11 Маусым, 2014

Су стратегиялық ресурс

1821 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Жақыпбай ДОСТАЙ---суретті тусірген АйтжанБілім және ғылым министрлігіне қарасты География институты cу мәселелері бөлімінің меңгерушісі, география ғылымдарының докторы, профессор, гидролог-инженер Жақыпбай ДОСТАЙМЕН әңгіме.

Су пайдалану үдерісі 10-12 пайызға өсіп отырады

– Жақыпбай аға, «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясында ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қа­терінің бірі ретінде «судың тым тапшылығы» мәселесі аталғаны белгілі. Стратегияда әлемдік су ресурстары қатты қысым көріп отырғаны, соңғы 60 жылда Жер шарында ауызсуды пайдалану 8 есе өскені, осы жүзжылдықтың ортасына қарай көп елдің суды сырттан алдыруға мәжбүр болатыны жайлы айтылған болатын. Күрделену бағытына қарай бет алған бұл мәселе төңірегінде сіз не дейсіз? – Келешекте, яғни әрбір он жылда «шартты сценарий» бойынша әлемдік су пайдалану үдерісі 10-12 пайызға өсіп отырады да, 2025-2030 жылдарға қарай 1995 жылмен салыстырғанда, 1,4 есеге артады. Ал Қазақстанда су ресурстары 2030 жылға қарай қазіргі 91,3 текше шақырыммен салыстырғанда 21 пайызға азайып, 72,4 текше шақырымды құрайды. Азаю үдерісі, негізінен трансшекаралық өзендер есебінен болады, яғни көршілес елдерден келетін су көлемі 60 пайыздан астам мөлшерге кемиді. Себебі, бүгінгі таңда көршілер өздерінің экономика салаларын дамыту үшін су ресурстарын пайдалануды арттырып келеді.  – Әрине, су – шектеулі ресурс. Ал, шек­теулі дүниенің көзін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себеп­терінің ошағы ретінде қаралып, қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналуда. Мұндай жағдайда елдің ұстанатын саясаты қандай болуы керек? – Мемлекеттік саясат та­ра­зыланған болуы тиіс. Әлемдік тәжірибеде қабылданған қағи­даларды басшылыққа ала отырып, Қазақстанға тиесілі су ре­сурс­тарының лимитін белгілеп алуымыз керек. Бұл жөнінде Ертіс, Іле секіл­ді ірі өзендеріміздің суын бөлі­су жөнінде Қытай Халық Рес­публикасымен әлі күнге дейін келісім жасалған жоқ. Бұл көршіміз ешбір халықаралық құжатқа қол қойған емес. Ал Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сияқты өзге көршілерімізбен 1983 жылы Мәскеуде бекітілген шартымыз бар екені рас. Алайда, бұл елдер шартты орындамай қоя салатыны да рас. Қалай дегенмен де, су мәселесі қазіргі күні және жақын болашақта өткір геосаяси мәселеге айналатыны анық. – Президент өзінің бір сөзінде бұл проб­леманың геосаяси астары жоқ еместігіне назар аударып, аталған мәселенің күрделілігіне қарамастан, оны саясиландыруға жол бермеу қажеттігін атап өткен еді. Қазіргі таң­да еліміз транс­шекаралық өзендердің су ре­сурс­тарын пайдалануда тағы қандай мә­се­лелермен бетпе-бет келіп отыр? – Қазіргі таңда трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда мынадай мәселелер бар. Мәселен, Сырдария, Шу-Талас өзендері бойынша уақытша, 1983 жылы Мәскеуде қабылданған құжатқа сәйкес келісім болғанымен, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының суармалы егіс танаптарына қажет кезінде көршілер суды бермей қояды. Ал «су ішпеген» егістіктер, тиісінше, күйіп кететіні белгілі. Екіншіден, Тоқтоғұл сияқты жоғарыда орналасқан бөгендерден қыстың көзі қырауда электр қуа­тын алу мақсатында төпелеп су жі­беретін кездер де болып тұрады. Ал бүгінде батыстағы Қараөзен мен Сарыөзеннің суын ресейліктер бізге сатып беріп отыр. Міне, осындай мәселелерді айта берсең, тізбектеліп кете береді. агын су-2

Бізге келетін су мөлшері кеміп, сапасы төмендей бастады...

 – Қазақстан географиялық жағдайына байланысты барлық ірі өзендердің төменгі сағасында орналасқан. Демек, еліміздегі су ресурстарының жетіспеуін, ең алдымен, осы трансшекаралық өзендер ағыстарының азаюымен байланыстыра қараймыз. Қара Ертіс, Іле өзендеріне қатысты орын алып отырған, болашақта болуы мүмкін күрделі проблемалар жөнінде не айтасыз? – Еліміздегі өзендердің түгелге жуығы (Ертіс, Еміл, Іле, Шу, Талас, Сырдария, Жайық, Тобыл) шетелдерде басталып, су ресурстарының жартысына жуығы елімізден тысқарыда қалыптасады. Әртүрлі есептеулер бойынша, біздегі 100-ден аса текше шақырым судың 50 пайызы шетелдерден келеді екен. Ал олардың жыл сайын халқының саны да, экономикасы да өсіп келеді. 2030–2050 жылдары судың бағасы алтын мен мұнайдан да қымбат болады деген болжам бар. Мәселен, көрші елдерде экономикасын дамыту мақсатында су ресурстарын қарқынды пайдалану іске асырылуда, демек, болашақта бұл үдерістің арта түсуі де заңды нәрсе. Алайда, осыған байланысты бізге келетін су мөлшері де, сәйкесінше кеми түсуде. Бұған қоса, бізге келетін судың сапасы да төмендей бастады. Қара Ертіс пен Ілеге келетін болсақ, Балқаш, Жайсаң немесе Бұқтырма су қоймаларының апаттық жағдайға душар болулары әбден мүмкін. – Қазақстан ғалымдары тағы бір эко­логиялық апат қаупі жө­нінде болжам жасап келеді. Ол – Балқаш көлінің құрғап кету қаупі. Бұл көлдің бүгінгі экологиялық жағ­­дайы және болашағы турасын­да қандай болжам жасар едіңіз? Мамандар айтып отырған бол­жамдар біздің География инс­титутының 1980 – 2000 жылдар аралығында жүр­гіз­ген зерттеулеріне негіз­делген. Бұл мәселені біздің институт ғалымдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің гидрометеорология кафедрасының ғалымдарымен бірлесе зерттеу­де. 1979-1989 жылдарғы зерттеудің бірінші кезеңінің нәтижелері бойынша кезінде КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен бірқатар шаралар жасалып, нәтижесінде Балқаш көлінің деңгейі апаттық деңгейден (340,5 мБЖ) 1,5 м.-ге көтеріліп, 342,5 м.-ге жеткізілді. Бүгінгі күні көлдің деңгейі 342,0 метр абсолюттік белгіден төмен түскен жоқ. Әрине, климаттың ылғалдылық жағдайы тербеліп тұратыны белгілі, соған байланысты көлдің деңгейі де біресе көтеріліп, біресе төмендеп тұрады. Бұл жағдайға енді Қытайдың қарқынды түрде жүргізіп отырған су шаруашылық саясаты да үлкен әсер етпей қоймасы анық. Егер, Қытай жағы суды алуды үдеткенін қоймай, су бөлісу келісіміне қол қоймаса, онда Балқаш көлінің бірнеше көлшіктерге бөлініп кету қаупі бар. Балқаш көлінің су теңдестігінің 80 пайызға жуығын Іле өзені құрайды, ал қалған бөлігі Қаратал, Лепсі, Ақсу, Аягөз өзендерінің үлесіне тиесілі. Бәлкім, сол Іле өзені бойынша көршімізбен белгілі бір келісімге келеміз ғой деген үміт те жоқ емес.

Су құбырлары желісінің ескіру деңгейі – 70 пайыз

– Сіз қызмет ететін География инсти­тутының негізі қай жылы қаланды, құ­рыл­ған күннен бері су мәселесі бойынша қан­дай жұ­мыстар атқарып келеді? – География институты география секторы ретінде Қазақ КСР Ғылым академиясының құрамында ең алғашқылардың бірі болып, 1938 жылы құрылған. Алғашқы жылдары институттың зерттеулері елтану сипатында болса, соғыстан кейінгі кезеңде мұздықтану, физикалық география, әлеуметтік және экономикалық география бағыттарында дамыды. Ал 1985 жылы География институты болып құрылғаннан бастап гидрология, су ресурстарының мәселелері ең негізгі зерттеу нысандарына айналды. Осы жылдар аралығында институт мамандары Арал, Балқаш, Алакөл, Каспий алаптарының гидроэкологиялық мәселелерімен тұрақты түрде айналысып келеді. Көп жоба іске асырылды. Астана қаласын сумен қамту мәселесі де әрдайым назарымызда. Әсіресе, Қазақстан – Қытай арасындағы су бөлісу жұмысымен түпкілікті айналысып келеміз. Мәселен, екі ел арасындағы келісімнің негізіне институттың зерттеулері алынған. Сондай-ақ, әлемдегі және Орталық Азиядағы су мәселелерінің шиеленісуі мен еліміз үшін су ресурстарының аса маңыз­дылығын есепке ала отырып, География институты Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қолдауымен 2009-2011 жылдары «Антропогендік және климаттық өзгерістерге байланысты Қазақстандағы табиғи су ресурс­тарын бағалау және пайдаланылуын болжау» тақырыбы бойынша арнайы ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асырды. – Сапалы ауыз сумен қам­та­масыз ету – Қазақстан үшін өткір проблема. Кей өңірлерге әлі күнге дейін сапалы ауыз су жетіспейді. Бүгінде еліміздің, әсіресе, қай өңірлері судың зардабын көп тартып отыр? – Қазіргі таңда судың зардабын тартып отырған өңірлер – Орталық Қазақстан, Ақмола облысының солтүстігі, Жамбыл, Ақтөбе, Қы­зыл­орда және Атырау облыстары. Ал Астана қаласын сумен қамтамасыз ету – күн тәртібінен түскен емес... – Бүгінгі күнге дейін ауыз су проблемасын жүйелеу мақ­са­тын­да бағдарламалар әзірленді, дегенмен, олар мә­селені толықтай шешіп бере алмай отырған секілді. Бағдар­ламалардың кейбірінің орындалу нәти­желеріне жан-жақ­ты талдау жүргізу барысында бірқатар кемшіліктердің жібе­рілгені анықталғанын да білеміз. Олардың дұрыс жүзеге асырылуы үшін қандай іс-шаралар атқарылуы керек еді? – Мен 2012 жылы бұл мәселенің кейбір кемшіліктері туралы «Водные ресурсы» журналына мақала жазған едім. Онда су құбырларын жобалауда, салуда кездесетін олқылықтар айтылған. Біріншіден, су құбырлары салынатын жерлер жекеменшікке беріліп кеткендіктен, ол жерлерді қайтару өте қымбатқа түседі, ал екіншіден, ол жобаларды сараптамадан өткізу ресімдері мемлекеттік сараптамадан өзге басқа да мекемелер арқылы іске асырылуына байланысты өте ұзаққа созылып, барлық белгіленген мерзімдер жолда қалады. Үшіншіден, бұл мәселені аяғына дейін жеткізуі тиіс көп «орындаушылар» бөлінген қаржыны желге ұшыруда. Мысалы, бір ауылда су құбырлары әр үйге тартылып, дайын болса да, сол құбырға жеткізілетін су көзі жоқ!  – Ауыз суды даярлау үшін, яғни жерасты және жерүсті суларын алу үшін салынған су құбырлары мен ғимараттардың сапасы жөнінде не айтасыз? – Қазақстанда халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі айтарлықтай өткір жағдайда. Ауыз су даярлау үшін салынған су құбырлары мен ғимараттардың көпшілігі бұдан 25-30 жыл бұрын іске қосылған немесе күрделі жөн­деуден өткен. Жерасты және жерүсті суларын алу үшін салынған су құбырлары шаруашылықтары әдетте зарарсыздандыруға қажет­ті ғимараттар кешендерімен қам­тыл­маған, көптеген су алу орындарында санитарлық қорғау аймағының режімі сақталмайды. Еліміздегі су құбырлары желісінің ескіру деңгейі 70 пайызға жеткен. Бұл ескіру деңгейі пайыздық өлшеммен алғанда, жыл сайын үздіксіз артып келеді, соған байланысты апатты жағдайлар көбейіп, соның салдарынан жеткізілген судың сапасы төмендеп, ластану дәрежесі өсуде. «Қазгидромет» РМК эколо­гия­лық мониторинг қызметі бақы­лау­ларына сәйкес, өзендер елді мекендер арқылы ағып өткеннен кейін, қатты ластанып шығады. Келешекте елді мекендер аумағынан келіп түсетін ластаушы заттар, әсіресе, шағын және орта кәсіпорындар тара­пынан табиғатты қорғау заңна­малары көптеп бұзылатын, су қорғау аймақтары мен белдеу­лер тазалығы сақталмайтын ірі қалаларда артады деп болжам жасалуда.

Жерасты сулары – стратегиялық қор

– Өзен алқаптарындағы ша­руа­шылық әрекеттер, климаттың жаһандық өзгеруі су ресурстарына қаншалықты әсер етеді? – Өзен алаптарындағы шаруа­шылық әрекеттер мен климаттың жаһандық өзгеруінің әсері су ресурстарының қалыптасу жағдайы­на ықпал ететіні шындық. Қазақстан жағдайына келетін болсақ, біздің елімізде қалыптасатын өзендер, су ресурстары климаттың есебінен өзгеріп, бүгінгі күнге дейін орташа есеппен 8-10 пайызға, яғни 4,4 текше шақырымға азайса, трансшекаралық ағынды сулар 4,5 текше шақырымға кеміген. Ал шаруашылық әрекеттер жалпы су ресурстарын 20-25 пайызға азайтты. Соның әсерінен ол шамамен 24 текше шақырымға кеміді. 2020-2030 жылдарда еліміздің су ресурстары шаруашылық әре­кеттер есебінен 20-30 текше шақы­рымға кеміп, 72-82 текше шақы­рымды құрмақ. Табиғатқа қажетті экологиялық ағындының көлемі 60-65 текше шақырым болса, 2020 жыл­дарға қарай экономикаға 28,5 текше шақырым, яғни жылына 90-95 текше шақырым су қажет бо­ла­ды екен. Ал бізде ол кезде су ресурс­­тары­ның көлемі 82-72 текше шақы­­рымды құрауы мүмкін, яғни бұл – су тапшылығының мөлшері 1020 тек­ше шақырым болуы мүмкін деген сөз. Еліміздің осы өзен ағындысы соңғы 40-50 жылда шаруашылық әрекеттер есебінен жылына 23,8 текше шақырымға, яғни 21%-ға кеміген. Оның 15,9 текше шақырымы(26%) трансшекаралық ағынды болса, ал 7,9 текше шақырымы(14%) – өзіміздің ішкі суларымыз. Шаруашылық әрекеттердің есебінен болған кему (47%) Арал-Сырдария су шаруашылық алабында байқалса, ең азы – Нұра–Сарысу және Ертіс алаптарында 8%-ға кеміген. – Бүгінде еліміздегі су ресурс­тарының қанша бөлігін жерүсті және жерасты сулары құрайды? – Біздің институттың зерттеу­лерінің нәтижесі бойынша Қазақ­стандағы 1974-2010 жылдар аралы­ғында байқалған жерүсті суларының жиынтық ресурсы (тұрмыстық ағынды) жылына 91,3 текше ша­қырымға тең болды, оның 44,3 текше шақырымы шекаралас елдерден келсе, 47,0 текше шақырымы – елімізде қалыптасқан өзен сулары. Минералдылығы 1,0 г/л дейін болатын жер­асты су ресурстарына ең бай аумақ Балқаш-Алакөл (15,51 км3/жыл) және Ертіс (8,52 км3/жыл) алаптары, минералды суға «ең кедейі» – Тобыл-Торғай (0,94 км3/жыл) мен Есіл (0,80 км3/жыл) алап­тары. Жерасты суларының пайда­лануға болатын қорының 88 пайызын (13,52 км3) тұщы сулар құрайды.  – Су ресурстарының елдің экономика салаларында пайдаланылуы жөнінде не айтасыз? – Елдің су шаруашылығының құрылымында су тұтынушы және су пайдаланушы салалар бар. Біріншісі – өзен ағындысын гидрографиялық желіден алып кетіп, пайдаланады. Оларға суармалы егіншілік, коммуналдық-тұрмыстық, өндірістік және ауылшаруашылық сумен қамту жатады. Ал су пайдаланушылар өз әрекетін су нысанының (өзен желісінде) шегінде іске асырады. Оларға гидроэнергетика, балық шаруашылығы, су көлігі жатады. Су ресурстарының ең көп бөлігі (70-75%) суармалы егіншілікке жұм­салса, 25-30 пайызы коммуналдық-тұр­мыстық және өндірістік сумен қамтуға жұмсалады екен. Жерас­ты сулары пайдаланылатын су ре­сурстарының 5-10 пайызын ғана құ­райды. Сондықтан, жерасты сулары стра­тегиялық қор ретінде сақталуы тиіс.

Халықты экологиялық сауаттылыққа үндеп, «тәрбиелеуіміз» керек

– Өндіріс көлемінің өсуі су ре­сурс­тарының азаюына қанша­лықты деңгейде әсер етуі мүмкін? – Қазақстандағы өндірістің келешектегі күтілетін қарқынды өсуін су ресурстарын пайдаланудың қарқындылығын арттыру арқылы іске асыру қажет. Ол үшін алынатын (белгіленген) лимиттік судың көлемі төмендегідей болады: жалпы су көлемі жылына 23,3 текше шақырым, оның 15,3 текше шақы­рымы – қайтарылмайтын су тұ­тыну, 8,0 текше шақырымы – қай­тарылатын су. Ал жылына бұлар­дың 15,4 текше шақырымы – ауыл шаруашылығына, 4,0 текше ша­қырымы – өндіріске, 2,2 текше шақырымы – коммуналдық шаруа­шылыққа, 1,8 текше шақырымы өзге де салаларға жұмсалады. Бұған қоса, су алудың келешек лимитін жылына 19,8 текше шақырымды құрайтын жер үсті сулары есебінен, 1,5 текше шақырым жер асты сулары есебінен, 1,1 текше шақырым теңіз сулары есебінен, 0,9 текше шақырым өзге де су көздері есебінен қамтамасыз ету жоспарланған. Жалпы алғанда, трансшекаралық өзен ағыстарының азаюына және экономиканың өнеркәсіптік салаларында су пайдаланудың артуына байланысты суаруға жұмсалатын су ресурстары 2015 жылға қарай сәйкесінше, 8,93 – 12,44 текше шақырымға төмендейді, ал 2020 жылға қарай ол 8,12 – 11,47 текше шақырымға, 2030 жылға қарай 7,34 – 10,61 текше шақырымға кемиді. – Қазақстан – ауыл шаруа­шы­лығы саласында суармалы егіншілігі жетекші рөл атқара­тын елдердің бірі. Жалпы, еліміз­дегі суармалы егіншілік ауыл шаруа­шы­лығы саласының қанша бөлігін қамтиды? – Кезінде шамамен 2,3 млн. гектар немесе жыртылатын жердің 5 пайызын құрайтын суармалы танаптардан республика барлық ауылшаруашылық өнімінің 30 пайызын алатын. 2000 жылдың басынан есептегенде ирригациялық-дайындалған суармалы жерлердің мөлшері 2,3 млн. гектар шамасында болды. Қазіргі кезде шамамен 1,4 млн. га. жер суарылып, оның 1,3 млн. гектары, яғни 90 пайызы оңтүстік өңірде орналасқан. Ал пайдаланылмайтын суармалы жерлердің ауданы еліміз бойынша 0,89 млн. га. немесе жалпы суармалы жерлердің 38 пайызын құрайды. Арнайы жүргізілген зерттеулер жоғалған, яғни пайдаланылмай қалған 1,0 млн. га. суармалы жер республика экономикасына алынбаған ауылшаруашылық өнімдерінің есебінен жылына 700,0 млрд. теңгеден астам шығын әкелетінін көрсетті. Қазақстанда 2030 жылға қарай су үнемдеу режімінде 2,0 млн. гектарға дейін суармалы жерді пайдалануға болады. Ол жерлерден жыл сайын 3,2-3,6 млрд. долларға бағаланатын өнім алуға да мүмкіндік бар. Бұл – қазіргі кездегі суармалы жерлерден алынатын өнімнен 2,6 есе артық деген сөз. Егер, еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарында суармалы егіншілік ауылдық өнеркәсіптің базистік негізі ретінде дамитын болса, солтүстік және батыс аймақтарда жекелеген суармалы массивтер көкөніс-картоп және ет-сүт өндірісінің өнеркәсіптік орталықтары мен қалалар маңында мелиоративтік негізді құру үшін жұмыс істеуі тиіс. Қазақстан үшін таза тұшы су – маңызды стра­те­гиялық ресурс. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».