Медицина • 24 Қараша, 2022

Омыртқаға жасалған операциялар

589 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары мегаполис медицинасын дамытуда нейрохирургтердің орнын айрықша атап өтуге болады. Аяғынан тік тұрып сағаттар бойы ажалмен арпалысатын ақ желеңді абзал жандарға операция жасау күнделікті іс болғанымен, оның арасында отандық денсаулық сақтау саласындағы жетістік болып саналатын оқиғалар да бар. Соның ішінде соңғы күндері жасалған бірнеше ерекше операцияның жай-жапсарын оқырмандарға жеткізген ләзім.

Омыртқаға жасалған операциялар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бел омыртқадағы жарықты сылып тастады

Өткен аптада Орталық қала­лық кли­никалық аурухана дәрігер­ле­рі 37 жастағы пациенттің омырт­қа­сындағы жарықты шағын инва­зивті әдіспен алып тастады. Жо­ғары технологиялық операция МӘМС шеңберінде жасалды. Ней­рохирургия бөлімшесінің мең­геру­шісі Марат Алматовтың айтуынша, науқастың бел омыртқадағы остео­хандроз бен жарықтың зардабын тартқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Науқас бұлшық еттердің семе бастағанынан сол аяғын баса алмай қалған. Әдетте, жарықтың мұндай түрі омыртқа құрылымының бір бөлігін алып тастауды қажет ететіндіктен ауыр операция жасалады. Осы жолы мамандар ақылдаса келе, емнің мейлінше жеңіл әрі ең тиімді шағын инвазивті тәсілін таңдады. Бұл әдіс кеуде-бел омыртқа тұсында қысылып тұрған жұлын құрылымын толық қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

«Операция жұмсақ тіндерді кеспей, тубустық кеңейткіш арқылы жасалды. Мұндай хирургиялық операция біздің стационарда тұңғыш рет жасалып отыр. Винттер тері арқылы енгізілді. Операция барысында омыртқа арасына жасанды диск орнатылды. Үш сағатқа созылған операция сәтті аяқталды», деді М.Алматов.

Мамандар жаңа технологиялар­дың көмегімен жасалатын заманауи емдеу әдісі арқылы операция уақытын қысқартып, жақсы нә­ти­же­ге қол жеткізуге болатынын, сонымен қатар пациент операциядан кейін көп ұзамай аяққа тұратынын айтады.

Осы жолдар жазылып жатқанда ауруханадан шығуға дайындалып жатқан пациент: «Кейінгі кезде өз аяғыммен жүруден күдер үзе бастаған едім. Мүгедек арбасына таңылдым. Қазір өзім жүріп-тұрамын. Айығып келе жатырмын, ауырғаны қойды. Нейрохирургия бөлімшесінің дәрігерлері мен медбикелеріне алғыстан басқа айтарым жоқ», деді.

Мойны сынған адамды өмірге қайтарды

Сол сияқты №4 қалалық кли­ни­­ка­лық ауруханасының нейро­хирургтері де жаңа әдіске жүгі­ніп, ауруханада бұрын-соңды жасал­ма­ған операция жасады. Озық тех­но­логиялардың көмегімен мойны сынған ер адамның денсаулығын қалпына келтіріп, мүгедектіктен аман алып қалды.

48 жастағы науқастың мойын омыртқасы қатты ауырғаны сонша, басын тіпті бұра алмай қалған. Тексеруден кейін шұғыл нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылған науқастың омыртқасына келесі кү­ні бірден техникалық күрделі әрі сирек операция жасалды. Бұл хи­рур­гиялық операция тіс тәрізді өсін­діні бұрандамен трансденталь­ды остеосинтездеу деп аталады. Ней­ро­-
хирургия мамандары нау­қасты мүге­дектіктен құтқарып, қа­лып­ты өмірін сақтау үшін емдеудің осы әдісін алғаш рет қолдануды ұйғарған.

Қанатқақты операцияны сәті­мен жүзеге асырған нейрохирург Тимур Айтмұханов: «Мойын жеті омырт­қа­дан тұрады. Бірінші және екінші омыртқа көтеретін функционалдық жүктемеге байланысты түбегейлі ерек­ше мәнге ие. Бірінші омыртқа – Атлант, екінші омыртқа – Аксис. Олар бір-бірімен С2 омыртқасының тіс тәрізді өсіндісі мен Атланттың ал­дың­ғы доғасынан түзілетін Крю­велье буыны арқылы байланысады. Омыртқаның бұл сегментінің маңыздылығы сонда, медицина мамандарының пікіріне сүйенсек, бас қозғалысының 50-ден 70%-ына дейін осы бөлік атқарады. Бірақ тіс тә­різді өсіндісі сынған кезде оның осы қызметіне зақым келіп, зардап шегеді», дейді.

Осылайша, бірегей операция ар­қылы науқастың мойын омырт­қа­сындағы қозғалыстар қалпына кел­тірілді.

Нейрохирургтер импланттың жұмысын орнатылғаннан кейінгі бірінші күні, бір айдан кейін, үш айдан кейін және алты айдан соң тексереді. Бұл әдіс пациентті ауру­хана төсегіне таңып қоймай, науқастың мүгедектікке душар болу қаупін де әлдеқайда төмендетеді.

 

АЛМАТЫ