Заманауи суретшінің қаламы өнертанушыларды әркез таңдандырады. Ақынның көмейіне құйылып түскен шумақтар секілді қылқаламынан үздіксіз тамып жатқан бояулар. Қызылды-жасылды жәй бояу деймісіз, шығарма толық жазылып біткенше әр толқынмен қиялдың әр тарапынан келген түстер майыса келе өрнекке айналып, өріліп жатады. Люй-Коның салған суреттері сонысымен де ерекше: заманауи талғам, жатық машық, шебер қалам һәм сауатты. Оның мың-сан штрихтарының бір-бірімен үйлесімін іздеп, тінтсеңіз де бір қылау таппайсыз. Картиналарында басы артық деталь, бос ауа, адасып жүрген ой жоқ. Бәрі ешбір толқусыз, толғақсыз, дайындықсыз қылқаламның ұшынан сусылдап төгіліп салынғандай жеңіл сезіледі.
Автор кескіндемеде де, графикада да бірдей талантты. Палитрасы да өзгермейді: ақ пен қара, күн мен түн, суық пен жылы, жарық пен күңгірт реңдер астаса келе алдында тұрған жанды түу тереңіне батырып әкетеді. Кейде шығармаларында көңіл-күйін де береді. Бірде ізгілікке ұмтылған адам отырса, енді бірде үнсіз мұңайған көңілдің ізі жатады. Көрушіге сұрақ қоймайды, өмірдің мәнін іздемейді, мораль оқымайды – шын өнердің бастапқы мақсаты да осы емес пе еді.
Еңбекқорлық әр шығармашыл жанның бойында кездесе бермейді. Сұмдық талантты тұлғаның да жалқау болатынын тарихтан білеміз. Ал Люй-Кода алып ағаштың мың-сан жапырақ, бұтасына жан бітіріп, тәптіштеп бейнелеуге ерінбейтін жанкештілік бар. Дәл бір бейнелеу өнеріне өз еркімен келген құлақкесті құл сынды. Һәм бұл «қызметінен» өзі рахаттанады.
Оның қалам-қиялы өте бай. Шеберлігі де осыдан қалыптасса керек. Бағзы дәуірдің дауысын осы заманның үнімен үйлестіріп үйренген. Яғни байырғы суретшілердің композициялық ерекшеліктерін жете зерттеп білгені байқалады. Сол арқылы өз туындыларында ерекше бір қосынды шығарады: өткен ғасырлар стилі осы күнмен мидай араласып жатқан өмір. Әр шығармасы классика мен қазіргі заманның, философия мен мистиканың, ирония мен жұмбақтың, ортағасырлық фарс пен аллегориялардың, бүгінгі және өткен шежірелердің сәтті қоспасындай. Кенеп бетінде – ойтолғамдар, кенеп бетінде – тәмсілдер, кенеп бетінде – тарих, дәуір дауысы.
Люй-Коның да философиялық тақырыптарының бірі – кеңістік пен уақыт. Екі бөлек қоғамды, екі бөлек адамдарды, екі бөлек түсінік-көзқарасты, екі бөлек құндылықтарды байланыстырғысы келеді. Кейде бір дәуірдің шындығын бір ұрпаққа айтатындай.
Суретші Вячеслав Люй-Ко Мурманскіде дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. 1987 жылдан көптеген қалалық, республикалық, халықаралық көрмеге қатысып жүр. Жиырмадан астам жеке көрмесін өткізді. Бүгінде автордың көптеген туындысы Ресей, Германия, АҚШ, Канада, Түркия және басқа да елдердің жеке коллекцияларында сақтаулы тұр.
Автордың «Үйге апарар жол» атты ерекше картинасы бар. Онда суретші екі дәуірді бір жолда түйістіреді. Көнетоздау көліктің ішінде біздің қоғам – қарсы алдыңызда жолдан керуен көшіп барады. Параллель өмір. Осы шығарма туралы суретші Жеңіс Кәкенұлы мынадай ой айтады: «Мынау Люй-Коның картинасы еместей. Интерьері қаракөк, жайсыз да маркасы белгісіз автокөліктің ішінде, анау айнадан төбем ғана көрініп отырған – мен, мына өзім секілденгем. Жан-жағын қара ағаштар көмкерген, бір қар жауып үлгерген қараша, қатқақ қара жол да етене тұғын. Кенеттен, ойда жоқта, Бермуд үштағанында мачтасы аспан тіреп, бәлен ғасыр бұрын жоғалып кетіп, ғайыптан көрінген жұмбақ кемедей, жол үстін кесе-көлденең өтіп бара жатқан, әйелдер алдына бесік өңгеріп, жігіттер томағалы бүркіт ұстап, тізгін қағып, аттарына алшия қонған жақсы мен жайсаң, соңына тазы ерткен, өгіздеріне үстіне киіз үй тіккен доңғалақты арба жегіп, баяу басып өтіп бара жатқан кісілер де менің кешегі өтіп кеткен ата-бабама, ұлы көшке ұқсаған. Құлағыма олардың самбырлап сөйлеп, саңқылдап күлгені келгендей ме? Автокөліктің алдын орап (мен жаққа көздерінің қиығын да салмастан), кетіп бара жатқан, өз бояуы, өз үні өзіне жарасқан салқар көштің таяқ тастам жерден өтіп бара жатқанына, оның тікелей мұрагері мен екеніме қарамастан, әлгі көш менен, кенет, тым алыс, тым жырақ көрінген. Мен қадіріне жетпеген биік рух, кемел тіл, нағыз әуен осы көшпен ауа кеткендей ме?».
Оны бала кезінде суретке ешкім баулыған жоқ. Тіпті, бейнелеу үйірмелеріне де, сурет мектебіне де аяқ баспаған. Қарындаш ұстай алған алғашқы қалпымен-ақ мыңнан жүйрік шықты. «Люй-Ко» дейтін ныспысы да төбеден түскендей. Өмірі мен өнеріндегі өрнектердің осыншалықты ұйқасып, үндесуінде беймәлім бір сыр бардай.
Люй-Ко былтыр тұңғыш рет өткен «Umai» өнер саласындағы ұлттық сыйлығын «Көркем суретшінің/графиктің үздік жұмысы» аталымында «Ұмайдың оралуы» (графика) туындысымен жеңіп алды.