Қоғам • 14 Қараша, 2022

Қоқысты кәдеге жаратып отыр

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытай елінде білімін шыңдаған жамбылдық кәсіпкер Дәулет Әсілтаевтың жаңа жобасы жұрттың көңілінен шығып отыр. Қайта өңдеу цехын ашқан кәсіпкер қоқысқа тасталған қағаз атаулыны кәдеге жаратуға болатынын іспен дәлелдеді. Кәсіпкердің айтуынша, Қытайда жүрген кезінде қайта өңдеудің қыр-сырын әбден меңгерген.

Қоқысты кәдеге жаратып отыр

«Упакжум» жауапкершілі­гі шектеулі серіктестігінің жұ­мысын өрге домалатып отыр­ған азамат «Тара-Аса» бағы­тындағы жол бойында жаңа цехтың жұмысын жандан­дыруға ниетті. Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 80 млн теңге шамасында қара­жат жұмсалған. Цехта жергі­лікті сегіз азамат еңбек етеді. Олар­дың табысы салыстырмалы түр­де айтар болсақ, жаман емес.

«Азия құрлығындағы Тай­­­ланд, Қытай секілді өзге де көптеген мемлекетте қай­та өңдеу технологиясына ба­сымдық берілгені мәлім. Осын­дай оңтайлы тәсілдерді оңынан пайдаланғаннан ұтпасақ, ұтыл­маймыз. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспетті. Сол себепті де кәсіпкер осындай қадамға барып отыр. Кардоны бар, басқасы бар, кез келген қоқыс қағазы арнайы сүзгіден өткізіледі. Кейіннен бассейн­дер арқылы қалыпқа келтіріле­ді. Тазартылып, көбік күйге дейін жеткен қоқыс қағазда­ры кейіннен құрылғылар ар­қылы қалыпке түседі. Соңыра жұ­мыртқа орналастырғыш латоктар дайындалады.

Ұзындығы 80 метрге же­тетін релстік технологиямен 200 градустағы пеш арқы­лы тәулігіне 3 тонна қоқыс қа­ғаздарын пайдалану арқылы 40 мың дана латок шығары­лып жатыр. Мұның өзі үлкен жұмыс екенін айта кеткен ләзім. Бүгінгі таңда шикізат Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Талдықорған, Петропавл қала­ларына жөнелтілуде», дей­ді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы жаңа цехтың жұмысы жайлы пікірі­мен бөлісіп.

Серіктестік қағаздың кило­грамын 70 теңгеден қабыл­дайды. Ал мұнда еңбек ететін жұмысшылардың жалақысы ай сайын емес, күнделікті төленеді. Олар тәулігіне 7-10 мың теңге шамасында табыс тауып отыр.

«Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жергілікті кәсіп­керлерді қолдау керектігін ұдайы айтып келеді. Бүгінде сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы ауданның даму жоспарында көрсетілген бірнеше тың жоба бар болса, бұл цехтың ашылуы да сол жобамызға сай келіп тұр», дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

 

Жамбыл облысы,

Жамбыл ауданы