Экономика • 24 Қараша, 2022

Үздік үштікке енген зауыт

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шілде айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін барлық деңгейдегі әкімдерге атап тапсырған еді.

Үздік үштікке енген зауыт

«Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс», деген Президент тапсырмасы қай кезде де маңызды. Өңірдің өнеркәсіп саласында ойып тұрып алар орны бар, жүйе құраушы кәсіпорын саналатын «Super Pharm» фармацевтикалық зауыты қасынан «Эрсад – 2021» зауыты ашылды. Жаңа өндіріс ошағының іске қосылуы жер­гі­лікті тұрғындарды жұмыс­пен қамтуға сеп болары анық. Жалпы, зауыт басшылығы соңғы уақытқа дейін шикізат атаулыны Қытай, Ресей елде­рінен экспорттап жүрген. Енді сол олқылықтың орны толтырылды. Бұдан былай қажетті шикізатты зауыт маңындағы фабри­ка қамтамасыз етуге қауқарлы.

Зауыт қызметкерлері ауыл шаруашы­лығы, құрылыс, жол құрылысы, медицина салаларында қолданылатын тоқыма емес материал өндіруге баса назар аударып отыр.

«Енді біз шикізат үшін Ресей мен Қытайға тәуелді болмаймыз. Қиындық­тар кездесті. Рубль көтерілді. Сосын Қы­тайға ауыстық. Ол кезде де мәселе туын­дады. Шикізат жетеді дегенше 3-4 ай уақыт кетеді. Жаңа биікке көтерілуімізге пан­демия әсер етті. Қиын-қыстау уақыт­­та біз өзге елдерден шикізат ала алма­дық. Сол кезде: «Орыс пен қытай­дың қолынан келетін істі біз істей алмаймыз ба?» деген ой келді. Қажетті құрылғыларды сатып алып, екі жарым айдың ішінде істі бастадық. Мәселен, жол құрылысында бетонның астына салынатын мата бар ғой. Енді соны біз өндіреміз. Жылыжайларды жабуға қажетті маталарды да шығаратын боламыз. Жиһазды қаптайтын маталар да бізде өндірілмек. Медицинаға қатысты бұйымдарды бұған дейін де айтып жүрміз. Оны қайталап жатудың қажеті жоқ шығар», дейді «Super Pharm» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Қаймолдаев.

Оның айтуынша, мұндай зауыт ТМД елдерінде үш елде ғана бар екен. Оның бірі Мәскеуде болса, екіншісі – Украинада. Үшіншісі, осы «Эрсад – 2021» ғана.  Рас, Мәскеуде тағы бірнеше зауыт бар. Алайда қуаттылығы жағынан үз­дік үштікке маңайлай алмайды.

«Бізде жалғыз ғана мақсат бар. Елі­міз­ге шетелдік өнімді кіргізбеуге күш салуға тиіспіз. Бұл үшін баға бақылауда болады. Бүгінде бізде 600-ден астам азамат еңбек етсе, олардың орташа жа­лақысы 180 мың теңгені құрайды. Одан жоғары жалақы алатын азаматтар да баршылық. Қызметкерлердің 99 пайызы жергілікті азаматтар екенін айта кеткен жөн. Шөлдала, Айша бибі секілді өзге де ауылдардан 6 автобус қызметкерлерімізді тасымалдайды. Тамағы тегін. Оларға он үшінші, тіпті он төртінші және он бесінші жалақыны да береміз. Одан бөлек сыйақы алады», деді Қ.Қаймолдаев.

Зауыт қызметкерлерінің мұнайдың қалдығынан жіп, одан мата шығаруды қолға алғанын да айта кеткен жөн.

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, әуелде жұмысын медицналық бұйымдардың 15 түрін өндіруден бастаған зауыт кейіннен 400-ге жетеқабыл фармацвтикалық заттармен елімізді де, көршілес мемлекеттерді де қамтыған екен. Осылайша, тұрақты жұмыс орындарының ашылуына ықпал етіп қана қоймай, жергілікті қазынаның да бүйірін қомпайта түскен.  

Бұған дейін «Super Pharm» зауыты тоқылмаған материалдан жасалған бір реттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаты, хирургиялық киімдер жиынтығы, медициналық бетперделер, системалық құралдар және өзге бұйымдарды өндіру үшін шетелге тәуелді болса, енді бұл мәселе толықтай шешімін тапты. Бұдан былай шикізатты зауыт аумағындағы фабрика қамтамасыз ететін болады. Өткір мәселенің оңтайлы шешілуіне пандемияның пайдасы тигенін Қ.Қаймолдаевтың өзі айтып қалды. Қысқасы, пандемия қос бүйірден қыспағанда шикізатқа деген тәуелділік те жойылмас па еді? Кім білсін...

 

Жамбыл облысы,

Жамбыл ауданы,

Айша бибі ауылы