Аймақтар • 08 Қараша, 2022

Байқауға бардық, бас шайқап қалдық

394 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл дәулескер күйші Әлшекей Бектібайұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Осыған орай артында қалған телегей мұрасынан бізге тамшыдайы ғана жеткен ұлы өнерпаз туған Жаңақорған ауданында жыл басында «Әлшекей әлемі» атты аймақтық өнер фестивалі өтті. Жуырда ғана осы аудан азаматтары өнер зерттеушілерін, әлшекейтанушы ғалымдарды қатыстыра отырып, «Дәстүрлі күйшілік өнер және күйші Әлшекей Бектібайұлының мұрасы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды.

Байқауға бардық, бас шайқап қалдық

Сырда туып, тағдырдың жазуымен тәжік жерінен топырақ бұйырған өнер иесі жайлы көрнекті қаламгер, ғұмырын қазақтың дәстүрлі мәдениетін зерттеуге арнаған қайраткер Ақселеу Сейдімбек «Әлшекей – күйші-композитор ретінде Сыр бойындағы музыкалық мектептің көшбасында тұрған көрнекті тұлға. Қазақтың ән өнерінде Сыр бойының жыршы-жыраулық дәстүрі қандай дара болса, күйшілік өнерде де Әлшекейдің қолтаңбасы сондай дара» деген екен.

Қазақтың күй өнері тарихында есі­мі көп айтыла бермейтін өнерпаз мұра­сын жинау мен насихаттау жайлы алғаш рет өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дары «Социалистік Қазақстан» газе­тінде көлемді мақала жарияланып, ол Мә­дениет министрлігіне қозғау салса ке­рек. Сол бір кезеңде ел азаматтары да қам­сыз отырмапты. Жетпісінші жыл­дары Қазақстанның Халық ақыны Ма­нап Кө­кенов Әлшекейдің 15 күйін үнтас­паға түсіріп, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты қорына тап­сыр­ған деседі. Одан беріде де күйлері нотаға тү­сіріліп, бірқатар еңбек жарық көрді. Осы күні Жаңақорғандағы Өнер мек­тебі мен Талап ауылындағы халықтық ұлт-аспап­тар оркестрі Әлшекей есімін иеленді.

Әлшекей Бектібайұлының 175 жыл­дық мерейтойына арналған тағы бір мәдени іс-шара жуырда Қызылорда қаласында өткізілді. «Дәуірлер бейнесі домбыра үнінде» атты республика­лық күйшілер байқауында еліміздің әр түк­пірінен жиылған 25 домбырашы 250-ге жуық күй орындады.

Қазылар алқасының құрамындағы Мәдениет саласының үздігі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лау­реаты, Дәулеткерей атындағы қа­зақ ха­лық аспаптары оркестрінің көр­кем­дік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетов, күйші-композитор, өнер зерттеушісі, Мәдениет саласының үздігі Балтабай Нұржанов, Әлшекей Бектібайұлы атындағы республика­лық дәстүрлі өнерді дамыту қоғамдық қорының атқарушы директоры Марат Жанғазы, өнер зерттеушісі, күйші, Д.Нұрпейісова атындағы халық­ара­лық күйшілер байқауының лау­реа­ты Аягөз Нұрсұлтан, күйші, Мәде­ниет саласының үздігі Әлімжан Әбса­ды­қов­тар жас домбырашылар өнеріне баға берді.

Бір күн бойы өткен конкурс қорытындысында қызылордалық Әділбек Тәші­мов бас жүлдені иеленді. Алматылық Нұрғали Әшімхан, Астана қаласынан келген Бекзада Достиярованың өнері бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орын шымкенттік Ғалымжан Жақсылық пен оралдық Әділет Жолды­ғалиге бұйырды. Жүлделі үшінші орын­ды Алтынай Махмұт, Темірхан Бей­біт (Алматы қаласы) пен Қуандық Алпа­нов (Ақтау қаласы) алды. Бірқатар өнер­паз Қазанғап, Құрақтың Досжаны және Жалдыбай атындағы арнайы жүл­демен марапатталды.

Енді осы байқауда бас шайқат­қан жағдайға тоқтала кетейік. Конкурс­қа қа­тысушылар мен олардың өне­рін ба­ға­лаған қазылар алқасының жұ­мы­­­сына тағар мін жоқ. Бірақ ұйым­дас­тырушыларға айтар аз-кем базынамыз бар.

Осы уақытқа дейін небір іс-шараны өткізіп жүрген мәдениет саласы ма­мандарының бұл жолы үйіне аяқ астынан келген қонақты күткендей абыр-сабыр болғанын түсіне алмадық. Меже­лі уақыты жетсе де бастала қоймаған кеш­те олар тарапынан айтылған «студент­тер­ді алға қарай қуыңдар!», «ана соңғы қатардағыларды алдына жіберің­дер» деген бұйрықты тапсырмалардың жұрт­тың шуын баса естіліп қалуы рес­пуб­ликалық байқаудың қандай дәре­жеде ұйымдастырылғанын байқатса керек.

Конкурс ел арасында Әлшекей күй­лерін орындап жүргендердің бір ауылға келіп түскенін бейнелейтін ша­ғын көрініспен басталды. Сонда төр­де отырған қос домбырашы қатар тарт­қан күй аяқтала бергенде кимешек киген бәйбішенің отағасының алдына түсіп, көсіле сөйлеп көсемсігенін де көрермен ретінде қабылдай алмадық. Базбіреулерге бұл болмашы нәрсе көрінуі мүмкін, бірақ тәрбие деген осындайдан басталса керек.

Қазақ «сүйреп қосқан тазының түл­кі алмайтынын» әлдеқашан айтса да, осындай ірілі-ұсақты мәдени кештерге тапсырма арқылы көрерменді алдыға салып қуып келу абырой әпермейтінін әлі түсінбей жүрміз. Бұл жолы да оқу орындарынан жиылған көгенкөздер сахнадан гөрі қолындағы телефонына көбірек үңіліп отырды. Арасында қалғып кеткендерді көріп, «қайтсін-ай, адамның бойын балқытқан күй шіркіннің құдіреті қойсын ба?!» деп өзімізді алдаусыраттық.

Қайтейік енді...

 

Қызылорда