Өнер • 23 Қаңтар, 2023

Бірегей

318 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сурет өнерінде ұлттық тақырыпты жазатын авторлар көп болса да, әрқайсысының қаламы әртүрлі жыр айтады. Ұлттық деген нақыштың өзі суретшінің көзқарасында сан бояуда түрленіп, бөлек қалыпта тууы мүмкін. Кәсіби шебер, Қазақстанның халық суретшісі Айша Ғалымбаеваның шығармашылығында да туған жер – туған дала, біздің адамдар, біздің дәстүр, біздің тау өзінше бір мақаммен өріледі. Аты аталғанда «тұңғыш» сөзі қатар жүретін тұлға ой-қиялындағы ұлттық элементтерді тек таза кенеп бетінде қолданып қойған жоқ. Киносуретші атанып, қазақтың ұлттық киімдерінің үлгісін жасаған шеберге айналды.

Бірегей

Айша Ғалымбаева 1949 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мем­лекеттік кинематография инс­ти­тутының көркемсурет-бе­зен­діру бөлімін аяқтағаннан соң, Алматы көркемсуретті және хро­­ни­ка­лық фильмдер киностудия­сын­да еңбек етті. Оның кино өне­ріндегі алғашқы жұмысы Абай­дан басталады. «Абай әндері» кино­сцена­рийі­не декорациялар, костюмдер мен кадрлар көрінісінің эскиз­дерін дайындады. Бұл ізденіс суретшіге оңайға соққан жоқ: Абайға бару, оған қатысты кез келген іске қа­тысу, ақын туралы бір ауыз сөз айту­дың мехнаты ауыр. Енді бір жа­ғынан, өнердегі жолыңды алып ақыннан бастауда да бір белгісіз ғажайыптар мен күштердің қаты­сы бардай. Хакімнің топырағы­на бар­ған суретші мате­риал жинау­да үлкен жұмыс ат­қа­рады. Сол елдің табиғатынан, тұрмыстық көрі­ністерінен, ұлттық киімдерінен сурет салды. Бұл сапардан екі жүз­ден астам эскиз жасалды. Оған қоса сол дәуірдің, сол уақыттың кө­рінісін шынайы, нақты беру үшін мұрағаттық материалдарды, сақ­талған фотосуреттерді зерт­­­­теп, Алматы және Мәскеу қа­ла­­­­ларының кітапханаларында отырды.

Кез келген кинокартинада су­рет­шінің көзқарасы, талғамы ма­ңызды. Ондағы бар кейіпкер, тіпті фильмнің тұтас бейнесі кино­­суретшінің көзімен беріледі. «Абай әндерінде» де Айша Ға­лым­баева әр кейіпкердің мінез-құл­қын, оқиғаның атмосфера­сын идея­лық һәм психологиялық тұр­ғыда суреттейді. Мәселен, фильм­дегі жағымсыз кейіпкер Шәріп бейнесінің сыртқы көрінісін оқи­ғаға сай қу, іші тар, арам ойлы еке­­­нін шапанының алалығымен көрсетеді.

Иә, оны осы тақырыпқа алып келген Абай. Сынаған да, үйрет­кен де Абай. Қайнаған жан­ның бүлкіліндегі бұла талантты қоз­ғап, көзін ашқан да Абай. Ақкүміс­тенген ақынның сәулесі суретші шығармашылығына жаңа жол салды, соны леп құйды. Екін­ші тыныс ашылғандай шабытты шабыт қуа түсті.

Абай рухынан күш алған бұл қадам ұлт мәдениетіне қосар ора­сан зор үлестің бастауы болды ма дейсің. Айша Ғалымбаеваның кино саласындағы бұдан кейін­гі еңбектері де бір тарих. Костюм­дерінің эскизін жасаған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Махаббат туралы дастан» (1954), «Шабандоз қыз», «Бұл Шұғылада болған еді» (1955), «Дала қызы» (1966) кино­фильмдерінің әрқайсысы клас­сикалық туындыға айналғанына куәміз. Оған қоса киносуретші Шоқан Уәлихановқа арналған «Оның уақыты келеді» картина­сының түсірілу кезінде де қазақ тұрмысы мен костюм бойынша кеңесші болып қызмет атқарады.

Киносуретшінің кино сала­сын­дағы жұмыстары оның ұлттық киімдер тақырыбындағы мықты һәм алғашқы мамандардың бірі болуына жол ашты. Сондай-ақ ол қазақ билеріне костюм үлгі­­лерін де жасады. Матаның жаңа түр­лерін пайдалану, халық киім­­дерінің дәс­түрлі үлгіле­рін же­тіл­діру арқылы сән­ді костюм­дер­дің билеуге қолай­лы сахна­лық нұс­қаларын сызды. Ұзақ жыл­дарғы шығармашылық ең­бек­­тің бір нә­тижесі 1958 жылы сурет­шінің талай жыл тер төк­­­кен «Қазақтың ұлттық киім­дері» суретті альбомы басылып шығады.

Айша Ғалымбаева творчество­сының тағы бір қыры – қондыр­ма­лы кескіндеме. Шебердің ко­ло­рист ретіндегі таланты мен тал­­ғамы, көркемдік орындау тә­сілі, ұлттық образдарды жасау қабілеті нақ осы жанрда толы­ғымен ашылғандай.

Ол өнер атты асыл да асқақ әлем­де әрқашан өз ұлтының, өз топы­рағының мәде­ниеті мен тұр­мысын жырлады. Өз ауылы­ның адамдарын бейнеледі, өз хал­қының бар мінезін, болмы­сын айшықтады. Түрлі тағдыр­лардың жанына үңілді, әсемдігі мен іңкәрлігін қағазға сызды. Әсі­ресе қазақ әйелінің табиғатын ерекше қырынан бейнеледі – сән­ді өмірі, салтанатты қалпы. Мәселен, «Белгілі халық шебері Р.Бәсенованың портреті», «Дәмді шай», «Бір кесе қымыз», «Халық та­ланттары», «Біз заманымызды мақ­таныш етеміз», «Қазақстан әні», «Кестелі кимешек», «Батыр ана». Осы туындылардың бәрі өз уақы­­тынан алыс кетпеді. Суретші ыл­­ғи әр шығармасында сол дәуір­ді, сол қоғамды, сол тынысты бе­ріп оты­рады. Бірақ көзқарасына сай об­раз­ды беруде де жылы күйді сақ­тап отырады.

Суретшінің шығармашылық жо­лына қарасақ, қай салада бол­масын, ұлттық ерекшелікті, ұлт­тық рухты беруге тырысқан бұл­қы­нысты көреміз. Қаламын қай тақы­рыпқа малса да ұлттың үні шығады. Және ол қобыздың қо­ңыр сарыны емес, яки алабота­ның боздаған үні емес – әсемдікті, іңкәрлікті жырлаған сазды әуен. Сан бояудың ішінде халқымызға тән нәзіктік те байқалады. Дәл бір осы халық «тар жол, тайғақ кешуді» көрмегендей, аласапыран заманды кешпегендей әсер аласың. Суретші қаламы жарқын шақтар мен шуақты күндерді ғана жырлайды. Ұлтыңның бар қияметін талантыңмен жасырып, бүтін бір тарихты тек жақсы сәт­термен, жарық түстермен бейнелей алуда өнерден де терең бір күш жатқан шығар.