Қоғам • 27 Қараша, 2022

Кәсіби журналистика: қауіп-қатерлер дәуіріндегі медиа

545 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Аяқталып келе жатқан жылға көз жүгіртер болсақ, былтырғы мен биылғы медиа құрылтай арасында талай маңызды оқиғалар өтті. Дүрбелең дүниенің әр шалғайынан қылаң беріп жатқан жағдайлар, адам баласын ара-тұра сілкілеп алатын табиғи құбылыстар, түрлі саяси мүдделер отын жаққан айналадағылардың қақтығысы... Осындай жағдайда кәсіби журналистика мен блогерліктің ортасында қалған оқырман жауапкершілік арқалайтын, шынайы мәліметті жалған ақпараттан қалай ажыратады?

Кәсіби журналистика: қауіп-қатерлер дәуіріндегі медиа

Медиа нарық­ты дамытуды көздейтін дәстүрлі құрылтай биыл «Сыртқы қауіптер мен ішкі қатерлер дәуіріндегі медиа» тақырыбын таңдады.

Күні бойғы бес бірдей панельдік отырыс БАҚ туралы заңнамадағы өзге­рістерді, ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі оқиғалар мен қоғамдық пікірді басқару, медиадағы тәуелсіз жобаларды дамыту мен олардың нарыққа әсерін, Telegram арнадағы қазақтілді сегменттің әлеуетін, сондай-ақ қаржы журналистикасын дамыту мәселелерін талқылады.

Factcheck.kz-тің «Дағдарыс кезіндегі жалған ақпаратпен күресу. Кейстерді талдау» шеберлік дәрісімен мәреге жеткен жиында Қазақстан баспасөз клубының президенті, Media құрылтай жобасының авторы әрі жетекшісі Әсел Қарауылова: «14 жылдан бері медиа кеңістіктің ең өзекті де өткір мәселелерін барынша ашық талқылауға ұмтылып келе жатқан соңғы медиа құрылтайдан кейін де ел өміріне орасан ықпал етіп отырған көп оқиға болды. Бұл жағдайлар Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік пен сырттан әсер ету тұрғысынан қан­ша­лықты осал екенін көрсетті. Баршамызға – мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам, медиаға ақпараттық тәуелсіздік стратегиясын әзірлеп, отан­дық медианың қоғамдық пікірге ықпалын арттыру қажет», деді.

Журналист құқығын қорғайтын заң керек

Алдымен «Қазақстандағы медиа заңнаманың алдағы реформалары. Нені білу және нені ескеру қажет?» тақы­рыбында өткен панельдік отырыстың мінберіне шыққан спикерлердің бәрі де БАҚ туралы заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының мүшелері екенін айта кету керек. Бұл отырыстың тізгінін Құқықтық медиа орталығының жетекшісі Гүлмира Біржанова ұстап, «Құқықтық медиа орталығының директоры Диана Окремова, «Әділ сөз» ҚҚ президенті Тамара Калеева, «Digital Paradigm» ҚҚ президенті Елжан Қабышев сынды ақпарат айдынындағы замандастарына сөз берді.

Басты сауал – БАҚ туралы заң жобасын жетілдіру, пысықтаудың жай-жапсары қалай жүріп жатыр? Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі заң жобасы алдағы 2023 жылдың аяғына қарай қабылданатынын мәлімдеді. Қазір тұжырымдама үстіндегі жұмыстар жүріп жатыр. Ал БАҚ-ты мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселесіне қатысты ұсыныстар бұл жүйені толық қайта реформалау қажеттігін көрсетіп отыр. Оның үстіне журналистердің ақпарат алу барысында туындайтын кедергілер әлі де өзектілігін жойған жоқ.

Осы орайда «Әділ сөз» ұйымы сөз бос­тандығына кепілдік беруге қа­тысты өздері жасаған заң жобасын ұсынды. Қалай десек те, интернет сала­сы­ның жұмысын реттеуге тура келе­ті­ні көрініп отыр. Бірақ онлайн жарна­маларға қатысты мәселелер жеке заңда қарастырылмақ.

Ал енді қазақтілді журналистер мәселесіне келетін болсақ, бұл да медиа менеджмент пен мемлекеттік баспасөзді қаржыландыру мәселесінен айналып өте алмайды. Дегенмен медиа нарықтағы жағдайды толық қарастыратын болсақ, қазақтілді, орыстілді ортаның да барлық түйткілі бірдей. Бұдан шығатын қорытынды – Қазақстанға БАҚ туралы жаңа заң міндетті түрде керек. Бірақ қазіргі жағдайларды қаперде ұстайтын болсақ, бұл құжат медиа саласын реттеуші ғана емес, қолдаушы да болуға тиіс. Ең бастысы, бұл заң журналистердің мәртебесін көтеріп, олардың жұмысын кәсіби тұрғыда жүргізуге барынша кепілдік бере ала ма? Сондықтан заң қабылданбай тұрғанда медиа сарапшылар мен БАҚ-тың белді өкілдері бір үстелдің басына жиналып, барлық ұсыныс, пікір, көзқарастар есепке алынғаны жөн.

БАҚ туралы жаңа заң қабылданып қана қоймай, ол журналистердің өз құқығын тәжірибе жүзінде пайдалануға жұмыс істеуі қажет. Сондықтан панельдік отырыста сөз алғандар келесі құрылтайда жаңа заңды талқылайтындарына сеніп тарасты.

Тәуелсіз медиа жобалар

Біз осы уақытқа дейін кәсіби контентті тек кәсіби редакциялар ғана құра алады, ал қалғаны – қоғамдық белсенділік пен азаматтық ұстаным деп келгеніміз рас. Ал келесі қадам тіпті кереғар: медиа дегеніміз – қазір кім тұрақты түрде өз аудиториясы үшін контент құра алатын болса, солардың барлығы.

«БАҚ-тағы тәуелсіз жобалар мен олардың нарыққа әсері. Журналистер – «ломдар» және редакциялық саясат» тақырыбын белгілі медиасарапшы Ерлан Сүлейменов жүргізді.

Құрылтайда спикерлер қатарынан табылған «Qumash» жобасы медиа ретінде өткен жылы ғана ресми тіркелген. Бұл жоба он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Давай сходим» порталына тиесілі екенін айта кету керек.

«Qumash» жобасының жетекшісі Бақдәулет Исаев қатарларында саясатпен ісі жоқ жастар да бар екендігін, осы жоба арқылы бейтарап жастардың Instagram, Telegram-дағы терезесін олардың өз тілінде, әзіл-қалжыңмен қағуға шешім қабылдағанын айтады. Егер қазір «Qumash» контенті қалыптасып, тіпті бұл команда кәсіби журналистер қатарын көбейтуге шешім қабылдап, әлеуетті жарнама берушілер пайда болып отырғанын ескерсек, ендігі жерде тәуелсіз жобалармен де санасуға тура келмек.

Ал «Airan» жобасын индустриалды ғана емес, жеке оқиға деп қабылдауға болады. Айналамыздағы саяси оқиғалар бұл жобаға басқа форматта, YouTube-те кәсіби журналистика жасауға түрткі болған.

Қазір «Аiran» – «Azattyq», «Хабар» мен «Евроньюс» сияқты телеарналарда жұмыс істеген мамандардан құралып отыр. Басты идея – кәсіби видеожурналистика жасау, күнделікті айтылатын саналылық, ашықтық, пікір алуандығы, таптаурын көзқарастарды жеңу сияқты сөздерге мағына беруге күш салу.

Бар болғаны 2022 жылдың тамызынан бері журналистиканың заманауи жа­нрын­­да жұмыс істеуге көшкен команда роликтерінің қаралымын қазір 15,7 миллионға жеткізіп отыр.

«Shishkin_like» жобасымен өз атына жұмыс істеуге көшкен Дмитрий Шишкин «майда-шүйде» медиа дегенге намыс­танбайды. Ең бастысы, аталған жобада анонимдік материалдар жоқ. Әрбір мақалада есімі елге танылған, беделі бар журналистердің аты-жөні тұр. Дмитрий Шишкин өз контентінде айтарлықтай табыс таппаса да, түрлі ұсыныстар мен жарнама берушілер бірден пайда болғанын, тіпті жиіркенішті ұсыныстар бар екенін жасырмайды.

«Protenge.kz» жобасының негізін қалаған Жәмила Маричеваны тәуелсіз жобалар, микро-медианың ардагері десек те болады. Бұл жобаның артында кім тұр деген сауалға Маричева «әрине, өзім» деп жауап берді.

Әлеуметтік желілердегі медианың басты артықшылығы – сөз бостандығы болғанымен, мүдделі тараптардан әйтеуір бір қысымның болатыны даусыз. «Біреулерге жақпай қалатын жазбаларды алып тастау қанша тұрады?», деген сауалға Маричева «ондай жағдайлар болған емес» деп сендірді.

– Микромедианы ақпараттық киллер­лікпен салыстырмау керек. Менің әріптестерім инфокиллерлікпен айналысуды масқара болу деп біледі, олар ондаймен айналыспайды. Бұл тренд динозаврлар сияқты келмеске кету керек. Көкейде бірінші кезекте қоғамдық мүдде тұруы қажет. Мәселен, артында кемі журналистикада 20 жыл жүргендер тұрған микромедиа мен анонимді Telegram-каналдар – бұлар басқа. Біз мәліметтермен, спикерлермен этикамен жұмыс істей отырып, өз алаңымызға дұрыс бағыт бергіміз келеді, – дейді жоба авторы.

Қысқасы, әлеуметтік желілердегі медианың артықшылығы, дәстүрлі жүйеге қарағанда қымбат емес. Оған қоса аудиторияның аңдысын бірден біліп отыруға болады, кері байланыс бар. Алайда тәуелсіз жобаларды жүргізіп, жұмысын жолға қоюға да инвестиция керек. Сондықтан біз өз сөзімізге жауап бере аламыз дейтін контенттің ар жағында демеуші, идея, мүдде иелері тұрғанын ұмытпаған жөн.

пр

Қазақтілді телеграм арналар

Телеграм арналардағы тәуелсіз жобалардан кейін кезек қазақтілділерге келді. Қазақстандағы қазақтілді арналардың саны орыстілді арналар санынан 5 есе аз және Tgstat, Telemetr сервистерінде қазақтілді аудиторияға қатысты зерттеулер жоқтың қасы. Оның үстіне болжамды әлеуетті аудиториясы 3 миллион төңірегінде ғана. Бірақ осының бәріне қарамастан, қазақтілді телеграм арналарда ілгерілеу бар екенін жоққа шығармаған жөн. Мысалы, «Dauletten» жабық арнасының аудиториясы барлық орыстілді телеграм арналардан асып түседі. Аудиториясы – 336 мың адам. Бір постың орташа қаралымы – 82 мың. Дегенмен бұларда музыка, кино, мультфильм сынды бағыттардың үлесі басым. Саяси, экономикалық, қаржылық контенттің жетіспеушілігі байқалады. Ал «Dala inside» телеграм арнасының жетекшісі Думан Бықай өзінің әлеуметтік желілердегі ресурс­тарына күніне 70 мыңдай адам кіреді дейді.

Ендігі жерде мұнай-газ, тау-кен өндірісі сынды маманданған салаларда арнайы телеграм арналарға үлкен сұраныс бар екеніне тоқтала кету керек.

«Қазақтілді телеграм арналар. Нарық әлеуеті. Отандық подкастар. Зерттеу қорытындысы» тақырыбындағы панельдік отырыста «Dauletten», «Dala inside», «Paranoia.kz», «Ongar online», «Құралай ханым» телеграм арналарының жетекшілері мен Еуразиялық Arbat.media порталының бас редакторына сөз берілді.

Отандық подкастар беталысына қатысты зерттеулер туралы «Oy-Detox» подкастының авторы Әйнел Әмірхан: «Медиа құрылтай аясында «Таныс та бейтаныс подкаст әлемі» кітабында көрініс табатын зерттеудің нәтижесі жарияланды. Зерттеу екі кезеңнен тұрды: көпшілік арасында сауалдама және кәсіби подкастармен сұхбат. Сауалдамаға қатысқандардың ішінде ерлерге қарағанда әйелдер басым, қатысушылардың жасы 16 мен 54 жас аралығын қамтыды. Әр саланың мамандары подкаст тыңдағанымен, мұғалімдер, студенттер, журналистер, ІТ саласының мамандары басым болып шықты. Бұл жалпы подкасты кез келген мамандық иесі тыңдайтынын және қызығушылық пен тақырып аясы өте кең екенін көрсетеді. Тыңдаушылар Қазақстанның барлық аймағын қамтығанымен, басым бөлігі Алматы мен Астанадан, оған қоса осы қалаларда басқа өңірдің тумалары да оқу, жұмыс барысымен болуы мүмкін екенін де ескеруіміз керек. Подкасты көбінесе қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тыңдайды», дейді.

Әйнелдің айтуынша, подкаст тыңдау­шылар смартфонды көбірек қолданады және Apple podcast пен Google podcasts қосымшалары басқаларына қарағанда танымал. Подкасты басқа медиамен салыстырғанда жиі тыңдайтындар ішінде «Теледидар көргеннен гөрі, подкасты жиірек тыңдаймын» дегендер – 36, «Кино мен сериал көргеннен гөрі, подкасты жиірек тыңдаймын деушілердің 22 пайыз болуы аудио өнім тұтынушылардың саны өсіп жатқанын көрсетеді. Подкаст арқылы пайдалы ақпарат алып, жаңа нәрсені біліп, оған қоса өздері сияқты қарапайым адамдардың да қолынан келетінін білу адамдардың өздеріне сенуіне күш-жігер береді. Болашақта қазақ тіліндегі подкастардың өз деңгейіне сай тыңдар­маны көбейіп, танымалдылығы арта бере­тінінің бірден-бір көрсеткіші болуы ғажап емес.

Аталған сессияның модераторы Айбар Олжаев «Алдағы уақытта қазақ­тілді телеграм арналардың аудиториясы жылына 8-12 пайыз қарқынмен өседі», дейді. Сол сияқты баспана, автонарық, инвестициялар сияқты салалық тақырыптағы жаңа арналар пайда болмақ.

Іскерлік, қаржылық журналистика неге кенже қалады?

Биылғы медиа құрылтай «Қазақстан­дағы іскерлік және қаржылық журналис­тиканың қоғамдық пікірге ықпалы» тақы­рыбымен мәреге жетті. Көтерілген мәселелерге орай Нәзия Жоямергенқызы, Гүлзат Нұрмолда, Әсия Акишева сынды әріптестеріміз бен UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық, «DN Group Kazakhstan» PR маманы, қаржыгер Досбол Арыстанбек, Qazaq Media Association төрағасы Ербол Азанбек пікірлерін ортаға салды.

Қаржы саласында айтарлықтай тәжі­рибе жинаған әріптесіміз Ербол Азан­бек жеке қаражат мәселесі ретінде күн тәртібінен түспейтінін айта келе: «Жа­лақы жетпейді. Несиенің пайызы көп, кешіру керек, тым көбейіп кетті, бәрі қымбат», деген сөздерді жиі естиміз. Мемлекет осындай пікірлердің жетегімен тіпті аз мөлшердегі кредитті кешірді де. Алайда бұл – нарық заңдарына қайшы, әрі мәселенің шешімі емес. Дәл сол кредиті кешірілгендер қайтадан, тіпті бұрынғыдан да көбірек ала бастады», дейді.

– Дәл қазір «ҚазМұнайГаздың» ІРО-сы өтіп жатыр. Компания әр жерде халықпен кездесіп, онлайн сұрақтарға жауап беру, медиа арқылы насихаттау бағытында ауқымды науқан жүргізіп жатыр. Алайда адамдар арасында әлі де сұрақ, күмән көп. Сосын «Бүгін әр акция­ны 8400 теңгеден сатып алсам, келесі жылы осы уақытта 50 мыңнан сата аламын ба?, Мұнай бағасы құлдырап кетсе, ақшасыз қаламын ба?» деген сұрақ көп. Бұл бір қарағанда қалыпты, дұрыс сұрақ көрінгенімен акцияны ала салсам байып кетемін бе, дегенді ғана ойлаған, қаржылық сауаты төмен адамның сұрағы. «ҚазМұнайГаздың» ІРО-сы арқылы көзге көрінген нәрсе қаржылық сауатқа қатысты науқан бізде нақты мәселе туындағанда ғана жүргізіледі. Қаржылық сауатты арттыру, оның ішінде қазіргі ІРО мәселесі өткен 30 жылда БАҚ, түрлі қаржылық сауат бағдарламалары, блогерлер, экономист-сарапшылар арқылы қоғамға біртіндеп, тұрақты түрде жетуі керек еді. Бұл мәселеден шығатын қорытынды – іскерлік контентке көңіл бөлуіміз керек. Бұрынғы жылдармен салыстырмалы түрде алғанда қаржылық сауат артқанын байқауға болады. Алайда бұған арнайы бағдарламалардың емес, экономист Мақсат Халықтың сөзімен айтқанда көбіне девальвация, инфляция, проблемалық несиелердің ықпалы басым. Қаржылық сауаттың артуына әлеуметтік желінің ықпалы да бар. Бұрын Дәулеттен, Айбар Олжай сияқты іскерлік тақырыпта жазатын қолданушылар жоқ еді. Қазір бар. Көптеген іскерлік БАҚ қазақшасын іске қосты. Алайда көбіне аударма контент болғандықтан, іскерлік БАҚ-тың бәсі Дәулеттеннің блогынан аса алмай отыр. Өкінішке қарай, қаржы, экономика, бизнесті қазақша жеткізуде үлкен мәселелер бар, – дейді Ербол Азанбек.

Бұл бағыттағы алға жылжу бар десек те, тағы бір ауқымды мәселе – іскерлік бағытта жазатын журналистер даярлау. Көптеген ЖОО-ларда арнайы пәндер бар. Түрлі тренингтер де жиі өте бастады. Алайда көпшілік БАҚ-та арнайы айдар жоқ, қаржы тақырыбын жазатын маман ұстағысы келмейді. Спикерлердің айтып отырғаны да осы.

«Ақша адамға күнде керек болғандық­тан, оның айналасында түрлі келеңсіз оқиғалардың, алаяқтардың, қаржы пирамидаларының сазға отырып қалған құрбандарының куәсі болып жүрміз. Мұның алдын алу үшін, қаржылық сауатты арттыру қажет, ал қаржылық сауатты арттыру үшін ақпаратты көбейту керек. Оның алдында орта мектептерде қаржылық сауат пәні енгізілуі керек», дейді қаржы тақырыбына қалам сілтеген әріптестер. Бұл мәселеде журналистерге артылатын жүк те аз емес.

Журналистке қай тақырыпта болсын, кәсібилік пен арнаулы білім, ізденіс қажет. Өйткені кәсіби журналистерден шыққан блогерлер мен өздігінше ақпарат таратушыларды этика, сөз жауапкершілігі жағынан салыстыруға мүлде келмейді.

 

АЛМАТЫ