Біздің балдәурен шақ екі мыңыншы жылдардың басында еліміз ес жинап, бұғанасы қатайып келе жатқан кезеңмен қатар келді. Кішкентай көкжәшіктен үлкен өміріміздің айнасын көретінбіз. Ол тұста қазіргідей «Балапан» телеарнасы жоқ, телміре тамашалайтынымыз «Ақсақ құлан» мен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» секілді бірді-екілі қазақша мультфильмдер. Олардан жалықпайсыз ғой, тек «Ералаш» секілді өзіне еліктіріп әкетпейді. Сол әзілге толы шағын сюжеттердегі бұзақы балалардан өзімізді көргендей қыран-топан күлкіге көмілеміз. Қазір бәрі түу алыста жатқан асу сияқты бұлдырайды.
Жалпы, «Ералашты» құрастырушылар Александр Хмелик пен Борис Грачевский әйгілі рифмді өздері жазған. Құрметті оқырман, естеріңізге оңай түсіру үшін әуезді әннің тұпнұсқасын ұсынсақ.
«Мальчишки и девчонки,
а также их родители,
Весёлые истории услышать
не хотите ли?
Весёлые истории журнал
покажет наш,
Весёлые истории в журнале
«Ералаш»!
Қос каламгер мәтінді мәңгілік жауһар туындыға айналдыру үшін композитор іздеуде өте байыпты қарекет етті. Сол үшін арнайы конкурс та ұйымдастырды. Ол аз десеңіз, өтініш берушілердің ешқайсысы бір-бірін білмеуі үшін шығарманы анонимді қабылдады. Сөйтіп, алғашқы сәтті нұсқаны атақты балалар хитмейкері – «Антошка» мен «Чебурашканың» авторы Владимир Шаинский әкелді. Әуен көңілді һәм ырғағы жеңіл болғанымен, композитор мәтінді нотаға сай қысқартқан еді. Бұл атүсті шешім Хмелик пен Грачевскийге ұнамады. Осылайша жеңіске композитор Алексей Рыбников жетті.
«Әнді бірден өз орындауымда жазып, ұсынып көрдім. Көп ұзамай ұйымдастырушылар «Ералашқа» кіріспе болатынын хабардар етті. Музыка өте тез дүниеге келді. Менің ойымша, әндегі ең басты ерекшелік ысқыру үшін ойлап тапқан шағын фразалар болды. Бұл қаламгерлерге майдай жаққан секілді. Әрі оқушылардың қиқар қылықтары мен балдәурен күндерінің белгісі іспетті көңілге жылы тиеді», дейді А.Рыбников өз естелігінде.
1997 жылға дейін, дәлірек айтсақ, «Ералаштың» 117-санына дейін экран сақшысын әнші Елена Камбурова орындады. Алайда бертін келе әннің таспасы ескірген соң, режиссерлер заманға сай түрлендіріп, әнді қайта жазуға шешім қабылдайды. Бұл жолы олар үлкен апайды емес, нағыз мөп-мөлдір үлбіреп тұрған ұл-қыздарды шақыруды жөн көреді. Жаңа скринсейверде болашақ эстрада жұлдыздары да болған. Ал музыкаға тән ысқырықты Борис Грачевскийдің өзі орындайды.
Айтпақшы, композитор Алексей Рыбников «Ералаш» скринсейверінен идеяны одан әрі дамытып, әуендегі ысқырықты Буратино туралы хит әнінде де тағы бір рет қолданады. Онысын тісқаққан қаламгерлер аса жақтыра қоймаса да, кішкентай оқырмандар жылы қабылдады.
Ән дегеннен шығады, 1984 жылы жарық көрген «Ералаш» тележурналының «40 шайтан мен бір жасыл шыбын» бөлімі ерекшелігімен халықтың көкейінде қалды. Бұл ретте бізді де елең еткізген еді. Италья мектебіндегі жаңа мұғалімнің қаскөй бұзақылармен бір сыныпқа түсуі естеріңізде шығар? Біріншіден, дубляжбен қоса шыққан итальян тілі қуантады. «Бонгиорно, бамибини...». Екіншіден, жалмауыз басты бұзақы Гверрески. Үшіншіден, оспадар Геннадий Хазанов және, әрине, ғажайып Челентаноның әні! Оны ұмытуға бола ма?!
Мұғалім сыныпқа кіріп, ондағы оқушыларды көргенде бар дауысымен шектеусіз «Уу! Уу! Вах! Вах!» деп ән айтады. Бұл – Адриано Челентаноның «Бинго Бонго» фильміндегі «Ух... ух...» композициясы еді. Аталған кинокартина 1983 жылы ХІІІ Мәскеу халықаралық кинофестивалінің аясында көрсетілген. Сол комедияда Челентано маймылдар тәрбиелеп өсірген, жануарлармен сөйлесе алатын жабайы адамның рөлін сомдайды. Онысы адамзат пен жан-жануарлар табиғаттың ортақ баласы екенін жеткізу еді.
Иә, «Ералаштың» арнайы сол әнді пайдалануының себебі фильмнің негізгі идеясында жатыр, яки оқушыларды жануарларды құрметтеуге шақыру. Әрі әлемдегі ең қатыгез де ақылды жануар адам екенін еске салу. Бұл туралы біз бұрынырақ та жазғанбыз. «Ералаштың» мұндай қызықтары толып жатыр, бірі еске түссе, енді бірі санадан өшіп барады. Бірақ бәрібір көңілге ыстық көріністер, қайталап көруден жалықпайсыз.
Кез келген кинокартина үлкен идеологияның бастауы. Сол заманда асық ойнап, ләңгі теуіп жүрген балаларды теледидарға жақындатқан осы «Ералаш» тележурналы болды. Сондағы оқушылардың есерсоқтығын мектепте қайталап, ұстаздан оңбай таяқ жегеніміз бар. Ол да бір тәтті таяқ еді, біз сонда мұғалімге артық ауыз сөз қайтармайтынбыз, еркелігіміз еркіндігіміз деп бағаладық. Қазір бәрі басқа… Ұялы телефонға жабысқан балдырғандарды ештеңе қызықтырмайды. Еркіндігі кішкентай экранның ішінде адасып жүргендей…