«Айлық көтерілсін!» деген ұранмен аттандаған қызметкерлер жалақының 20-30 пайызға емес, 100 пайызға өскенін қалайды. Өйткені инфляция мен азық-түлік бағасының шарықтауы әбден қажытқан. Адамнан басқаның бәрі қымбаттағаны шамына тиген жұмысшылар жақсы жұмыс істеу үшін жақсы жалақы талап етуден танбайтындарын айтады. Әлеуметтік теңсіздік әбден тентіреткен қызметкерлердің айтуынша, алатын сыйақы мөлшері 30 мың теңгеге де жетпеген екен. Соңғы үш жылда жалақы көтеру мәселесін айта-айта қажыған олар сөзімізді ешкім тыңдамады деп күйініп отыр. Амалдың жоқтығынан ереуілдеткен ел мәселе оңынан шешілсе дейді.
«Ақиқатын айтсақ, барар жер, басар тауымыз қалмағандай күй кешіп отырмыз. Тығырыққа тіреліп біттік. Қолымызға тиетін айлық 110 мың мен 140 мың теңгенің шамасында. Мұндай айлыққа қалай жан бағуға болады? Бізде бір ғана талап бар. Жалақымызды 100 пайызға көтерсін. Талабымызды түпкілікті орындамаса, жұмысты тоқтатуға мәжбүр боламыз. Жетер жерге жеттік ендігі», деді «Тараз локомотив жөндеу» депосының жұмысшысы Қайрат Есқараев күйініп.
Талап қойғандардың арасында жалақымыз 70 мың теңге деп ұрандатқандар да болған. Ал Қ.Есқараевтың айтуынша, 110 мыңнан басталатын көрінеді. Десе де әркім өз жалақысының мөлшерін айтып отырған секілді. Алайда қалай алып қарасақ та, ауыр жұмысқа жегілген қызметкерлердің табысы мардымсыз екені талас тудырмаса керек.
«Анығын айтсақ, шыдамның да шегі бар ғой. Біз жалақының көтерілгенін жылдың басынан бері сарыла күтіп жүрміз. Олар 7-10 пайыз қосылды дегенді алға тартады. Бірақ өзгерген түк жоқ. Бәрі бәз баяғы қалпында тұр», дейді «Тараз локомотив жөндеу» депосының жұмысшысы Данияр Өмірбаев ашынып.
Қызметкерлердің сөйлеу мәнерінен әбден ашынғандары айқын аңғарылады. Өн бойларын эмоция жаулап алғандай көрінеді. Басшылықпен бірге мәжіліс залына барған жұмысшылар жалақының жырынан бөлек арнайы берілетін киім мәселесі де таусылмай тұрғанын айтып, дабыл қақты. Жұмысшылардың талабына құлақ асты ма, әлде әуелден солай жоспарланған ба, кім білсін?! Әйтеуір, депо директоры еңбекақы алдағы жылы көтерілетінін тілге тиек етті. Алайда нақты қанша пайыз қосылатыны әзірге беймәлім. Өйткені бұл мәселені акционерлер ақылдасып шешетін көрінеді.
«Мен негізі мәселенің мәнісін қолдан келгенше түсіндіріп жатырмын. Мұнда 2-3 адам басқарып, жағдайды ушықтырмаса жарар еді. Алдағы күндері елордадан комиссия келеді. Сол кезде жұмысшылардың барлығын жинап, жағдайды қалыпқа келтіріп, бәрін реттейтін боламыз», дейді «Қамқор локомотив» ЖШС филиалы «Тараз локомотив жөндеу депосының» директоры Ілияс Лесбаев даурыққан дауға қашан нақты нүкте қойылуы мүмкін екенін тұспалдап.
Деподан шыққан дау жергілікті атқарушы биліктің де назарын аударды. Олар жұмыс тобын құруға ниетті. Жыл аяғында қызметкерлерге он үшінші жалақы төленетінін де айтып қалды. Он үшінші жалақы төленгені жақсы ғой. Алайда қызметкерлердің жалақысы қанша пайызға өседі? Акционерлер қабылдаған шешім олардың көкейіне қона ма? Осы жағына да ден қойған абзал.
«2022 жылдың 13 желтоқсанында әлеуметтік желіде «Қамқор локомотив» ЖШС Тараз локомотив жөндеу депосы қызметкерлерінің қатысуымен бейнежазба жарияланды. Жиналған жұмысшылар сыйақы төлеу және жалақыны 100 пайызға көтеру талаптарын алға тартқан.
Серіктестік басшысы И.Н.Лесбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қ.Исмаил, қала прокурорының орынбасары Д.Асқар, көлік прокуратурасының орынбасары Н.Жураев қызметкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі таңда жағдай тұрақты. Қатысушылар өз жұмыс орындарына тарады. «Қамқор локомотив» ЖШС Тараз локомотив жөндеу депосының жұмысы қалыпты деңгейде жалғасуда.
Аталған мәселе бойынша жұмыс тобы құрылып, оның құрамына «Қамқор локомотив» ЖШС бас директорының орынбасары А.Нүсіпқұлов, кәсіподақ және ЖШС-ның басқа да қызметтерінің өкілдері енді.
ЖШС құрылтайшылары Тәуелсіздік күніне орай ЖШС қызметкерлеріне сыйақы (айлық жалақы мөлшерінде) төленетінін жеткізді. Ал жалақыны көтеру мәселесі жақын арада жұмыс тобының отырысында ұжым мүшелерінің қатысуымен талқыланады», делінген жергілікті атқарушы биліктің ресми жауабында.
Қалай болған күнде де жұмысшылар жалақының аз ғана мөлшерде көтерілгенін құп көрмейтін секілді. Оны олардың «Жалақымыз 100 пайызға көтерілсін» деген талаптарынан айқын аңғардық. Мәселені майшаммен қарайтын азаматтар қызметкерлердің талабын толық орындай ма? Әлде мәмілеге келудің басқа бір жолын іздей ме?..
Айлықтың аздығын айтқан қызметкерлердің талабы орынды сияқты. Өйткені деподағы 500-ден астам жұмысшы жылына 600 электровозды жөндеп шығарады. Білген адамға бұл оңай жұмыс емес.
ТАРАЗ