Доктор шейх Ахмад ат-Тайеб осыдан бірнеше жыл бұрын іргетасы бірінші мыңжылдықтың 980 жылы қаланған жоғарыдағы мешітпен аттас әл-Азхар университетінің ректоры әрі Мысыр елінің Бас мүфтиі лауазымдарын да қатар алып жүр. Сондай-ақ бұл айтулы лидерлер – өз діндерінің айырмашылықтарына қарамастан, жаһандық өркениетаралық үндестік пен дінаралық татулық және мәдениетаралық ынтымақтастықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ғұламалар.
Рим Папасы Франциск Астанаға алғаш рет 2022 жылы атбасын бұрса, жоғары мәртебелі шейх Ахмад ат-Тайебтің бұл екінші сапары болатын. Өйткені ол 2018 жылы Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне де белсенді қатысқан еді. Сосын 2022 жылдың қазан айында доктор шейх Ахмад ат-Тайебтің тапсырмасымен оның аға өкілі әрі Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы – судья Мұхаммед Абделсалам екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында штаб-пәтері Абу Дабиде орналасқан Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Қазақстан мен Орталық Азиядағы аймақтық уәкілдігін Астанада ашу мақсатында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі хатшылығының басшысы әрі Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Астана қаласының бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов және еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесулер өткізді. Мұхаммед Абделсаламның өзі де Астанада өткен дін көшбасшыларының VI және VII съездеріне ұстазы шейх Ахмад ат-Тайебпен бірге қатысқан болатын. Сосын бұл азаматтың кейінгі 13 жылда шейх Ахмад ат-Тайебтің кеңесшісі бола жүріп, биік парасатты ғалымнан мол тәлім-тәрбие ғана емес, терең тағылым алып, білімі мен білігін жетілдіріп, жазушылық қабілетін де қоса ұштағаны байқалады.
Айтса-айтқандай-ақ, Мұхаммед Абделсаламның қаламынан 2021 жылы Абу Даби, Риад және Лондон қалаларында жарық көрген «The Pope and the Great Imam. A Thorny Path. A Testimony to the Birth of the Human Fraternity Document» («Рим Папасы және Жоғары мәртебелі Имам. Тікенді сүрлеу. Адамзат бауырластығы туралы құжаттың тууы туралы куәлік») атты іргелі монографиясы әлгі айтылған пікірдің нақты дәлелі деуге болады.
Кітапты оқымай тұрып, оның мазмұнымен ғана танысқан адам бұл туындыны Мұхаммед Абделсаламның өмірбаяны немесе Рим Папасы Франциск пен әл-Азхар мешітінің Бас имамы шейх Ахмад әт-Тайебтің автобиографиясы деп қабылдауы әбден мүмкін. Алайда бұл іргелі туындының түпкі мүддесіне терең бойлаған оқырман автордың көздеген нысанасының ерекше бөлек әрі әлдеқайда биік екеніне бірден көз жеткізеді. Өйткені мұндай құнды туындыны жарыққа шығару тек иманды ата-анадан тағылым-тәрбие алып, сауатын білікті мұғалімдерден ашқан, ең бастысы, Құранды жатқа біліп қана қоймай, сол киелі кітаптың өзегіне өрілген әмбебап гуманистік құндылықтарды санасына сіңіріп өскен азаматтың ғана қолынан келетіні бірден байқалады.
Жастайынан білім мен ғылым қуған, зерек те иманжүзді Мұхаммед Абделсалам – нағыз жолы болған азамат. Өйткені оның ата-анасы қандай салауатты болса, мектепте де, университетте де, өмірде де тағдыр оны биік парасатты және жан жылуы мен білім қазынасы мол ұстаздармен ғана емес, мемлекеттік қызметтің биігіне көтерілген жоғарыдағыдай ұлы тұлғалармен жолықтырған еді. Сол мүмкіндіктердің арқасында, аталған туындысына кіріспес бұрын ол алдымен Франциск пен Ахмад ат-Тайеб сынды әйгілі лидерлердің арасында қалыптасқан шынайы достық пен адами қатынастардың қалай өрбігенін ғана емес, олардың өркениетаралық, мәдениетаралық және дінаралық диалог алаңын нығайтуға деген құлшыныстары мен гуманистік ұстанымдарын да түбегейлі зерттеп, шығармасының өзегіне іргетас етуді жөн көрген.
Мұхаммед Абделсаламның бұл шешімінің бірнеше себебі бар еді. Біріншіден, ол Ахмад әт-Тайебпен алғаш рет ол әл-Азхар университетінің ректоры болып тұрған кезінде кездескен және бұл кездесу оның өмірін түбегейлі өзгерткен. Себебі ол кезде Мұхаммед Абделсалам әл-Азхар университетін сәтті бітіріп, ақпарат және мәдениет саласында прокурорлық қызметте жүрген-ді. Шейх Ахмад әт-Тайеб өз университетінің түлегі Мұхаммед Абделсаламға бірден жылы қабақ танытып, университеттің есігі ол үшін әрдайым ашық екенін және қажет болса оны кез келген уақытта қабылдай алатынын білдірген. Көп ұзамай, Мұхаммед Абделсалам шейх Ахмад әт-Тайебтің жұмыс орнында болып, өте жылы атмосферада өткен жүздесу соңында оның кеңесшісі болуға ұсыныс алады.
Екіншіден, Мұхаммед Абделсалам – Рим Папасы Франциск пен әл-Азхар мешітінің Бас Имамы шейх Ахмад әт-Тайебтің барлық кездесулерінің куәсі ғана емес, сол шаралардың негізгі ұйымдастырушысы.
Үшіншіден, ол көп жылдар бойы шейх Ахмад әт-Тайебтің кеңесшісі болып қызмет атқарғандықтан Ватиканда, Каирде, Бахрейнде және Абу-Дабиде өткен екіжақты кездесулер мен конференцияларға ғана емес, сол сияқты Астанада өткен маңызды іс-шаралардың бәріне де өзі тікелей қатысып, лидер-тұлғалардың сөздері мен лебіздерін өз құлағымен естіп, оларды өз ой елегінен өткізіп, санасына тоқыған.
О баста Мұхаммед Абделсаламды «Тілдері ғана емес, ділдері де, нәсілдері де, мәдениеттері мен өскен орталары да мүлде бөлек, тіпті, бірі – аргентиналық католик, екіншісі – мысырлық мұсылман тұлғалардың бір-бірімен соншалықты үйлесім тауып, етене жақын достасып кетуінің сыры неде?» деген риторикалық сұрақтың мазалағаны жасырын емес.
«Ақылдыдан шыққан сөз талаптыға болсын кез» демекші, зерделі азамат айтулы тұлғалардың әр кездесуі мен үнқатысу кезеңдерінде үнемі олардың қасында болып, дидарласып қана қоймай, ресми сөздері мен лебіздерін де қалт жібермей санасына сіңіреді. Естіген-білгендерін байыппен саралай келе, Мұхаммед Абделсалам жоғарыдағы риторикалық сауалдың сырына да терең бойлаған.
Бұл орайда заңгер-саясаткер деңгейіне көтерілген Мұхаммед Абделсалам ең алдымен жаһандық геосаясатта осыдан біраз жыл бұрын болған мына бір түйткілді мәселеге назар аударады. Оның пайымдауынша, әлемнің ең іргелі конфессияларының қатарына жататын Христиан және Ислам діндері мен олардың көшбасшыларының арасында Ватикан тізгінін ІІ Иоанн Павел ұстап тұрған кезде қандай да бір қарама-қайшылық белгілері байқалмаған. Алайда 2005 жылы II Иоанн Павел қайтыс болған соң, Рим Папасының тағына кардинал XVI Бенедикт ие болады. Міне, дәл сол сәттен бастап, Римнің жаңа Папасының тарапынан Мұхаммед пайғамбарға қатысты таратылған лас ақпараттың салдарынан Христиан әлемі мен Ислам әлемінің арасына сызат түсіп, тек дінаралық емес, өркениетаралық және мәдениетаралық қатынастар да бірден салқындап, тіпті, тоңға айналып кетеді. Міне, дәл сол тоңды қайта жібітіп, екіжақты қарым-қатынастарды қайта қалпына келтіру үдерісі, әсіресе Франциск пен Ахмад әт-Тайебтің бүгінгі белсенді қадамдарының арқасында ғана мүмкін болғанын Мұхаммед Абделсалам өз туындысында өте ұтымды дәлелдейді.
Түптеп келгенде, қос тұлғаның айырылмас достығының басты сыры олардың рухани өмірлерінің өзегіне өрілген төмендегі ортақ қасиеттер мен әдеп қағидаларда жатқаны күмән тудырмайды. Ол қасиеттер – әділеттілік, кішілік пен кісілік, қарапайымдылық, менмендіктен аулақ болу, қайырымдылық, жетім-жесірге, кедей-кепшікке қол ұшын беру, досқа да, жауға да әділ болу, аста-төк ысырапшылдық пен жемқорлықтан аулақ болу, кез келген шиеленісті үнқатысу арқылы шешу, сыйлы болу үшін өзгені сыйлай білу. Бейбіт өмірді құрметтеу, бос сөз айтпау, былапыт сөзден аулақ болу, ой мен сана пәктігін сақтау, тазалық, сабырлық, биязылық, ешкімді кемсітпеу, ешкімді шеттетіп, сыртқа теппеу, шектен шықпау, әдеп сақтау, мақтанбау, халықаралық қатынастарда терроризмге, ұлттық экстремизмге, радикализмге, соғысқа және дінаралық алауыздыққа жол бермеу және исламофобияға тосқауыл қою – міне, қос тұлға дәріптеген құндылықтар осылар.
Рим Папасы Франциск пен жоғары мәртебелі шейх Ахмад ат-Тайебтің кіріспе сөздерімен жарық көрген Мұхаммед Абделсаламның жоғарыдағы туындысы өз кезегінде әйгілі тұлғалардың бірлесе отырып, заманауи құжатты дүниеге паш етулеріне тікелей түрткі болды. Соның арқасында бірде әл-Азхарда, енді бірде Ватиканда алма-кезек өткен ұзақ талқылаулардан кейін қос автордың «Адамзат бауырластығы туралы құжат» атты ортақ туындысы Абу Дабиде басылып шықты. Адамзат бауырластығы туралы бұл заманауи құжат – бейбітшілік мәдениетін, әділеттілікті және басқаларға құрмет көрсетуді көздейтін заманауи декларация. Сонымен қатар бұл құжат жаһандық геосаясатта орын алып отырған жеккөрушілік, әділетсіздік, зорлық-зомбылық және қантөгіс жайлаған заманды артта қалдырып, жоғарыда аталған асыл құндылықтарды бүкіл адамзатқа таратуға шақырады. Бұл құжат сонымен қатар әлемдік көшбасшылар мен саясаткерлерді, сондай-ақ күллі билік басындағыларды мыңдаған жазықсыз адамның өліміне себеп болып отырған қантөгісті дереу тоқтатуға шақырады. Өйткені бұл құжатта сондай-ақ пайдасыз қақтығыстар мен соғыс өрті тоқтамаса, мұның ақыры аянышты мәдени құлдырауға немесе үшінші дүниежүзілік соғысқа әкелуі де мүмкін екені ескертіледі.
Адамзат бауырластығы туралы құжаттың тұсаукесері 2019 жылы Абу Дабиде өтті. Бұл рәсімге Біріккен Араб Әмірліктерінің басшыларымен қатар БҰҰ-ның жоғары лауазымды өкілдері және Рим Папасы Франциск пен әл-Азхар мешітінің Бас имамы шейх Ахмад ат-Тайеб те қатысып, құжаттың тұсауын бірге кескен. Соның нәтижесінде Адамзат бауырластығы туралы куәлік-құжат БҰҰ Бас хатшысының Өркениеттер альянсы жөніндегі Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиностың ұсынысымен БҰҰ-ның күллі жүйесіне таратылды. Құжатта өткен жылы Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде қабылданған қорытынды Декларацияда да атап өтілді.
Сөз соңында Рим Папасы Франциск пен әл-Азхар мешітінің Бас имамы шейх Ахмад ат-Тайебтің достық қатынастары мен жаһандық бейбітшілік, өркениетаралық үндестік, дінараралық татулық, мәдениетаралық ынтымақтастық және жер бетіндегі халықтар достығын нығайтуға бағытталған нысаналы миссиялары Астана төрінде де өз жалғасын тапты деуге толық негіз бар. Өйткені бұл тұлғалардың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астанада өткен VII съезінде сөйлеген салиқалы сөздері форумға қатысқан делегациялар тарапынан үлкен қолдау тауып, күллі халқымыздың мерейін де бір көтеріп тастаған еді.
Әділ АХМЕТ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі