Жаңа жылдың алғашқы күні Арал ауданы Қарашалаң ауылының екі тұрғыны балыққа кетіп, байланысқа шықпай қалған. Түнделетіп мотоциклмен кеткен екеудің хабарсыз қалғанына алаңдаған жергілікті тұрғындар өз беттерінше іздестіріп, адасып кеткен ауылдастарын елді мекеннен 18 шақырым жырақтан тауыпты. Мұз ойылып, көліктері суға кеткен екеу жағалауды таба алмай, бағдарынан жаңылып ұзақ жүрсе керек. Жұртты бір дүрліктіргенмен арты жақсы аяқталған осы оқиғадан кейін тағы бір оқыс жағдай болып, мұз үстіне көлікпен шыққан бір адам суға кетті.

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Оныншы қаңтар күні облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Кіші Арал теңізіне 1963 жылғы азамат УАЗ автокөлігімен батып кеткендігі жөнінде хабар түседі. Іздестіру жұмыстарына Арал ауданы Қамыстыбас елді мекеніндегі жедел-құтқару жасағы бөлімшесінен үрлемелі моторлы қайықпен және сүңгуір құралдарымен жабдықталған 4 құтқарушы жұмылдырылды. Теңіз жағасынан шамамен 7 шақырым болатын көлік батқан тұстағы мұздың қалыңдығы 35 см, су тереңдігі 14 метр екені анықталды. Оқиға болған жер белгілі болғанымен де сол күні күшіне мінген аяз іздеу жұмыстарын бастауға мүмкіндік бермепті. Ертесіне қалың мұз кеңірек ойылып, теңіз табанында лайлы батпақ кедергі келтіргенімен де құтқарушылардың жанкештілігімен 14 метр тереңдіктен УАЗ автокөлігі табылды. Келесі күні жұмысын жалғастырған жасақ сүңгуірлері оқиға орнынан 6 метр жерде мұзға жабысып қалған азаматтың денесін сыртқа шығарды.
Облыстық ТЖД мамандарының мәліметінше, өткен жылы аймақта 30 адам суға кеткен, оның тоғызы – бала. 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 61 пайызға төмендегенмен, айдың-күннің аманында тілсіз жаудың тұзағына түскендердің тоқтамауы алаңдатады.
Өзен арнасында мұз ұстасқаннан кейін қауіпсіз айналма жолды алыссынып, төтелей тартатындар бар. Айдын бетіндегі қаймақ судың қалыңдағанын балықшылардың да асыға күтетіні анық. Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, мұз бетіне көлікпен шығу үшін оның қалыңдығы 25-30 сантиметрден асу керек. Бірақ бұл ескертуді елеп жатқандар аз.
– Дәл қазір облыс аумағындағы су айдындарындағы мұздың қалыңдығы – 16-41 сантиметр аралығында. Осыған қарамастан дария мен көлдерден балық аулайтындар кездеседі. Олар жұқа мұздың жарылып, оқыс жағдайлар болуы мүмкіндігін ескере бермейді. Сондықтан полиция қызметкерлерімен бірлесіп күнделікті рейд жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеміз. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сақтық ережелері көрсетілген үнпарақ таратамыз, – дейді облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Нұржігіт Тұрғанбай.
Былтыр төтеншеліктердің балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген профилактикалық жұмыс барысында заңсыз балық аулаудың 419 дерегі тіркеліп, 4 млн 446 мың 400 теңге айыппұл салынған. Рейдтік іс-шаралар барысында су айдындарында, балық аулайтын орындарда 2 573 рейд өткізіп, 150 мыңнан аса судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, үнпарақ таратылыпты.
Жыл он екі ай жұрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жарғақ құлағы жастыққа тимейтін төтеншеліктердің бар шарасы ескерту берумен ғана шектеледі. Мысалы, былтыр полиция департаментімен бірлесіп Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабы бойынша 75 адамға ескерту жасалған болса, 440-баппен 2 273 азамат әкімшілік шараға тартылған.
Қыста балық аулаудың қызығы бір бөлек. Табысы да қомақты. Бірақ әркім алдымен өз қауіпсіздігін ойлау керек.
– 2021 жылы – 5, былтыр 2 балықшы суға кетті. Осы жылдың басында тағы бір тұрғын тілсіз жау құрбанына айналып отыр. Осының бәрі ескертуді елең қылмағанның ақыры, – дейді мамандар.
Қала аумағында орналасқан 55 мектептің оқушылары мен ата-аналары WhatsApp желісіне топтастырылып, судағы қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Аймақ мектептеріндегі 117 450 оқушыға зардап шегушілерді құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдеріне баулитын 409 интерактивті сабақ өткізілді.
Соңғы 3-4 жылда солып аққан Сырдарияның биыл арнасы толып тұр. Облыс шекарасынан Кіші Аралға дейін мың бұралып ағатын өзен 1 274 шақырымды басып өтеді. Мұнан басқа 19 ірі, 220 шағын канал және 207 көл бар. Олардағы қауіпті учаскелердің саны 64 болып тұр.
Осы аумақтардың бәрін бақылау оңай емес. Дегенмен оқыс жағдай бола қалса төтеншеліктер тез жұмыла қояды, оларға жергілікті әкімдіктердің де жәрдемі көп. Балыққа кетіп, бағытынан жаңылған жандарды ерікті ретінде іздеушілер де бар. Әлеуметтік желідегі жанашырлар қатары да аз емес. Алайда егер ескертуді елесек, мұнша уайым жемес едік қой.
Қызылорда
Қазақ балуандары – Азия чемпионатының жеңімпаздары
Спорт • Бүгін, 15:38
Мемлекет басшысы Ерлан Қошановты қабылдады
Президент • Бүгін, 15:34
Мәдениет саласының ардагерлеріне әлеуметтік көмек көрсетіледі
Мәдениет • Бүгін, 15:20
Индустриялық даму комитетінің төрағасы тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:10
Алматыда қайыр сұрап, құлдықта болған зейнеткерге көмек көрсетілді
Аймақтар • Бүгін, 15:08
Елордада Мемлекеттік рәміздер күніне орай онлайн конкурс өткізіледі
Елорда • Бүгін, 14:51
Ұқсас жаңалықтар