Үкімет •

Инвестициялық ынтымақтастық талқыланды

2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысына келген халықаралық компаниялардың жетекшілерімен Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев екіжақты кездесулер өткізді. Кездесуге «Air Liquide» тобының өңірлік президенті Николя Пуаро, «Wabtec» компаниясының бас атқарушы директоры Рафаэль Олин және «Alstom» компаниясының бас атқарушы директоры Мартин Вожур қатысты.

Инвестициялық ынтымақтастық талқыланды

Кездесу барысында Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және экономиканы әр­та­раптандыру бағытында қол­ға алған жұмыстары туралы айтты. Ол өнеркәсіп әлеуетін кү­шейту, инфрақұрылымды жаң­ғыр­ту және жоғары технология­ларды тарту елдің негізгі басым­дық­та­рының бірі екенін атап өтті. Тараптар сондай-ақ бірлескен жобалардың іске асу барысын талқылап, инвестициялық ын­ты­мақтастықты одан әрі кеңейту жолдарын қарастырды.

«Air Liquide» кластерінің пре­зиденті Николя Пуаромен компанияның еліміз­де жүзеге асырылып жатқан инвести­циялық жобаларын іске асыру мәсе­лелері мен өнеркәсіптік газдарды өндіру саласындағы ынтымақтастықты нығайту талқыланды. Тараптар инвестиция көлемі 100 млн еуродан асатын Павлодар қаласында сутегі өндіру қондырғысын салу жобасына, сондай-ақ «Силлено» ЖШС жобасын техникалық газдармен қамтамасыз ету үшін ауа бөлу стансасын салу туралы жаңа жобаға ерекше назар аударды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Air Liquide» компаниясы заманауи технологияларды енгізіп отырған Қазақстанның сенімді серіктесі екенін айтты.

Рафаэль Олин мырза бастаған «Wabtec» компаниясының басшы­лы­ғы­мен кездесуде бірлескен жұмыстың жоғары нәтижелері, оның ішінде Астанадағы ма­гистралдық тепловоздар шыға­ра­тын «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-ның табыс­ты қызметі айтылды. Өндірісті локализациялау деңгейін арттыруға, сервистік инфрақұрылымды дамытуға әрі отандық локомотив құрас­тыру саласының экспорттық әлеуетін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді.

Премьер-министрдің бірінші орын­басары Мартин Вожур бастаған «Alstom» компаниясының басшы­лығымен теміржол машинасын жасау, цифрлық шешімдер саласындағы ынтымақтастықтың өзек­ті мәселелерін және жаңа бір­лескен жобаларды жүзеге асы­ру­дың келешегін талқылады. Астанадағы «Электровоз құрас­тыру зауыты» ЖШС-ның қызметі қаралып, компанияның саланы дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ кәсіпорынның өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру, экспорттық жеткізілімдерді дамыту және өн­ді­рісті локализациялау деңгейін көтеру туралы жоспарлары аталды.

Кездесулер қорытындысында инвес­ти­циялық ынтымақтас­тықты нығайтуға әрі өнеркәсіптік кооперацияны кеңей­туге өзара мүд­делілік расталды. Ел Үкіметі темір­жол саласын дамытуға, озық тех­нологияларды енгізуге, стратегиялық серіктестікті ны­ғайтуға бағытталған ұзақ­мер­зімді бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.