Қоғам • 09 Желтоқсан, 2022

Нағыз ғалым

595 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мен Сайлау Байзақұлын танығалы, етене араласқалы біршама жылдың жүзі болды. Бір қызығы, ол кісі ежелгі танысым, ес білгелі араласатын жақын жұрағатым секілді. Бұған Сайлау Байзақұлының бар адамды жақын тартып тұратыны, орайы келсе, қолдап-демеп жіберетіні, ашық-жарқын мінезі себеп болар. «Жақсыда жаттық жоқ» деген халқымыздың аталы сөзі Сайлау Байзақұлы секілді азаматтарға арнап айтылғандай.

Нағыз ғалым

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Лирикалық шегініс.

«Арқада жер еркесі Қызбел деген,

Аралап алуан жүрдім Қызкермемен.

Табар жан қайда барып Жерұйықты,

Қызбелден, сірә, күдер үзгенменен»,

деп ақиық ақын Ғафу Қайырбеков жырға қосқан Тобыл-Торғай өңірінде  ағамыз дүние есігін ашқан күні Сталин «біздің елдің демократиялық дамуының көрсеткіші» деп атаған, кеңес одағындағы ең алғаш­қы Жоғарғы кеңеске сайлау өтіпті. Қуғын-сүргін тегершігі де бір сәтке дамылдап, сайлаудың бітуін күткендей ел мамыражай күйде болыпты. Сол себепті де жас нәрестеге «Сайлау» есімі беріліпті.

Біз атағынан ат үркетін ғалымның абыздық жасқа таяған тұсын көрдік. Сексеннің сеңгіріне шық­са да, зердесі тұнық, тұғырынан түспеген ша­ғына кез келдік. Экономикалық зерттеулер инс­ти­тутының екінші қабатында таяқ тастам жерде қатар отырдық. Түрлі мәселені талқылап, бір-біріміздің кабинетімізге жиі бас сұғатынбыз. Орталықтың ең жас директоры мен институттың ғылыми жетекшісі һәм ғылыми кеңесі төрағасының мұндай ымыралы ынтымағына барлығы таңырқай қарайтын. Және қандай жетекші десеңізші! Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық экономистер одағы үйлестіру кеңесінің мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.

Лирикалық шегініс. Ол бала болып есін білгелі ел басына түскен ауыртпашылықты бір адамдай көтерген отбасында өсті. Байзақ ақсақал соғысқа аттанғанда Сайлау бесте, інісі Сәбит үште, қарындасы Рақыш екі айлық нәресте екен. Әкесі Витебск түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқанда үйелмелі үшеу әлі ес білмейтін жаста болатын. Анасы Жібек бөлтірігін жетектеген құртқадай үш перзентін ел қатарына қосу үшін жанын салды.

Асылы, «өнер, білім бар жұрттардың» ғылыми ортасы, әсіресе академиялық зерттеу институттары бір салаға бүкіл ғұмырын арнаған корифей ғалымдарды құрмет тұтады, тіпті егде тартқан шағында да тәжірибесін барынша пайдалануға тырысады.  Құрметті директор, құрметті президент ретінде қызмет ұсынып, еңбегі ерен тұлғаларды ғылыми мекеменің рәмізі, бренді санайды. Айында, жылында бір рет бас сұғып тұрса да, ризашылық білдіреді. Осы тектес құрмет институттың ғылыми жетекшісі Сайлау Байзақұлына көрсетілсе де, ол  қарапайым қалпынан танбады.

Лирикалық шегініс. Сайлау Байзақұлы мектеп бітіргесін сол тұста баршаның арманына айналған С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түседі. «Есептеу математикасы» мамандығын игерген соң ҚазМУ-дың негізінде ашылған Алматы халық шаруашылығын жос­парлау институтын «өнеркәсіпті жоспарлау» мамандығы  бойынша бітіреді.

Университеттен кейін ҚазМУ-дың есептеу математикасы кафедрасына ассистент болып жұмысқа қабылданады. Төрт жылдан кейін Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің Экономика ғылыми-зерттеу институтына ауысады. Дәл осы жерде оны ғылымдағы ізденіске толы, берекелі жылдар күтіп тұр еді...

Қашан көрсең, бума-бума қағазды ақтарып, кейбір есеп-қисабын түзетіп, кейде телефон, кейде жүйрік поштамен әлемнің әр тарапымен хабар алмасып, жас магистранттан жасамыс профессорға дейін назар ауда­рып, бірлесіп мақала жазып, оны ағылшын тіліне аудару үстінде болатын.

Сөйлеп кетсе, ағыл-тегіл білім Камчатка гейзе­рін­дей айналаға шашырайтын. Кейнстен бастап, Маркске жалғастыра, қазақы ұғыммен тұздық­тағанда, экономикалық теорияның «соңғы могиканындай» көрінетін. Экономикалық реформаларды егжей-тегжей баяндап, қазіргі жағдайда не қажет екендігі жайлы ойымен бөлісетін. Онымен қоймай, ғылыми гранттар ұтып алып, өз жобасына өзі қаржы тауып келетін.

Лирикалық шегініс. Сайлау Байзақұлы өмі­рінің жиырма екі жылын Экономика ғылыми-зерттеу институтында өткізді. Жиырма сегіз жасында ғылым кандидаты, отыз жетісінде ғылым докторы атанды. Докторлық диссертациясын Мәскеудегі әйгілі КСРО Ғылым академиясының Орталық математика-экономикалық институтында қорғады. Диссертациялық кеңестің сол тұстағы мүшелері Нобель сыйлығының лауреаты Л.В.Канторович, академиктер Н.П.Федоренко, С.С.Шаталин, Н.Я.Петраков, М.М. Албегов, В.В.Пугачев болғанын айтудың өзі жеткілікті.

Жақсы мінездің өмірлік азыққа айналатынын абзал ғалымның ғұмырлық жолы дәлелдегендей. Сарыарқа самалындай биязылықпен парасат биігінде байсалды пікір, салауатты ой айтып, сын­ның өзін киіз балғамен сына қаққандай байыппен жеткізетін адамның төңірегінде дос­тың да, шәкірттің де мол болары анық. Кезекті Аста­на экономикалық форумы кезінде осы ойға көзім анық жетті. Қырғыз Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі Шайлобек Мұсақожаев, Тәжікстан Ғылым академиясының академигі Нұриддин Қайымов, Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Альберт Бахтизиннің «алқалы топта алға тұтар ақсақалымыз» деп құрмет көрсеткеніне куә болдық.

Шәкірт тақырыбы – өз алдына бөлек әңгіме. Ресми бекітілген аспирант, докторанттан бөлек, өмірлік тәжірибе алған, алдын көрген, жан-жүрегінің жылуын сезінген талай азаматтың өзін Сайлау Байзақұлының шәкірті санайтынын естіп те, көріп те жүрміз. Осы күнге дейін 10-нан аса ғылым докторын, 50-ден аса ғылым кандидатын тәрбиелеп, жүйелі ой, қисынды дәлел, балталасаң бұзылмас есеп-қисапқа негізделген экономика ғылымының күрделі саласы – экономика-математикалық әдістер мен модельдеу бойынша өз ғылыми мектебінің негізін қалады. 

Лирикалық шегініс. Сайлау Байзақұлының ғалымдығымен қатар азаматтық, қайраткерлік қырларын, ұйымдастырушылық қасиеттерін ерекше атаған жөн. Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті Басқару құрылымдарын жоспарлау мен жетілдіру ғылыми-зерттеу институтын, Қазақ ғылыми-техникалық және нарық конъюнктурасы ғылыми-зерттеу институтын, ел Үкіметі жанындағы Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру институттарын басқарған кезеңде құнды зерттеулер жүргізуге, білікті кадрлар даярлауға айрықша үлес қосты.   

Отбасы – оның байлығы. Өзі «әже» деп атаған, үш перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, бар ғұмырын ұрпағына арнаған аяулы Жібек ананың тәлімі ғұмырына азық болса, жан дүниесін түсініп, өмір ағынына бір бағытта көз тастап, дүниелік көзқарастарына ортақтасқан, қиын күндердің шуақты сәттерге ұласуына кәміл сенген асыл жары Мақыш Ғаріпқызымен бір шаңырақ астында алпыс жыл өмір сүріп келеді. Бүгінде төрт баладан тараған немере-шөберені қызықтап, жапырағын кеңге жайған үлкен әулетке айналған.

Лирикалық шегініс. Өкшесін басқан  інісі Сәбит Байзақұлы да – осы күнде үлкен ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі. Әлихан Бөкейханның ізін жалғап, Санкт-Петербург мемлекеттік орман-техникалық университетінде докторлық диссертация қорғаған, орман шаруа­шылығы экономикасы бойынша санаулы ғалымның бірі.

Ұлы Айбар Сайлауұлы физика-математика ғылымдарының кандидаты болса, немересі Наурыз ақпараттық экономика бойынша докторлық диссертация жазып жүр. Осылайша, бар ғұмырын ғылымға арнаған Байзақ әулетінің ізденістері жаңа ғасырда да жалғасып жатыр. 

Қарапайымдылық – оның басты қағидасы, өмірлік ұстанымы. Жеңсе тасымайтын, жеңілсе жасымайтын бірқалыпты мінез ғылымда да, өмірде де өз соқпағын салып, тағдыр толқындарын еңсере отырып, өз жолынан таймауына себеп болса керек. Басқа­сын былай қойғанда, тіпті сексен жылдық мерей­тойына орай Қазақ ұлттық университетінен «Өнегелі өмір сериясы» бойынша шыққан, әдетте кейіпкердің өмірлік табыстарына арналатын жинақ­тың үштен екісіне ғылыми мақалаларын орна­лас­тыруы – сол қарапайымдылықтың, Абай айтқан «ақырын жүріп, анық басудың» үлгісі іспетті.

Данышпан Әл-Фараби «Ақылдылық пен адам­гершілік үлгілі тәрбиеге байланысты, оның негізі – таза еңбекте, еңбек өз кезегінде тәрбиенің негізінен туындайды» деген екен.  Ендеше, біздің кейіпкеріміз де – еңбек адамы, нағыз ғалымның, ғылымға адалдықтың шынайы үлгісі.

Біз Сайлау Байзақұлын түбінен шымырлап тас бұлақтар құйылған, тереңіне көз бойламас түпсіз терең тұңғиық теңізге ұқсатамыз. Тұңғиықты ойлап та, бойлап та барлау шексіз білімді, ізденісті талап етеді. Ардақты ғалым – кейінгі ұрпаққа өнеге болар тұлға.

        

Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ,

Қаржы министрлігі департамент директоры