Аймақтар • 06 Қаңтар, 2023

Қызылша алқабы екі есе ұлғаяды

397 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында қант қызылшасын өсіру жұмыстары соңғы бірнеше жылдың бедерінде жандана түсті. Қайбір жылдары тоқырап қалған тірліктің тамырына қан жүгірді. Шаруалар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау арқылы жұмыстың ширай түскенін жоққа шығармайды.

Қызылша алқабы екі есе ұлғаяды

Былтыр жергілікті шаруа қожа­лықтарының иелері 5,5 мың гектарға балтамыр отырғызған болатын. Бар­лық алқаптан 173,1 мың тонна тәт­ті түбір жиналды. 2021 жылмен салыс­тыр­ғ­анда өнім көлемі 45,8 мың тонна­ға артқан. Ал әр гектардан орташа есеппен 415,7 центнерден өнім алынған.

«Жалпы алғанда, Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау нәтижесінде биыл қант қызылшасы алқабын 10 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Сол межеге жетуді басты мақсат санап отырмыз. Бұдан бөлек өңірдің суармалы жерлерінің көлемі 179,2 мың гектарды құрайды. Оның 55,2 мың гектары тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтамасыз етілсе, 47 мың гек­тар алқап 30-40 па­йыз деңгейде қам­тылған (қалған 77 мың гектер жер тәлімдік алқап ретінде пайдаланылуда).

Халықаралық қаржы институттары арқылы 35 млрд теңге қаржы бөлініп (13,9 млрд теңге игерілді),  25 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді.

2022-2024 жылдары 306 су нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 55 мың гектар алқапты айналымға қосу көзделген. Биылдың өнімі үшін күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 10 725 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Жалпы, өңірде күзгі дала жұмыс­тарын қалыпты ырғақпен жүргізу­ге, қант қызылшасы алқабын ұлғай­туға айрықша назар аударылып отырға­нын айта кеткен жөн», деді өңір басшы­сының орынбасары Қанатбек Мәдібек.

Қант қызылшасын егуді кәсібіне айналдырған шаруалар да жұмыс қарқынын үдете түсуге ниетті секілді.

«Қант қызылшасын өсіру – шаруа­лар үшін өте пайдалы әрі табысты іс. Неғұрлым ерте ексең, өнім со­ғұр­лым мол болады. Бұл дақыл түрі 5 градус суыққа дейін төзімді. Оның үстіне қант қызылшасын өсірушілерге мем­­ле­кеттен жан-жақты қолдау көр­сетіледі. Былтыр 900 гектарға бал­та­мыр егіп, әр гектарынан 600 цент­нерден өнім алдық. Биыл егіс көле­мін ұлғайтуды көздеп отырған жа­йы­мыз бар», деді «Қызылша жер» ЖШС бас директоры Амангелді Аяғанов.

Деректерге сүйенсек, облыс бо­йынша жиналған өнімнің 117,1 мың тоннасы қант зауытына өткізіліп, одан 11,1 мың тонна қант өндірілді.

2022 жылы қант қызылшасына берілетін қолдау көлемі тоннасына 30 мың теңгені құраса, оның 15 мың теңгесі қант зауытынан, қалған 15 мың теңгесі мемлекет тарапынан төленді. 80 шаруашылыққа 1 504,3 млн теңге субсидия берілді. Ал 2023 жылы қант қызылшасына берілетін мемлекет­тік қолдау 40 мың теңгеге жетеді. Яғни қант зауыттары төлейтін сома – 15 мың теңге, мемлекеттің қолдау қаржысы 25 мың теңгені құрайды.

Шаруа қожалықтарының жетекші­лері әр гектардан 800 центнерге дейін өнім алатын жаңа технологияларды қолданса, қант зауыттары жұмысты дұрыс ұйымдастырып отырған барлық шаруаның 65-70 пайызын тұқыммен қамтамасыз етеді. Қант қызылша­сы алқабының көлемін арттыру­дың маңызы зор. Бұл өңірді шикізат­пен толық қамтуға мол мүмкіндік береді. Өз кезегінде шет мемлекеттерге тәуелділікті жоюға да сеп болмақ.

 

Жамбыл облысы