Музей • 02 Ақпан, 2023

Музей қоры толыға түседі

410 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі «Сыр бойындағы діни ағартушылар мұрасын кешенді зерттеу» жобасын қолға алды. Ағартушылық бағыт ұстанған қайраткерлердің елді білімге баулып, ағайын татулығын, ұлттық салт-дәстүрді сақтаудағы еңбегін танытып, мұрасын қастерлеуге арналған жоба заманында аса білімдар тұлға ретінде танылған Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадірұлынан қалған жәдігерді зерттеуден басталды.

Музей қоры толыға түседі

Хорезмде білім алып, қазіргі Шіркейлі ауылы аумағында екі мешіт салдырған ахуннан сирек кездесетін 40-қа жуық кітап қалған. Құнды жәдігерлердің біразы ауыл кітапханасында тұр.

– Осыдан 2 жыл бұрын «Құнды жә­дігер» жобасы аясында Сыр еліндегі әулие-әнбиелер, ахун-ишандар, билер мен батырлар пайдаланған, халық қасиетті санайтын дүниелерді зерттеу мен насихаттау бағытында біраз шаруа атқарылды. Ал Сыр бойындағы діни ағартушылар мұрасын кешенді зерт­теуде қайраткерлер пайдаланған кітап­тар мен қолжазбалардың көшірмесін жасап, музей қорына қосуды көздеп отырмыз. Бұл болашақта осы бағыт­та ізденіс жасайтындар үщін де үлкен кө­мек болмақ, – дейді тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев.

Жаңа жобаның басында мұрасы зерттеліп отырған Тапал ахун – ғұлама­лығынан бөлек сырттың ықпалына қар­сы қайрат көрсеткен тұлғаның бірі. Ел аузындағы әңгімелердің бірінде 1916 жылы Ресей империясына қарсы Торғай даласындағы ұлт-азаттық көтеріліс ке­зінде Амангелді Иманов өзінің сенімді серіктерінің бірі Омар Шипинді Тапал ахунның батасын алу үшін Сырға жібер­гені айтылады. Ахун алыстан келген жолау­шыға бата беріп, «Бұл соғыс – әділ соғыс» деген пәтуа жасапты деседі.

Тапал ахун мұрасын зерттеуде мамандар назарына 1545 жылы Кутахиа қаласында жазылып, арабтың 40 мың сөзі түркі тіліне аударылған «Ахтари-Кабир» сөздігі мен шариғат заңдары, жалпы этика, әскери стратегия, экономикалық саясат қамтылған «Фатауа Аламгияр» туындылары ілініп отыр.

– Бұл туындылар осыған дейін «Құнды жәдігер» жобасы барысында да зерттелген болатын. Осы жолы ұрпақ­тарының қолынан 1896 жылы Үндістанда жарық көрген «Салоти Масъуди» кітабын алып, көшірмесін жасат­тық. XIV ғасырда өмір сүрген шейх Масуд ибн Самарқанди жазған бұл үштомдық мұсылман дәстүрінің әліп­­пе­сі іспетті. Парсы тіліндегі бұл еңбек­тің мән-мағынасын толық түсіну үшін ға­лымдар көмегі қажет, – дейді музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.

Қазір ел арасында Марал ишаннан, Әлібай ахуннан қалған көп дүние сақ­таулы тұр. Әйгілі Жанқожа батырдың пірі болған Дәрменқұл ишан баласы Орынбет ишан пайдаланған кітаптар мен қолжазбалар ұрпақтарының қо­лын­да. Жоба барысында осылардың кө­шір­­мелері жасалып, музей қорына қойылмақшы.

Музей ұжымы осы жылы Алматы­да­ғы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қорындағы Сыр өңіріне қатысты фольклорлық мұра, деректер­дің көшірмесін жасап, жәдігерлер қата­рын толықтыруды жоспарлап отыр. Ғылы­ми хатшы Асхат Сайлау бұл бағытта Сыр бойы қазақтарының фольклоры ­мен этнографиясын түп-тамырына дейін ­тү­ген­деген Әбубәкір Диваев жинақта­ған мұралардың мәні жоғары екендігін айтады.

 

Қызылорда