Өнер • 13 Желтоқсан, 2022

Тақсай мен Үржар қазынасы

733 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тақсай ханшайымы» және «Үржар сәуегейі» ескерткіштерінің көрмесі ашылып, «Тарихи-мәдени мұра нысандарын қалпына келтіру және реконструкциялау» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Тақсай мен Үржар қазынасы

Белгілі суретші-реставратор Қырым Алтынбековтің 70 жыл­дығына арналған шара ая­сында ғалымдар еліміздің архео­ло­гия рес­та­вра­ция саласындағы озық же­тіс­тік­терді саралап, Қазақстан Су­­ретшілер академиясының пре­­зиденті Амандос Ақанаев, Мар­ғұлан атындағы Археология инс­титутының директоры Ақан Оңғар және Орталық мемлекеттік музейдің, «Таңбалы» қорық-му­зейінің, «Есік» музейінің, «Бе­рел» музейі ғалымдары маз­мұн­ды баяндамалар жасады.

Конференция қатысушылары Қырым Алтынбеков жаңартқан тарихи-мәдени жәдігерлер көр­месін тамашалады. Еліміздің ежелгі және ортағасырлық тарихынан сыр шертер археологиялық құнды жәдігерлерді «Қырым аралы» ғылыми зертханасы мамандары асқан шеберлікпен заманауи сипатта көпшілік назарына ұсынып келеді.

1

Көркем-тарихи жәдігерлердің арасынан «Тақсай ханшайымы» мен «Үржар сәуегейі» ерекше көзге түседі. 2012-2013 жылдары Орал қаласынан он бес шақырым жерде Тақсайдан табылған қо­рымнан ханшайыммен бірге көптеген жәдігер аршылып алынып, отандық археологиядағы тың жаңалық әрі маңызды экспозиция ретінде мәлім болғаны белгілі. Біздің заманымызға дейін IV-III ғасырларда өмір сүрген «Үржарлық сәуегей әйел» 2013 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы аумағында археолог Тимур Смағұловтың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылып, «Қырым аралы» мамандары сәуегей әйелдің сырт киімі мен бас киімін толықтай қалпына келтірген болатын. Әшекейлер ішінде сәукелеге ұқсас бас киім де ерекше назар аудартады. Ғалымдар алтын «мүйіз» ою-өрнекпен безендіріліп, бағалы тастармен көмкерілген құнды жәдігер ханшайымның бас киімі болған деген тұжырым айтады.

 

АЛМАТЫ