Халқымызда ежелден келе жатқан «Ит үреді, керуен көшеді» деген жан жұбатып, сабырға шақыратын жақсы мақалы бар. Сол көш-керуеніміз қилы заманды артқа тастап, бүгінге де жетті. Кешегі келмеске кеткен тоталитарлық режімдегі кеңестік дәуірді де, одан түсініп болмас «қайта құру» кезеңін және тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен кейінгі отыз жыл бойғы жүйені де көрдік.
Осының барлығының ыстығына күйіп, суығына тоңған, бүгінде жастары алпыс пен жетпістің арасындағы біздер көргеніміз, көкейге түйгеніміз бар болғандықтан, өткеніміз бен бүгінімізді саралай отырып, қоғам өмірі мен тыныс-тіршілігіне қатысты сөз айтсақ, көсемсігендіктен емес, сол баяғы «Кемедегінің жаны бір» деп ұғынғандарыңыз жөн.
ХХІ ғасырға дендей енген қантөгіс соғыстар бүгінгі таңда да жалғасып келеді. Ол аз дегендей бүкіл әлемді торлап алып, әлдекімнің айта салған бір ауыз сөзі от тастап, араздық өртін бұрқ еткізе салатын интернет майданы да өршіп тұр. Бұдан қалса, иек астында бірі аюша ақырып, бірі айдаһарша от-жалынмен ысқырына азуларын айға білеген алпауыттар тағы бар. Осыны ойлағанда, өзіңе-өзің мықты болмасаң, тәлкекке түсіп кетуің әбден мүмкін деген ой көңіліңе маза бермейтіні жасырын емес. Өзіңе-өзің мықты болмасаң дегенім, тағы да сол бабалар айтып кеткен «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген оймен ұштасады.
Сонымен «Әлдінің алдында әр кезде әлсіз кінәлі!» (орыс мысқалшысы И.А.Крылов) дегенді ұстанып, алпауыттардың әлегінен тынышы кетіп тұрған мына әлемнің үлкен көшінде тәуелсіздігіміздің туын түсірмей алға жылжып келе жатқан өз еліміздің бүгініне көшейік. Бүгініне көшсек, әрине ежелден ханының аузына қарап, әділ шешіміне тоқтайтын халқымыздың асыл дәстүрін сақтап, Президент Қ.Тоқаевтың ел тыныштығы мен оның бейбіт өмірін сақтаудың жолын сілтеп, айтқан сөздері санамызға жетіп, көңілімізге медеу болатыны тағы шындық.
Күні кеше ғана жаңа сайланған Парламент Сенатының отырысында халыққа арнап сөйлеген сөзінде Президент: «Біз конструктивті реформа бағытымен алға қарай нық қадам басып, мемлекеттілігімізді нығайтып, қоғамды біріктіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Саяси жауапкершіліктің биік мәдениеті мен азаматтарымыздың шынайы патриотизмі мұның кепілі бола алады. Әрқайсымыз өзара тілеулестік қағидатынан айнымауымыз керек. Сонда ғана тең мүмкіндіктер мен дамуды ту еткен Әділетті Қазақстанды құрамыз», деді. Мемлекет басшысы Абайша айтқанда, «Сәулең болса кеудеңде, мына сөзге көңілің бөл!» дегенді меңзеп, мынадай күрделі кезеңде өзіміздің өмір сүріп отырған қоғамымызда әуелгі кезекте алауыздық орын алмаса екен деген алаңдаушылығын білдіреді.
Билікке сын айтылғаны дұрыс. Бірақ сол айтылған әрбір сын негізсіз болмауға тиіс екенін түсінетін кез жетті. Қит етсе, «бәріне билік кінәлі» деп аттан сала беру – теріс пиғылдағы радикализм мен экстремизмді көздейтіндерге таптырмайтын мүмкіндік екенін ескерткені. Ең алдымен өз сөзің мен ісіңе жауап беру – демократиялық қоғамның ең басты талап-шарттарының бірі екенін саясаткерлерге де, жалпы қарапайым бұқараға да түсінікті түрде жеткізе келіп, Мемлекет басшысы: «Әлемде бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал кезінде еліміздің тыныштығы мен ырыс-берекесін сақтау тек өзімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға байланысты. Тәуелсіздігімізді сақтау және оны нығайту аса маңызды міндет екенін тағы да еске саламын. Бұл – халқымыздың басты құндылығы», дейді.
Талай жылдан бері елді тонап, мемлекет қаржысын қалталарына басқан билік басында пайда болған олигархтардың қылмыстары әшкереленіп, қолды болған қыруар ақша ел игілігіне қайтарылып, олардың алды түрмеге қамала бастады. Мұндай батылдыққа бару бұрын мүлде мүмкін емес еді. Алшаңдағандардың аяғы аспаннан бір-ақ келді. Ат төбеліндей ғана белгілі бір топ мүшесінің қатыгездікті қару еткен рейдерлік әрекеттерінен қиянат көріп келген адал еңбек иелері қарсылығын білдіріп, олардың озбырлығын әшкере етіп, жанайқайларын ашық айта бастады. Ашық айта бастағаны олардың мұң-зарына құлақ асып, азаматтық құқықтарын қорғайтын әділетті биліктің орнай бастағанына көздері жетіп, ақиқатқа қол жеткізетін күннің туғанына берік бір сенімнің туғанынан еді.
Президенттің тікелей қолға алуымен заңсыз шетел асқан активтерді қайтару туралы Жарлыққа қол қойылып, бұл бағыттағы жұмыс жүзеге асырыла бастады. Рас, «Судың да сұрауы бар». Бұл игі іске әлемдік беделге ие шет мемлекеттер де қолдау көрсетіп, талан-таражға түсіп, заңсыз жолмен сыртқа шығарылған қыруар қаржы бюджетке қайтарылмақ. Елдің жоғын жоқтап, мұндай батыл қадамдарға бару, әрине, жанкештілікті қажет етеді.
Президенттің «Біз бір-бірімізге қамқор, жанашыр болып, жақсылыққа ұмтылуымыз керек. Қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – еліміздің әрбір азаматының перзенттік парызы. Біз не істесек те, ел мүддесі үшін жасаймыз» деген сөздерін де еліміздің әрбір азаматы көңіліне тоқып, ойлана қадам жасаса дейміз. Өйткені шынында да тыныштық болмаса, барлық жетістіктің бір-ақ сәтте құрдымға кететінін қасіретті қаңтар кезінде көзбен көріп, бастан өткердік. Сондықтан да ынтымағымызды сақтау – бәрімізге ортақ парыз, болашақ ұрпаққа өнеге.
Шаяхмет ОРАЗЫМБЕКҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Алматы
Өскеменде КамАЗ тіркемесі жаяу жүргіншіні қағып кетті
Аймақтар • Кеше
Братиславада қазақтың киіз үйі тігілді
Әлем • Кеше
Ұқсас жаңалықтар