Үміт • 30 Қаңтар, 2023

Дохада қазақ шығыстанушысы марапатталды

507 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемде өмір сүру салты бір-бірімен мүлде қабыспайтын қаншама ел бар. Оларды жақын­дастыратын қуатты күш – мәдениеттер тоғысы һәм өзара түсіністік. Күні кеше Қатар астанасы Дохада «Аударма және аккультурация мәселелері» атты халықаралық конференция өтіп, аударма саласының озық мамандары бір алаңда бас қосты.

Дохада қазақ шығыстанушысы марапатталды

Осымен тоғызыншы мәрте ұйым­дастырылған іс-шараға биыл алғаш рет Қазақстан атынан арнайы делегация қатысты. Негізінен араб тіліне яки араб тілінен өзге тілдерге тәржіма жасайтын көшбасшы мамандар жиналған ауқымды жоба бағдарламасына қазақ тілінің де енгені ел үшін мерейлі жаңалық деп атауға болады. Себебі қазақтың бай мәдениетін, салт-дәстүрі мен таным-табиғатын өз­гелерге танытуда аталған жобаның аясы кең. Жоба шеңберінде аударма ісінің көшбасшы мамандары марапатталып, олардың сапына отандық ғалымдардың да есімі енді. Атап айтқанда, белгілі шығыстанушы, Нұр-Мүбәрак Мысыр ислам уни­верситеті Ғылым және инновация департаментінің директоры Ықтияр Палтөре Шейх Хамад атындағы аудар­ма және халықаралық түсіністік жүлдесінің иегері атанды. Беделді бәйгеде еліміздің атын асқақтатқан аудармашымен хабарласып, аталған іс-шараның маңызы және әлемдік аударма ісінің бүгінгі өрісі туралы ой-пікірін білген едік.

– Қазақстанда жекелеген аудармамен жемісті түрде айналысып жүрген мамандар аз емес. Олардың басын біріктіріп, ұжымдық аудармаға ден қоятын кез жетті. Неге десеңіз, тікелей араб тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен араб тілі­не аудару мәселесі өзекті. Тағы бір маңызды дүние, тек діни бағыттарды негіз­ге алған еңбектерді аудару­мен шектелмеуіміз қажет. Ен­дігі кезекте жаңа дең­гейге шығып, мемлекеттер арасындағы мәдени ық­пал­дастықты, достық қа­рым-қатынасты дамыту­ды көздейтін, әріптестік әле­уетін жолға қоятын тың тал­пыныстарға барғанымыз абзал. Қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін, дүниетанымын көркем тілде аударып, арабтарға жеткізе білуіміз керек. Әдетте халқы­мыз­ мәдениетінің тамыры тереңде екенін ауызша айтамыз, бұл жеткіліксіз. Нақты кітаптармен, қазба мұралармен, музей экспонаттарымен соны дәлелдеп көрсете білуіміз керек. Әсі­ресе қазіргі жаһандану заманында аударма саласының атқаратын міндеті ауқымды. Осы орайда әріптестерімді күш біріктіре жұмыс істеуге шақырамын. Ал бүгінгі марапат біздің халқымыз­ға жасалған құрмет деп есеп­теймін. Ана тіліміздің бе­делін халықаралық дең­гейге көтеру – бәрімізге жауап­ты борыш, – дейді Ықтияр Палтөре.

Айтулы аталымға отан­дасымыз әл-Фараби трак­­тат­­­тары­­ның аудармасын, сон­­дай-ақ осы бағыт­тағы бір­­неше еңбегін ұсын­ған. Шы­­ғыс­­тан шыққан дала да­ныш­пан­дарының қол­таң­басына үңілген аудар­машы бұл бағыттағы жұ­мыс­тарын кешенді түрде жал­ғастыратынын жеткізді. Оның «Құран Кәрім. 30-пара. Мағыналық аударма және тәпсір», «Намазда жиі оқы­ла­тын сүрелердің тәп­сірі», «Ис­лам мәдениеті», «Сұлтан Заһир Бай­барыстың өмірбаяны: Араб халық эпосы» секілді көп­те­ген еңбегі оқырманға кеңінен таныс.

Адамзат алдынан күн са­йын шешімі күрделі мәселе­лер шығып жатыр. Бұдан мұқалмай өту үшін рухани бірлік керек. Білім-ғы­лым – адамды шырқау биік­ке көтеретін ең сенімді тетік. Әлем жастары адами асыл қасиеттердің нәрін мәде­ниеттер арқылы сіңіреді. Ен­деше, ұлы дала ойшыл­дары­ның еңбегін қайта жаңғыр­тып, дәстүрлер сабақ­тастығын дәнекерлеуде сапалы аударма ісінің маңызы зор.

 

АЛМАТЫ