– Әрбір адамға кіндік қаны тамған туған жері ыстық болады. Сол кезеңнің естеліктерін оқырмандарыңызға тарқатып айтып берсеңіз?
– Менің балалық шағымның мезеті Алматы қаласы маңындағы Қалқаман кентінде өтті. Осы мекенде үлкен отбасында өсіп, тәрбиеленіп, бір шаңырақта ата-анам, атам және әжем, сондай-ақ бауырларымыз бірге тату-тәтті өмір сүрдік. Біздің кенттің бір ерекшелігі, мұнда түрлі этнос өкілдерімен араласу арқылы олардың әдебиетін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жетік білуге мүмкіндік алдым. Бұл кейін өнер саласындағы жолымда көп көмегін тигізді. Ал жоғары сыныптарды Алматы қаласындағы Тастақ шағын ауданындағы №58 орта мектепте оқып, бітірдім. Бұл мектебіміз сол бір жылдары әуелі орыс, кейін қазақ мектебі ретінде толық қалыптасты. Осы мектепке Қырғызстан, Қытай мен Қарақалпақстаннан көшіп келген отбасылардың балалары оқуының негізінде мен түрлі ел мәдениетінің інжу маржанына терең бойладым. Және өнерге деген қызығушылығымның артуына атамның тікелей ықпалы болды.
Бірде атам маған үйге бейнекамера сатып әкелді. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезім. Бұл құрал сол кезде екінің бірінің қолына түсе бермейтін. Осы орайда «Хабар» телеарнасындағы «77 күн» бағдарламасының мазмұндық ерекшелігі менің қызығушылығымды арттырып, әлгі бейнекамераны пайдалану арқылы бірде қарттың рөлін сомдасам, бірде көршілер бейнесіне пародия жасадым. Мұнан өзге, мектептегі сахналық қойылымдарға белсенді түрде қатыстым.
Біз жоғары сыныпта оқып жүргенімізде, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының 4-курс студенті Ернат Шаймерденов деген азамат мектебімізде бастауыш сыныптарына ән-күй сабағынан дәріс берді. Осы азамат менің бойымдағы өнерге деген қабілетімді аңғарып, өзі оқып жүрген білім ордасына бағымды сынап көруге ұсыныс жасады.
– Сонымен бұл ұсынысты қалай қабылдадыңыз?
– Мен бұл ұсынысты ерекше ықыласпен қабылдадым. Ата-анам да талабыма қолдау білдірді. Мектеп бітірген бойда Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясына құжаттарымды тапсырдым. Содан жолым болып, 200 баланың ішінен іріктелгендердің арасынан табылып, Нұрқанат аға Жақыпбайдың шеберханасынан дәріс алдық. Бұл оқу орнын бітіргеннен кейін ұстазымыз Нұрқанат ағамен бірге Алматы қаласында жеке театрда қызмет жасадық. Алайда біз осы орында бір жыл жұмыс істегеннен кейін, яғни 2007 жылы Астана қаласындағы театр жұмысын өркендетуге шақырту алдық. Сонымен Нұрқанат ағай және оның 12 шәкірті бас қалаға келіп жеттік. Мұнда келгенімізбен, күрделі қиындықтарды бастан өткердік. Өз алдына біз дайындалатын өнер ордасының болмауы салдарынан, түрлі ғимараттарда шеберлігімізді шыңдауға тура келді. Осыған қарамастан, біздің қойылымдарымыз он бес жыл ішінде он бес рет бас жүлдені иеленіп, өзіміздің ауызбіршілігімізді дәлелдей білдік. Орын таңдамай, жертөлеге дейін қанағат тұтып жүрген бізге ақыры 2015 жылы қазіргі ғимаратты пайдалануға берді. Ол кезде бұл киелі шаңырақ К.Байсейітова атындағы опера және балет театры болатын.
– Сіз басқаратын театрдағы қызметкерлердің әлеуметтік мәселесі мен айлық табысы қалай шешілген?
– Жалпы, мекемемізге қатысты мәселені басынан бастап айтқан жөн болар. Мәселен, осында директор болуымның өзі ойламаған жерден болды. Сол кездегі біздің директорымыз Ернар Жұматаевты басқа театрдың басшылық қызметіне тағайындады да, ұжымдағы барлық қызметкер Астана қаласы әкімінің атына арнайы өтініш жазып, мені осындағы директор қызметіне лайықты деген ұсыныс жасады. Осы бастаманы көтерген Нұрқанат ағайға алдында қарсылық білдіргеніммен, кейін ойлана келе жалпы көпшіліктің сенімі мен үмітінен аттап кетуді ар санадым. Ақыры әкімдіктің көпшілік өтінішін қолдауы нәтижесінде, 2020 жылдан бастап осында директор қызметін атқарып келемін.
Алдымен қызметкерлеріміздің өнімді жұмыс істеуі үшін, сол кезде Астана қаласының әкімі болған Алтай Сейдірұлы Көлгінов театрымыздың қажетті озық техникалық құрал-жабдықтармен қамтылуына қолдау білдірді. Сонымен бірге 21 жыл бойы істен шыққан жеделсаты іске қосылып, ол пайдалануға берілді. Театрға өнерпаздардың тиісті киімдері сатып алынды.
Өзім директорлық қызметте болғалы ұжымымыздағы екі қызметкердің баспаналы болуына септігімді тигіздім. Бірқатары жатақханада тұрып жатыр. Дегенмен актерлердің тұтастай әлеуметтік мәселесіне келсек, олардың жетпіс пайызы баспанамен қамтамасыз етілмеген және кейбірінің айлық табысы 140 мың теңге ғана көлемінде. Алайда бірқатар санат бойынша өткен жылы айлыққа үстемеақы қосылып, көңілімізді бір демдеп тастады. Актерларымыз халықаралық өнер сайыстарынан жүлдемен оралып, шеберліктерін одан әрі шыңдай түсуде. Олардың осынау жетістіктеріне сүбелі үлесін қосып жүрген, театрымыздың көркемдік жетекшісі Нұрқанат ұстазымыздың бәсі де, орыны да бөлек. Ағайымыз өткен жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанса, театрымыздың алғашқы директоры болған Ғани Құлжановқа «Құрмет» ордені берілді. Сонымен бірге өткен жылы Назерке Серікболова деген актрисамыз да «Дарын» сыйлығын иеленді. Ал енді көзіқарақты жұртшылық 2022 жылы театрымыздың жанынан «Қанаттылар» инклюзивті театрының ашылғанын жақсы біледі.
– Енді осы «Қанаттылар» театры жұмысының бағыт-бағдарына тоқталып өтсеңіз...
– Елімізде тұңғыш рет біздің театр жанынан ашылған бұл өнер ордасының шымылдығы белгілі ақын Г.Салықбайдың «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық қойылымымен түрілді. Жалпы, осы инклюзивті театр физиологиялық ерекшеліктері бар адамдардың талантын шыңдауға, оларды жұртшылыққа кеңінен таныстыруға өрелі мүмкіндік жасап отыр. Бұл ретте қияға самғаған өнер иелері бүгінге дейін бірнеше маңызды туындыны сахналады. Соның ішінде танымал жазушы Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы негізінде сахна төріне шыққан «Қызжылаған» драмасы көпшілікті ерекше толғандырып, оларға келелі ой салды. Бұл туындының негізгі арқауы – ядролық сынақ алаңына айналған Семей полигонының зардабы мен қасіреті. Нақты айтқанда, бір дәуірдегі тұтас халықтың ішкі жан-дүниесін ашық түрде жария еткен өзіндік орыны бар өлмес, өміршең туынды.
Енді аталған театрдың алдағы уақыттағы жоспарына келсек, олардың өз алдына отау құруы кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Себебі біздің «Жастар» театры 1954 жылы салынған. Сондықтан ең басында ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін, бұл жерде олардың еркін жүріп-тұруына техникалық тұрғыдан мүмкіндік қарастырылмаған. Дегенмен біз «Қанаттылардың» өз алдына заманауи театр ретінде бөлек шаңырақ көтеруін тыңғылықты шешуге атсалысып жатырмыз.
– «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөлді сомдадыңыз. Осы басты рөлді орындау барысында қандай қиындықтарға кездестіңіз?..
– Бұл жерде ең бірінші мәселе, ол рөлге деген жауапкершілік. Яғни өткен ғасырдағы қазақтың басынан өткен зұлмат кезеңді жүректен өткізіп, оны халыққа шынайы жеткізе білу. Мен жалпы осы туындыны өмірге әкелу барысында тынбай көп іздендім. Әлемге белгілі жазушы Ш.Айтматовтың шығармаларын қайта бір бүге-шігесіне дейін оқып шығып, бірқатар деректі фильмнің мән-мазмұнына терең бойладым. Мұнан өзге, сол кездегі нәубеттің куәгерлері болған қариялардың әңгімелерін тыңдап, ой түйдім. Осының негізінде және көпшіліктің ерекше ықыласына орай «Анаға апарар жол» фильмі сәтті шықты деп санаймын.
– Бір сұхбатыңызда «тарихи оқиғаға қатысты рөлдерді сомдау арманым» деп едіңіз. Сол арманыңыз іс жүзінде орындалды ма?
– Арман орындалу үшін тынымсыз еңбек ету қажет. Сондықтан өзімді шыңдауға әрқашан баса мән беремін. Мұның нәтижесі де жаман емес. Мәселен, «Томирис» фильмінде Томиристің күйеуінің рөлін сомдап шықтым. Ал алдағы кезеңдерге Бату хан мен Шыңғыс ханды сомдау жоспарда тұр. Осы соңғы түсіріліп жатқан «Қорқыт ата» фильмінде Қорқыт атамыздың 35-40 жас аралығын сомдаймын. Жалпы арманым біртіндеп орындалып келе жатыр десем де болады.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Өткен жылы театрымыздың 15 жылдығы мен ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбайдың 75 жылдық мерейтойын лайықты дәрежеде атап өттік. Енді айтайын дегенім, мен басында осы директорлық қызметке тағайындалған күні-ақ ұжымдастарыма «екі жылдан кейін директорлықпен қоштасамын» дегенмін. Бұл креслоға бауыр басқым келмегендіктен қабылданған шешім болатын. Негізінде актер сахнаға көп шықпаса, оның «қарайып» қалатыны анық. Менің бала кезімнен арман әрі мақсат тұтқаным – өмірімді сахнамен байланыстыру болды. Яғни қарапайым актер ретінде театрға одан әрі үлесімді қоса беремін. Жалпы, өзім басшылық жасаған осы кезеңдер ішінде өнер иелеріне қатысты мынадай пайым жасадым. Ол – «директор театрдың басшысы, актер театрдың патшасы» деген ұғым болатын. Сондықтан бұйырса, алдағы уақытта көп ұзамай патшалыққа кайта ораламын...
Әңгімелескен
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,
журналист