Елдің елдігінің бір белгісі – асылдарын ардақтай алуы. Ардақтауға лайықты азаматтарымыздың бірі қазақ баспасөзінің қара нарындай қайрат көрсеткен, ерекше еңбекқорлығы, ортақ іске жауапкершілігі ауыздан ауызға тараған тамаша журналист, шебер ұйымдастырушы, Президент сыйлығының лауреаты, арамызда жүрсе биыл 75 жасқа толатын Ержұман Смайыл еді. 10 ақпанда оның ұшқан ұясында – Қазақ ұлттық университетінде журналистика жүйрігінің аты берілген арнайы аудитория ашылады.

Біздің буын қолға қалам алған жетпісінші жылдарда әдебиет пен журналистика әбден қойындасып кеткен еді. Ақын-жазушы атаулының бәрі әуелде шығармашылық жолын газеттен бастайтын, журналистік кәсіп жазушылыққа жетер жолдағы белес сияқты қаралатын, ол белестен біреулер өте алады, біреулер өте алмайды деп саналатын, журналистің бара-бара ақын-жазушы болмауын жұрт бола алмаудың белгісі деп қана білетін.
Осы қасаң қағиданы қақыратып берген аз адамның бірі еді Ержұман Смайыл. Ол газеттің қара жұмысын атқара жүріп-ақ, мақаланы анда-санда бір жазып-ақ, зейнет жасына жеткенге дейін жалғыз ғана кітап шығарып-ақ, журналистика саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты атана алды. Өйткені ол журналистика тек өзің жазу еместігін, нағыз журналистиканың мәні ұйымдастырушылықта, алдымен өзгелердің жазуына жағдай жасауда, редакция жұмысын жоспарлауда, ойға ой қосуда, қолға тиген дүниені жөндеуде, өңдеуде, қырнауда, сырлауда, жұмырлауда, қалам иелерін қанаттандыруда, адамдардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасауда екендігін өзгеше өнегесімен дәлелдей білді. Тұп-тура қырық жеті жыл бойы білгенде, соның жиырма алты жылында қызметтес болғанда, оның он төрт жылында біріміз басшы, біріміз бірінші орынбасар күйінде қатарласа, қанаттаса қызмет еткенде өз басым Ерекеңнің жұмысты жапырып жіберетін ерен қайратына, ел дегенде ештеңеден аянбайтын жүрегіне, тек жұртқа болсыншы дегеннен басқаны білмейтін жанына тәнті болудан танбағанымды айта аламын.
Жұрт Ержұманның ұстаздығы дегенде «Лениншіл жас» пен «Егемен Қазақстанның» басшылығы тобында жүрген жылдарында журналистикаға баулыған бауырларын, жұмысқа қабылдаған қыз-жігіттерін айтады алдымен. Ол дұрыс, әрине. Бірақ журналистикадағы ұстаздықтың шындап танылар тұсы – ұйымдастырушылықта. Соның сырт көзге көріне бермейтін қымбат қыры – авторлармен жұмыс істеу. Аузы дуалы, сөзі уәлі дейтін кісілердің пікіріне, ел таныған тұлғалардың айтқанына атам заманнан ден қойғыш біздің қазаққа айтары бар адамдарды сонысын айшықтап жеткізе алатын адамдарға айналдыру – айрықша өнердің бірі. Бұл тұрғыдан қарағанда қырық жылғы қызметінде Ержұман Смайыл ұтырлы ұйымдастырушылықтың да талай тамаша үлгісін көрсетіп кетті деген жөн. Тоқсандық, тақырыптық жоспарларды апталар бойы ойланып, толғанып барып жасағанымызда, апталық лездемелерде аяқ астынан шұғыл тапсырмалар бергенімізде Ерекең соның бәрін жеріне жеткізе орындайтын, редакцияға керек мақаланы, сұхбатты дәл керек кезінде қолға тигізгенше тыншымайтын. Мен 2003 жылы «Егемен Қазақстанның» жетекшілігінен Ақпарат министрі қызметіне кеткенімде, ел басшылығымен келісе отырып, Ержұманды өз орныма қалдырған едім. Министрлік жұмыстан газетке қайта оралғанымда, қайтейін, енді төмендетуге тура келді. Нақтырақ айтқанда, төмендете тұруға. Біраз уақыт меншікті тілшілер бөліміне басшылық жасады. Көп ұзамай орынбасарлыққа, одан кейін бірінші орынбасарлыққа қойылды. Соның бәрінде де бір қалыптан танбай, жазықсыз жазаланғандай жерден сыр бермей, өз міндетін сыртылдаған сағаттай атқарған күйде жүре беріп еді-ау, қайран азамат!
Қайғылы хабар құлаққа жеткен күні «Егеменге» жазып берген, «Ер аға» деп тақырып қойған қоштасу сөзімізді: «Ерекеңді соңынан ерген шәкірттерінің, ізін басқан іні-қарындастарының бәрі Ераға деуші еді. Енді сол атауды бөліп-бөліп айту қажет болып тұр. Қош, бақұл бол, Ераға – журналистикада талай ерлік жасаған Ер аға!» деп аяқтаған екенбіз.
Артық айтқан сөз емес.
Қазақ қаламгерлерінің арасында зиялы қалпымен бөлектеніп тұратын парасатты прозашы, айшықты аудармашы Кеңес Юсупов туралы естеліктердің басын қосқан «Кеңес» жинағына («Фолиант», 2017) жазған «Интеллигент» атты мақаламызда: «Кейіннен Президенттің баспасөз қызметінде істеген жылдарда да Кеңес Сіләмханұлы ресми құжаттарды қазақшалау, алқалы жиындардағы сөздерді аудару жөнінде зор жұмыс атқарды. Рас, ол кісінің термин сөз көрсе түйіліп түсіп, «әкімдіктің уәзипасы» деген сияқты тіркестерді тізбелей беретіні де болатын. Содан ол мәтіндер «Егемен Қазақстанға» келеді де, менің бірінші орынбасарым, өзі де ресми аударманың шебері Ержұман Смайыл екеуінің түн ішінде телефон арқылы таласуы басталып кеп кетеді... Оның үстіне, Кеңес Сіләмханұлының бір қисайған жағынан қайтпай қоятын қыңырлау қалпы тағы бар. Ақыр аяғында жоғары жақтан «Өйтетін болсаңыздар, өздеріңіз аударып алыңыздар» деген пәрмен түсті де, ресми мәтіндердің бәрін ендігі жерде редакция аударатын, дәлдігіне, сапасына редакция жауап беретін болып шешілді... Одан ұтылған жоқпыз. Ержұман екеуміз қандай көлемді мәтінді де екіге теңдей бөліп алып, аударуға кірісіп кете беретінбіз. Қайта сөйте-сөйте саяси аудармаға әбден шыңдалып алдық» дегеніміз бар. Сол он төрт жылдағы тәржімешілік тандеміміздің жемісін бір жерге жинап жіберсе, ондаған том шығарына шүбәсізбін. Ержұманның аудармадағы алғырлығына, ерен еңбеккештігіне бір ғана мысал келтірейін.
2004 жыл. Нұртас Оңдасыновтың ғасырлық тойына қатысатын мерейтойлық делегация құрамында Түркістанға жол жүрдік. Дәл ұшаққа шығарда қолыма Азиядағы саясат саңлақтары туралы жазылған «Азиатский прорыв» деген жинақ түсе қалды. Мерейтой шаралары бітісімен кеш бойы, түннің бір уағына дейін оқып бітірдім. Қазақстан жайында жазылған тарау тартымды екен. Таңертең Астанаға қайттық. Ұшаққа отыра бергенде бір ойдың оралғаны. Сол көлемді тарауды шұғыл аударып, «Газет ішіндегі кітап» пішімімен жариялап жіберсек қатып кетер еді. Ақыры беретін болған соң жедел берген жөн, әрине. Ұшақ жерден көтерілердің алдында Ержұманға телефондап үлгердім: «Нөмірге саламыз. Төрт бетті бос ұстаңыз. Үшке бөліп аударайық. Өзі алпыс бес бет. Екі сағат шамасында барамын. Маған жиырма бетін қалдырарсыз». Ұшақтан түсе сала редакцияға соғып, кітапты Ерекеңе қалдырып, үйге жетіп, шайға қанып алысымен түс әлетінде диктовкаға отырғанмын. Сол отырғаннан әлгі өзіме тиесілі жиырма бетті кешке қарай бітіріп бір-ақ тұрып, Ерекеңді сұрасам, қыздар: «Ағай әлі аударып жатыр» дейді. Таңданып қалдым. Жылдам аударатынын білемін ғой. Оның үстіне менен бір сағат болса да бұрынырақ алды. Бір кезде созыңқырап барып берді қалған жағын түгендеп. «Тегінде, нөмірдің көлденең шаруалары киіп кеткен ғой», деп ойлап қойдым. Сөйтсем, былай болыпты. Сол жылдарда Алматы бөлімшесінде аудармашылық міндетті Мыңбай Ілес ағамыз атқаратын. Саяси аудармаға қамшы салдырмайтындығын пайдаланып, осындай қарбаластарда жауапты мәтіндерді жедел алдыртуға араластырып жататынбыз. Жиырма бетті суретке түсіріп, жөнелтіп, тапсырманы айтса: «Ауырыңқырап жүрмін. Мен он бетін ғана ала аламын», депті. Содан Ерекең бір өзі 35 беттік мәтінді аударып үлгерген екен... Ара-арасында нөмір жоспарлап, макет бекітіп, сурет таңдап, материалдардың қалай теріліп жатқанын, қайсысының қалай беріліп жатқанын қадағалап жүріп!.. Отыз бес беттік дайын мәтінді жай көшіріп шығудың өзіне қаншама қажыр-қайрат кететінін ойлап көрсеңіз, Ерекеңнің осындай істерін журналистік ерлік емес деуге әддіңіз қалмайды. Ал мұндай жайлар Ержұман Смайылдың өмірінде ондап емес, жүздеп кездескеніне оны жақын білген жандардың бәрі куәлік ете алады.
35 бет демекші... Жоқ, тағы бір мысал айтайын. Бұл енді оның жалпы білім-білігіне, соның ішінде орысшаға жүйріктігіне қатысты жай. Ержұман мектебінен өткен, тілшіліктен бастап, Парламент депутаттығына дейін жеткен, кезінде редакциямыздың Алматы бөлімшесін басқарған қабырғалы қаламгер Мейрамбек Төлепберген жақында (2022 жылғы 27 желтоқсанда) «Айқын» газетіне ұстазы туралы айшықты естелік жариялады.
«Редакцияның Алматы бөлімшесінде жұмыс қызу жүріп жатты. Ол кезде де, қазір де газеттің негізгі тірегі, себебі ғылым мен мәдениеттің, жастардың орталығында жаңалықтар мен өзгерістерге толы, қоғам қайраткерлерінің озық, танымал, талантты өкілдері де оңтүстік астанада көп шоғырланған болатын... Кезінде Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымында болған, атақты қаржыгер Дәулет Сембаевқа қалың конвертке салынған хатты апарып бердім. Ерағаның тапсырмасы. Бұл кезде ол кісі «Казкоммерцбанктің» Директорлар кеңесінің төрағасы қызметінде. Келбеті келісті, сымдай тартылған кісі, түтіні будақтаған шылымын шегіп, қолмен жазылған ақ парақтарды біртіндеп аударып, асықпай оқи бастады. Ұзақтау оқыды. Жарты сағат бержағы...», деп жазады Мейрамбек. Сондағы Дәулет Хамитұлының оқып отырғаны ол кісімен біздің Астанада жасаған сұхбатымыздың («Тәуелсіздіктің бір тірегі – теңге», «Егемен Қазақстан», 2001 жыл, 11 шілде) алдын ала қағазға түсірілген мәтіні...
Сұхбат беруші мәтінді кім дайындағанын сұрайды.
«– Ержұман Смайыл...
– Қандай мектепте оқыған?
– Қазақ мектебінде. Университетте де қазақ бөлімінде оқыған. Жұмысы да тек қазақ тілінде...
– Өте сауатты жан екен. Апырай! Орыс тіліне де керемет жүйрік. Мына 35 беттік сұхбаттан бір қате көргенім жоқ. Менен сәлем айтыңыз, менің құрметімді жеткізіңіз, – деп текті әулеттің ақылды ұрпағы қолын ұсынды».
Бағаның бағасы ол бағаны кімнің бергеніне байланысты дегенді айтып қалып жүрміз. Текті әулеттің ақылды ұрпағы, яғни он төрт жыл бойы (1941 – 1955 жылдарда) республиканың оқу-ағарту министрі қызметін атқарған, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының мүше-корреспонденті болып сайланған Хамит Сембаевтың ұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, тотықтырғыш катализ саласының ірі маманы Дәурен Сембаевтың інісі, біздің ұлттық валютамызды негіздеуші, зейнетақы реформасын талдап-жасаушы Дәулет Сембаевтың «Өте сауатты жан екен», «35 беттік сұхбаттан бір қате көргенім жоқ» деп таңдана сүйсінуінде орыс тіліндегі мәтіннің грамматикасы, орфографиясы, пунктуациясы жағынан мінсіздігі ғана айтылып тұрмағанына назар салғымыз бар. Ол сұхбатты қағазға солай етіп түсіру үшін экономиканың күрделі категорияларын, қаржының қым-қиғаш ұғымдарын тамыршыдай тарата алатын талдамалық зерде де керек еді. Өйткені қанша дегенмен, ауызекі айтылатын сөзде көлденең көзді жаңылыстырып жіберетіндей ауыс-түйістер, ой қисынымен жігін жатқызу керек болатын тұстар табылады. Соның бәріне Ержұманның өресі емін-еркін жетіп тұрғаны ғой.
Мына қызыққа тағы қараңыз. Дәулет Хамитұлымен біздің әңгімеміз «Егемен Қазақстанның» Астанадағы редакциясында, шамамен 3 немесе 4 шілде күндерінің бірінде өткен. Ал енді ол сұхбаттың мәтінін қағазға қалайша бірінші орынбасардың өзі түсіріп жүр десеңізші? Былайша. Қаржыгермен сұхбаттасқан күннің ертеңінде-ақ шетелге жол жүруге тура келген. «Бірер күннің жетпей қалғаны-ай. Тез шығарып жібергенде жақсы болар еді», дегенмін Ерекеңе. Жай, сөздің сірәғысы ретінде айта салғанмын. Ол сұхбат таспаға түсірілген диктофонды сұраған. Журналистік әуестігі шығар, әңгіменің қалай жүргенін тыңдап көргісі келген болар дегенмін де қойғанмын. Мәселенің мәнісін іссапардан келгенде бір-ақ білдім. Сөйтсем... Сол сенбі-жексенбіде Ержұман бас-аяғы үш сағаттайға созылған әлгі әңгімені мұқият тыңдап, орыс тілінде жасалған сұхбатты қаз-қалпында, түп-түгел қағазға түсіріп шығады, дүйсенбіде қолжазбаның әр бетін суретке салып, электронды поштамен Алматыға жеткізеді, оны Мейрамбек арқылы сұхбат берушінің қолына тигізеді, келісімін алдырады... Іссапардан келсем, бәрі дайын тұр. Тіпті таспаны тыңдау да қажет емес. Оқып, іштей ықшамдаған, сығымдаған күйде, қайтадан әңгімелегендей етіп, елеп-екшеп айтып шықсаңыз жетіп жатыр. Газеттің қос бетін қаусырып тұрған сұхбат бір күнде-ақ дайындалды. Жұрт назарын аударды. Сонда Ержұманның қажымайтын-талмайтын қайратына қатты қайран қалдым. Қолжазбаны қолға ұстатқанда не айтарымды да білмей бетіне қарағанымда, «Ештеңе жоқ, ортақ шаруамыз ғой», деді де кабинеттен шыға берді.
Иә, Ержұман үшін ортақ шаруа ұғымы бәрінен де жоғары еді. Қай басшымен қызмет атқарысқанда да ол осы ұстанымынан айныған жоқ.
Арғы-бергідегі қазақ баспасөзінде орынбасарлықтың қадір-қасиетін дәл Ержұман Смайылдай танытқан адам болып көрген емес. Жеті редактормен жұмыс істеп, алты бірдей басшыға бірінші орынбасар бола жүріп, ол жетекшіге адалдықтың асыл үлгісін таныта білді. «Редактордың ойлағанын тауып тұрсаң, орынбасар жақсы. Айтқан тапсырманы асырып, одан әрі дамытып әкетсең, орынбасар жақсы. Орынбасардың негізгі міндеті де сол. Онда бастық орнынан кетсе, соның орнын басам деген дәме болмау керек. Шындығында келгенде, орынбасар болу – үлкен өнер», «Адамдардың бәрі бастық болады екен деп ойлау қажет емес. Орынбасардың бәрі ғажап редактор болады деп ойлау да керек емес», «Орынбасардың бір жақсы жері өзіңнің рөліңді білу ғой» – мұндай сөздерді адамның адамы ғана айта алады. «Егемен Қазақстан» газетінде ең көп жыл редактор болған – Сауытбек Абдрахманов. Ол он бес жыл басылымға жетекшілік жасады. Сауытбек министр болып тағайындалғанда, орнына бас редактор болып қалдым. Сәукең ағысы білінбейтін тұнық өзен секілді болғанымен, бәрін ойлап жүреді. Жан дүниесі кең жігіт. Кейде бір оқылымды мақала жазсаң, он күн бойы қолға қалам ұстамай, суалып қалған бос құдық секілді жүресің. Сауытбек ондай емес. Ойдан ой туғызады. Бір нөмірді жақсы етіп шығарсаң, ол келесі нөмірді одан да сәтті етіп шығаруды ойластырып, нобайын жасап отырады. Бәрін іштей сараптайды» – мұндай сөздерді адалдың адалы ғана айта алады. Өзің жазған естелікке өзің жайлы айтылған жақсы лебізді кірістіру келіссіздеу екенін біле тұра, Ержұманның осы сөздерін әдейі келтіріп отырмын. Өйткені бұл сөздер мақтауға сараң, бәрін ішіне сақтап жүретін Ержұмандай асылдың аузынан шыққандықтан да мен үшін бөлекше бағалы. «Бағаның бағасы ол бағаны кімнің бергеніне байланысты» дедік қой жаңа ғана.
«Бәрін ішіне сақтап жүретін» демекші, Ержұманның есте сақтау қабілеті де мықты еді. Аударма жасап отырып, алдан шыққан бір терминнің бұрын қалай алынып келгенін сұрап қалсаңыз да, «запаста» жатқан әлдебір материалдың атын, затын тұрмақ, жол көлемін сұрап қалсаңыз да табанда сарт еткізетін. Бұл жағынан оның алдына тек Жанболат Аупбаев түсе алатын. Бас басылымды басқарып жүргенде «Егеменнің» ел газеті атануына, таралымы 2000 жылғы 38 мыңнан 2016 жылғы 212 мыңға жетуіне, басқа да абырой-атаққа ұжымның әр мүшесі хал-қадерінше үлес қосты десек, соның ішінде әсіресе осы екі азаматтың – Ержұман мен Жанболаттың жанашырлық көмегінің, жоғары білігінің орны бөлекше болғанын разылықпен айту парыз.
Ерекеңнің жадының мықтылығы кітаптарынан да көрінеді.
Зейнетке шыққаннан кейін ол газетке ауылда бірге өскен достары, кластастары туралы естелік-хикаялар ұсынды. Ондаған жыл бойғы газеттің бітпейтін де қоймайтын жанды жейтін тірлігінен тыныс тауып, екі күннің бірінде келетін де тұратын саяси аударманың сықастыруға, сірестіруге сүйрелемей қоймайтын стилінен суыстаған соң, компьютер сорып тастаған көзін емдетіп алған соң көңілін бір демдеп, алыста қалған бал балалығын, жайсаң бозбалалығын елжірей еске түсірген, сөйтіп соның бәрін тамылжытып қағазға түсірген екен. Жарты ғасырдай бұрынғы оқиғалардың ұсақ детальдарына дейін ұмытпағанына тәнті боласың. Жарайды, тікелей өзі қатысқан жайлардың жөні бөлек дейік. Қанша дегенмен, мұның бәрі – автордың өз өмірі. Ал енді кластарының жеке өміріне қатысты шағын штрихтарға дейін жай-жапсарлап жазғанына не айтарсыз? Әрине, осының бәрі автордың бала күнгі достарын ет жүрегі езіле жақсы көргенінің, солардың әр сәтін жылдар бойы жадында жаттап, санасында сақтап жүргенінің, ең бастысы – жақсы жандарға жайылып түсетін даладай кең көңілінің арқасы. «Ереке, жұмысты қоям, жұмысты қоям дей беретініңіздің сырын жаңа түсіндім. Көмбенің көзін тапқан екенсіз, енді жалғай түсіңіз. Осындай-осындайдың он-он бесін жазсаңыз, дөңгеленген дүние болып шыға келеді», дедім. Кейін де газетке екі-үш естелік жариялаған. Әрі қарай берген жоқ. Жалғастырмаған болды ғой деп қойғанмын. Арада екі жылдай өткенде кабинетке Ерекең келіп тұр. Қолында кітап. «Достар еске түскенде» деп аталады. Әжептәуір қомақты. Жаңағыдай мөлдіреген естеліктердің он-он бесін емес, тұп-тура жиырма алтысын жазып тастапты. «Сәуке! Осылай болуына ой салып едіңіз, енді қалай болғанын көрерсіз. 1/IX – 2014» деп қолтаңбасын түсіріпті...
«Достар еске түскенде» – достардың қадір-қасиетін тануға, жастық шақтың бағасын білуге үйрететін үлгі кітап болса, одан іле-шала шыққан «Ағалар естен кетпейді» – ағаларды ардақтауға, жалпы адам қадірлеуге үйрететін тағылымды туынды.
Шерағаң – Шерхан Мұртаза жайындағы жазғанын былай түйіндепті: «Кетер кезде құшақтап, қолын сүйдім. Шәкірттік ықыласыма разы болғаны ма, менің қолымды алып сүйді. Ақырын арқамнан қақты. Одан бері қаншама уақыт өтсе де қолымда ұстазымның ернінің табы қалғандай, арқамнан қаққан тұсы бүлкілдеп тұрғандай болады»... Қайран, Ерекеңнің жүрегі!.. Сол жүрекпен өзі ойға алған «Егемен Қазақстан» туралы кітабы жазылып қалғанда ғой, шіркін!
Ержұманның аты аңызға айналған деудің артығы жоқ. Ерекеңнің жұмыс көбейген сайын жаны кіретіндей көрінетін ерен күші, баршаға бірдей талапшылдығы, тәртіпке қаталдығы, бір сөзінен қайтпайтын беттілігі, қызметкерлерге қамқорлығы, айтымдылығы мен қайтымдылығы, сыртқы сұстылығы мен ішкі мейірімділігінің бір бойына таңданарлықтай тоғысуы туралы аңызға бергісіз әңгімелер әлі талай-талай жазылады. Сондай әңгімелерге қосылатындай бір детальмен бітірейін мына естелікті.
Қаралы хабарды естіп, Есілдің жағасындағы «Самал» шағын ауданындағы Ерекеңнің пәтеріне аһ ұрып жеткенімізде асыл жары Жақан зар жылап отырып мынандай әңгіме айтып еді. Ерекең сол күні әдеттегісіндей таңертеңгі серуенге шығып кетеді. Екі сағаттай жүретін әдеті көрінеді. Жүріп-жүріп келіп, үй маңындағы орындықта демін алған соң пошташының «Егемен Қазақстанды» алып келгенін күтіп, үйге өзінің газетімен бірге кіреді екен. «Серуеннен қайтатын кезі де, тіпті газетті ала келетін кезі де болды. Уақыт өтіп барады. Жоқ. Жоқ. Бір кезде тұла бойым түршігіп, өз-өзімнен жанталасып кеттім... Қалта телефонын алмады... Орындықта отырған жерінде жаны қысылып бара жатқанын көрген біреулер «жедел жәрдем» шақыртыпты...», дейді Жақан.
Ержұман Смайылдың бір кітабы «Өмір деген жол үсті» деп аталатын еді. Сөйткен Ерекең өмір деген жолдың үстінде, бойындағы бар қуатын, бүкіл білімі мен білігін берген, жүрегінің жылуын, жанының жалынын жұмсаған өзінің сүйікті газетін – «Егемен Қазақстанын» күтіп отырған күйінде мына жарық дүниемен үнсіз-түнсіз қоштасып кете барған екен...
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері
Ауыл • Кеше
Тұрмысты жеңілдеткен жаңа технологиялар
Технология • Кеше
Қоғам • Кеше
Пікір • Кеше
Мереке • Кеше
Мәселе • Кеше
EURO-2024: Словения мен Данияны жеңе аламыз ба?
Футбол • Кеше
Шахмат • Кеше
Бокс • Кеше
Футбол • Кеше
Спорт • Кеше
Қысқы спорт • Кеше
Дәстүр • Кеше
Өнер • Кеше
Қоғам • Кеше
Сайлау: Алғашқы Еxit poll нәтижесі белгілі болды
Сайлау • Кеше
Түркиядағы сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды
Әлем • 19 Наурыз, 2023
Сайлау күні 609 сәби дүниеге келді
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Сайлау-2023: Дауыс берушілердің соңғы мәліметтері жарияланды
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Бокс: Карина Ибрагимова 1/8 финалға жолдама алды
Бокс • 19 Наурыз, 2023
Франциялық бақылаушылар Алматыдағы сайлау барысының ашықтығын атап өтті
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Еліміздің басым бөлігінде дауыс беру аяқталды
Қоғам • 19 Наурыз, 2023
Қытайдағы сайлау учаскелері өз жұмысын аяқтады
Әлем • 19 Наурыз, 2023
ОСК: Халықтың 54,09 пайызы сайлауда таңдауын жасады
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Халықаралық сарапшы алматылықтардың жауапкершілігін ерекше атап өтті
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Шетелде 5 мыңға жуық отандасымыз дауыс берді
Саясат • 19 Наурыз, 2023
Ресей бақылаушылары Алматыдағы дауыс беру барысына оң баға берді
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Қостанайдағы 6 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды
Аймақтар • 19 Наурыз, 2023
ОСК кешкі уақыттағы сайлау қарқынын баяндады
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Канадада жасөспірім екі полицейді атып өлтірді
Әлем • 19 Наурыз, 2023
Қонаевта ретрокөліктер шеруі ұйымдастырылды
Қоғам • 19 Наурыз, 2023
Елорда мен Қазақстанның үш облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Ауа райы • 19 Наурыз, 2023
Астанада әскери қызметші мұз астына құлап кеткен баланы құтқарды
Қоғам • 19 Наурыз, 2023
Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы кім?
Спорт • 19 Наурыз, 2023
Сайлау комиссияларының бірнеше мүшесі процестен шеттетілді
Қоғам • 19 Наурыз, 2023
Алматының көлік жүргізушілеріне ескерту жасалды
Қоғам • 19 Наурыз, 2023
6 миллионнан астам адам дауыс беріп үлгерді
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Пәкістанда су тасқынынан 10 адам қайтыс болды
Әлем • 19 Наурыз, 2023
Теміржолшылар әулеті дәстүр бойынша сайлауға келді
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Павлодарда 103 жастағы кейуана дауыс берді
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Ұқсас жаңалықтар