13 Маусым, 2014

Бас-тал-ды! Қақпаға автогол тасталды...

258 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Футбол-2014-1Дүниенің доп додасы Кеше, маусымның 12-нен 13-не қараған түні, Астана уақытымен 00 сағат 15 минутта (біз тіпті «бүгін» деп сөйлесек те болады) Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы «Коринтианс» стадионында әлемнің XX чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі қанат жайды. Чемпионаттың ашылу рәсімі аяқталған соң, стадион ойынға дайын етілгеннен кейін алаңға Бразилия және Хорватия құрамалары шығып, аламанға ат қосылғанын айғақты етті. Сонымен, көптен күткен футбол тойы да басталып кетті. 2368942_big-lnd Шара театрландырылған көрініспен ашылды. Ол ұшып бара жатқан доп пішініндегі алаңқайда керуен керді. Көріністердің басы тербетілген ағаштар шоғырынан бастау алды. Жасыл желекті желбіреткен бұл сахналық сипат сосын көшіп жүрген көк өскіндер мен гүл қауыздарына ұласты. Бұлардың соның ала каноэ қайығын ескен осы жердің байырғы тұрғыны болашаққа қарай жүзіп келе жатты. Көріністің келесі кезеңін барабаншылар мен бишілер іліп әкетті. Бұлардың соңғылары бразилиялықтардың әрі ұлттық биі, әрі жекпе-жек құралы болып табылатын капоэйраның беделін бекемдей түсті. Жалпы, бұл көріністерді бейнелеуге алты жүзден астам гимнасшылар, акробаттар және бишілер тобы қатысты. Бұлардың бәрі бельгиялық режиссер Дафне Корнэнің жетекшілігімен жүзеге асты. Салтанаттың шарықтау шегі алаңға амери­калық әйгілі әнші Дженнифер Лопестің шыққан сәтімен сәйкес келді. Ол мұның алдында Piybull деп аталатын америка-куба біріккен рэпері­мен және бразилиялық орындаушы Клаудиа Лейттемен бірге осы мундиальдың «Біз біргеміз» (We Are One) деп аталатын ресми әнін жаздырған екен. Бір айтатыны, стадионда әуеннің португал тілінде емес, ағылшынша айтылғанына жергілікті жанкүйерлердің көпшілігі реніш білдіргендей болды. Алайда, ұйымдастырушылар мұны көпшілік бара-бара бұған да көндігіп кетеді деу­мен түсіндірді. Рас, планета футбол біріншілігінің ашылуын Олимпиялық ойындардың салтанатымен салыстыруға болмайды. Ол қалай дегенде де ауқымдылығы мен мазмұны жағынан ешқашан Олимпиадамен шендес келе алмайды. Соған қарамастан, рәсімнің сценариін жасаушылар онда көрермен үшін күтпеген жағдайлардың көп болатын жағын қарастырып бағыпты. Тағы бір айтатын жайт, Сан-Паулу «футбол королі» Пеленің де отаны болып саналады. Олай дейтініміз, басқа штатта туғанымен, Эдсон Арентос ду Насименту бар футболшылық ғұмырын осы аймақта өткізген. Бүгінде жасы 73-ке келіп отырған ардагер өзінің 1956 жылы басталып, 1977 жылы тоқтайтын футболдағы мансабын, –  соңғы екі маусымды Нью-Йорктің «Космосына» арнағаны болмаса, – түгелдей дерлік бір ғана ұжымда, осы Сан-Паулудың «Сантос» командасы құрамында өткізді. Осында жүріп, Бразилия құрамасы сапында әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Бұдан бөлек, «Сантоспен» бірге елдің алты мәрте алды болып, бес рет Кубогын жеңіп алды. Бұған қоса, Сан-Паулу штатының он рет чемпиондығына қол жеткізді. ФИФА-ның ұйғарымы бойынша XX ғасырдың ең үздік футболшысы атанған адамды стадион толы жұртшылық зор қуанышпен қарсы алды. Ал осы сәтте спорт кешені аясында қолдарына бақытты билет ұстаған 65 мыңнан астам жанкүйер дүркіреп отыр еді. Без имени-1 Міне, осы 65 мыңнан асып түсетін көпшілікпен қатар, жер-жаһанның сол сәт көгілдір экран алдына байланған бір миллиардқа жуық тұрғыны дүниелік дода дүбірінің басталғанын паш ететін жан тебірентерлік тарихи оқиғаға куә болды. Бұл жолы алаңның тура ортасына қойылған ала бауыр допты бірінші болып тебу құқығы аяғы жансызданып қалған мүгедек жігітке берілді. Бұл үшін арбасынан шығарылып, футуристік экзоскелетпен алаң ортасына жеткізілді. Оның аяғы осылайша допқа тиюімен бірге кезекті әлем чемпионаты ресми түрде басталған болып саналды. Сан-Паулудың басты спорт аренасы туралы сөз болып жатқанда, біздің тоқталмай өте алмайтын тағы бір жағымыз бар. Шыны керек, бұл – баяғы «Коринтианс» емес. Осы чемпионатқа арналып, оның орнына мүлдем жаңа ғимарат салынған.  Жергілікті билік оған еді «Итакеран» деген атау беріпті. Дегенмен, 30 миллиондық көрермендер армиясы бар «Коринтианс» клубы өз қонақтарын осында қабылдайды. Аталмыш команда биылғы мамыр айында ғана пайдалануға берілген бұл кешендегі бірінші ойынын Флорианополистің «Фигейренсе» жасағымен өткізіп, 0:1 есебімен ұтылып қалыпты. Басқаша айтқанда, жаңа стадиондағы алғашқы голды оның иелері емес, меймандар соғып кеткен ғой. Бірақ біздің назар аударғымыз келіп отырғаны басқа жайт. Айтпағымыз, таяу күндерде ФИФА бас хатшысының бас ауруы­на айналған стадиондардың қатарында осы нысан да болды. Бұдан бір ай бұрын ондағы 20 мың орындықтың жоқ екені әлем футболының тізгінін ұстағандарды біраз абыржытып қойған. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, құрылыс жұмыстары өте кеш, 2011 жылы басталған сияқты. Мұнда басында жобаланған 850 млн. реалдың орнына бір миллиардқа жуық ақша жаратылып кетіпті. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».