Халықаралық тұрғыда көтерілген мәселе Қазақстанды да айналып өтпейді. Іле Алатауының баурайына орналасқан Алматы сияқты тарихи шаһары мен миллиондаған халқы бар елде қарғын судың ықтимал апатын ешқашан жоққа шығаруға болмайды. Оның дәлелі – қалың нөсерден кейін ара-тұра Алматыны әбігерге салатын селдер. Мысалы, осыдан бес-алты жыл бұрын Қарғалы өзенінің арнасынан тасуы қала тұрғындарын аласапыранға түсіріп, жұрттың қаланың келесі жағына үдере қашқаны, талай үй мен мүлікті, көлікті су
Жуырда ЮНЕСКО Кластерлік бюросы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен Таулы аудандарды кешенді дамытудың халықаралық орталығымен (ICIMOD), Ага Хан Хабибаттың агенттігі (AKAH) және Орталық Азия аймақтық гляциологиялық орталығымен бірге «Криосфера және климаттың өзгеруіне байланысты биік таулы Азиядағы қауіп-қатерлер» атты конференция өтті. Бұл іс-шараға әлемнің әр түкпірінен 150-ге жуық криосфера саласында, апаттар қаупін азайту және климаттық секторда еңбек ететін зерттеушілер, тәжірибелі мамандар мен саясаткерлер, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі үкімет өкілдері мен Орталық Азия дамыту жөніндегі әріптестер мен жастар қатысты. Олар төрт күн бойы климаттың өзгеруі жағдайында қоғамды тұрақты дамыту жөніндегі білімдерімен бөлісіп, озық тәжірибесін ортаға салып отыр.
Ауқымды да өзекті жиын барысында біз ЮНЕСКО кластерлік бюросы директорының міндетін атқарушы Магнус Магнуссонмен сөйлесіп, конференцияның маңызына қатысты сауалымызды қойған едік.
– Бұл конференцияның бірнеше қыры бар. Оның ғылыми қыры – екі аймақты салыстыра зерттей отырып, криоcфера мен оның қауіп-қатерін зерделеу. Екінші аспектісі – климаттың өзгеруіне байланысты тиімді шешімдер қабылдауға ұмтылып, оған бейімделудің жолдарын қарастыру. Негізінен қазіргі таңда климаттың өзгеруіне бейімделу өзектірек. Бұл, әсіресе осы мәселеде аса осал биік таулы аймақтар мен тау етегінде тұратын елді мекендерге маңызды. Конференция міндеті – ғылыми ізденістер мен шешімдер, мамандар тәжірибесін біріктіре отырып, көтеріліп отырған мәселелерді шешуге саяси тұрғыда ықпал ету. Сондықтан ЮНЕСКО бір алаңға ғалымдар мен тәжірибе жүзіндегі мамандарды ғана емес, саяси тұлғаларды да жинауға қол жеткізді. Тағы бір маңызды жайт – бұл басқосуға қауіпті аймақтарда тұратын қоғамдастықтардың да өкілдерін қатыстырып, олардың да дауысын, пікірін естіртуге ұмтылдық. Ең бастысы, ортақ мәселелерді бірлесе талқылау. Бұл жолы алғаш рет екі аймақты – Орталық Азия мен Гималай аймағының өкілдерін бір жерде жинауға қол жеткіздік. Бұл, әрине – ғалымдар, тәжірибе жүзіндегі мамандар мен бөгеттер салып жатқан инженерлер, үкімет адамдары. Конференциядағы пленарлық отырыстар, тұсаукесерлер климаттың өзгеруіне байланысты мұздық көлдердің еруі, оның ықтимал апаттық салдарына көзді жұмып, бейғам отыруға болмайтынын үкіметтердің қаперіне салады деп үміттенемін, – дейді Магнус Магнуссон.
Аталған мәселелерді шешу үшін ЮНЕСКО кластерлік бюросы директорының міндетін атқарушы Магнус Магнуссон климаттың жылынуына байланысты тау басындағы көбейіп бара жатқан мұздық көлдерді құрғату, бөгеттер салу ісін алға тартты. Алайда болашақта бұл қадамдар ауыз су тапшылығына душар етуі де ғажап емес. Сондықтан да бұл мәселеде сындарлы шешім аса маңызды.
Конференция барысында айтылғандай, биік таулы аймақтардағы климаттың жылу қарқыны әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда жоғары болғандықтан, мұздықтардың еруі жылдамдап, бұл өз кезегінде тұрғындардың өміріне, инфрақұрылымы мен тұрмыс-тіршілігіне ауыр зардап әкелуі әбден мүмкін.
Өз кезегінде Қазақстан тарапынан ЮНЕСКО аясындағы «Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының директоры Такир Балықбаев баяндама жасап, еліміздің бұл мәселедегі өзіндік тәжірибесін, қандай халықаралық жобаларға қатысып отырғанын, атқарып жатқан жұмыстарын алға тартты. Қалай десек те, биік таулы Азия алдында су қауіпсіздігіне қол жеткізіп, оны сақтау үшін қазіргі және болжамды климаттық өзгерістерді ескере отырып, қоғам тұрақтылығын көтеру мен дамыту жалпы міндеті тұр.
Ендігі жерде климаттың криосфераға, саясатқа қалай ықпал ететінін түсіну барысында оның салдарын азайтып, бейімделу үшін ғылымға негізделген мықты интеграциялық жолды анықтап алуда су туралы диалогтерді белсенді етіп, бірге жұмыс істеу қажеттігі айқындалып келеді.
Бұл конференцияның маңыздылығы мен деңгейін оған қатысқан мамандардың да сан жылдар жинақтаған тәжірибе, пайымдарымен де салмақтауға болар еді. Мәселен, келелі жиынға мұзды көлдер, қарғын сулардың мамандары ғана емес, жерасты суларын зерттеп жүрген ғалымдар да қатысып, РҒА Сібір бөлімшесінің П.И.Мельников атындағы мәңгілік тоңмұз институтының жерасты сулары және мәңгі тоң геохимиясы зертханасының меңгерушісі Леонид Гагарин сынды мамандар мәселенің күтпеген қырларын қозғады. Геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Л.Гагарин жерасты сулары мен жерүсті суларының байланыстарын, оның бір-бірінің көлеміне әсерін ғылыми тұрғыда тұжырымдай келе: «Бәріміз де жаһандық жылыну, климаттың өзгергені жайлы айтып, естіп жүрміз. Бірақ көпшілігіміз оның салдары күнделікті өмірімізге қалай әсер етіп жатқанын толық түйсіне бермейміз. Қараңызшы, мен өзім Иркутск қаласында тұрамын. Арамызды мыңдаған шақырымдар бөліп жатса да жаһандық жылынудың салдары бізге де білініп отыр. Бірінші кезекте бұл тоңмұздардың еруіне байланысты ландшафтар мен тау сулары көлемінің өзгеруінен байқалады. Қарғын сулар, сел жүруі сияқты оқиғалар Сібір өлкесінде де жиі көрініс бере бастады. Сондықтан криосфера мен климаттың өзгеруінен туындайтын қауіп-қатерді халықаралық тұрғыда талқылаудың маңызы зор. Ғылыми қауымдастықтың міндеті – осы мәселелерді үкіметтік деңгейде көтеру. Ал құзырлы мекемелер өз кезегінде оның қайғылы салдарымен ғана күресіп қалмай, табиғи апаттардың алдын алу үшін нақты қадамдар жасауға тиіс», дейді.
Дегенмен аймақтағы елдер зерттеу және мониторинг инфрақұрылымын құру, криосферадағы өзгерістерді бақылау, тәуекелдерді түсіну мен басқару, сондай-ақ оның салдарын азайту мен бейімдеу шараларын әзірлеу жобаларына қаражат салып отырғанын да айта кеткен жөн. Ал «Криосфера және климаттың өзгеруіне байланысты биік таулы Азиядағы қауіп-қатерлер» конференциясы – бұл биік таулы Азия мемлекеттеріне ұжымдық әрекет етуге, оқыту мен жалпы қатерлерге тиімді қарсы тұрудың озық тәжірибелерімен бөлісуге, алмасуға мүмкіндік беретін аймақтық платформа.
Сөз соңында айтарымыз, конференцияда тоғысқан салмақты спикерлер өзгермелі климат жағдайында адамзат баласының алдында онжылдық уақыт, «терезе» бар екенін алға тартты. Осы аралықта үлкен апаттардың алдын алу үшін таулы Азия елдері жағдайға бейімделіп, кешенді қадамдарды жасап үлгеруге тиіс. Егер саны көбейіп келе жатқан мұздық көлдер арнасынан асып, ернеуінен таситын болса, ол мыңдаған адамның тұрмыс-тіршілігін ғана опырып қоймай, малы мен жанын қоса шайып кететінін түсіндірудің өзі артық.
АЛМАТЫ