Аймақтар • 17 Қаңтар, 2023

Салы суға кеткен сарысулықтар

468 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбылдық шаруалар ағын судың азабын жазда ғана емес, қыс мезгілінде де қозғап жүр. Мұнысы өзекті мәселе өте тез шешілсе деген ниеттен болса керек. Сарысу ауданының шаруалары бұл жолы өңірге салаға жауапты министрлерді шақырды. Жергілікті халықтың жанайқайын еститін адам бар ма екен?

Салы суға кеткен сарысулықтар

Досбол мен Түгіскен ауылдары тұр­ғын­дарының айтуынша, елді мекендер табиғи апаттың алдында тұр. Ал атқа­мінерлер жұрттың жанайқайына алты жылдан бері құлақ аспай келеді. Қа­мық­қан халық осылайша жаз­дың қамын қыста ойлап отыр. Өткір мәселенің оңынан шешіл­ге­нін қалайды. Өйткені халық бұл мәселені көтере-көтере мезі болған.

«Ауыл жұрты ағын судың азабын тартудай тартып келеді. Соның салдарынан шөп те шықпай қалған. Төрт түлік мал осылайша азықтан қағылып отыр. Сондықтан да бұл мәселенің дер кезінде шешімін тапқаны мақұл болмақ», дейді Досбол ауылының тұрғыны Пернебек Алтынбеков ашынып.

Елді мекен тұрғындары Ауыл шаруа­шы­лығы және Экология министр­ле­рінің ауданға арнайы ат басын бұрып, жағдаймен толық танысқанын қалайды. Сол үшін де салаға жауапты ведомство басшыларын ауылдарына шақырып отыр. Министрлер келсе, мәселе өздігінен шешімін табардай үміт­тері басым.

Сарысу ауданының сартап даласын қоныс еткен жұртшылық төрт түлік малдың қырылуынан әбден шаршаған, мезі болған. Судың тапшылығынан бірнеше ауылдық округте жайылым жерлер жарамсыз болып қалған көрі­неді. Салдарынан диқандар егін салудан, шопандар шөп шабудан қағылған екен. Қысқасы, аудан­да­ғы бірнеше елді мекеннің ахуалы дабыл қағарлықтай-ақ болып тұр.

«Бірнеше жылдың бедерінде 300-400-ге жуық ірі қара мал шығын болды. Себебі мәлім ғой. Судың жоқтығы малдың тоқ­тығына тікелей әсер етіп тұр­ғаны түсінікті. Тіршілік нәрі болмағаннан кейін мал атаулыда неше түрлі ауру тіркелуі ықтимал екенін қаперден шығар­ма­ған абзал. Тіпті төрт түлік паразит ауруы­нан өлексеге айналуы да мүмкін. Қыс­қасы, мәселеміз тезі­рек шешімін тап­қаны дұрыс», дейді Досбол ауылының тұрғыны Талғат Маханов.

Ағын суға сусаған сарысулық шаруа­лар көрші Талас ауданына кіріптар болып отырғандарына күйінеді. Аталған ауданның атқамінерлері ағын су өздеріне жетпей жатқандықтан, көршілеріне өте аз мөлшерде жіберіп отыр екен. Осылайша, көршінің қабағын баққан шаруа­лар­дың жүзінен ызаның табы айқын аңғарылып тұр.

Аудандағы жергілікті атқару­шы би­лік­тің өкілдері бірнеше ауылдық округте төрт түлік мал қырылды дегенді жоқ­қа шығарып отыр. Әйткенмен ағын су мәсе­ле­сінің өткір екенін біледі. Айту­­­ларынша, су жеткізуде мәсе­лесі өткір болып тұрған Нұрабай каналын кеңейту жұмыс­та­ры алдағы жылы қолға алын­бақ. Соған қарағанда шаруалардың жанайқайы жақын бірнеше айдың беде­рін­де шешімін таба қоюы екіталай сияқ­ты. Кім білсін, жауапты министрлер келіп, іске жедел кіріссе, бәлкім жер­гі­лік­ті жұртшылықтың алғысын арқалап та қалар.

«Анығырақ айтар болсақ, Талас өзені бойындағы Ойық су торабынан кейінгі орналасқан су реттегіш құралдарды Са­ры­су ауданына дейінгі аралықта «ҚазСуШар» республикалық мемле­кеттік кәсіпорынының Жамбыл филиалы тең­ге­ріміне беру бойынша құжаттар да­йын­далып жатыр. Осы бағытта жұ­мыс­тар жүргізілмек», деді Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Аманов мәселенің мәнісіне үңіліп.

Салы суға кеткен сарысу­лық­тар болсын, басқа ауданның шаруалары болсын, қысы-жазы ағын судың мәселесін көтеруден шаршаған емес.

БАҚ өкілдерін жиі шақырып, көкей­кес­ті мәселелерін көтеріп жатады. Өткір проблемалар БАҚ беттерінде қозғалудай қозғалып келеді. Алайда өңірде бұл мәселе өрши түспесе, басылатын түрі жоқ. Сарысулықтардың мәселесін жедел шешуге кімнің құзыреті мен қауқары жетеді екен? Кім білсін... Бәрін уақыт көрсете жатар...

 

Жамбыл облысы,

Сарысу ауданы