Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ұлттық банк деректеріне сүйенетін болсақ, өткен жылдың жартыжылдығында Ұлттық қордың валюталы активтер қоры 53 млрд долларды құраған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100 млрд долларға дейін көтеру көзделіп отыр. Қалай болғанда да инвестициялық кірісті жыл сайын жақсарту туралы айтуға оңай болғанымен, валюта бағамы, мұнай бағасы, акциялар құны сияқты тізбектеле беретін факторлардың ел экономикасына әсері болмай қоймайды. Дегенмен балалардың болашағына бағытталған бағдарламаны жүзеге асыруға байланысты қоғам позитивті пікірде. Ал еліміздегі 17 жасқа дейін 6 миллионнан аса баланың жарқын өмірін қамтамасыз ету баршаға ортақ міндет екенін әрбір азамат сезінуге тиіс.
Осы орайда Мемлекет басшысы Ұлттық қор активтерін ұлғайтуға, сауатты басқаруға және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, экономиканы әртараптандыру және цифрландыруды іске асыруға тапсырма берді. Президент атап өткендей, «Шикізатқа әлі де тәуелді елміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ал ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ».
Қазіргі кезде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асырудың тетіктері пысықталып жатыр. Парламент Мәжілісінің VII шақырылым депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болған Ирина Смирнованың айтуынша, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қабылдануы – әділетті шешім. Алдағы уақытта зейнеткерлер, мүгедектерге қолдау көрсету сияқты әлеуметтік бағдарламалармен жалғасын тауып жатса, мемлекеттік қолдаудың халық игілігіне жұмыс істегенінің кепілі болмақ.
«Ендігі кезекте шығынға батып келген ұйымдар Ұлттық қордың табысын арттыруға үлесін қосуға тиіс. Сонда ғана балалардың шотына түсетін қаржы да ұлғая бермек. Осы орайда мемлекет байлығы халықтың қазынасы екеніне басымдық беріп отырған Президент әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруда дені мықты, салауатты ұлт қалыптастыруды басшылыққа алып отыр. Қазақстанның әрбір азаматы өзінің әлеуметтік, құқықтық тұрғыдан кепілдігін сезініп, сапалы білім алуына, лайықты баспанаға қол жеткізуіне көзі жететін болса, болашаққа деген сенімі де арттыра түсетіні сөзсіз», дейді И.Смирнова.
Ал әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Ләззат Нұрқатованың айтуынша, балаларға қамқорлық жасау – кез келген мемлекет саясатының басымдығы.
«ХХІ ғасырда орта білім алғаннан кейін өзін-өзі құрметтейтін азамат қандай да бір мамандық, біліктілік алуға тырысуы қажет. Ал балаларға – қамқорлық жасау, болашағын қамтамасыз ету кез келген елдің басымдық беретін бағыты. Президент Жолдауынан туындайтын заманауи әлеуметтік бағдарламаның парадигмасы: Біз ашық бәсекелестікке негізделген және әркімнің тең мүмкіндігімен Әділетті Қазақстанды құру. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы әмбебап базалық табыс идеясының бір бөлшегі болып саналады әрі ешкім назардан тыс қалмайды идеясына саяды. Алдағы уақытта еліміздің экономикалық дамуымен әрбір азамат кедейшіліктен, әлеуметтік теңсіздіктен қорғалады. Қазіргі экономикалық жағдайда Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде құрылымданған деп айта алмағанымызбен, республиканы әлеуметтік мемлекет ретінде жариялау азаматтардың, әсіресе, балалардың мүддесі, қажеттілігі қоғамдық өмірді қайта құрылымдаудың басымдығына айналып отыр. Әлеуметтік жұмыс, білім саласындағы кәсіби маман, ғалым ретіндегі біздің міндетіміз – «Әділетті Қазақстан» негіздерін және «әмбебап базалық табыс» идеясын әлеуметтік жұмыс барысындағы білім бағдарламаларына енгізу. Отбасы, білім, саясат, денсаулық және әлеуметтік қамсыздандыру саласында бұл идея азаматтарға әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін және назар аудару сапасын күшейтуді білдіреді. Бұл идеяның цифрлық экономика жағдайында тиімді болуымен қатар «Әділетті Қазақстанды» құруда үлкен әлеуетке ие екеніне ерекше назар аударамыз», дейді Л.Нұрқатова.
Экономист Мақсат Халық атап өткендей, көптеген дамыған елде, мысалы, араб елдерінде байлығының бір бөлігін балалардың шотына аударып отыруы мемлекет саясатының бір тармағы ретінде тиімді жұмыс істеп келеді.
«Ендігі кезекте «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асырудың тетіктерінде шоттағы қаржыны қалай және қандай жағдайда пайдалану қажет жетілдіруге байланысты сұрақтардың туындайтыны заңдылық. Осы орайда бағдарламаны іске асыруда пысықтайтын тұстары өте көп. Ал Ұлттық қордың небәрі екі пайыз кірісі жағдайында шотқа қомақты қаржының түсуі екіталай. Осыған орай Ұлттық банк мамандарының қаржылық біліктілігін сынай отырып, олардың алдағы уақытта біліктілігі жоғары болуға тиістігіне де назар аударуға тиіспіз. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы қоғамның назарын аударып, азаматтық позициясын күшейтеді. Бағдарлама халықтың игілігі үшін, келешек ұрпақ болашағы деп құрылғандықтан, қор түсімдерінің қоғам тарапынан бақылануы да маңызды. Осы ұстанымда болсақ, мемлекет қаражатының жоғалуына, оффшор асып кетуіне тосқауыл қоя аламыз. Халық талабы күшті болып жатса, қорды басқарушылардың да жауапкершілігі артып, оның дамуына бар күш-жігерін салады. Сонда ғана балаларымыздың болашағына көбірек қаржы аударуға үлес қоса аламыз», дейді сарапшы.
Көптеген дамыған ел тәжірибесінде ана мен балаға арналған жеңілдетілген бағдарламалар сол ел саясатының ажырамас бөлшегі ретінде жемісін беріп келеді. Бірқатар елде қолдау жеңілдіктері екінші баладан кейін көрсетілсе, Франция, Латвия, Швеция елдерінде бала саны өскен сайын ай сайынғы әлеуметтік төлемдер де ұлғайтылған. Ал Ұлыбританияда бала 10 жасқа келгенге дейін төлемдер жасалады. Мемлекеттік бағдарлама бала туған сәттен бастап банкте есепшот ашылып, оны 18 жасқа жеткенше жинақтау үрдістері жолға қойылған. Осы орайда экономист Мақсат Халық біздің елімізде де «Ана капиталы» сияқты бағдарламалардың жүзеге асуын қолдайтынын атап өтті.
«Алдағы уақытта еліміздегі әлеуметтік саясатты жүзеге асыру барысында көптеген елде мақұлданған «Ана капиталы» сияқты бағдарламаны да жүзеге асыру артық болмайды. Баланы өмірге әкелгеннен кейін оның күтіміне қомақты қаржының қажет екені белгілі. Тәй-тәй басып, аяққа тұрып кеткенше қолдау болып жатса, ол да ұлт саулығының кепіліне айналмақ. Бірқатар елде төртінші бала дүниеге келгенде минивэн сияқты жеңіл көліктер сыйға беріліп жатады. Мұндай қолдау отбасында баланың көбеюіне, дені сау нәрестенің өсіп-өнуіне зор ықпал ететін қадамдар ретінде іске асуда», дейді М.Халық.
Президент тапсырмасына орай елімізде адам капиталына бағытталған әрі әлеуметтік қорғауға арналған жүйелі жұмыс іске асып жатыр. Мамандардың пікірінше, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы әлеуметтік-экономикалық саясатта әділетті сипатқа ие. Балалардың ересек өмірге қадамын қолдау, дені сау ұлт қалыптастырумен қатар демографиялық саясатқа үлкен серпін беретін қадамдардың біріне айналатыны сөзсіз. Қазіргі кезде республика жұртшылығы еліміздегі саяси-экономикалық реформалардың, Конституциялық өзгерістердің нәтижесіне үміт арта отырып, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы әділетті мемлекеттегі жарқын қадамдардың біріне айналады деген сенімде.
АЛМАТЫ