Қазақстан • 24 Қараша, 2022

Әуелеп өзбек әндері

490 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біз залға кіріп келгенде белгісіз бір бояуға толы дауыс шығып жатты. Белгісіз бір бояу дейтініміз, әншінің кәдуілгі сыңғырлаған нәзік үні де емес, қобыздың үніндей қоңыр дауыс. Бір уақытта мұңды, енді бір сәтте зарлы әуезге ауысып, әншінің сонау жан түкпірінен талмаурап, тұншыға шығып жатқандай.

Әуелеп өзбек әндері

Сахнадағы Өзбекстанның халық әртісі Му­на­жат Юлчиева екен. Әннің аты – «Мустах­зод». Тұла бойды толық шарлап, теңіздің ақ көбік толқынындай бір соғып өткен жанымызды кейінгі қызылды-жа­­сылды көйлек, мың бұралған би жылытты. Сүйемелдеп ойналған әр аспаптың үні сах­на­дағы әр қимылмен үндесіп, бірге билеп жатқандай.

Өзбектің өнерімен сағыныса көрісіп, таң­ғала тамсануымызға Өзбек мәдениеті күн­дері себепші болып отыр. Қалибек Қуаныш­баев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өткен Гала-концертте Өзбекстан Рес­пуб­ликасының жетекші солистері мен шығарма­шылық ұжымдары өнер көрсетті. Салтанатты кешке Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Бахадыр Ахмедов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты.

«Өздеріңізге белгілі, екі ел арасындағы тарихи-мәдени байланыс ежелден үлкен сипатқа ие. Өнеріміз бірге өрістеп, дәстүріміз қатар қанат жайып келеді. Өзбек пен қазақ  – тамыры бір, тарихы ортақ  туыс халықтар. Бізді  Әбу Насыр әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Әлішер Науаи, Абай сияқты адамзатқа ортақ алыптар шоғыры біріктіреді. Біз – бір-бірімізге ән-жырымызбен де, тағдырымызбен де жақын бауырлармыз. Бүгін сіздер бізге арнайы алып келген мазмұны терең, мағынасы бай бағдарламалар көші сол игі сабақтастықты жалғастырып отыр», деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ ол қос тарап алдағы уақыт­та да мәдени алмасудан бөлек, бірлескен ортақ жобаларды жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.

«Біз бұрыннан татулықты табысқа, бір­лікті берекеге айналдырып келе жатқан ағайын­дас халықтармыз. Оған қазақтың қабыр­ғалы үш биінің екеу – Төле би мен Әйтеке бидің өзбек топырағында жатуының өзі дәлел. Сол туыстық туы қашанда биік желбіреп, көршілес екі елдің көші де, көлігі де алда бола берсін дегім келеді. Өзбек ағайындарша айтсақ: «Узоқдағи қар­дош­тан яқиндаги қўшни яхши». Яғни «алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық». Бізді екі мың шақырымнан астам шекара ғана емес, екі мыңжылдық тарих біріктіреді», деді министр.

Өзбек тарапы да Мәдениет және спорт министрлігіне іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.

«Өзбек пен қазақ халықтарының өзара сыйластық, достық, туысқандық қарым-қаты­насы ертеден жалғасып келеді. Мемле­кеттер басшылары жүргізіп отырған сарабдал саясаттың нәтижесінде барлық сала­да­ғыдай мәдениет пен өнерде де ынты­мақтастықтың жаңа мүмкіндіктері ашылып, ұлттық өнер­ді насихаттауда жаңа белес­терге аттадық. Айта кетерлігі, екі ел ара­сында өзара мәдениет күн­де­рін өт­кізу дәстүрге айналды. Бұл – біздің берік мәдени-рухани қарым-қатынасымыздың дәлелі. Ең бас­тысы, мәдениет­тер арасындағы байланыс­ты үзіп алмауымыз ке­рек», деді Өзбекстан Республикасы Мәдениет ми­нистр­інің бірінші орынбасары Бахадыр Ахмедов.

Гала-концертте халық әртістері Муножат Юлчиева, Жеңісбек Пиязов, Мансұр Ташматов, Махмұд Намазов, одан бөлек Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары Умуд Исраилов, Ширин Маматова, Бобур Кенжаев, басқа да әншілер мен «Наурыз» би ансамблі өнер көрсетті. Мерекелік кешті Юнус Раджаби атындағы «Маком» ансамблі сан түрлі аспаппен сүйемелдеді. Сазды кештен бөлек театр фойесінде Өзбекстанның ұлттық қолөнер жә­не бейнелеу өнері үлгілерінің компо­зициялық көрмесі қойылды. Өзбек­тің ұлттық киімдері мен қолдан жасалған бұйымдары сатылды.

Айта кетейік, екі күнге жал­ғас­­қан Өзбек мәдениеті күндерінің саяси маңызы үл­кен. Қазақ­стан мен Өзбекстан арасындағы дипло­матиялық қатынас­тардың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар аясында дөңгелек үстелдер, көрмелер мен шеберлік сабақтары өткізілді. Сондай-ақ екі елдің нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана өкілдері «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл байлық ел үшін» атты іс-шарада бас қосты. Өзбек мәдениетінің алғашқы күнінде екі елдің арнайы кітапханаларының бірлесіп жасаған тұңғыш жобасы Шокир Холиковтің «Шай» қысқаметражды фильмінің көрсетілімі өтті. Канн фестивалінде бас жүлдеге ие болған мүмкіндігі шектеулі жандар туралы ерекше форматта дыбыссыз түсірілген кинотуындыны Қазақстанның арнайы кітапханасының студиясы зағип оқырмандар үшін қазақ тіліне дыбыстаған нұсқасын ұсынды. Фильмді қазақ тіліне дыбыстаған мамандардың бірі – Астана қаласының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері Шахсана Момбекова мен танымал диктор Қуат Ахметжан. Ал фильмді дыбыспен әрлеп, қажетті жерінде сөз мағынасына қарай әуен қосқан дыбыс режиссері Қайсар Тұрмағанбет.

Сонымен қатар Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында өткен іс-шарада зағип жандарға арналған тифлоқұрылғылар, кітапхана студиясы өнімі болған аудиокітаптар және тағы басқа құралдар қойылған көрме ұйымдастырылды. Іс-шарада Өзбекстан кітапха­насының өкілдері еліміздің зағип оқыр­ман­дарына А.Байтұрсынұлы мен Ы.Алтын­сарин шығармаларының бедерлі қаріпте басып шыға­рылған кітабын сыйға тартты.

про