Сәрсенбі күні Астананың Ж.Тәшенов атындағы орталық көшесінің бойында Түрік Республикасы елшілігінің жаңа ғимараты салтанатты жағдайда ашылды. Оның ашылу салтанатына Қазақстанда ресми сапармен жүрген Түркия Президенті Абдулла Гүл қатысты. Қазақстан жағынан Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев болды.
Абдулла Гүл алдымен елшілік ғимаратының алдына Түрік Республикасының туын көтерді, одан кейін қысқа сөз сөйледі. Өзінің сөзінде ол Түркия мемлекеті бауырлас түркі халықтарының тәуелсіз елдер болғанына шын жүректен қуанғанын еске алды. Кезінде біз Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін бір сағатқа жетпейтін уақытта оны таныған едік, деді ол. Бүгінде Қазақстан әлем танитын, сыйлайтын, санасатын алып ел болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әсем болса да елдің шетінде орналасқан Алматыдан астана осы жерге көшірілді. Мұның тарихи оқиға болғанын бәріміз де білеміз. Оның құрылысына түрік фирмалары да белсене қатысып, мыңдаған адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.
Осылай дей келіп, одан әрі А.Гүл елшілік ғимаратын салуға өзі Түркияның Сыртқы істер министрі болып жүргенде қатысқанын ауызға алды. Міне, бүгін сол ғимаратымыз іске қосылып отыр, оның іші нұрға толып, бауырлас екі елдің арасындағы ынтымақтастық пен достықты дамытуға қызмет етсін, деді Түркия Президенті.
Елшілік кешені үш ғимараттан тұрады екен, оның ішінде дипломаттар мен қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жасайтын орындар да бар. Кешеннің жалпы аумағы 13 га жерді алып жатыр.
Абдулла Гүл Түркия мемлекетінің негізін қалаған аса көрнекті қайраткер Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Жақсыбай САМРАТ.