Кезінде Серік аға еккен жеміс ағаштары иесінің еңбегін осы күнге жалғап тұрғандай. Бұл үйге ұлтымыздың қандай мықтылары келмеді десеңізші!.. Ол да – бір тарих. Әдебиеттану абызының көзі – Әлия апай үй ішінде, ұстазымыз әрдайым жайғасатын орындықты аялай, сүйене отыр екен. Тоқсанның төріне шыққан белесімен құттықтадық.
Осыдан он шақты жыл бұрын айтулы мерейтойға орай ұстаздар үйіне бас сұққан едік. Кіреберіс дәлізден бастап, екінші қабаттағы жұмыс кабинетіне шейін тізілген ықылас гүлдері сол тойдың салтанатынан хабар беріп тұрғандай-тын. Сондағы Серік ағамыздың адамшылығы есімнен кетпейді. Үлкен-кіші демей жұрттың бәріне көңіл бөліп, жағдайын сұраған-ды...
Әлі есімде, бір топ шәкірті құттықтай келіпті. Ішінде танымал ақын да, әдебиетші ғалым да болды. Біразы біздей ҚазПИ-дің түлегі еді.
Әлия апайдың әпкесі Дәмеш апа бар – бәріміз дастарқан басына отырдық. Сөз реті келгенде айтайын, марқұм Дәмеш апа – жоғары білім алған алғашқы қазақ қыздарының бірі. Өз қатарынан оза шығып, соғыс жылдарында жастарды басқарып, партия қызметінде болған. Республика сауда министрінің орынбасарлығына дейін көтерілген, өзінен кейінгі бауырларын асырап, бағып-қағып, қиын жылдардың тауқыметін тарттырмай, бір қараға жеткізген де – осы асыл апамыз. Бұл бір Бейсен-Сәрсен әулетінің таусылмас тарихы. Мұны Әлия апай «Өмір өткелдері» атты мемуарында тамаша жазған.
Бүгінде Әлия апай аз қозғалады. Бірақ тың. Білім-ғылым саласынан қол үзбеген. Әрдайым шәкірттерімен байланыста. Әңгімесінен жылылық, шынайылық есіп тұр. Мен диктофон түймесін басып қойдым.
– Әлия апай, біз сіздің ғылымның «инемен құдық қазғандай» қиын жолында тындырған ұлан-ғайыр істеріңізге сүйсінеміз. Қазақстан географиясы мен экологиясы саласындағы 450-ден астам ғылыми еңбектің авторысыз. Монографияларыңыз бен оқулықтарыңыздың өзі 20-дан асады. Еңбектеріңіз ағылшын тілінде де шықты. Оның үстіне елімізде экологиялық жоғары білімнің негізін қалап, осы бағытта Абай университеті мен Еуразия университетінде қатар шәкірт тәрбиелеген бастамашыл ғалымсыз. Бұл – қажыр-қайратты мықты адамның қолынан ғана келер шаруа. Сіз академиктер шаңырағының отанасы, ұйытқысы болдыңыз. Ел танитын академик Серік Қирабаевқа ақылшы, сүйеніш болған аяулы жарсыз. Осы оқығанның бірнеше буыны қазақ әдебиетін Серік ағаның оқулығынан оқыған. Бұған қоса елге, тіпті әлемнің көп бөлігіне танымал білікті азаматтардың анасысыз. Секең бар кезде бір шаңырақта үш академик едіңіздер. Былайғы жұртты осы жай да қызықтырары анық...
Әлия апамыздың бастапқы жауабы қысқа да нақты болды.
– Мұның бәрі – марқұм Серағаңның арқасы, – деді ол бірден. – Шыңда тұрған Секең бізге арқан тастаса, ортасында – мен, артта балалар тұратын. Сол биікке талпындық. Отбасында да, ғылымда да Серағаңның уысынан шыққан жеріміз жоқ. Ол бір аяулы жан еді-ау. Ағаларыңды ойламай бір күнім де, бір түнім де өтпейді. Рухы шат болсын!
Біз енді Нұр мен Әлімнің қызметі жайын сұрадық.
– Нұр – Ресейде мұсылман әлемінің философиясын зерттейтін ірі мектептің жетекші ғалымы. Көп жыл Мәскеудегі Халықтар достығы университетінде философия кафедрасын басқарды, сонда проректор да болды. Қазір ректордың кеңесшісі. Бала-шағасы өскен-өнген. Халықаралық мекемелерде қызмет істейді. Ал Әлім деген баламыз Қазақ университетінің қолданбалы социология мамандығын бітіріп, ұзақ жыл Қазақстан елшіліктерінде, Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарды. Египеттегі елшілікте бірінші хатшы болды. Министрлікте лауазымды жұмыс атқарды. Қазір еліміздің Польшадағы елшісі. Ол үйдегі келін де – дипломатия маманы. Балаларым күн сайын екі-үш рет хабарласады. Жиі ұшып келіп те тұрады. Мына күтушілерімнің бәрі – сол балаларымның ұйымдастырғаны. Жаратқан көпсінбесін!..
«Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген, Серік аға мен Әлия апайдың ортаншы ұлы Әділ 39 жасында көлік апатынан қаза болды. Тағдыр солай жазған шығар... Тағы бір ауыр қайғысы, кешегі пандемия кезінде Әділдің өмірін жалғаған қос немересінің бірі – Ержаннан айырылып қалды. Шүкір, Санжар немересі үйлі-баранды. Әділ шаңырағының отын сөндірмей отырған келіні Шолпан – елге танымал білім қайраткері.
«Біздің жағдайымызды жасап, Әлия апайларың кешіректеу қорғады, – деуші еді жарықтық Серік аға. – Ол кезде Қазақстанда географиядан қорғататын диссертациялық кеңес жоқ. Ташкенттегі ғылыми кеңес те жабылып қалған. Мәскеуде қорғап, кандидаттық жұмысын Ресей ғалымдары жоғары бағалады. Апаларың 1979 жылы «Қазақстан табиғатының зерттелуі» деген еңбек жариялап, осы зерттеу жұмысы негізінде докторлық диссертация қорғағанда, шетелдік әріптестері қатты қуанғаны есімде».
Серік аға жарының ғылыми еңбегі, отбасы-әулетті ұйыстырудағы берекесі, әйелдер ісіндегі қайраткерлігі туралы осындай риясыз сөз айтқанда, біз де үй ішіміздің жауапкершілігін сезініп қалушы едік.
Иә, біз осы шаңыраққа келе жүріп Әлия Сәрсенқызының ғұмырбаянына қанықтық десек те болады. Мысалы, КСРО география ғылымының көшбасшысы атанған МГУ профессоры Николай Гвоздецкий: «Ә.С.Бейсенова зерттеуін Орта Азия мен Қазақстан ғылыми тарихында бұрын-соңды болмаған елеулі еңбек деп санаймын» деген пікірі қандай!
– Мұсылман ағартушылығы жолында орта ғасырда қазақ даласына арабтар көп келді, – дейді Әлия апай. – Сол кездегі қазақ елінің табиғаты жөнінде араб жиһанкездерінен қалған мәлімет аз емес. Мен Нұр арқылы арабтардың архивіндегі Қазақстанға қатысты деректерді іздеткіздім. Алғашында ол мұндай мәліметтердің табыла қоятынына шүбә келтірген. Кейін сөзімнің дұрыстығына көзім жетті. «Шындығында да, сіз айтқандай болып шықты» деп, біршама дереккөзін тауып берді. Міне, бұл менің қолымды ұзартты.
Х ғасырдағы араб жиһанкездері ибн-Хордадбек, әл-Максиди, ибн-Хаукал, ибн-Русте, әл-Истахри, әл-Масуди, әл-Идриси еңбектерінен сол кездегі қазақ елі табиғатына қатысты көп жайға қанықтым. Ибн-Хаукал мен ал-Истахри жасаған –«Әлем картасы», ибн-Хаукалдың «Мауренахр картасы», Махмұд Қашқаридың «Орта Азия картасы» бізге талай жұмбақ жайдың бетін ашты.
Қазақ көшпелі халық болған ба? Жоқ, біз көшпелі ел емеспіз. Қазақ көші мен қонысының әлемде ешбір халыққа ұқсамаған тарихы бар. Мен ерте дәуірдегі қазақ жерін арабтар таңбалаған картаны таптым. Бізде 40-қа жуық қала болған. Кейін соның барлығы жермен-жексен етілді. Ал сол кездегі жеріміз – түгін тартса, майы шығатын құнарлы өлке еді. Қазір содан не қалды? Жанымды ауыртатын да, мені географиядан экологияға әкелген де – осы жағдай.
– Әлгінде сіз марқұм Серік ағамызды пір тұтқаныңызды айттыңыз. «Отбасында да, ғылымда да Серағаңның уысынан шыққан жеріміз жоқ» дедіңіз. Осы сөз көңілімізге ерекше ұнап отыр...
Әлия апай рахаттанып бір күліп алды.
– Әйел байғұс әйтеуір бір нәрсеге мөлтеңдейді ғой. Ал айналаға сарабдал сын тұрғысынан қарау – ғылым адамына тән көзқарас, – деді кейіпкеріміз. – Басында ептеп ми болса, күйеудің алдына шықпайды ғой ақылды әйел. Табиғаттың жасаған ісіне кім қарсы тұра алады? Еркек – еркек, әйел – әйел. Әрқайсысы өз орнында болу керек. Одан ауытқуға болмайды. Осыны мойындаған әйел еркектің өзінен жоғары тұратынын түсінуі керек. «Әйелдің күші – әлсіздігінде» деп бекер айтпайды. Жиренше мен Қарашаш туралы аңыз есіңде ғой. Талай рет тығырыққа тірелген шақта Жиреншенің өзі Қарашаштың ақылымен жол таппаушы ма еді? Сонда Қарашаш: «Бұл осы істі менің ақылыммен істеп еді» деп ешкімге айтпайды ғой. Ақылды әйел еш уақытта өзін күйеуінен биік қоймайды. Кешегі кеңес заманында бізді біраз шалқақтатып ұстады. Қазақ әйелінің одан тапқан опасы жоқ. Әйелдің пірі – ері. Күйеуін биікке көтеру арқылы әйел балаларын да биікке шығарады. Отбасындағы әке беделі ең алдымен әйелге байланысты. Ал әкеден бедел кеткен жерде балаңа ие боламын деп ойлама. Біздің қыз-келіншектеріміз осыны ұмытпасын. «Бір шаңырақта екі академиктің басы қалай қосылды?» дейсіңдер ғой, баяғы. Айналайын, менің атақ-дәрежем, қызмет істейтін орным – ҚазПИ, ал үйге келген соң – мен Серағаңның жағдайымен есептестім... Марқұм ағаларың әрдайым әйел затын көтеріп, демеп отыратын. Осы жағдай біздің берекемізді арттырды. Менің ғылымыма, қайраткерлігіме, ана ретіндегі мәртебеме қуат берді.
Академик Әлия апайды толғандыратын не нәрсе? Осы жайынан сыр тартқанмын.
– Қазақ екі мәселеде ымыраға келмеген, – дейді апайымыз. – Бірі – жер дауында, екіншісі – жесір дауында. Соның арқасында – ата-бабамыздан бізге ұлан-байтақ жер қалған, соның арқасында – қазақта жетім болмаған, елдің тұтастығы сақталған. Ал неге 90-жылдары жетімдерді жат елге бергеніміз аздай, қазір қоғамның балаға деген көзқарасы төмендеп кетті. Баладан асқан байлық жоқ емес пе? Жақында «Ұлан» газеті мен «Балдырған», «Ақжелкен» журналдарын еліміздің көптеген мектебі, олардың кітапханасы жаздырып алмайтынын естіп, қатты шошыдым. Ал керек болса? Олар – ертеңіміз, бақ-берекеміз дейміз, бала жасынан тілге, жазуға, шығармашылыққа үйренуін кім қадағалайды? Қазір мектепте диктант алынбайды, шығарма жазылмайды. Мұнан кейін сауатты ұрпақты қайдан табамыз?
Екінші ойландыратыны – жер және ел жайы. Жер-Ана деп бекер айтпайды. Ананың тамыры уланғанда, оның емшегін емген баласы сау қала ма? Айнала кір-қоқысқа толы. Уақытша ұстаным, бір мезеттік жауапкершілік жегідей жеп барады. Бүгінде ауылдың иесі, ел ағалары деген ұғымдар көп айтылмайды. Егде аға-апаларыңды осы да ойлантады.
Үшінші ойландыратыны – білім және маман жайы. Кеңес өкіметінің жақсысын жақсы деуіміз керек. Сол заманда біз әлемдегі ең білімді елдердің бірі болушы едік. Сол білімділігімізден ажырауға болмайды. Біз кешіктірмей білімдегі қиындықтарды түзеуіміз керек. Білім бағдарламасы әлемнен форма алғанымен, мазмұны отандық, ұлттық болуы шарт. Қазір мұғалімнің еңбекақысы түзелді. Енді білім мазмұнын, сапасын адами және кәсіби негізде көтеруіміз қажет. Бұл жерде тест, сертификат, т.б. талаптар бәрін түзейді деп әсте ойламаймыз.
Жалпы, қоғамдағы аса нәзік, күрделі мәселені қарастыру мен шешуде әйел – үлкен күш. Еркектің басына бақ боп қонатын да – әйел, сор боп жолығатын да – әйел. Мемлекеттің мемлекет болуы да, қоғамның сапалы болуы да – ең алдымен әйелдің парасат деңгейіне байланысты. Өйткені әйел – ұрпақ тәрбиешісі. Кеше, экономикамыз құлдыраған кезде, бала тәрбиелейтін келіншек базар жағалап кетті. Енді 30 жылдан кейін тағы осындай күйге түссек, көп нәрседен тып-типа айырыламыз. «Әйел – үйдің берекесі» деген түсінік жойылады. Тағы бір ащы шындық: Қазақстан, өкінішке қарай, ажырасудың алдында тұр. Толық емес отбасы – бір әулеттің емес, елдің трагедиясы. Осы проблеманы ел болып, газет-журналда, сайттарда ақылдасып, орайлы шешу – мемлекеттің де, қоғамның да парызы.
Қыз-келіншектерді теріс жолға, дәстүрсіздікке ұрындыратын неше түрлі саржағал БАҚ, сайт-порталдар көбейді. Бұдан қорғана білуіміз керек. Бәлкім, олар сырттан әдейі де ұйымдастырылып жатқан шығар. Тарихта елдіктен айырылған мемлекеттер аз емес. Оның бетін әрі қылсын.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихы – күреске, әлемге өзімізді дәлелдеуге толы тарих болды. Бәріне қара бояу жағу – өсер һәм өскен елдің салты емес. Рас, біз қателіктен сабақ алуымыз керек. Құр мақтан, өтірік есеп жарға жығады. Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев – өнегелі ортадан шыққан, әлемдік өркениет үрдісі мен күрделі саясатты бес саусағындай білетін тұлға. Сондықтан аға толқын кешегі президент сайлауында оны қолдадық, әділетті Қазақстан бастамасына сендік. Әділдік – кез келген елдің темірқазығы.
Мемлекет басшымыз қазір еңбек пен әділеттілікті тең және маңызын дөп айтады. Бүгінгі уақыттың үлгісі – өз тарихымыздағы еңбек адамдары болуға тиіс. Ғылым-білімге келсек, ақыл-ой еңбегінің адамдары. Өнерімен де деңгейімізді көтерген тұлғалар аз емес. Қазіргі ақпарат құралдары осыған басымдық берсе деймін. Тоқсанның төріне шықсам да жазудан, кітап оқудан, ғылымдағы шәкірттеріме кеңес беруден қалған жоқпын. Осыған тәуба деймін. Елімізде қаншама талантты жастар бар. Болашақ – әділетті, білімді, бәсекеге қабілетті жастардың қолында.
Біздің Серағаң өмір бойы еңбек пен әділеттілікті «адам сапасы» деп айтып кетті. Бұл сапа – ғылымның да, әдебиеттің де қорғаны. Кейде жазғандарын, әсіресе соңғы 8 томдығын қолыма алып, айтқан даналығына қайран қаламын. Өткен күннен қалатын белгі осылар екен ғой.
Мақсат ДҮЙІСМАҒАНБЕТОВ,
Ақпарат саласының ардагері, Мәдениет қайраткері