Саясат • 23 Қаңтар, 2023

Саяси науқан тартысты болмақ

483 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің сайлауы 19 наурызда өтетіні туралы Жарлыққа қол қойды. Жалпы, бұл сайлау осыған дейін өткізілген саяси іс-шаралардан өзгеше өткелі тұр. Оның бірнеше себебі бар.

Саяси науқан тартысты болмақ

Біріншіден, Мәжіліс сайлауының кезектен тыс өтетіні алдын ала белгілі болды, Президент оны жарты жыл бұрын Жолдауында жариялады. Бұл саяси партияларға елдің мұң-мұқтажын ескере отырып, әлеуметтік саламызды саралап алып барып сайлауалды бағдарламаларын дайындап алуға мүмкіндік беріп отыр.

Екінші ерекшелік – сайлаудың аралас про­пор­ционалды мажоритарлық жүйемен өтуінде. Яғни тек партиялық тізім емес, сонымен бірге жекелеген азаматтар, жекелеген тұлғалар бір мандаттық округ арқылы депутаттыққа сайлана алады.

Үшіншіден, саяси партиялардың Мәжілісте басым болуына мүмкіндік беретін өзгеріс – өту межесінің жеті пайыздан бес пайызға төмендетілуі. Жалпы, бұл өзгерістің де негізгі мақсаты еліміздегі саясаттың көп түрлілігіне, яғни саяси плюрализмнің дамуына жол ашады. Негізі мұндай өзгерістердің барлығы 2019 жылдан бері Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың саяси реформаларының негізінде жүріп жатқаны белгілі. Бұл өткен жазда өткен референдум, Конституциялық реформадағы өзгерістердің іс жүзінде асып жатқанын білдіреді.

Мұндағы ең маңыздысы, ең үлкен тартыс өңірлерде орын алғалы тұр. Мәслихаттар да таратылды, енді алда олардың жаңадан құрылуы үш деңгейлі түрде өтеді. Белгілі болғандай біріншісі республикалық деңгейдегі мәжіліске 70/30 пайыздық, облыс орталықтары мен республикалық деңгейдегі қалаларда 50/50 және қала мен аудандық мәслихаттардың 100 пайыздық аралықпен өткізіледі. Бұл алдағы уақытта шын мәнінде Мәжіліске болсын, мәслихатқа болсын депутаттардың жаңа буынының келуіне мүмкіндік береді. Бұл егер алдағы сайлауға тіркеліп, белгіленген 7 партия қатысатын болса, Мәжіліске түрлі саяси күштердің өкілдері келеді деген сөз. Сондай-ақ жер-жердегі азаматтық қоғам өкілдері мен белсенді азаматтардың бір мандатты округтерден шығуы жаңа депутаттардың саяси аренаға көтерілуіне септігін тигізеді.

Келесі бір өзгеріс – егер Мәжіліске 7 партия ішінен кемінде 4 партия өтетін болса, бұл әрине мемлекеттік аппараттарға жаңа кадрлардың келуіне мүмкіндік береді. Өйткені әрбір саяси күш өзінің сайлап, саралап алған өкілдерін ұсынады. Осы тұрғыдан алғанда бұл жалпы саяси жүйенің жаңаруынан бөлек, жаңа кадрларға, білікті мамандарға жол ашады.

Сондай-ақ заң шығарушы және заң бекітуші органға айналып отырған Мәжілістің қауқары да арта түспек. Бұған дейін егер Мәжіліс заңды қарап, Сенат бекіткен болса, қазір Сенат келісім беру функциясын ғана атқарады. Сондықтан Мәжіліс депутаттарының жауапкершілігі мен белсенділігі артып, саяси аренада жаңа тартысты бәсеке басталмақ.

 

Қазбек МАЙГЕЛЬДИНОВ,

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшесі, саясаттанушы