Мақсаттың бар мақсаты – ұлттық сусынмыз саналатын қымызды брендке айналдыру. Бүгінде ол қымызды заманауи технологиямен өндіру жұмыстарын қолға алған. Қысқасы, пластик ыдысқа құйылған қымыз ұзақ уақыт бойы сақталады. Осыны ескерген ол қымыз өндірісін модернизациялап, сусынды бір литрлік пластик ыдысқа толтыру үшін арнайы цех ашқан.
«Әуелде төрт бас сауын бие алып, желіге байлаған болатынмын. Тағат таппай еңбектенудің нәтижесінде өңір тұрғындарын экологиялық тұрғыдан таза әрі ұлттық сусынымызбен қамтудың жолын таптық. Қасымдағы азаматтардың қолдауының арқасында бие санын он екіге жеткізген едік. Осылайша, өнім көлемін ұлғайттық. Тиісінше табысымыз да арта түсті.
Әлбетте, бастаған істі соңына дейін жеткізу қажет екенін сезінеміз. Сол үшін де ауылымыздағы Жауғаш батыр көшесінде орналасқан жер телімімізге қоражай салдық. Басқа да жұмыстарды атқардық. Ала таңнан мал жайғаудың, тәулігіне әлденеше рет бие сауудың машақатын дәл осы іспен айналысып жүрген азаматтар бес саусағындай жақсы біледі. Біз бейнеттің зейнетін көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Әр адам өз ісіне мұқият болса, табысты болатынына ешқандай күмәніміз жоқ», деді Мақсат Әлімсейітов.
Бал қымызын өңір көлемінде ғана емес, алматылықтарға да өткеріп жүрген Мақсат Әлімсейітов ұлттық сусынның сыртындағы жапсырмаға үлкен ұлы Ақнұрдың есімін жазып, «Aqnur» деген атау қойып үлгеріпті. Мұнысын ол бизнесінің дамуына бар ынтасымен көмектесіп жүрген үлкен ұлына деген құрметі деп есептейді.
Бір қуантатыны, ұлттық сусын арқылы табыс тауып отырған азаматтың тауары Алматы қаласындағы дүкендерде де сатылымға шыққаны. Алдағы уақытта өзге қалаларға да жөнелтілуі ықтимал. Жұмысын жаңадан бастаған Мақсат болашақта өнімінің ел бойынша өткізілетініне сенеді.
М.Әлімсейітовтің айтуынша, бие санын 150-ге жеткізу арқылы жаз мезгілінде тәулігіне – 400, қыс кезінде 300 литр қымызды нарыққа шығаруға ниетті. Әрине, мұның бәрі аз ғана жылдың ішінде атқарылған жұмыстың нәтижесі екені даусыз. Осылайша, 4 биемен бастаған кәсібінің өрісі жыл өткен сайын кеңейіп келеді.
«Мал шаруашылығын дамытып, ұлттық сусынымызды брендке айналдыру жолында аянып қалмаймын. Осылайша, елдің өркендеуіне тамшыдай болсын үлес қоссам деймін. Ең бастысы, табиғи өнім арқылы жұрттың алғысын алғым келеді», деді ол өз ойымен бөлісіп.
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы