Сұхбат • 30 Қараша, 2022

Өнер адамы үйренуден жалықпауы керек

297 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ел астанасында өткен Өзбек мәдениеті күндері аясында опера әншісі, Өзбекстанның халық әртісі, әйгілі Пиязовтар әулетінің мүшесі, Ла Скаланы бағындырған қандасымыз Жеңісбек Пиязовтың өнеріне кезекті рет куә болдық. Бас-баритон дауысқа тамсанбау да қиын. Орда бұзар отыз жасында көл-көсір қошеметке, атақ-даңқ пен марапатқа қол жеткізген өнерпазбен сахна сыртында аз-кем әңгімелесіп үлгердік.

Өнер адамы үйренуден жалықпауы керек

– Жеңісбек, Магомаевтың «Синяя вечность» әнін жақсы орындадыңыз. Қазақстанға қош келдіңіздер. Сіздің әулетіңіз «Пиязовтар династиясы» деген атпен кеңінен танымал. Шын таланттың тамыры тереңнен тартса керек. Бір отбасынан соншама өнерлі жанның өсіп шығуы да таңғаларлық жайт. Бір-бірімен өнер арқылы сабақтасқан әулетіңіз туралы айтайықшы.

– Атам Зейнел Пиязовтың есімі елге танылған. Қарақалпақстанның халық әртісі, Өзбекстанға еңбегі сіңген әртіс. Нөкістегі Станиславский атындағы мемлекеттік драма театрына жұмысқа орналасып, өмірінің соңына дейін – 48 жыл бойы сол сахнада ойнады. Түркі халықтарынан шыққан небір мықты драматургтерден бастап, Шекспир, Мольерге дейінгі әлемдік драматургия классиктерінің шығармаларындағы сан түрлі кейіпкерлер образдарын шеберлікпен сомдаған тұлға. Атамнан тараған ұрпақ та театрдан, жалпы өнерден алыс кеткен жоқ. Әкем Бүркіт Пиязов музыка мектебінде оқытушы, қыздары Азиза мен Роза театр актрисалары болса, Қазақстанда тұратын Лиза («Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты) мен Марал да әке жолын қуып, бірі Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, бірі Алматыдағы Қуыршақ театрында еңбек етіп жатыр. Анам Інжігүл Сабурова гіржек шертеді. Бауырларым да бірі әнші, бірі биші, бірі күйші. Түгел әулетте осындай шығармашылық байланыс болған соң туысқандықтан бөлек талқылайтын тақырып көп. Өнердің әр тарапында жүрген әрқайсымыз көп жағдайда бір-бірімізге шығармашылықта сүйеу бола білдік.

– Отызға толар-толмаста халық әртісі атандыңыз. Үлкен сыйлықты ерте алдым деп ойламайсыз ба? Жалпы, марапатқа деген көзқарасыңыз қалай? Өнер адамдарына орден-медаль, атақ-даңқ қаншалықты әсер етеді?

– Маған атақ берген кезде ерекше күш алдым. Әрі қарай жемісті жұмыс істеуіме, дамуы­ма, өзімді алға сүйреуіме осы атақ ықпал етті. Ұстаздарым да еңбегі бағаланды деп қуанды. Ұстазым София Цой жоғары оқу орнында оқып жүрген кезде мені ылғи «Халық әртісі келе жатыр» деп шақыратын. Жақсы ниет – жарым ырыс, сол марапатқа да жеттік. Сондықтан бұл атақтың астарында маңдай тер мен еңбек жатыр. «Халық әртісін» жас кезімде алсам да, өнеріммен толық дәлелдей аламын. Ойлап қарасам, үлкен атақты ең алғаш алып берген – 2012 жылы Муслим Магомаев атындағы ІІ халықаралық вокалистер конкурсы екен. Әлемнің 10 елінен 17 опера әншісі қатысып, КСРО халық әртісі, Үлкен театрдың солисі, профессор Тамара Синявская төрағалық еткен додада бағым жанды. Бас жүлде алып келген соң Қарақалпақстанға және «Өзбекстанға еңбек сіңірген әртіс» атағын берді. Одан соң Италияға барып, Ла Скалада өнер көрсеткен алғашқы ортаазиялық әнші атандым. Сол сапардан кейін «Халық әртісін» берді. Кейде шығармашылық жолымды қарап отырсам, «осының бәрін мен жасадым ба?» деп қайран қаламын.

– Осының барлығы өнеріңіздің арқасында емес пе?

– Иә, бүгінгі биікке бойға дарытқан дауыс пен талант жеткізді. Ұстазым София Цойдың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Өзім де көп іздендім, әйгілі тұлғалардан сабақ алдым, үйрендім. Керек уақытта өзіме инвестиция құй­дым. Өнерде жүрген кей жандар ақшаны өзінен аяйды. Дамымайды, ізденбейді. Жастарға да соны айтқым келеді, өнерің­мен өмір сүремін десең, өзің­нен ештеңе аяма. Өз талантыңа салынған инвестиция бес-он жылдан кейін болсын бәрібір нәтижесін береді. Бәлкім, «халық әртісі» атағын тым ерте алған шығармын. Тіпті «еңбегі сіңген әртісті» алғанда да маған өз жасынан ерте алды дескен. Алайда ол марапаттан кейін мен тоқтаған жоқпын. Қызу жұмыс: репертуар жаңарды, жыл сайынғы концерт. «Халық әртісі» атанған соң да тынбай еңбек еттім, шығармашылықта қозғалыс тоқ­таған жоқ. Енді, міне, жақында «Баш­құртстанның халық әртісі» атандым. Үйренуден, ізденуден жалықпау керек дер едім. Мен халық әртісі Фарух Закировтің қасында көп жүремін. Ылғи өнеріме сын пікір айтып отырады. Ол кісі жеті республиканың «Халық әртісі». Маған да сондай даңғыл жол бұйырса деймін. «Терек бір жерде көгереді» деген сөз бар. Мен гастрольдік сапармен, яки тәжірибе алмасу мақсатында шетелдерге шығып тұрамын, бірақ діңгегім туған жерімде, қайтып келемін.

– Мәселен, қай елдерге шақырту алдыңыз?

– Қазір кетем десем, Италияға бара аламын. Нью-Йорк театрына да ұсыныс болды. Бірақ барған жоқпын. Тек тәжірибе алмасу мақсатында белгілі бір уақытқа ғана барып жүрмін. 2018-2020 жылдары Италияда, 2011-2012 жылдары Германияда келісімшартпен жұмыс істедім. Жалпы, менің ерекшелігім – бас дауыстымын. Сопрано, тенор көп, ал бас дауыс аз кездеседі. Сол үшін де маған сұраныс көп. Бас дауыс атамда болған, бірақ ол опера айтқан жоқ. Атамнан маған өтсе керек.

– Сүйікті операңыз қандай?

– «Севильдік шаштараз», Дж.Россини.

– Неге?

– Комедиялық опера. Маған драмалардан гөрі комедиялық шығармалар ұнайды. Кейін Россини комедиялық операларды көп жазды. Ондай шығармаларға қай сахнада да сұраныс көп. Кей опера әншілері екі-үш ай бойы бір опера жаттап жүреді. Ол шығарманың көрермені жоқ, сұраныс болмайды. Операда да бәсеке болады. Сондықтан халықтың, тыңдаушының талғамына қарау керек. Жалпы, репертуарда барлық тілдегі әндер болғаны жөн. Мысалы, жақында өз репертуарыма түрікменше шығарма қостым. Алдағы жеке концертімде «Дудар-айды» айтамын. 2009 жылы ХII халықаралық «Қазақ романсы» байқауында Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін, Шәмшінің «Арыс жағасында» әнін орындап, 1-орын иеленген едім.

– Өзбек мәдениеті күндері аясында Қазақ ұлттық өнер университетінде шеберлік сағаттарын өткіздіңіздер. Қалай өтті?

– Өзбекстаннан келген халық әртіс­тері әр сала бойынша дәріс оқыды. Мен опера кафедра­сы­ның студенттерімен кездестім. Қуанға­ным, жастар менің шығармашылығыммен жақсы таныс екен. Жоспарланған бір сағаттан асып жығылып, ­ариялармен жұмыс істедік. Дауыс қойып, қателескен тұстарды түзеп, қайталап, екі сағат бойы қызу талқыладық.

– Осындай шеберлік сағаттарын жиі өткізіп тұрасыз ба?

– Жоқ, көп өткізбеймін. Уақытым бола бермейді. Педагогикалық талант пен концерттік талант – екеуі екі түрлі дүние. Менің біреуге бірдеңе үйретуім қиын. Тіпті бір жылдары Өзбекстан мемлекеттік консерваториясында оқытушы болып жұмыс істедім. Бір жылдан кейін шыдай алмай шығып кеттім.

– Дәл қазір қандай агенттермен жұмыс істеп жатырсыз?

– Италияда Эрнесто Паласио, Вин­чинсо Девивомен келісімшарт жа­са­дық. Мәскеуде де агенттер бар. Көбінесе Эмин мен Тамара Синявская шақырады. Жұмыс жоспарым осы агенттермен ғана жасалады. Ал бір жерде тұрақты жұмыс істемеймін. Мәселен, Қазақстаннан қайтқан соң Ташкентте Фарух Закировпен бірге жоспарланған концертіміз бар, одан соң Абу-Дабиде кеш өткіземіз. 25-26 желтоқсанда жылдағыдай Өзбек­станда жеке концертім жоспарла­нып отыр. Оған Қазақстаннан да тыңдау­шылар келеді. Бес мың орынға екі күнге жоспарланған. Соған қазірдің өзінде билет жоқ. Енді Нью-Йорк­те тыңдалымға барамын, сәті түссе, келісім­шартпен сонда қаламын. Жалпы, опера орындаушыларына жұмыс көп. Біздің кеңістік үлкен. Әлемнің кез келген нүк­тесінде өнер көрсетіп, еңбек етуіңе мүм­кіндік мол. Бұдан бөлек, тойға шыға­мыз. Тойларда операны жақсы тыңдайды.

– Бүгінгі қоғам мәдени орталардан алыс, кітапты да көп оқи қоймайды деп жатамыз. Рухани құндылықтар әлсіреген интернет дәуірінде халықтың өнерге деген көзқарасы қалай? Өзбекстандықтар опера тыңдай ма?

– Халық опера тыңдайды. Бізде осы мамандыққа ден қойғандар көбейіп келеді. Одан бөлек, опера кештері, open air жиі ұйым­дастырылады. Шоу-концерт форматында өтеді: тек ариялардан ғана тұрмайды, эстрада әнші­лерімен бірге өнер көрсетеді. Ең бастысы, барлық кеш табиғи дауыста өтеді. Мәселен, Өзбекстанда 35 миллион адам болса, соның кем дегенде он миллионы операға барады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»