Турнирдің ашылу рәсімі еліміздің жас пікірсайысшыларын университет тарихымен таныстырудан басталды. Бұдан соң жастар «Таным Трэвл» жобасы аясында қаланың танымал әрі киелі жерлерін тамашалады.
Университет ректоры Дархан Біләлов қатысушы командалар алдында студенттік іс-шаралардың маңыздылығына, жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар пікірсайыс турнирлері арқылы жастардың танымдық, шығармашылық әлеуетін жан-жақты дамытуға және зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға көңіл бөлу қажеттігін, жаңа Қазақстанның жарқын болашағына бағыттылған жастар бастамасы әрқашан қолдау табатынын және алдағы уақытта бұл дәстүрлі шараға айналатынын атап өтті.
Турнирге еліміздің 8 өңірінен 25 жоғары оқу орны студенттері қатысып, 100-ден аса пікірсайысшының ішінен І орынды «70%» фракциясынан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Жазира Жөндербек және Назарбаев университетінен Еркебұлан Әріпбай иеленсе, II орынды Сүлеймен Демирел атындағы университеті «Хан Тәңірі» фракциясынан Әсет Оразғали пен Азамат Арынов еншіледі. ІІІ орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «KN» фракциясынан Кенбай Өзбекәлиев және Нұрдәулет Құлахмет жеңіп алды. Жеңімпаздар 11 аталым бойынша анықталған жеңімпаздар ішінен алғашқы үш орынға арнайы сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
АЛМАТЫ