Тарих • 17 Қаңтар, 2023

Сатира сайыпқыраны

536 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Кеңес заманында еліміздің бас ресми партиялық басылымы саналған «Социа­листік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдардағы оқырманына фельетоншы Сейділда Төлешовтің есімі жақсы таныс. Сол кездегі замандастарының айтуынша, күнделікті газетті қалт жібермейтін қауым Сейділданың мақаласын көрсе, оқып шыққанша асығатын болған. Газет қолдан-қолға көшіп, гу-гу әңгімеге арқау болып кете барады екен.

Сатира сайыпқыраны

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ол газет жанрларының бәріне дерлік қалам тартқан әмбебап журналист бо­ла тұрса да, осылардың ішінде оның есі­мін елге кеңінен мәлім еткен, артын­да мол мұра қалдырған өнері – фелье­тонистігі. 49 жасында өмірден озған фельетонист С.Төлешов өмір құбы­лыс­тарына нағыз сыншы көзімен қа­рап, кемшіліктерді әзіл-әжуамен жеріне жеткізе сынап-мінеді.

Секең фельетондарын қызықты оқи­ға­ларға құрып, кейіпкеріне кәсібіне сай кескін-түр беріп, мінез-құлқы мен әдет-дағдысының да орайын келтіріп отырған. Әр көрініс пен оқиғаға әжуа, мысқыл, шымшымалы, шаншымалы тіл безеп, кейіпкерінен оқырманды ерік­сіз жирендірген. Оқиғасы мен баян­далуы үйіріп әкететін деректі фельетон­дары көркем шығарма деңгейіне кө­теріліп, сатиралық прозаның Бейімбет Май­линнен кейінгі шын шебері екенін дәлелдеп кеткен қаламгер деу, артық айтқандық емес деп бағалайды оның шығармашылығын зерттеушілер.

Сейділда Рахметұлы Төлешов 1906 жылы қазіргі Қызылорда облысы ­Шие­лі ауданында дүниеге келген, аға­йын-туыстары осы ауданның Шеген Қода­­манов атындағы (бұрынғы «Төң­керіс») ауылында тұрады. 1955 жылы 15 сәуірде Алматыда қайтыс болған, қазір­гі Райымбек даңғылындағы орталық зи­рат­­қа жерленген. Қаламгер Сейділда Төле­­шов негізінен баспасөз бетінде сы­қақ­­шы-фельетоншы ретінде жақсы та­нылған.

Сейділда жетіжылдық мектептен ке­йін әуелі паровоз депосында жұ­мыс істейді. Осы кезде елгезек жас жаңа қоғам құру жаңалықтарын жер­гілікті газет­тер­ге жаза бастайды. Халық ша­руашылығы­­­ның күретамырындай теміржол саласы­нан жазған хабарларымен, мәселе көтер­ген шағын мақалаларымен, сындары­мен назарға ілігеді.

Сейділда бұдан әрі де білімін же­тіл­діруді көздеп, заң техникумына тү­седі. Оны бітірген соң біраз жыл заң орын­­дарында тергеуші болып қызмет атқарады. Заңгерлік қызметте жүріп те баспасөзге белсене қатысып, көрініп қалған Сейділда партиялық жолдамамен Коммунистік журналистика институтына оқуға түседі және оны алғашқы бітірушілер легінде болады. Осылайша, оның өмірі жаңа арнаға бұрылады.

С.Төлешов 1938 жылы жаңадан құ­рылған Жамбыл облысының Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық газетінде бірер жыл редактор қызметін атқарады. Бұдан кейін «Социалды Қазақстан» газетіне ауысады, редакцияда партия тұрмысы, насихат, әдебиет және сын бөлімдеріне меңгеруші болады. Өзі­нің талабы мен таланты, тәжірибесі мен та­бандылығы арқасында газеттің өткір­лігіне, партиялық журналистиканың қа­лып­тасуына мол үлес қосады.

Осындай қабілет-қарымымен та­ныл­­ған С.Төлешовті жоғары партия орны «Коммунист» (қазіргі «Ақиқат») жур­налының бас редакторы етіп таға­йындайды. Бүгінде «Ақиқат» деп аталатын тарихы бай журналдың тарихын зерттеушілер заман талабына қа­­рай басылымның атауы бірнеше рет өз­гер­генімен, елдік мүдде бағыт-бағ­­да­ры өзгермегенін баса айтады. Жур­­нал халық мұратына қызмет етіп ке­леді. Басылымның танымал болуы­на ұлт зиялыларының талайы атсалыс­ты. Жур­налдың бастауында болған, бас­шылық жасаған, еңбек сіңірген көр­некті қоғамшыл қайраткерлер Абдол­ла Асылбеков, Ерғали Алдоңғаров, Нә­зипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасовтардан кейін осында екі жыл жетекшілік еткен Сейділда Төлешовтің де есімі құрметпен аталады.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезін­де майданға алынып, Отан үшін шай­қас­тарға қатысады. Жеңіспен оралған соң С.Төлешов өмірінің соңына дейін қайтадан «Социалистік Қазақстан» газе­­­тінде қаламгерлік қызметін жалғас­ты­рады. Жазған мақалаларында мәселе көтеруінің өткірлігімен оқырмандар ықы­­ласына бөленеді. Сонымен қатар әде­биет сыны саласына да қалам тартады. 1945 жылы «Қазақ әдебиеті тари­хының» ауыз әдебиетіне арналған алғашқы томы шыққанда соған С.Төлешов сын мақала жазады. Бұл томда қазақ ауыз әдбиетінің негізі араб, парсы әдебиетінде жатыр, еліміз аралас, дініміз бір, тіліміз ұқсас, сондықтан көп мұра сол халықтардан ауыс­қан деген тұжырым берілген екен. Секең бұл теориялық пайым қате, кө­не­ден келе жатқан тарихы бар қазақ хал­қы өз әде­биетін тудыруға қабілетті деген қар­­сы да батыл пікірін орынды айтқан еді.

Соғыстан кейінгі жылдардағы публицистика мәселелерін зерттеуші ғалым Бауыржан Жақып қаламгер Сейділда Төлешовті соғысқа дейінгі және одан кейінгі кезеңде қазақ фельетонының түр, құрылым жағынан жетілуіне айрық­ша үлес қосқандардың бірі ретінде атап көрсетеді. Қаламгер өзінің жиырма бес жыл шығармашылық жолында 200-ден астам фельетон жариялаған екен. Республиканың орталық басылым­да­­рында оның ел ішіндегі тұрмыс-тір­­шілік­тің оралымсыз мәселелеріне ар­налған өткір фельетондары өзінің есі­мімен қатар С.Шынаров, Т.Күреңше, С.Атуаров деген бүркеншік аттармен де жиі жарияла­нып тұрған.

«Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланатын оның қызықты фелье­тондарын оқырмандар іздеп оқитын бол­ған. Алматы облысының Жамбыл ауданы Таран атындағы ауылшаруашылық артелінің бір топ колхозшысы «Социа­листік Қазақстан» газетінің редакциясына былай деп хат жазыпты: «С. Шынаров деген фамилиямен жазылатын фельетондарды үзбей, сүйіп оқып отырамыз. Осы Шынаров фельетондары бізге нағыз шындықты айтатын фельетон…». Бұл – оның фельетондарының тәрбиелік мән-маңызы зор, ықпалды болғанын, халық­­қа ұнағанын көрсетеді.

С.Төлешов фельетондарының тар­тым­дылығы тақырыбынан басталады. Фелье­тонға елең еткізер тақырып қою­дың өзі шеберлік. «Тұрпайы мен сы­пайы», «Алпыс апа, жетпіс жезде», «Кеу­десі Кегенде, басы Шелекте», «Сырдың сырдаңдары», «Алакөлдегі алаяқтар» деген тақырыптардың өзі-ақ оқырманды оқуға тартып тұр емес пе. Біраз фелье­тонының бас тақырыптары мақал-мәтел­дерден, нақыл сөздерден тұрады. «Бөрі азығы жолда», «Тоқсанымыз жиылып, тоқты жыққан батырмыз», «Қолынан келеді, қонышынан басады», «Аңқау елге – арамза молда», «Түймедейден түйедей», «Сырты – бүтін, іші – түтін», «Берсе қолынан, бермесе жолынан», «Жыртық ерінге – кетік тостаған» деген тақырыптар қалайша оқырманды фельетонды жібермей оқуға жетелемесін!

С.Төлешовтің кейбір фельетонда­рын­да сыналған келеңсіз жайттар тіп­ті бү­гінгі өмірімізден де кездесіп жатса, таң­данбайсыз. Мәселен, «Жазады-ақ емес пе!» деген фельетонында қазақ тілін­де жазылатын көрнекі жазулардағы қа­те­лерді тізіп шыққанда еріксіз езу тар­тасыз. Автор былай баяндайды: «Көше­лердің адрестері әр қалада әртүрлі болып жазылатыны несі?

Семейде: «көшесі Гоголь», «көше­сі Потанин», «көшесі Абай», яғни кері­­сін­ше. Алматыда: «Пушкин көш», «Абай көш», «М. Горький көш», «Гоголь көш». Қостанайда ше? Онда «Геология», ­«Тол­с­­това» деген көшелер бар», деп бас­тайды да фактілерді әрі қарай өр­бі­те түседі. Алматыда «Пушкин көш­ке» тү­сіп жоғары өрлей отырып, талай қазақ­ша сорақы жазуларды көреді. «ЖӨКҚ Қазөндіріс құрылыс тресі­нің құрылысшылар клубы», «Жетісу» артель еркек, әйел сұртқы киімдерін тыкуқе алады», «Қызыл қарып-касер» артелі дүкені», «Горторг», «Нарком тамақ пром» деген жазулардан көз сүрінеді екен. Автор трамвайға мінеді, онда «Қа­зақ жұны», «Қазақ терісі», «Қазақ еті», «Бас өсімдік және тоңмай мен сарымай» деген мекемелер өкілдерімен кездесіп қалады. Трамвай ішінде «Оринге отырмас бұрін, кондоктірдің колин байламай өшек ақша төле» деген нұсқау да тұр. Фельетон оқиғасы осылай өріс­тей отырып, авторды қалалық кеңес­ке алып келеді. Әлгіндей шұбырған өрескел қателіктерге жол бермеуге тиіс әкім­шіліке барса, оның кеңсе үйі маңдай­шасында да «Қалалық кеңесі. ЖҚКӨҚ» деп жазылып тұр екен...

С.Төлешов өзінің әр фельетонына деректі осылай өмірдің өзінен алады. Зерттеушілер оның фельетондарының жазылу әдісі де баяндағалы отырған жағдайдың ыңғайына қарай құбылып, әрқилы болып келетініне назар аудар­ған. Айталық «Операция» деген фелье­тонының баяндау мәнері тіптен ерекше. Операция столының үстінде Алматы облы­сындағы Қарақастек аудандық емханасы шаруашылық бөлімін басқарушы Мусин жатыр. Операцияны бас дәрігер Садықов пен облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Омарованың өзі жасайды. Науқастың ішін жарғанда онан жалған актілер, жылқының қазы-қарталары, сиырдың еттері, қой-ешкінің бас сирақтары ақтарылып шыға бастапты. Автор жемқор тек шаруашылық басшысы ғана емес, операция жасаушы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі де ауыз жаласқан жем­қор екенін осылай шеберлікпен іле кетеді. Сонау 1951 жылы жазылған осы фельетон бүгінгі өмірден жазылғандай емес пе!

Алған тақырыбына орай фактілер­ді ойнатып түрлендіру, қызықты сюжет құру шеберлігі деген осы! Қай кезде де жегі құрттай жемқорлар, жалған ақ­пар­шыл көзбояушылар, өсекші желауыз­дар осылай оның нысанасына ілініп, сын тезіне салынып отырған. Кейіпкерін бас салып сын қамшысының астына алмай, тұспалдап та айтады, мінеп бетіне де басады. С.Төлешов фелье­тон­ның түйінінде баяндалған кемшілікті түзетуге кім жауапты екенін де көрсетіп отырады.

Тағы бір мысал: бірде сықақшы Ал­ма­ты қаласында Виноградов шағын ауда­нындағы базарға барған болады. Базар маңында көптен тартылмай жат­­қан көлшік бар екен. Автор, тағы бірнеше адам әлгі балшыққа «батып», шыға алмай қалады. Олар ұйықтан шығарып ала гөр деп қалалық кеңсе бас­тығына өткен-кеткеннен жалыныш­ты сәлем жолдайды («Самсоновқа сәлем­деме»). Міне, оқиға қандай қызықты. Фельетоншы шалшықты тазаламадың деп қала бастығын тікелей мінемейді. Бізге мейіріміңізді түсіріп, балшықтан шығара гөр деп мұң шағу арқылы оның жұмыстағы оралымсыздығын бетіне басады. Қандай тапқырлық!

Қаламгердің бірінен кейін бірі сүйсін­тетін тапқырлығына тағы бір мысал кел­тірсек оқырман жалыға қоймас. Н. ауда­нына бірінші хатшы болып Т. жолдас келеді. Содан ауданда мал басы кеми бастайды. Мұны тоқтату үшін бірінші хатшы енді қонаққа мал сойылмай­­тын, бас тартылмайтын болсын деп қатты пәр­мен береді. Жалпақтаған жұрт мұның да амалын тауып, хатшыға енді мал басын көрсетпей тек ет тартуға көшеді. Сөйткен хатшыға аудан ауылдарында бір жыл ішінде 160-тай қой сойылыпты-ай! С. Төлешов әдемі әзіл-сюжет құра отырып, «хатшы осы ауданға күйеу екен, сондықтан оған бас тартпай-ақ қойыңдар» деп астармен әжуалайды («Күйеу бас жемейді»).

С.Төлешов фельетондарының жазы­лу сипаты әр алуан. Бір шығарма­сы фелье­тон-скетч («Қыз ойнақ», «Бұл кім өзі?»), енді біреулері фельетон-хат («Ес­­кірген мақал», «Қарабұтақтан хат», «Қор­ғалжындық құрбыларға»), фелье­тон-рапорт («Облысқа рапорт»), фельетон-баяндама («Бастығымыз туралы баяндама»), фельетон-бұйрық («Шар­­бастықтың бұйрықтары») түрінде жазылған.

С.Төлешов қазақ фельетонының құ­ры­­­лымын осылай жетілдірді, ойды айшық­ты да айқын жеткізудің әрі ащы әжуа­лаудың әдіс-тәсілдерін, тар­тым­дылық мәнерін байытты. Тілі шұ­райлы, бейнелі, әр сөзі мен сөйлемдері, кейіп­керді кескіндеу әдісі ұтымды, әжуалы мысқыл, астарлы да өткір, мақ­та­мен бауыздайтын жеңіл әзілмен кейіп­керін біраз шолжаңдата отырып, ақы­рында ақиқат дәлел-дерекпен апшысын қуырады.

Сейділда Рахатұлы Төлешов – өз дәуі­рінің келеңсіз жақтарын ашына әш­ке­релейтін нағыз ақмылтық сықақшы болған. Қазақ кеңес энциклопедиясында оны сыни мақалалар мен фельетон­ның шебері, су төгілмес жорғасы деп атап көрсеткен. Ол қазақ баспасөзіндегі деректі фельетонның кәнігі шебері әрі осы салада теориялық ғылымның негізін салушы көшбасшыларының бірі. Әсіресе соғыстан кейінгі он жыл – 1945-1955 жылдар бедеріндегі қаламгерлік өмірінде фельетон жанры арқылы бас­пасөз және журналист беделін едәуір биікке көтерді, өз талантына сай жанрын тапқан майталман журналист ре­тінде баспасөз тарихынан ойып орын алды. Егер «Социалистік Қазақстан» газе­тінің тігінділеріне көз жүгірсеңіз, С.Төлешовтің фельетондарын апта са­йынғы сандардан кездестіріп, қызыға оқи­сыз. Ол дүниеден өткеннен кейін 1957 жылы «Түрлі-түрлі бастар бар» деген атаумен, тақырыбының өзі күлкі шақыратын фельетондарының жинағы жарыққа шықты.

Сейділда Төлешов әрі ұстаз еді. Ұзақ жылдар бойы Алматыда Қазақ мем­­ле­кеттік университетінде (қазіргі Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­­вер­ситеті) болашақ журналистер мен әде­биет­шілерге сатирадан дәріс оқыды, сту­денттерге сын-сықақ жанрлары бойын­ша курстар мен семинар­лар жүргізді.

Ұстаздық ете жүріп, 1949 жылы уни­верситеттің көп таралымды «За отлич­ную учебу» (қазіргі «Қазақ университеті») газеті шыққанда, соның алғашқы редакторы болды, өзі сабақ беретін бола­шақ жур­налист студенттерді тарта отырып, оларға газет шығарудың қыр-сырын іс жү­зінде үйретті. Оның алдынан талай көрнекті баспасөз қызметкері тәлім алып шықты. Сейділданың фелье­тондары та­лай ғылыми еңбектерге, дипломдық жұ­мыстарға арқау болды. Қазір де журна­листика факультеттерінде сатира жан­ры, оның майталмандары туралы дәріс­тер ке­зінде ұстаздар фельетон жазу­дың хас шебері Сейділда Төлешов есімін әрд­а­йым үлгі ретінде ауызға алып келеді.

Сатираның білгірі, белгілі ғалым, про­­фессор Т.Қожекеев, кезінде «Ара-Шмель» журналын басқарған журналист-сатирик С.Әлжіков те С.Төлешов­тің «шекпенінен» шыққан шәкірттері ­еді. Елуінші жылдардың орта шеніне дейін Қазақстанда даярланған журналистер­дің бұл кісінің алдын көрмегені кем­де-кем. Ол өте талапшыл, тура жолдан ауыт­қымайтын жаны да, тәні де таза еді. Кемшілікті сынағанда ымырасыз, ал шындық десе, басын бәйгеге тіге алатын адалдықтың айбыны еді деп еске алыпты қызылордалық сатирик журналист марқұм Өтеген Жаппархан.

Қай заманда, қай саяси қоғамда болсын сын айтқан адамның айдарынан жел есе қоймайды. Мұндай күйкі тұрмыс пен рахатсыз өмір С.Төлешовтің де басынан өтіпті. Жазғанын кезінде ұжы­мы мен әріптестері, қалың оқырман сүй­сі­не оқығанымен, билік басындағылар оған сескене де, сезіктене де қарап, жақ­тыра қоймаған кездер аз болмаған. Қазір сын-сықақ, фельетон жанры бас­пасөзде тіптен тапшы. Баспасөз сы­ны­на салғырт қарау, көркемдіктің әсер­леу, астарлау, кексін сияқты әдіс-тәсіл­дері қолданылып құбылта жазылған фельетонға байбалам салып журналисті сотқа сүйреу мүмкіндігі ықтимал жағ­дай­да батылы барып фельетон жазу да, оны қаймықпай жариялау да оңай емес. Осындай психологиялық ахуалдың әсе­рі ме, елімнің тұрмысы жақсарып, міні күзелсін, сын түзелсін деп, осы ниетте сатира жанрын белсене қару еткен есіл ер елеусіз қалып барады. Сейділда Төле­шов 1955 жылы қайтыс болған соң оның талантын бағалаған ақын Қалижан Бек­хожиннің құрастыруымен 1957 жылы фельетондар жинағы «Түрлі-түрлі бас­тар бар» деген атпен бір рет қана жария­ланған. Өкінішке қарай, оның жинақ­талған әдеби мұрасы осы ғана, оның есімі берілген нысан да әзірге жоқ.

 

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

Қазақстанның мәдениет қайраткері

 

АСТАНА