Қоғам • 18 Қаңтар, 2023

Құрметтің құны қанша?

646 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жол апатына ұшырап, жалғыз перзентінен айырылған түтінге көңіл айта келген бір жамағайынның кеудесіне жаназада сап түзеп тұрып көзім түсіп кетіп еді, кіршеңдеу кәстөмінің өңірінде салбыраған дөп-дөңгелек медаль көңілімді мұздатып жіберді. Мойын бұрып қарасам, «N. ауданының құрметті азаматы» деп жазылыпты. Оу, марапатты салтанатты сарайда, құрылтай мен мерейтойда тақпаушы ма еді? Марқұмды жерлеп болғасын, оңтайлы жерде жеңіл ауыздыққа салып: «Қаралы басқосуға мынаны неге тақтыңыз?», деп едім «Өлгенде әрең алған наградам ғой», деп салмақты жауап берді.

Құрметтің құны қанша?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Алла Тағала адамзатты жақсы-жаман деп бөлмеген, жер басып жүрген жұмыр бастың бәрі жолаушы, бәрі мүсәпір. Бұл да сол социализмнен қалған сарқыт – Мәскеу «Лучшие люди» десе, біз «Үлгілі адамдар» деп «Құрмет тақтасын» ілдік. Қазіргі «Құрметті азамат» деген атақ та сол сарқыншақтың жан-жаққа ұшқан жаңқалары сияқты. Жыл аяғында жамағайынға «Елде не жаңалық?» деп хабар сұрасам, «Құрметті азамат» үшін қырылысып жатырмыз», дейді. Егін тегін жиналып, «Алтын күз» аталған салтанатта ел-жұртты електен өткізіп, ілкімдісін іліп ап, «Құрметті азамат» атандырады екен. Бұрын «Құрметті колхозшы» деген болатын, зейнетіне 20 сом қосылған кетпен ұстаған қара халық мәз-мейрам, ал ұжымшар тараған соң орны ауысқан «Құрметті азаматқа» тек қатырма қағаз  куәлік сыйға тартылса, осы марапаттың кезегін күткендердің көңілі алабұртып, қан қысымы көтеріліп жүр. Оу, кетпен шауып, дән еккен күсті қолдардың бәрі құрметті емес пе? Жер жыртып, топырағын малалап, дәнді сәбидей аялаған тракторшының бәрі құрметті емес пе? Бұл жерде пысықайлар тізімге ілініп, марғаулар сызылып қалып жатады. Олардың жүрегі сыздап, жан сарайы аңырамайды дейсің бе? Іштен тынған қара қазақ «Біздер тізімге ілікпей қалғандармыз» деп қолды бір сілтеп, қара шайды сораптап отыра береді.

Бәрі есімде, біздің ауылда Сейтімхан деген ұста болды. Күріштен әлемдік рекорд жасаған Ыбырай Жақаевтың кетпенін соққан кәнігі ұстаның «уф, уф» деп өкпесімен демалған көрігі бар ұстаханасы бертінге дейін ауыл шетінде томпиып тұратын. «Шоқты көрік» деген алғашқы әңгімемнің кейіпкері де өзім өмірде таңғалып өткен осы бір қадірлі кісі еді. Қолының қасиеті бар жүз жасаған әулие адамды ешкім де елемеді, жұрт жапатармағай «құрметті» болып жатқанда ол ауызға алынбай-ақ өмірден өтті. Тәуелсіздік алғасын Маркс пен Ленин көшелері өзгеріп, өз атымызға беріле бас­тады. Бірақ миллионер ұжымшар тетігін жөндеп, трактор-комбайнының бөлшегін түзеумен өмірін өткізген ұстаны ешкім де еске алмады. Ауыл төрағасына айтсам, «Сейтімхан ұста ма?» дейді миығы тартып. «Иә, Сейтімхан ұста. Оның қандай кемдігі бар?» Ауылдың Аңғарбайынан (Бейімбет кейіпкері) түк шықпады. Аудан әкіміне кіріп, сөзімді өткіздім, болмаса мәселені республика деңгейінде көтеретіндігімді айтып, көз алартып, тіл безеп дегендей, ұстаның аруағына қызмет еттім. Қазір ауылда Сейтімхан ұста көшесі көлбеп жатыр (ұста деген сөзді әдейі қосып жазғыздым). Ол соққан кетпен мен ұстахананың темір балқытатын төсі миллионер ауылдың мұражайында сақтаулы тұр. Қараңызшы, құрметті сұрап алып отырмыз. Елге барсаң, «жы­ламаған балаға емшек бермейді» деп қопаңдап жүрген біреуді көресің. Құр­меттің бірінші тұғыры – «беттің арын белге түйіп», «айран сұрап келгеніңді айтып, шелегіңді жасырмау» болып тұр. Баққұмарлық қана сені қиын өткелден алып өтеді.

Кемелденген социализм кезеңінде құрметті еңбегіне қарап бағалау сәтті бас­талып, жүре келе ол да қожырап кетті, яғни коррупцияға ұшырады. Қатыгез Сталин заманында кетпенді адал шапқан­дар мен қойды адал баққандар көзге түсті, өйткені олар елді асырады. Залым Сталин мұның бәрін көбей­ту кестесіндей түзіп, терісі кең мұсылманның, әсіресе қазақтың мойнына кеме сүйреткен бурлактардың қамытын іліп қойды. О заманда ұрлық деген ұғым болмады, қанышер «көсем» ер-азаматын жоқтаған ашқұрсақ қатын-балаға ұрлығы жоқ үрейлі қоғам қалыптастырды, бірақ адамзат тойынып, кекірік атқан тұста бәрі артта қалып, арам асқа қол былғана бастады. Құрметті сұрап алу үрдісі қалыптасып, Социалистік Еңбек Ерінің Алтын Жұл­дызын тағып, кеудені жарқыратып жүру дәстүрге айналды. Бұл дәстүрдің басында бес Алтын Жұлдыз тағып, «Жуковтан оздық қой» деген Бас хатшы Брежнев тұрды. Саяси бюрода қос Жұлдыз тақпаған адам қалмады, өйткені олар басына қойылар бюстің жобасын алдын ала жасап қойды.

Тапсырыспен орнатқан ескерткішті халық ереуілдеп жүріп бір күні төңкеріп тастайды, Ленин, Сталин, Брежнев, тағы басқалардың болашаққа қол бұлғаған мүсіндерінің орнында қазір томпиып тұрған тұғырды көреміз

Бәрі біреуге еліктеуден басталады. Мәселен, 13 бала тауып, кетпен ша­­­уып, күріш еккен Ұлбала Алтайбаеваның еңбегі адал, ол қыз күнінен кетпен ұстап, арна қазып, топырақпен тілдесіп өскен жан. Әуелі Ардақты ана, сосын Еңбек Ері атанды. Ауыл келіншектерінің бәрі сүйегі сой әйелдің кеудесіне тамсана қарап, «Ұлбала болсам» деді, жер тілін, егіс жанын білмесе де, диқан болуға тырысып, делебесі қозды. «Қайтсем де он бала туып, Ардақты ана болсам, бригадир күйеуім өнімнің жайын бірдеңе қылар» деп атақты болудың «коррупциясына» белсене кірісті. Жыл сайын көктемде іші томпиып, күзде шараналы болған күрішші әйелдің соңынан «Алтын күз» деген қитұрқы сөз ерді. Бірақ оныншы перзентті дүниеге әкелерде социализмнің іргесі ыдырап, қоғам құрдымға кетті. Артынша ұжымшар тарап, егістік жер сатылып, айқай далада шүпірлеген шипыр тамдар пайда болды. Кетпен мен орақ тарихқа айналып, бәрінің сәні кетті, он бала тауып әрі Ардақты ана, еңбектің «геройы» болам деп социалистік жарысқа түскендер жолда қалды. Осының бәрі адам санасын шайтанның азғырып, ниеттің бұзылуынан болған іс-әрекет.

Сол заманда жас жеткіншектердің бойына да құрметті болу тәрбиесі бала күнінен ұялай бастады. Мектепте «Үлгілі оқушылар» деген бұрыш болатын. «Беске» оқитындар мен белсенділердің суреті осы бұрыштан «Бізді көрдіңіздер ме?», дегендей қарап тұратын. Құйма құлақ, бірақ қанында бар қыңырлығы кесе көлденең тартып, вожатыйдың сөзіне құлақ аса қоймайтын кейбір пионерлер солардың жансыз бейнесіне күле қарайтын. Оқып жарытпайтын әрі мінез-құлқы ережеге сай келмейтін «болашағы жоқтарды» 8-сыныптан кейін еріксіз СПТУ-ға (кәсіптік-техникалық училище) жіберетін. Соның бірі – сабаққа мәттақам, бірақ ерегіс десе алдына жан салмайтын сыныптасым Ерсайын еді. Кейін механизатор болып жер жыртып, егін орды, алашапқын науқанда бас инженерден бастап, бәрі соның аузына қарайтын, өйткені тоқтап қалған комбайнның ке­селін түтініне қарап танитын. Бірақ марапат берерде бәрі теріс айналды, себебі «білгіштің» тілінің бізі көкіректерінде шемен болып сақталып қалыпты. Бала күнгі қиқар досымды әлі күнге жақсы көрем. Пойызға да өзі шығарып салады, «Барсаң болды ғой» деп шөп жинайтын шарнир-тракторын дарылдатып, көшені басына көтеріп, вокзалға жеткізеді. Георгий Данелияның досын көрсе бәрін ұмытып кететін Афониясынан аумайды-ау, аумай­ды.

Тағы бір мысал. Ма­те­ма­ти­ка­дан қанағаттанғысыз баға алып, күзгі сынға қалған сыныптасым Дайрабай Ауғанға барып, бір қолынан айырылып, батыр атанып қайтты. Әкімқаралардың басы қосылған мектепте өткен кездесуде аттес­тат бермей қойған алакөз директор Дай­рабайға су құйып беріп, үлкен-кішінің көзінше құрақ ұшып жүрді. «Санбаев шолақ Дайрабайдың алдында құрдай жорғалап жүрді ғой» деп ауыл жұрты сөз қылды. Бұл – «Күзгі сын» деген әңгімеме арқау болды. Қоспасы жоқ құрмет осылай өзінен өзі көрініс табады, қолдан жасалған құрметтің көңірсік иісі аңқып тұрады. Тапсырыспен орнатқан ескерткішті халық ереуілдеп жүріп бір күні төңкеріп тастайды, Ленин, Сталин, Брежнев, тағы басқалардың болашаққа қол бұлғаған мүсіндерінің орнында қазір томпиып тұрған тұғырды көреміз. Бұлар уақытша ескерткіштер, уақытша құрметке бөленген сұлбалар. Абай мен Пушкин, Гагарин мен Сәтбаев ескерткіштерінің тұғыры қашан көрсең де гүлге толы. Бұл – халықтың шын пейілі, адамға табиғи түрде (жасанды емес) қызмет еткендерге деген ыстық рәсім.

Қадірменді ақсақалымыз Д.А.Қо­наевты Орталық Комитеттің мүшелігі­нен шығарған сәттен бастап, қасына Олжастан басқа жұмыр бас жоламай қойғаны қазір ашық айтылып жүр. Социализм бізді қызметтік құрметке тәрбиеледі, ақсақалдық тәлім артта қалып, русьтік қатыгездік жанымызды баурап алды. 1987 жылы наурызда Жазушылар одағында Қазақстанның жаңа сайланған бірінші басшысы Г.Колбинмен өткен кездесуде Ақсақалдар алқасының төрағасы Әлжекең абыз (Әлжаппар Әбішев) мінбеге шығып: «Біз сіздей басшыны 25 жыл күттік қой», дегенде отызды еңсерген біздің ет жүрегімізге бір түйір мұз қатып еді, соның әлі жібитін түрі жоқ. Осы кісіге кезінде жаңа үйге қоныс аударғанда Қонаев баспанасын беріп кеткен екен. Зал күбірлеп сөз қылып, кәрі-құртаң жағасын ұстады. Мінберлік құрметтің мұнан асқан көрінісі жоқ та шығар. Сонда «Мен – қазақпын!» деп жыр жазған Жұбан ғана «кірме» басшының сағын сындырып, бетін тілді. «Мен далада қан жоса болып жатқан ұл-қызымды көргенше неге соғыста өліп кетпедім!» деп орнына отырған соң тілінің астына дәрі салды. Осы Жұбан ақынның кісілігіне тәнтімін. Әбділда Тәжібаевтың 80 жылдық мерейтойында мінбеде тұрып: «Мен СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреатымын, әлі күнге өлең жазуды Тәжібаевтан үйреніп келем. Неге Әбекең Расул Ғамзатов сияқты кеудесіне Алтын Жұлдыз тағып, поэзия патриархы болып ортамызда отырмайды?» деп ел басшыларына қарап, көсіп-көсіп сөйледі. Ол мінбеден қорқып тұрған жоқ, біздің ұлттық құрметіміздің құлдырауынан қорқып тұр. Ал қазір мінбелік құрметтің жеті атасы пайда болып, «Мен елімнің ертеңіне сенемін» деген жыр жолдары жүйткіп жатыр. Ең қиыны, заман осындай жылтыр сөздің ығына жығылып кетті.

«Қазақ совет энциклопедиясы» өмір­ге келгенде Бас редактор болып та­ға­йын­дал­ған Мұхамеджан Қаратаев бірін­­ші хатшы Д.А.Қонаевпен бетпе-бет әңгімеде бүй дейді: «Димеке, энциклопедия жылда жаңартып тұратын «Құрмет тақтасы» емес, бұл – мәңгілік шежіре. Мәселен нацистік Германияның көсемі Гитлер де энциклопедияға енген. Осы жағына баса назар аударсақ деймін...». Ол кісі энциклопедияға енетін есімдердің көбі Орталық Комитеттің тізімімен тір­ке­ле­ті­н­ін еске салып отыр. Мәселен, Мәс­кеуден шыққан «Советский энциклопедичес­­­­кий словарь»-да Лениндік сыйлықтың лауреа­ты, Сәтбаевтан кейінгі қазақтан шыққан геология саласының ақиығы Шахмардан Есеновтің есім-сойы жоқ, керісінше, басқа академиктердің «от-жалында басталған өмірбаянына» орын берілген. Бұл да сүйікті Коммунистік партияның көлеңкесі, жат көзіне бардан жоқ жасап, өзін өзі тұқыртқандардың тар пейілі. Қанды қасап 37-де зиялы­ла­рымыздың маңдайын нысанаға алудың негізі де осы емес пе?

Сонымен құрмет деген не? Құрметті азамат деген атақ осы заманға керек пе? Өткен ғасырдың 30-жылдары М.Шоқай, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, т.б. ұлттан шыққан біртуарларға құрметсіз көзқараспен қарап, 70 жыл өз қағымыздан өзіміз жерініп, арыстарымызды көр­мес­тей болып ауыр сөздер айтып, артынан тас лақтырдық. Тіпті 1991 жылы бас­тап салған әніміздің 2023 жылы сөзі де, әуені де бір күнде өзгеріп шыға келді, нұрлы жол ескі жолға айналып, бақтағы бұлбұлдар басқаша сайрай бастады. Сонда құрмет деген де «тик-ток» сияқты лып-лып етіп сәт сайын өзгеріп тұра ма?

7-сыныпта жүргенімде С.Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген кітабы шықты. Кітап негізінен өмірден түркішіл болып өтіп, сүйегі жат жерде қалған ауылдасымыз, әкемнің көз көргені Мұстафа Шоқайға арналған. «Мұстафа, Мұстафа дейсіз, ол Отанын сатқан сатқын екен ғой» дедім кітапты оқып болған соң. Әкем тұнжырай тіл қатты. «Балам, әкеңе сенесің бе, кітапқа сенесің бе?» Қазір ойласам, әкем бәрін болашаққа тапсырып отыр екен. Мұстафа Шоқай – ұлт құрметтісі, құрмет – бір Алладан.

Оқуды бітіріп кеп, қарауында бір жыл жұмыс істеген шәкірті өмір бойына театрдың қорасын тазалаған көкірегі темір атаулыдан ада ұстазына: «Көке, мен еңбек сіңірген қайраткер болдым» деп сүйінші сұрағанда, «Ұзағынан сүйіндірсін» деп күбірлейтін заман туды. Куәлік алып құрметті болғандардың саны артып барады. Мен үшін кісі ақысын жемегеннің бәрі – құрметті. «Қолы таза жігіт қой» деп біреулер сыртыңнан айтып жүрсе, бұдан артық құрмет бар ма?

 

Қуандық Түменбай,

жазушы