Медицина • 28 Қараша, 2022

Озық технологиялы операциялар

491 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Медицинада адамның ауруын жазудың орнына, кейде керісінше майып қылатын оқи­ға­­лар да орын алып жатады. Ден­саулық сақтау саласының міндеті де сол, науқастардың дертіне шипа іздеген кезде барын­ша оның ағзаға тиетін зиянын азайту. Өйткені тіліп, кесіп жасалатын кез келген хирургиялық опе­ра­циялардың өзі денеде де, ден­сау­лықта да ізін қалдырмай қоймайды.

Озық технологиялы операциялар

Осы мәселеге келгенде қазір озық технологиялар көмегімен атқарылатын операциялардың маңызы орасан. Бұл жолы мұның нақты мысалы ретінде мегаполисте сәтімен жасалған кезекті тіліксіз оталардың жай-жапсарына тоқтала кетейік.

Биыл қараша айының басында Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері тізе буынына әртүрлі жағдайда зақым келген үш пациентке күрделі операция жасаған болатын. Ең бастысы, мұндай бірегей операциялар адам мүшесін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бір жағынан МӘМС қаражатына жасалған инвазивті оталарды аурухана хирургтері мәскеулік маман Лев Кнеллермен ынтымақтастық шеңберінде атқарғанын да айта кеткен жөн. Шеберлік дәрісіне қатысқан Полижарақат бөлімшесі меңгерушісі Рамазан Әскеров операция жасатқан пациенттер тізелерін әртүрлі жағдайда жарақаттағанын айтады. Мысалы, 18 жастағы Кәрім тізе буындарын бір ай бұрын грек-рим күресі жарысында зақымдап алған. Ал 30 жастағы Арманның жарақаттанғанына 15 жыл болған. «Жығылғанға жұдырық» демекші, содан бері ауыратын тізесін тағы 10 шақты рет ауыртып үлгеріпті. Ал енді МРТ дәрігері болып жұмыс істейтін 38 жастағы келіншек тізесін үйде жарақаттаған. Бұлардың бәріне тізе буыны артроскопиясы деп аталатын операция жасалды.

«Еңбекке қабілетті жастағы па­циент­тердің үшеуінің де тізедегі мениск шеміршегі сынған. Мениск тізені қорғап, оның қозғалысын қамтамасыз етеді. Әдетте көптеген дәрігер оны алып тастайды. Біз «ағзаны сақтап қалуға» бағытталған операциялар арқылы менискті қалпына келтіреміз», дейді Ортохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Арнат Байзақов.

Жалпы, артроскопия шағын инва­зивті операция болып саналады. Сондықтан тізе буынында жасалатын барлық манипуляциялар кішкентай екі тілік арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде, емдеу барысында пациенттің қауіпсіздігі толық қамта­масыз етіліп, аурудың жанына батқа­ны да азаяды. Операция науқас­тың тезірек оңалуына мүмкіндік береді.

Алматы онкологиялық орталығы­ның хирургтері де алғаш рет ұйқы безі басының қатерлі ісігі бар науқасқа жоғары технологиялық операция жасады.

Ұйқы безі басының ісігіне шалдық­қан 69 жастағы әйелге Онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Балтаев алғаш рет лапароскопиялық гастропанкреатодуденальды резекциясы, яғни Уиппл отасын жасады. Кеспей жасалатын операция кезінде хирург бір мезгілде ұйқы безінің басын, асқазанның дистальды бөлігін, он екі елі ішекті, аш ішектің бастапқы бөлігін, өт жолдары бөлігін, өт қабы мен аймақтық лимфа түйіндерін алып тастады.

Бұрын мұндай диагноз қойылған кезде операция дәстүрлі хирургиялық кесу әдісімен жасалатын. Оның пациент денсаулығына келтіретін зақымы да аз емес. Өйткені отадан кейінгі кезеңде терең жаралар мен басқа да күрделі асқынулардың даму ықтималдығы жоғары болатын. Бұл жолы алматылық онкологтер операцияны шағын инвазивті әдіс – лапароскопия арқылы бірнеше жерден тесіп жасады.

«Сан жылдар бойы гастропанкре­а­­тодуоденальды резекция нәтижелері келеңсіздеу болып, өлім-жітім қаупі айтарлықтай жоғары түрлі асқыну­лармен қатар жүрді. Қазіргі таңда осы операцияның машықты техникасы, операциялық бөлменің заманауи жабдықталуы, анестезиологтер мен реаниматологтердің жоғары кәсіби дайындығы – хирургиялық араласудың осы түрінен болатын асқынуларды, операциядан кейінгі қайғылы оқиғаларды айтарлықтай азайтты, пациенттің өмірін ұзартып, денсаулығында да ұзақ уақыт бойы жақсы нәтижесін беріп отыр. Пациент 7 сағаттан астам уақытқа созыл­ған операция кезінде 200 мл қан жоғалт­қанымен, бірінші күні-ақ өзін жақсы сезінді», дейді Нұрлан Балтаев.

Кейінгі 5 жылда Алматы онколо­гиялық орталығында дәстүрлі кесу әдісі арқылы 92 гастропанкретодуоденальды резекция жасалса, ендігі жерде мұндай операциялар шағын инвазивті әдіспен атқарылады.

 

АЛМАТЫ