Білім • 16 Қаңтар, 2023

Ұлт болмысын қалыптастырудың сара жолы

239 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш арыстарынан тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идея­ларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Біз біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деген болатын.

Ұлт болмысын қалыптастырудың сара жолы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Ұлт ұстазы мұрасына үңілген сайын, оның заманмен үндес қырлары ашыла түседі. Осы жолы да сөз еткелі отырған тақырыпты ешкім де өзекті емес дей алмас деп ойлаймын. Бұл Ақаңның ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы өнегесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біздің мақсат – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық рефор­ма­ларды және сананы жаңғырту үде­рі­сін жалғастырып, заман талабына бе­йім­делген ұлттың жаңа болмысын қа­лыптастыруымыз қажет» деген сөз­де­рі­нен туындаған заман талабы да түрткі болғанын айтып өткен абзал.

«Болмыс» ұғымына түсіндірме сөз­дік­те: «...тұла бой, тұтас кейіп» деген ша­ғын ғана анықтама беріліпті. Ал «ұлт­тық болмыс» деген тіркес қандай да бір ұлтқа тән болуға тиіс түпкі бел­гі­лерді, ерекшеліктерді қамтыса керек. Қазақ ұлтына тән басты ерекшеліктер – оның туған тілі, салт-дәстүрлері, қонақ­жай­лы­лық, бауырмалдық... Таратып айтар болсақ, ұлттық болмыс – ол сенің ана тіліңде сөйлеуің, кітап, газет-журнал оқуың, салт-дәстүрлерді ұстануың, қазақша ән, жаңалықтар тыңдауың, ұлт­тық намысты қорғауың, төл халқыңа тән құн­дылықтарды мақтан етуің, туған ел жетіс­тіктерін мақтан етіп, олқы­лық­та­ры­ның орнын толтыруға ұмтылуың, тіпті банкоматтан ақша алу алдында қазақ тілін таңдауың...

Десек те, ұлттық болмысты айқын­дай­­тын ең басты көрсеткіш – ана тілі, ана тілімен жеткізілетін ұлттық құнды­лық­тарға көзқарас. Иә, қазақы болмыс ал­дымен ана тілімен айқындалады. Неге десеңіз, ұлт өзінің төл тілімен ғана мәң­гілік жасайды. Бұл ретте А.Байтұр­сын­ұлының «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі... Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деген сөздері тілге оралады. Сәл өзгертіп айтар болсақ, ана тілі – адамның ұлттық белгісінің зоры.

Әр азамат үшін ұлттық болмыстың қалып­тасуы алдымен оның – өзін ұлт өкілі ретінде сезінуінен, ұлттың болаша­ғы әр азаматтың өзіне де тікелей байланысты екенін жүрегімен сезінуінен басталып, одан әрі елге қызмет етуді мұрат тұтып, осы жолда талмай іс-әре­кет жасай беруімен беки түседі. Ақаң мақсат етіп, діттей зерттеген, ты­ным­сыз ізденіс пен еңбек нәтижесінде, ұлт игілігіне айналған құндылықтар төл руханиятымыздың сарқылмас көзі іспеттес бүгінде. Олай болса, ұлт ұстазы қандай бағыттарда тер төгіп, қандай құндылықтарға жол ашқанын аз-кем саралап, сол арқылы оның ұлттық болмысты қалыптастырудағы еңбегі мен тағылымын тарқатып көрелік:

- балаға алдымен ана тілінде білім берілуін ұстануы;

- қазақ тіл білімінің ана тілімізде зерт­телуіне жол ашуы;

- ұлт тілінде «Қазақ» газетін ұйым­дас­тырып, қазақ халқының көкейкесті мәсе­ле­лерін көтеруі;

- ана тіліндегі оқулықтардың авторы, қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаушы;

- қазақ тіл білімі мен ұлттық әдебиет­та­ну ғылымының негізін салушы.

Осылардың бәрі, түптеп келгенде, А.Байтұрсынұлының ұлтқа қызмет етуі­нің айқын дәлелдері болып саналады. Ал ұлт­қа мінсіз қызмет етуге ұлттық болмы­сы қалыптасқан тұлға ғана пәрменді бол­мақ.

Қазіргі жаһандану үрдісінде қай ел болсын өзіндік бет-бейнесін айқындап, күш-қуатын, даму деңгейін ілгерілетуді көздейді. Сондықтан өркениет кө­шін­де алдыңғы шептен көрінуге, жаңа Қа­зақстан құруға ұмтылыс жасап жат­­қан қазіргі кезеңде ұлттық құн­ды­­лық­тарымыздың құлдырамай, заман талабына сай жаңғы­рып, жандануына атсалысу – ұлтымыздың ұлы мақ­сат­тарының бірі.

Бұл орайда, жоғарыда айтқанымыздай, Ақаңның өнегесіне жүгінген абзал. Неге десеңіз, қазақтың ұлттығын сақтауда Ахмет Байтұрсынұлындай еңбек сіңірген тұлға ел тарихында кемде-кем. Елге қызмет етудің озық үлгісін танытқан тау тұлға ұлт руханиятының алтын діңгегі – туған тілі деп санап, бұл тұрғыда зор еңбек сіңірді. Ол жас кезінен-ақ туған халқының құндылықтарына, білім-ғылымға қызығушылық танытып, осыған қатысты түрлі тақырыпты қаузап, жаза бастады. Болашақ ғалым­ның тырнақалды мақаласының «Қазақ­тың ырымдары мен мақалдары» деген тақырыппен 23 жасында жарық көруі де оның ұлт дүниесіне ерте жас­тан ден қоюының айғағы болса керек («Тургайская газета», 1895 жыл 24 қыр­күйек). Ұлтқа деген құрметі, сүйіс­пен­шілігі Ақаңның барлық іс-әрекетінен аңғарылып тұрды. Айталық, әдейі бұрмаланып, «қырғыз» аталып келген халқына төл атауын қай­таруды көздеген көсемсөзші өзі ашқан газеттің атын «Қазақ» деп қойды. Қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің іргетасын қа­лаған да А.Байтұрсынұлы.

Оның ана тіліне қатысты зерттеу­лерінің, ұстанымдары мен тұжырым­да­рының өміршеңдігі, қазіргі талаптармен үндестігі, мәңгілік мәнділігі уақыт озған сайын айқындала түсуде. Сондай-ақ қоғам қайраткері ретінде көтерген мәселелері баспасөз бетінде үздіксіз жарияланып тұрғаны, басы бәйгеге тігілсе де, ұлт мүддесі жолында тынымсыз күресіп өткені баршаға аян. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ұлттық болмыстың қалыптасуының, сақталуының түп қазығы – ана тілі. Ана тілінде оқытудың қажеттігін Ақаң «Әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы» деген сөзімен аңғартып, ол үшін не істеу керектігін: «...Мектептерімізді тәртіпке қою, қазақша оқуды халыққа тарату – өз міндетіміз», деп түйіндейді.

Ұлтжанды тұлға әйтсе де ана тілінде білім алуды бәрі бірдей қолдамайтынына да қынжылыс білдіріп, былайша жазады: «Қазақ тілі мен қазақ қарпімен оқыт деп отырған балалардың ата-анасы жоқ. Халықтың өз тілімен, өз қарпімен оқығанын хакімдер жақтамайтын болған соң, мұғалімдер өз беттерінен ана тілімен, ұлт қарпінен бастап оқытамыз дей қой­майды». Бұл мәселе қазіргі таңда да, өкінішке қарай, күн тәртібінен түсер емес. Балалардың қай мектепке баратынын шешетін негізінен, ата-аналар. Ал олардың көпшілігі өз балаларын ұлттық мектептерде оқытуға құлықсыз. Еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жылдан асса да, Ақаң айтқандай, қазақтар әлі күнге ана тілімен оқытамыз дей қоймайды! Ақаңның «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек» деген сөзі бар. Шынында да, ана тілінде оқытуды насихаттау тек жекелеген тұл­ғаларға, «Қазақ тілі» қоғамына ғана артып қоятын шаруа емес, ол тұтас ұлттың жұмысы. Демек бұл жұмысқа ұлт болып ұйыса, жұмыла кірісер болсақ, кәнеки.

А.Байтұрсынұлы алдымен қазақша сауат аштыруды мұрат тұтып, бұл жолда тұңғыш әліппе – «Оқу құралын» жазды, одан соң қазақ тілінің фонетикасы мен грамматикалық құрылымын, ана тілінің төл заңдылықтарын талдап, пән ретінде оқытып, үйретуді жолға қойды, сөйтіп, үш бөлімнен тұратын «Тіл құралды» дүниеге келтірді.

Ұлт ұстазының «...Қазақша дұрыстап хат жаза білуге 1-2-ақ жыл керек. Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолменен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын» деуінде үлкен мән жатыр. Сондай-ақ «Бастауыш мектеп» мақаласындағы: «...біздің ойымызша, бастауыш мектептер оқуы қазақ үшін 5 жылдық болуы керек. Әуелгі 3 жылда балалар кілең қазақша, соңғы екі жылда кілең орысша оқуы керек» деген сөздері бүгінде де өзекті, неге десеңіз, ұлттық болмыстың қалыптасуында ана тілінде толыққанды, тиянақты білім алудың маңызы зор.

Ақаңа дейін қазақ тілі мәселелері В.Радлов, П.Мелиоранский, Н.Ильмин­ский, В.Григорьев сынды ғалымдардың атса­лысуымен өзге тілде қолға алынса, А.Байтұрсынұлы ана тілі мәселелерін туған тілімізде зерттеді, қазақ тіл білімін қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірді. Ол ұлт тілінің табиғи қалпын, дыбыстық ерекшеліктерін сақтауды көздеді. Бұл бағыттағы алғашқы қадамын тіліміздің дыбыстық жүйесін зерттеуден, дыбысқа сәйкес әліппе жасаудан бастады. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы сауатты жазуға ерекше көңіл бөлді. Жазу ережелерінің та­ласты мәселелеріне қатысты жайттар­ды қайта қарап, дұрыс шешімге келу үшін 1924 жылы арнайы комиссия құрылғанда оның төрағасы болып А.Байтұрсынұлы сайланды.

Қазақта «Басқа бір тілді білу – басқадан бір бас биік тұру» деген мақал бар. Ұлт ұстазы бір тілмен шектелмей, өзге тілді білуді де қолдады, бұл турасындағы ойын былайша білдіреді: «Орысша оқу – орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда, қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе, орысша да білу қажет». Осы орайда ұлт ұстазы пікірінің білім саласындағы қазіргі реформалармен үндесетінін айтып өтпеске болмайды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, Президент Қ.Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан мына бір жолдарды келтірелік: «Біздің өскелең ұрпақ қазақ тілімен қатар, орыс тілін де еркін меңгеруі керек. Бұл – уақыт талабы. Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал».

Бұл айтылғандар толық болмаса да, жүзеге асырыла бастады: биылғы оқу жылынан бастап қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Орыс тілін 2-сыныптан, ағылшын тілін 3-сыныптан бастап оқытады. 1-сыныпта 3 тілді бірден меңгеру қиын. Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бас­тап ағылшын тілі оқытылады.

Ұлт ұстазы білім сапасы мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты екенін мына сөздерімен аңғартады: «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді. Тәртіп­пен жасалған оқу құралдарымен оқытуға тәртіппен оқыта білетін мұғалім керек». Өкінішке қарай, қазақ тілін оқыту жайы әлі күнге сынға ұшырап келеді. Бұл тура­­­сында салыстырмалы педагогиканың негізін салушы А.Құсайынов былай деп жазады: «Қазақ тілін оқыту теория­сы мен әдістемесі мамандығы бойынша көптеген диссертация қорғалды. Қазақ тілін оқыту әдіснамасын жасауға арналған бірде-бір жұмыс жоқ. Қазақ тілін лингвис­тика тұрғысынан оқыту, фонетиканы, орфографияны оқыту бо­йынша жұ­мыс өте аз. Қазақ тілін оқыту әдістері мен принциптері, тіл оқытуда жаңа құ­рал­дар­ды пайдалану жолдарын түзу, т.б. мәселелерге тиісті көңіл бөлін­бей ке­леді».

Мойындау керек, оқу орыс тілінде жүргізілетін білім ордаларында мем­ле­кет­тік тілді оқыту сапасы, осыған орай нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Бұған әлі күнге тілді үйрету әдісте­ме­сінің қауқарсыздығын, қазақ тілі оқу­лық­тарының күрделілігін алға тартамыз. Бірақ «мектептің жүрегі» саналып, «мектепке жан кіргізетін» басты тұлға – пән мұғалімінің әдіскерлік шебер­лігі, кәсіби әлеуеті шешуші рөл атқа­ратынын ескергіміз келмейтін сыңай­лы. Бұлай деуім негізсіз емес, менің әріп­тестерім арасында өзге ұлт балаларын қазақ тілінде түсініп сөйлеуге үйрете алып жүрген педагогтер бар, алайда олардың саны саусақпен санарлықтай ғана. «Қызықтырар ұстаз болса, қызық­пай­тын шәкірт болмас» демекші, пән мұғалімдеріне тілге қызықтыруда мақ­сат­кер­лік, әдістемелік шеберлік, озық тәжіри­бені игеру сынды қасиеттер же­тіс­пейді. Осы ретте, Ақаңдай данышпан арамызға оралар болса, тілді тиімді оқытудың озық әдістемесін жасап берер ме еді деген ой келеді. Себебі туған тіл мәселелеріне дендей еніп, мәңгілік маңызды мұра қалдырған ұлы тұлғаның қазақ тілін оқыту әдістемесі тарихында да қалдырған ізі іргелі десек, ірі айт­қандық емес.

Осылайша, ұлттық болмысын тіл мен әдебиеттану, тілді оқыту ілімінде кеңінен танытқан А.Байтұрсынұлының еңбегін ахметтанушы ғалымдар әділ бағалады. Айталық, филология ғылымдарының докторы Өмірхан Әбдиманұлы: «Ақаң атқарған ұшан-теңіз руханият істе­рі­нің ең зоры тұңғыш тілші-ғалым ре­тіндегі қазақ тіл білімін дамытуға қос­қан үлесі» деп жазса, ұлт ұстазын ұлық­таушы Райхан Имаханбет: «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін салушы теоретик ғалым» деп бағалады. Сөз жоқ, Ақаң ұлтқа қызмет етудің үздік үлгісін білім беру, тіл ғылымы мен әдебиеті салаларын қалыптастыруда барынша таныта білді. Демек әр азамат өз саласының білікті маманы атанып, жеке мақсат, тілектерін ұлт мүддесімен ұштастыра жүзеге асырар болса, елдік болмысымыз нығайып, беки түсері хақ.

 

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Білім беру ісінің үздігі

 

ҚОСТАНАЙ