантураға бөлініп отыр. Ұлттық жобада ғалымдардың санын бір жарым есе, нақтырақ айтсақ 34 мыңға жеткізу көзделген. Сол секілді жастардың үлесін 50 пайызға дейін арттыру міндеті тұр», деді ол.

Ведомство грант конкурстарын биыл өткізіп, ғалымдардың жобаға жыл басында кірісуіне жағдай жасауды ойластырып отыр. Өйткені ғалымдар Ұлттық ғылыми кеңестің шешімін аламын дегенше айға жуық күтеді. Қуантатыны, биыл министрліктен ғылым қуған жастарға көбірек көңіл бөлінуде. Ал грант – ғылым жолында жаңалық ашуды көздеген магистранттар мен докторанттарға таптырмас мүмкіндік.

 

Сәндібек АСАНӘЛІ,

«Egemen Qazaqstan»